01 Қаңтар, 2016

Еңбекақы өсе түспек

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
3-бет акшаЕлімізде басталып отырған 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтық қызметшілердің еңбекақысы ұлғаяды. Осылайша, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28%-ға дейін, білім саласы 29%-ға дейін және өзге сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40%-ға дейін артады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгі­зілетін азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісіне сәйкес, олардың лауазымын біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай төмендегідей төрт санатқа бөлу көзделген:
  1. Ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы персонал блогы (A блогы). Аталған блогқа ұйым басшылары мен басшылардың орынбасарлары, ұйымдардың бағыну деңгейіне тәуелді (немесе басқару жауапкершілігінің деңгейіне байланыс­ты: республикалық, облыстық, аудандық) құ­ры­лымдық бөлімшелердің басшылары мен бас­шылардың орынбасарлары кіреді.
  2. Ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін, негізгі персонал блогы (B блогы). Бұл блогқа дәрігерлер, мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік жұмысшылар, ЖОО оқытушылары және ұйымның негізгі функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлер кіреді. Аталған қызметкерлер үшін үш қызмет саласы: «Денсаулық сақтау» «Білім беру» және «Өзге де салалар» бойынша лауазымдық жалақыларды саралап есептеуді енгізу ұсынылады.
  3. Әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайтын әкімшілік персонал блогы (C блогы). Лауазымдардың аталмыш блогы заңгерлерді, есепшілерді, эко­номистерді, аудармашыларды, шаруа­шы­лық қызметінің меңгерушілерін және т.б. қамтиды.
  4. Қосалқы және техникалық функциялар­ды іске асыратын қосалқы персонал блогы (D блогы). Бұл блогқа іс-қағаздарын жүргізушілер, архивариустер, кассирлер, коменданттар мен хатшылар кіреді.
Жаңа үлгі лауазымдық жалақыны есептеу, қосымша ақы мен еңбек шарттары үшін төленетін үстемақыны оңтайландыру үшін коэффиценттердің арнайы кестесін енгізуді қарастырады. Азаматтық қызметшілердің еңбекақысын төлеудегі жоғарыда көрсетілген тәсілдер мұғалім­дер, дәрігерлер, әлеуметтік қамсыздан­дыру саласының қызметкерлері еңбегі­нің мәртебесін арттырып, халыққа ұсыны­латын мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартады, қызметкерлердің кәсіби білікті­лігін жоғарылатып, лауазымының өсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшы­сының қызметкерлердің кәсіби біліктілі­гіне байланысты негізгі персоналдың еңбекақысын арттыру тапсырмасын іске асыруды қам­тамасыз етеді: денсаулық сақтау сала­сында – 7%-дан 28%-ға дейін, білім беру сала­сында – 15%-дан 29%-ға дейін, өзге салаларда – 28%-дан 40%-ға дейін. Аталған үлгіні 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша 272,6 млрд. теңге, оның ішінде жергілікті бюджетке мақсатты трансферттер ретінде 228,8 млрд, теңге бөлінді. Жаңа ереже мемлекеттік қызметкерлер болып есептелмейтін мемлекеттік және қазыналық ұйым қызметкерлеріне қатысты болмақ. Қазақстанда барлығы 1 млн.-нан астам азаматтық қызметкерлер бар. Олар: мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, т.б. Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандары қазан мен желтоқсан айлары аралығында азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі бо­йынша республиканың барлық аймақтарында мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындардың есепшілері мен кадр қызметі жұмыскерлерін оқыту шараларын жүргізді. Оқуға барлығы 9 мыңнан астам адам қатысты. Мереке ТАҢАТАРОВ.