01 Қаңтар, 2016

«Махаббат вальсі»

864 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бекен ЖамакаевРоза-1-1немесе вальстің королін вальстен ізде Сонау 1955 жылы Роза Бағла­нованың орындауында Қазақ радиосынан ырғағы мүлде бөлек ән әуелейді. Ал бұл ән осыдан кейін де 30-40 жыл бойы хит болып тұрғанын, ал оны жазған тума талант Бекен Жамақаевтың му­зыкалық білімінің де жоқ еке­нін ескерсек, онда «Махаббат вальсі» де тағдырлы ән ретінде қызығу­шылығымызды еселегені сөзсіз. Мәселен, жұрт Шәмші Қал­даяқовты «вальстің королі» деп бі­леді. Бірақ Шәмшіге дейін де 70-шақты ән жазып, «Ертіс вальсі», «Сен ғана», «Гүлім қайда», «Ме­реке вальсі», «Қарағанды вальсі», «Сауыншы», «Қоштасу», «Түн сыры», «Жалғыздық тойы», «Сыр­ласу» сияқты әндері халыққа кең тарап, «вальс королі» атанған әуес­қой композитордың да тың­ғылықты жоқтаушысы табылмай тұрғаны өкінішті. Әйтпесе, есік­тен аттаған 2016 жылы Бекен Жа­мақаевтың туғанына 85 жыл толады екен. Дегенмен, әңгіме бір ғана әннің төңірегінде болғандықтан небәрі 41 жыл өмір сүріп, замандасы Шәмші Қалдаяқовпен қатарлас қазақтың ән өнеріне вальс жанрын жымын білдірмей кіріктіріп жіберген композиторлардың бірі – Бекен Жұмабекұлының тағдыр талайын толық қамти алмайтынымыз өкінішті-ақ. Сонымен: «Жаным деп маған үн қатқан, Жүректен сүйіп ұнатқан. Бақытым менің, Таппаспын теңін, Махаббат гүл атқан», – дейтін жолдары құлақтан кетпейтін вальс қалай туып еді? Ән тарихы мынадай. Бекен Жамақаевпен дәмдес-тұздас бол­ған, Семей өңіріне танымал аза­маттардың бірі Балтабек Ерсәлім­ұлы сазгердің өз аузынан естіген әңгімелеріне сүйеніп, Мұрат Әмі­реновке айтқан естеліктерінде былай депті: «…Бұл жолы аурухана төсегінде ұзақ жатты. Бір сәт мынау қызығы таусылмаған, ер­кін сауық-сайран сала алмаған жа­рық дүниеден аулақтап бара жат­қандай сезінетін. Дімкәстігінен мем­лекеттік емтиханға да жете ала­тын түрі жоқ. Әйтеуір көңілге нала, көзге мұң ұялатқан бір беймаза күндер еді бұл. Ауруханада сары­лып сартап болып жатқан адам­­ның артынан көңілін сұрап са­пыры­лысып келіп жатқандар да бар. Солардың ішінен Майнұрды көргенде бір сергіп, серпіліп қала­тын. Жаздай жадырап палатаға Майнұр кіріп келгенде көкірегін бір әсем әуен керней жөнелетін. Бірақ ақ көгершіндей әуеде қалқып жүрген әннің жалына жармаса алмай әлекке түсетін. Осы бір сүйкімді қызға байланысты ойнақы әуеннің тұла бойын кернеп, жүрек қылын шерте бастағанын бар болмысымен сезінген. «Шіркін-ай, осы әуенді әсем әнге айналдырып, оны Майнұрға сыйласам-ау!» деген ой күндіз-түні маза бермеді. Бекеннің мөлдір сезімін оятқан Майнұр қызға арналған сыйқырлы әуен ән болып нотаға да түсті. Бірақ жаңа ән көпке дейін нота күйінде жатып қалды. Әнге лайықты өлең жоқ болатын. Сүйген қызы Майнұрға Ертістің ерке самалындай көңіл күйін көкке шалқытатын әуенді сырнаймен сызылта орындап беріп жүрді. Бір ғажайып ән туды деп жар салған да жоқ. Ән мәтінін іздеумен болды. Осындай алакөңіл күндердің бірінде Семейге құдай айда­ған­дай ақын Нұтфолла Шәке­нов­тің келе қалғаны. Әуенді тың­даған ақын бірден сөзін өзім жазамын деген. Біраз сазгерлер­мен шығар­машылық ынтымақтастықта болып, тәжірибе жинақтап қалған Нұтфолла дүйім жұртты дүр сілкіндіретін вальс ырғағындағы бір әсем әннің дүниеге келгенін қапысыз сезген. Сезген де, Алматыға оралған бойда сөзін жазуға бар ынта-ықыласымен шабыттана кірісіп кеткен. 1955 жылдың 28 қазанында Қазақ радиосынан жезтаңдай әншіміз Роза Бағланованың орындауында бұрын белгісіз бір әннің тұсауы кесілген еді. Жаңа әннің эфирге шығуы сол екен, кең-байтақ қазақ даласын шарлай жөнелді. Әнмен бірге сазгер Бекен Жамақаевтың даңқы да көкке өрледі. Бекеннің бағын ашқан, Нұтфолланың ақындық қарымын танытқан, Розадай саңлақ әншінің репертуарын байытқан ән дүниеге осылай келген болатын. Әйгілі әншінің орындауындағы «Махаббат вальсі» қазақ жерін былай қойып, бара-бара Бирма, Үнді, Қытай, Моңғолия, Венгрия аспанында қалықтады. Ал өз жерімізде «Махаббат вальсінсіз» той-думан, сахналық ойын-сауық өтпейтін болды. Алпысыншы жыл­дардың жастары осы әнмен оя­нып, осы әнмен ұйқыға кететін десек, сірә, артық айтқандығымыз болмас. Бекеннің дертіне дауа, жанына шипа болған, өмірге қайта әкелген, мөлдір махаббатының куәсі болған ән еді бұл», дейді әріптесіміз. Сол сияқты Бекен Жамақаевтың «Махаббат вальсін» ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі қатты ұнатқан деген деректерді Балтабек Ерсәлімұлы былай дәйектейді: «Бекеннің өз аузынан естігенмін. Оны Алматыға бірінші болып шақыртқан Мұхаң екен. Әннің шығу тарихын сұрапты. Өзінің өкпе ауруына шалдыққандығынан ән арнаған сүйген қызына үйлене алмай жүргенін мұң етіп айтқан ғой. Мұны естіген ұлы жазушы оның сауығып кетуіне көмегін аяп қалмаған сыңайлы. Мұхтар Омарханұлы кез келген мәдени шараларда Розаға «Махаббат вальсін» орында деп қолқа салады екен. Роза Тәжібайқызының естелігінде Мұхаңның бір кеште осы әнді он рет қайталатып салдырғаны туралы айтылады». Сөз соңында дәл осы әннің ырғағындай Майнұр ару осыдан кейін де әуесқой композитор, дикторға шабыт сыйлап, дертті болған күндерде дем беріп, қысқа ғұмырында адал жарына айналып, үш ұл, бір қыз сыйлағанын айтқымыз келеді.  Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.