01 Қаңтар, 2016

Microsoft биліктің тыңшылығы туралы хабарлап тұрмақ

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әлем-жәлем әлем Бұдан былай ең ірі тұтынушылық бағдарламамен қамтамасыз ететін Microsoft компаниясы Outlook пошта бағдарламасын қолдану­­­шылар­ға олардың есептік жазбаларын үкіметтік органдар бұзуға әрекет­тенгені туралы ескертіп отырмақ. Алайда, компания қандай үкімет туралы сөз болып отырғанын нақты мәлімдеген жоқ. Microsoft өкілі әңгіменің тек түрлі елдер туралы екенін айтумен шектелді. Ал компанияның бұрынғы қызметкерлері агенттікке олардың тұтынушыларының пошталарын Қытай билігі бұзып кіргені туралы мәлімдеген. Бұл туралы компания да хабардар болған екен. Естеріңізге сала кетейік, АҚШ билігі дәл осындай дау-дамай­дың ортасында осыдан 2 жарым жыл бұрын қалған еді. Ол кезде арнайы қызметтің қашқын қызметкері Эдвард Сноуден ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен басқа да арнайы қызметтердің ауқым­ды аңдуларын әшкерелеп берді. Алайда, АҚШ тарапы ізге түсу­дің мүм­кін болар көзі ретінде Microsoft-ты мүлде назарға алмаған болатын. АҚШ-тың бірнеше штатында төтенше жағдай жарияланды алем-жалем-1aКеше Американың Миссисипи және Луизиана штаттарының губернаторлары төтенше жағдай режімін жариялау туралы қаулыға қол қойды. Бұған елдің оңтүстігінде тіркелген жойқын су тасқыны себеп болуда. Айта кетейік, өткен демалыс күндері АҚШ-тың оңтүстік аймағында торнадо соғып, нөсер жауын жауды. Салдарынан 11 штаттың халқы зардап шегіп, 50 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Ең көп адам шығыны Миссури штатында тіркелді. Ол жерде 14 адам тасқын суға ағып кеткен. Сондай-ақ, Техас штатының 11 тұрғыны опат болғандардың қатарында. Табиғатты тосын мінез танытуына байланысты бүгінде жоғарыда аталған екі штаттан бөлек, Техас және Оклахома штаттарында да төтенше жағдай режімі жарияланғанын атап өткен жөн. Мамандар құйынды дауыл мен жойқын желдің әлі де жалғасатынын айтып, дабыл қағуда. Көртышқан ұшақтың жолын бөгеді Үндістанның Мумбай қаласынан ұшып шыққан Air India әуе компаниясының жолаушылар ұшағы көп ұзамай әуежайға қайта оралды. Оған жолаушылардың бортта көртышқан жүргенін хабарлауы себеп болған. Тексеріс кезінде әуе кемесінен ешқандай көртышқан табылмады. Соған қармастан, әуе компаниясы ұшақтың ішін тазалап, кемірушілерге қарсы арнайы шаралар жүргізуді бастап кетті. Ал жолаушылар басқа ұшаққа отыруға мәжбүр болды. Бұл Air India компаниясы үшін соңғы аптадағы үшінші жағ­­дай. Осыған дейін елдің солтүстігіндегі әуежайлардың бірінде ұшу жолағына қаңғыбас иттің жүгіріп шығуына байланысты бірнеше ұшақтың ұшу уақыты кейінге шегерілді. Одан бөлек, АҚШ-тың Ньюарк қаласында да осы компанияға тиесілі ұшақ жүк көлігіне соқтығысып, жойқын апаттан аман қалған болатын. Шыңғысхан бейнеленген күлсалғышты сатуға тыйым салынды алем-жалем-2Моңғолияның әділ бәсекелестік және тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігі Шыңғысхан бейнеленген күлсалғыштарды пайдалануға және сатуға тыйым салды. Өйткені, бұл әре­кет ұлттың намысын аяқасты ету болып саналады дейді агенттік өкілдері. Аталған кәдесыйлар Моңғолиямен қатар Қытайда да шыға­ры­лады. Сол себепті оны өндіруге агенттік тыйым сала алмай отыр. Бүгінге дейін мұндай күлсалғыштар Моңғолиядағы «Номин» дүкендер желісінде сатылып келген. Оған Шыңғысханның екі түрлі бейнесі салынған Бірі Ұлан-Батыр маңындағы алып ескерткішінің суреті болса, екіншісі – ел астанасындағы парламент кешені алдында тұрған мүсіні. Жас отбасы қарыздарынан құтылу үшін қыздарын сатпақ болды Израильдің Иерусалим қаласында жас отбасы қарыз­дарын төлеу мақсатында 3 айлық қызын сатпақ болғаны үшін сотталды. Тексеріс кезін­­де әкесі қызын 26 мың долларға бағалағаны анықталды. Израильдік полицейлердің айтуына қарағанда, олар қызын сатпақ болған әкенің жоспарын айқындағасын, құқық қорғау органының қызметкерін оның баласын сатып алушы ретінде жіберіп, бірнеше рет кездестірген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сенсек, қастық ойлаған әке соңғы кездескенде қызын алып келіп, келісімді тездетуді көздеген. Сондай-ақ, сатпақ болған отбасы олардың қыздарын көптеген адамдар алуға ниетті екендіктерін де жеткізді. Әйтсе де полицейлер бұл ақпарат ешқандай дәлелсіз болған соң, негізсіз деп тапты. Сатушы әке қызын жасырын түрде жұмыс жасаған тәртіп сақшысына беру кезінде тұтқындалды. Аздаған уақыттан соң оның жұбайы да ұсталды, бірақ оның бұл қылмыстық іске қатысы бар-жоғы анықталмаған. Сатылмақ болған нәресте қазіргі уақытта құқық қорғау қызметкерлерінің бақылауында. Сақалды әйел шылым сұраған ер адамға пышақ ала жүгірді алем-жалем-3АҚШ-тың Сан Диего қаласында полиция қызметкерлері темекі сұрағаны үшін қала тұрғынын пышақпен жаралаған әйел адамды тұтқынға алды. 39 жастағы зардап шегушінің айтуынша, ол Park Boulevard көшесінде тұрған қалың топтан темекі сұраған. Осы сәтте салмағы шамамен 180 кило болатын ірі денелі, сақалды әйел адам алдымен тұрған жерінен кетуін бұйырған. Артынша, бірден пышағын шығарып, мойын тұсынан жаралаған. Оқиға орнынан жасырынып үлгерген қылмыскер, іздеу барысында қолға түсті. Ал зардап шегуші жақын маңайдағы ауруханалардың біріне жеткізілді.