01 Қаңтар, 2016

Келешектің кешені

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ФОКҚарағандыда салынатын спорттық ғимаратқа Головкиннің есімі берілмекші Арқа жұрты атақты Геннадий Головкинді «Майқұдықтың мұз­балағы» деп әспеттейді, алақанына салып, көкке көтереді. Иә, қазақтың атын айдай әлемге жайып жүрген әйгілі боксшы Қарағандының іргесінде жатқан осы бір елді мекенде кір жуып, кіндік кескен. Зады, Майқұдықтың атағы өр кеуде, мінезі кесек ұлдарымен шыққан. Рас, арасында аз-маз тентектігі болған шығар... әйтсе де бөрі тектес өрендерінің өмірдің әр саласында, әсіресе, спортта бойға біткен бұла күш, қайсар рухтың арқасында бұзып-жарып жол салып, абырой-беделге бөленіп жүргені рас. Майқұдықтың сондай саңлақ ұлдарының бірі, сөз жоқ бүгінгі күнде әлемдік бокстың «GGG» танымал таңбалы тренді болған – Геннадий Голов­кин. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы, Афины-2004 Олим­пиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокс­та WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы осы елді мекендегі №14 шағын ауданда қарапайым кеншінің отбасында дүниеге келген. Болашақ чемпионның балалық шағы да осы жерде өтті. Осындағы №65 орта мектепте оқыған. Аудандағы «Фазанканың» спорт залында бокс деген өнермен алғаш қауышқан... Қарағанды халқы Майқұдықтан түлеп ұшқан мұзбалағымен орынды мақтанады. Мақтанып қана қоймай, чемпионға лайықты деңгейде сый-құрмет көрсетуге келгенде де жолдан жығылған емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін, мына мысалды келтірсек те жет­кілікті. Биыл қала әкімдігі Геннадий Головкин туып-өскен Майқұдықтың осы 14-ші шағын ауданында Денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға шешім қабылдады. Амандық болса, 2016 жылдың соңына таман пайдалануға берілмекші бұл кешенді Головкиннің есімімен атау ойда бар. Бүгінгі күнде әкімдік бұл мәселенің жай-жапсарын қарастырып жатыр. Яғни, бұл айтылған игі идеялар жүзеге асса, кезінде болашақ чемпион өзі құралпы балалармен доп қуып, бокс әлеміне алғаш қадам басқан шағын ауданда өңірде теңдесі жоқ спорттық кешен бой көтермек. Жалпы, қазіргі таңдағы қалып­­­тасқан қиын жағдайға қарамас­тан, мұндай бірегей жобаны іске асыру – белгілі бір дәреже­де тәуекелді талап ететін дүние. Оның үстіне, облыстық әкімдік­тің шеші­мімен келесі жылға жоспар­ланған құ­рылыс біткеннің тоқтаты­ла тұра­тынын еске алсақ, бұл ғима­раттың бү­гінгі күннің шындығынан қара­ғандағы мән-маңызы арта түседі. Әлем чемпионының есімімен аталмақшы болашақ Денешы­нықтыру-сауықтыру кешенінің ішінде 25 метрлік төрт жолақты жүзу бассейні болады. Сонымен қатар, 140 адам емін-еркін сы­йып кететін трибунасы бар ойын залы, ауыр атлеттерге арналған және боксшылар жаттығатын залдар да жоба жоспарынан ойып орын алған. Спорт кешенінің іші осындай болғанда, сырты да көз сүйсінтетіндей сұлу сымбатқа ие болмақ. Ғимараттың атшаптырым аумағында спорттық ойындарға арналған ашық алаңқайлар, жасанды төсеніші бар футбол алаңы және де 140 автокөлікке арналған тұрақ салынады. Қарағанды қаласының бас­шылығы айтқандай, бұл спорт­тық ғимарат заманауи сапа талап­тарының бәріне жауап бере алатын кешен болмақ. Оның сыртқы келбеті архитектуралық органдармен келісілген. Ішіндегі спорт жабдықтары да бүгінгі күннің сұранысын өтейтін деңгейде болатыны белгілі. Сөз жоқ, Майқұдықтың қажетін ашып, ажарын сұлуландыра түсе­тін келешек денешынықтыру-сауықтыру кешенінің әлеуметтік маңызын ауызбен айтып жеткізу қиын. Неге десеңіз, дәл осы шағын аудан тұрмақ, бүкіл Майқұдықтың өзінде мұндай кешен атымен болған емес. Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар. Голо­в­киндей бокстағы ғажап құбылыс түлеген топырақта мұндай бола­шақ чемпиондардың ұясы болатын ғимараттың бой көтеруі – заңдылық! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.