11 Қаңтар, 2016

Әскери қызметшілер АҚШ-тағы әріптестерінің тәжірибесімен танысты

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11.01.2016 AST-22 АСТАНА. 11 қаңтар. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тәрбие құрылымдарының әскери қызметшілері АҚШ-тың әскери базаларында болып қайтты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары – ҚР ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың басшылық етуімен делегация әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету орталықтарының қызметімен танысты, әскери қызметшілер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау көріністерін алдын алудың ұйымдастырылуы мен АҚШ Қарулы Күштердегі капелландар корпусының тыныс-тіршілігін зерделеді. Қазақстандық армияда тәрбие жұмысын жетілдіру шеңберінде ҚР ҚК тәрбие құрылымдарының өкілдері әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету орталықтарының қызметін атап өтті. АҚШ-тың ҚК-де мұндай орталықтар әрбір әскери гарнизонда құрылған. Орталықтар әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету жөнінде әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеп, іске асырады, гарнизон аумағында бос уақытты өткізуді, әскери қызметшілердің жұбайларын жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады, төмендетілген бағамен әртүрлі тұрмыстық қызметтер ұсынады, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарды зерделейді, моральдық-психологиялық, консультативтік және қаржылай көмек көрсетеді. Өзіне-өзі қол жұмсау көріністерін алдын алу жөніндегі АҚШ-тың Қарулы Күщтері қызметінде Қазақстан делегациясы «жауынгерлік жұп» жүйесін атап өтті. Қатардағы жауынгер және кіші сержанттар құрамының барлық санаттағы әскери қызметшілері жұпқа бөлінген және әрқайсысы өзінің серіктесінің моральдық-психологиялық жай-күйін бақылап отырады.  «Жауынгерлік қаруластар» атты мұндай ұқсас жүйе Қазақстанның Құрлық әскерлерінде іс жүзінде қолданылып жүр. АҚШ армиясында өзіне-өзі қол жұмсау проблемаларын шешу және әскери қызметшілерге идеологиялық тәрбие беруге әскери капелландар корпусы да үлес қосуда.   Бұл теологиялық, яғни, діни білімі бар офицерлер.  Олар діни ілім және патриоттық тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды бағалау, суицидті алдын алумен айналысады. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.