01 Қаңтар, 2016

Ауа райы құбылып тұр...

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ПтичкаАуа райы аяқ-астынан бұзылса, түкпірдегі ауыл адамдары «Байқоңырдан зымыран ұшты!..» деп табан астынан сөз тауып жатады. Бұл үшін ауыл адамдарын жазғыру да ұят: өйткені, бүкіл БАҚ Байқоңырдан ғарыш кемесінің сәтті старт алғанын хабарлайды, көп ұзамай күллі төңіректе ауа райы өзгереді. Шайдай ашық аспаннан қар жауады, 30 сантиметр қалыңдықпен жауған қар келесі күні жып-жылмағай еріп кетіп жатады... Бір сөзбен айтқанда, ауа райы осылай құбылады. Ауа райының бұл құбылысын Байқоңырға әкеліп тіреп қойғанымыз жөн болмас, әрине. Қазір Жер шары ғаламдық жылыну үрдісін басына өткеруде. Оның кері қайтар жолы жоқ, бірақ қамдану амалы бар. 2015 жылдың желтоқсанының басында Парижге Дүниежүзінің 150 мемлекетінің басшылары атбасын бұрып, БҰҰ талабының аясында Әлемдік климаттық конференция өткізді. Конференция жұмысына мемлекет басшыларынан тыс 40 мың адам тікелей қоян-қолтық араласты. Тіркелген журналистердің саны 3 мыңға жетті. Кезек саны 21-ші рет (СОР-21) өткізілген Дүниежүзілік осы жиналыста перулік атақты эколог, мемлекет және қоғам қайраткері Мануэль Пульгар-Видальдің өткен 20-шы кездесуде «Дүниежүзі үшін қазір аса қорқынышты екі қауіп бар, ол – терроризм мен климаттың өзгеруі» деп айтқан сөзі тектен-тек еске алынбаған шығар. Қауіп бар. Табиғатқа қол ұшын тездетіп беру керек. Бүкіл әлем бір сәтке тына қалып құлақ түрген бұл мәслихатта ғаламдық жылынудың бірден-бір себепшісі – ауаға бөлініп шығып жатқан есепсіз көмірқышқыл газының зардабы екені тағы да талқыланды. Әлемдік саммитте көп нәрсеге көз жеткізген ел басшылары жер бетін тұмшалаған зардапты газдың көлемін белгілі мөлшерде қысқартуға келісті. Елінің өркендеуі үшін өндірісте көмір қышқыл газын еселеп шығарып жатқан мемлекеттер болашақ ұрпақ үшін жауапкершілігін түсінгендей... БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун шын көңілмен «Біз балаларымыз бен немерелеріміздің алдындағы борышымызды аздап болса да орындадық. Көзіне түзу қарайтын болдық. Олардың келешекте лайықты өмір сүруі үшін аздап болса да әлемді тазарттық», деуінде үлкен мән жатыр. Сонымен, ендігі жерде алпауыт өндіріс ошақтарынан сәт са­йын бөлініп күн көзін бүркемелеген зиян­ды қалдықтар көлемі аздап болса да азаятын сияқты. Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған Париждегі СОР-21 осындай шешіммен аяқталды. Адамдар өздері қолдан жасаған ғылыми жетістіктеріне өздері тосқауыл қоя алмай осылайша әбігерге түсу үстінде. ...Бортында «Экспресс-АМУ1» деп аталатын кешенді байланыс жер серігі бар «Протон-М» зымыран-тасығышы Байқоңырдан белгіленген мерзімнен кешігіп ұшты. Бұл – 25 желтоқсан, Астана уақытымен түнгі сағат 03.31. Жексенбі күні, 27 желтоқсанда, таңертең Алматыға 15 сантиметрлік қар түсті. Жай сәйкестік те болуы мүмкін... Өйткені, ауа райының бүгінде тез құбылуы баршамызға таңсық болмай барады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы.