01 Қаңтар, 2016

Риодан ірі жеңістер күтеміз

283 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Рио-2016-фотоӘрбір төрт жылда бір айналып келетін жаһанның басты жарысы, айтулы аламаны – Олимпиялық ойындардың кезеңі де келе жатыр. Биыл – кезекті Олимпиада жылы. Бұл жолы ол 2016 жылдың 3-21 тамызы аралығында қанат жаяды. Осы уақытта Бразилияның Рио-де-Жанейро мен Белу-Оризонти, Бразилиа, Сальвадор және Сан-Паулу қалаларының спорт ареналарында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын 789 спортшы 306 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұлардың соңғы төртеуі тек футбол турнирін ғана қабылдайды да, қалған жарыстар түгелдей Рионың аспанын думанға бөлейді. Оңтүстік Америка құрлығында алғаш рет ту тіккелі тұрған аталмыш дүбірлі додаға Қазақстанның да спортшылары қатысады. Қазірге дейін біздің еліміздің саңлақтары 48 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Алда әлі талай іріктеу сайыс­тары тұр. Солар арқылы тағы қаншама атлетіміздің бағы жанатынына сенгіміз келеді. Биылғы жылы Бразилия жерін­де XXXI Олимпиада өткелі тұр. Демек, бұл – жаңа дәуірде бұған дейін осындай 30 Ойын өтті деген сөз. Бұрын біз құрамына кірген Кеңес Одағының спортшылары Олимпиадаға қатысуды 1952 жылы Хельсинкиде өткен XV Ойын­дардан бастады. Ал Қазақ­стан саңлақтары арасынан же­ңіл атлет Евгений Кадейкин бі­рінші болып осындай айтулы аламанға ат қосты. Ол 1956 жылы Австралияның Мельбурн қала­сында өткен Олимпиялық ойын­дарға қатысты. Келесі, 1960 жылы өтетін Рим Олимпиадасында қа­зақ ұландары арасынан бірінші жүлдегер шықты. Бірақ ол – 4х100 метрге жүгіру эстафетасынан күміс медаль алған жеңіл атлет Ғұсман Қосанов Ойындарға Мол­давия атынан бар­ған еді. Мұның есесіне, 1964 жылы Токиода жалау желбіреткен Олиим­пиадада Қазақстанның екі бір­дей спортшысы – қазіргі заман­ғы бессайысшы Виктор Мине­ев пен классикалық (грек-рим) күресінің шебері Анатолий Коле­сов алтын медальдің иегерлері атан­ды. 1968 жылы Мехикода өт­кен Олимпиадада біздің республика спортшылары олжалаған бас жүл­де саны үшеуге жетті. Оның бә­рін волейболшылар – Валерий Крав­ченко, Олег Антропов және Нина Смолеева әкелді. Жалпы, 1956-1988 жылдары және ТМД құрамасы сапында өнер көрсеткен 1992 жылдары Қазақстан спортшылары барлығы 28 алтын, 13 күміс және 12 қола медальға қол жеткізді. Бұдан кейін тәуелсіздік жылдары жетті. Қазақстан егемен ел ретінде бірінші рет 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиялық ойындарға дербес команда мәр­тебесінде атсалысты. Ол біздің спортшылар үшін өте жақсы бас­талды. Аламанда 3 алтын, 4 кү­міс және 4 қола медаль алған саң­лақтарымыз жалпы есепте 24-орын­ға табан тіреді. Бұрынғы Кеңес рес­публикаларынан біздің алды­мызға тек Ресей (2) мен Украина (9) ғана түсе алды. Бірін­ші Ойындарымызда грек-рим күре­сінен Юрий Мельниченко, бокс­шы Василий Жиров және қазіргі заманғы бессайысшы Александр Парыгин алтыннан алқа тақса, мылтық атудан Сергей Беляев – екі, ал ауыр атлет Анатолий Храпатый 1 күміс медальға қол созды. Қола медальды қоржынға салғандар қатарында боксшылар Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов, мерген Владимир Вохмянин және еркін күрес шебері Мәулен Мамыров болды. Қазақстандықтардың 2000 жылы Сиднейдегі жетістігі осыған шамалас шықты. Мұнда алдыңғы 11 медальға қарағанде кемдеу, барлығы 7 жүлде алып қайтсақ та, әдепкі екі тұғыр бойынша көрсеткішіміз дәл түсіп, 22-орыннан бір-ақ табылдық. Алтын медальды боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина, күміс медальды боксшылар Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдабеков, велоспортшы Александр Винокуров және еркін күрес шебері Ислам Байрамуков әперді. Сиднейден кейін 2004 жылы Афина Олим­пиадасы өтті. Онда 1 алтын, 4 кү­міс және 3 қола медаль алып, жиынтығында 8 медальға тоқтаған қазақстандықтар 40-орыннан шаң берді. Мұнда алтын медальды бокс­шы Бақтияр Артаев қанжығасына байласа, күміс медальды бокс­шы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрестен Геннадий Лалиев, қола медальды онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресі шебері Мхитар Манукян алқалады. Біз 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында жалпы жүлделер санын арттырып, бірінші рет 13-ке жеткіздік. Олар 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль болып бөлініп, командалық есепте 29-орын алуымызды қамтамасыз етті. Осы жолы ауыр атлет Илья Ильин өзінің бірінші олимпиадалық алтын медалін олжалады. Тағы бір алтын медаль боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың мойнына тағылды. Бұдан әрі күміс медальды ауыр атлеттер Ирина Некрасова мен Анна Важенина, дзюдошы Асхат Житкеев пен еркін күрес шебері Теймураз Тигиев еншілесе, қола медальдар әйелдер күресінен Елена Шалыгинаға, грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетовке, еркін күрестен Марид Муталимовке, ауыр атлет Мария Грабовецкаяға, боксшы Еркебұлан Шынәлиевке және таэквондошы Арман Шілмановқа бұйырды. Қазақстан үшін 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиялық ойындардың жөні тіпті бөлек. Онда еліміз сайыпқырандары алдыңғы Ойындағыдай 13 медальға қол жеткізгендерімен, олардың арасында алтын жүлденің саны едәуір көп – жетеу болды. Соның арқасында олар тарихта бірінші рет 12-орынға орналасты. Осы жолы ауыр атлет Илья Ильин қатарынан екінші рет Ойындардың жеңімпазы атанды. Одан басқа ауыр атлеттер Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, боксшы Серік Сәпиев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова Отанымыздың даңқын асыра түсті. Ал алтын жүлделер легін велоспортшы Александр Винокуров бастап берген еді. Сол сияқты күміс медаль алғандар қатарынан боксшы Әділбек Ниязымбетов көрінсе, қола медальдың қолайынан грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров, бокстан Марина Вольнова мен Иван Дычко, әйелдер күресінен Гүзел Манюрова табылды. Осылайша тәуелсіз Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері 16 алтын, 17 күміс және 19 қола медаль жеңіп алып, олардың қосындысын 52-ге апарды. Енді алдағы тамыз айында шартарапқа шашуын шашатын Рио-де-Жанейро Олимпиадасында осы жүлделер санының арта түсетініне үміт артамыз. Ең бастысы, ол Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықтың орын алуына үлес қосатын, соған шақыратын, соған үндейтін жарыс болсын дейік. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».