01 Қаңтар, 2016

Индустрияландыру ісі ілгерілей береді

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
2-бетӨткен 2015 жыл Қазақстан экономикасында елеулі жетістіктермен есте қалды. Бұл жылы еліміздің Индустрияландыру картасы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазақстан тұңғыш рет әлемнің жетекші 50 экспорттаушыларының қатарына қосылып, 43-ші орынға табан тіреді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Алдын ала болжамдар бойынша жаңа ғана есігін ашқан 2016 жыл экономика үшін күрделі болады деген сөздер бар. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл жылы әлемді кернеген дағдарыс бұрынғыдан да тереңдей түспек. Бәрін былай қойғанда, осы уақытқа дейін серпінді қарқынмен дамып келе жатқан Қытай экономикасы сыр беріп отыр. Екінші алып көршіміз Ресей экономикасындағы жағдай да мәз емес. Өткен жылы бұл елге сырттан келіп жатқан инвестициялар көлемі едәуір азайып кеткен. Құлдыраған мұнай бағасы жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде. Міне, осы қиындықтардың барлығы екі алып елдің ортасында орналасқан Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Бірақ соған қарамастан, біз өткен жылды табысты қорытындыладық. Эко­номи­камыз бұл жылды даму жағдайын­да өткізді. Оның үстіне бізге келіп жат­қан шетелдік инвестициялар көлемі көбей­месе, азайған жоқ. Яғни, Қазақстан әлем елдерінің алдында өзінің инвес­ти­циялық тартымдылығын сақтап қала алды. Бұл біздің Ресей экономикасы­мен салыстырғандағы бір артықшы­лы­ғымыз және биылға жылға өзек ететін басым­дықтарымыздың бірі болып табылады. Ресеймен салыстырғанда қазақстандық экономикалық саясаттың тағы бір өтімді тұсы біздің елімізді индустрияландыру ісіне белсенді түрде ертерек кіріскендігіміз болып табылады. Өткен бесжылдықта біз бұл мәселеде біраз тәжірибе жинақтап, артық-кем тұсымызды екшеп алдық. Қажетті бағдарлама мен заңдар сақадай-сай әзірленді. Индустрияландыру ісі өзінің бұлжымас даңғыл жолына түсті. Сондықтан, 2016 жылы да бұл іс жалғасын табатындығы анық. Бізге күні бұрын белгілі болғанындай, 2016 жылы бұл іске республикалық бюджеттен 40,7 мил­лиард теңге жұмсалатын болады. Бұ­дан бөлек ауыл шаруашылығы сала­сын дамытуға 193 миллиард теңге бөлі­неді. Нақ осы биылғы жылдан бастап, агроөнеркәсіп саласындағы дайындаушы ұйымдарға мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары жүзеге асырыла бастайды. Әрине, мұнда сөз болып отырған қаржылар тек мемлекет тарапынан қосылатын үлес болып табылады. Елімізді индустрияландыру саласына негізгі қаржы жекеменшіктен, соның ішінде, шетелдік инвесторлардан түсуі тиіс. Өткен жылы көршілес Қытаймен, Ұлыбританиямен, Франциямен, Кувейтпен және басқа да бірқатар еуропалық елдермен жасалынған меморандумдар мен келісімдер биылғы жылы да елімізді индустрияландыру ісіне жаңа қарқын береді деп күтілуде. Тіпті, басқаны былай қойғанда, көршіміз Қытайдан Қазақстанға өнеркәсіптік кәсіпорындардың көшірілуі биылғы жылдан бастау алып, Қазақстан экономикасына тың серпінмен дамудың жаңа мүмкіндіктерін беруі әбден ықтимал. Оның сыртында алдын ала жоспарланғандағыдай, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі толықтай іске қосылатын болады. Бастапқысында бұл ғасырлық маңызы бар алып жобаның бірқатар бөліктері концессиялық негізде және инвестициялық қаржыларды қарастыру негізінде жүзеге асырылады деп жоспарланған еді. Алайда, ықтимал концессионердің табылмауынан Қазақстан Үкіметі өзінің бастапқы шешімін өзгертіп, оған халықаралық қаржы институттарын тарту жөнінде ұйғарым жасады. Сөйтіп, бұл жұмыс өзінің жалғасын тапты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін жүзеге асырудың әзірленген техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес үлкен Алматы айналма жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Айналма жол құрылысы аяқталғаннан кейін ол аталмыш дәлізбен қосылады. Сөйтіп, дәліз пайдалануға беріледі. Айта кетейік, бұл халықаралық транзиттік дәліз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2009 жылы басталған болатын. Жоба бойынша жалпы жолдың 2 452 шақырымы қайта салынады. Оның 1 390 шақырымы 1 техникалық санаттағы 4 жолақты қозғалысқа арналған. 2009 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде Ресей Федерациясы шекарасынан Шымкент қаласына дейінгі 1 884 шақырымда жол бойында қозғалыс ашылған болатын. Енді биылғы жылы бұл жол Қытайға дейін жеткізіледі. Сөйтіп, жоба толық мәнде жұмыс істей бастайды. Қазіргі күні Үкімет еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар тың шараларды жүзеге асыра бастағаны белгілі. Мәселен, елімізге келетін инвесторлардың жұмысын жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты үстіміздегі жылдан бастап толық жұмыс істейтін болады. Осы мақсатта инвесторларға қолдау көрсетудің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл болашақта онлайн режімінде инвесторлардың тіркелуіне, ақпарат алуына, рұқсат құжаттар алу үшін өтініштер жіберуіне мүмкіндік береді. 2015 жылы бұл жоба қанатқақты режімде жұмыс істеген болатын. Сол кезде бұл істің тиімділігі анықталды. «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен 200-ден астам кездесулер өткізілді. Міне, инвесторларға жасалынатын осындай қолайлы жағдайлар елімізге шетелдік тікелей инвестициялардың ағылуына жаңа мүмкіндіктер тудырады. Қазақстанның халықаралық имиджінің артуына жәрдемдеседі. Өткен жылдар еліміздің халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын дәлелдеп берді. Демек, биылғы жылы дағдарыс қаншама дендеп енді десек те, еліміздің инвестициялық сенімділігі экономиканың дамуына қосымша серпін береді деп сенеміз. Биылғы жылы Астанада «Ислам» азық-түлік ұйымының штаб-пәтерін орналастыру жоспарлануда. Бұл жаңалық қазақстандық тауарлардың экспортқа шығуына ықпал жасайтын болады. Айта кетейік, аталған ұйымды құру идеясын Қазақстан Мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 28 маусымда Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде жария еткен болатын. Бұл идеяға аталған ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы қолдау білдіріп, осы уақытқа дейін «Ислам» азық-түлік ұйымын құру жөніндегі дайындық шаралары жүргізіліп келді. Енді биылғы жылдан бастап осы ұйым жұмыс істей бастайтын болады. Оның штаб-пәтерінің Астана қаласында ашылуы біздің еліміздің аграрлық секторының дамуына қосымша ықпал ететіні анық. Үстіміздегі жылы елімізде бұдан басқа да көптеген маңызды жұмыстар жүзеге аспақ. Осының барлығы экономиканың дамуына, индустриялық-инновациялық бағдарламаның сәтті орындалуына әсер ететіндігі айқын. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».