07 Қаңтар, 2016

Қарағанды соты жасөспірім қызды ұрлаушыны ақтап шығарды

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

07-01-16-sud

АСТАНА. 7 қаңтар. Қарағанды соты жасы кәмелетке толмаған қызды ұрлады деген айып тағылған Андрей Бурлаковты ақтау үкімін шығарды. Бұл туралы NewТimes.kz дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. Іс материалдарында Бурлаковтың спорт кешеніне қарай бара жатқан Александра Обросованы соңынан аңдып жүргені айтылады. Ол орайы келген кезде қызды таксиге күштеп отырғызады. Олар машинадан шыққан бойда қыз дәріхана ғимаратына қашып кіріп, жұрттан көмек сұрайды. Жігіт оның соңынан жүгіріп кіргенімен, адамдар қызды қорғап қалады. Тергеу Бурлаковтың бұған дейін Теміртауда өзге біреудің куәлігімен пәтер жалдап қойғанын анықтады. Осы әрекеті үшін Бурлаковтың 9 жыл колонияда отыру жазасы күтіп тұр еді. Алайда, судья процесс барысында айыпталушыны сөзін көбірек негізге алды. Осылайша жігіттің қыз өз еркімен машинаға отырды деген сөзіне сүйеніп, оны ақтаған үкім шығарды. Енді Обросованың ата-анасы үкімге наразылық бермекші болып отыр. «Менің қызымды қорғап қалған полиция, прокуратура қызметкерлері және бірқатар куәлар бұдан қылмыстың ізін көреді де, неге судья оны көрмейді?», дейді қыздың әкесі Сергей Обросов. Қазір прокуратура ақтау үкімінің әділетсіз және заңсыз екенін көрсетіп, жоғары инстанцияға наразылық дайындап жатыр. Талғат Райымбек. Дерек, фото: NewТimes.kz.