11 Қаңтар, 2016

Қазақстандық автоспортшы Africa Eco Race-2016 раллиінде топ жарды (фото)

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11-01-2016-ralli 02АСТАНА. 11 қаңтар. Қазақстандық автоспортшы Қанат Шагиров штурман Виталий Евтеховпен бірге Дакар раллиінің классикалық маршруты бойынша өтетін Africa Eco Race-2016 ралли-марафонының абсолютті жалпы есебінде топ жарды. Mobilex Racing командасы сапында сынға түскен отандастарымыз жарыс жолына Toyota Overdrive көлігімен шықты. Бұл туралы сайыстың ресми сайты africarace.com-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жарыс Африка құрлығындағы Марокко, Мавритания және Сенегал елдерінің аумағында өтті. Соңғы 12-кезеңде франциялық экипаж Филипп Госселен мен Паскаль Винсент жеңіске жетті. Алайда, бұл көрсеткіш жалпы есептегі жағдайға ешқандай өзгеріс әкелген жоқ. Нәтижесінде қазақстандық спортшы Қанат Шагиров бастаған экипаж тарихи жеңіске қол жеткізіп, ең биік тұғырдан көрінді. Біздің саңлақтар екінші орын алған Францияның тағы бір экипажы Паскаль Томас пен Паскаль Ларокты 25 минут 24:48 секундқа артта қалдырды. Ал келесі франциялық ұжым Матье Серрадори мен Дидье Акет жеңімпаздардан 1 сағат 33:23 секундқа қалып, үздік үштікті түйіндеді. Hummer көлігімен сайысқа түскен Mobilex Racing командасының тағы бір экипажы, қазақстандықтар Юрий Сазонов пен Алексей Кузьмич жалпы есепте 8-орын алса, тәжірибелі штурман Арслан Сахимовпен бірге өнер көрсеткен раллидің дебютанты, қандасымыз Ерден Шагиров 27-орынға табан тіреді. Сонымен қатар, сериялық «жол талғамайтын көлік» Т2 класы бойынша жарысқа қатысқан жалғыз қазақстандық өкіл, Off Road Kazakhstan командасының экипажы Марат Әбіқаев пен Андрей Чипенко жалпы есепте екінші орын алды. Олар сайысқа Toyota көлігімен қатысқанын атап өткен жөн. Бұл сында қазақстандық экипаж Ford көлігін тақымдаған ресейлік Александр Терентьев пен Алексей Беркутке есе жіберді. Ал жарыстың қола жүлдесі Nissan көлігіне мінген француздар Жозеф Россо мен Гай Ленефвюге бұйырды. Ал абсолютті жалпы есепте Марат Әбіқаев 23-орынға тұрақтады. Айта кетейік, Africa Eco Race-2016 ралли-марафонында қазақстандық спортшылар 12 кезеңнің төртеуінде топ жарды. Атап айтқанда, бірінші және үшінші кезеңдерде Юрий Сазонов пен Алексей Кузьмич экипажы жеңіске жетсе, бесінші және жетінші кезеңдерде Қанат Шагиров пен Виталий Евтехов мәре сызығын бірінші болып қиды. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: africarace.com. 11-01-2016-ralli 01 11-01-2016-ralli 001