01 Қаңтар, 2016

Келер жыл көркемдігімен келсін

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
125-1«Ескі айым есірке, жаңа айым жарылқа!» – дейді қазақ. Ескі жылдан еңсеміз түскен жоқ, жаңа жылдан жарылқау күтеміз. Қоңыр мінез халықтың ниет-пейіліне орай, қой жылы молшылық, ырыс жылы болды. Ең бас­тысы, қазақ деген қарапайым халықтың бауыры бүтін, басы аман. Арманы алға жетелеген, сенімі тәуекелшіл еткен еліміздің аузындағы шүкір мен тәубе, иман мен ынсап, береке мен бірлік ұлтымыздың қайнар көзі. Әрбір жылдың өзімен бірге келген айтулы оқиғасы, есте қалар естелігі болады. Биылғы жылдың да жаныңа шуақ, көңіліңе қуат сыйлайтын жарқын күндері көп болды. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дейтіндей мамыражай кезең дамуымызға, алға озуымызға үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени жағынан да өрлеу орын алды. Өзім басшылық етіп отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылды толайым табыстармен қорытындылап отыр. Бір ғана өткен жылмен биылғы 10 айды қосқанда 11 754 миллион теңгені салық пен бюджеттік емес аударымдарға төледік. Оның ішінде Жамбыл облысының бюджетіне 5 789 миллион теңге құйдық. Біздің компания еліміздің үш аймағында, яғни Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, Алматы, Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шымкент, Степногор қалалары мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Төрт құбыласын түгендеп, алты құрлықтың алдында абырой биігіне көтерілген еліміздің ертеңгі күні жарқын. Әрбір өткен жыл ұлт тарихына өзінің өрнегін қалдырды. Қой жылында қойнымыз қазынаға толып, халқымыздың саны артты. Мүмкіндігіміз жоғарылап, кеңістігіміз кең етек алды. Кемел ел, көркем ұлт санатында әрі қарайғы тіршілігімізді тіктедік. Өрісіміз малға, шаңырағымыз жанға толған қасиетті жылдың естелігі көп. Келер жыл да көркемдігімен, кемелдігімен келсін. Өткен жылдың өрнегі бөлек. Ескі жыл есірке, Жаңа жыл жарылқа! Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры. Жамбыл облысы.