01 Қаңтар, 2016

"Cөз сойыл" № 19

637 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Жасыл-1Әзіл - оспақ, сын - сықақ Алақаны  қышығанға ала бата Жаңа жылдан бастап – Алдыңа келген пара берсін, Арсыз қолың ала берсін. Алған сайын қанталап, Екі көзің жана берсін. Уа, сендерге уыстап берсін, Уыстап берсе, дұрыстап берсін. Таңдайға татитындай, Тұз салып, бұрыштап берсін. Уа, сендерге шелектеп берсін, Жасырып, жауып, бөлектеп берсін. Құдай басқа салмасын, Түрмеге түссең керек деп берсін. Оу, сендерге мешөкпен берсін, «Мелоч» емес, кесекпен берсін. Түрмеде жатсаң қатты болар, Жайлы, жұмсақ төсекпен берсін. «Портшкеден» берсе, төге салсын, Беретін жерін сөге салсын. Ақыры берген соң аямасын, Тау ғып үйіп, көме салсын. Конвертке салып есіктен берсін, Бүктеп, бүктеп тесіктен берсін. Ішіне бомба, мина салып, Өзіңе қатты өшіккен берсін. Қойны-қоншыңа түгел тықсын, Ышқырың мен ауыңа сұқсын. Ақыры құдай жазаңды беріп, Келген жаңа жылда Жегенің желкеңнен шықсын! Әумин! Асқар НАЙМАНТАЙ. АЛМАТЫ. нг1Жексұрын жаңалықтар «Ыңғорс қорс, ыңғорс қорс... Тон-то, тун, то-то-оон...» – Кешіріңіздер, бұл біздің те­ле­­­­­арнаның жаңалық баста­лар ал­дын­дағы әуені ғой... Құрмет­ті көрер­мен­дер, жаңа жылдың ал­ғаш­қы күн­гі жексұрын жаңа­лық­­­тарымызға қа­ңыл­тырдай құлақтарыңызды батырып-батырып алыңыздар. Бірінші жаңалық: Шымкенттен Алматыға қатынайтын «Шымкент-Алматы» пойызына билеттер сатылып кеткенімен, пойыз жүрмейді. Өйткені, пойыздың бас вагоны Алматыдан басталып, соңғы вагон Шымкентке дейін жеткен. «Жолаушылар «билет жоқ» деп жынданбасыншы» деген нақұрыс ниетпен, теміржол басшылары ва­­­­­гондарды тіркей берсе керек, тір­кей берсе керек... Алматыға бара­тын бір топ жолаушылар автобуспен бі­рінші Алматы вокзалына жетіп, бас вагонға кіріп, арғы бетіне шы­ғып, жынды адамдарша бет-ауыз­дарын жыбырлатып, вокзалға кірген. Екінші жаңалық: Қос қарлығаш Шымкент қаласындағы бір «блатной» миллионердің қос қабатты коттеджінің қабырғасына ұя салыпты. Миллионер Мыртықбайұлы қарлығаштың ұясына қарап тұрып: «Не деген отсталый қарлығаштар еді! Әлі күнге дейін саз балшықтан ұя салады! Евро ұя салу дегенді біл­мейді! Мына балшық ұясы кот­­теджімнің сиқын бұзып тұр!» дегені сол екен, қарлығаштар: «Ке­­ші­ріңіз мырза, қабырғаңызды уа­қыт­ша жалға ала тұрсақ қайте­ді?» деп сөйлеп кетіпті. Қазір қар­лы­­­ғаш­тар қо­жайынға ай сайын мың дол­лардан тістеп әкеліп береді екен... Үшінші жаңалық: Кеше күн шықпай қалды... Өйткені, мен күнімен ұйықтап жаттым... Төртінші жаңалық: Жылай бе­ретін әкім «Көңілі бос» қала­сын­да өмір сүріп жатыр. Ол алдына арыз айтып келген кісілерді құшақтап, жылай беретін көрінеді. Мәселен: «Үйім де, күйім де жоқ, ал сіз таныстарыңыз бен пара бергендерге қисая кететін көрінесіз» деп жылап барсаңыз, әкім сізден бетер еңіреп жылап, ботадай боздап, ет жүрегіңізді елжіретіп, көз жасын көлдетіп шығарып салады екен... Сосын сіз әкімді жұбатып әлек боласыз... «Ымбаппа. Ымбаппа...» Кешіріңіздер, жарнамамыздың әуені ғой. Жарнама басталды. Мысық сөйлеп кетті: «Қызда-ар, келіншекте-ер! «Олвейсті» қараңыздаршы! Қандай керемет! Бұл сіздерге арналған!» Бесінші жаңалық: Ақтөбелік бикеш Қатипаш Қатырғанова «Алақан» деген жаңа салат түрін ойлап тауып, өзінің кафесінде та­мақ­танушыларға ұсынды. Салаты мынадай: помидорға помидор қосып, помидорды мыжып, суын сығып, алақаныңызға майонез жағады. Ал сіз помидорды шанышқымен алып, алақаныңыздағы майонезге батырып жейсіз... Алтыншы жаңалық: Шымкентте бір көк долы, көршілері «стерва» деп атап кеткен әйел кенені шағып алды. Қырым безгегін таратқыш кененің өзі оқиға орнында қайтыс болып кеткен... Жетінші жаңа­лық: Үкіметте комедия, шекарада трагедия... Сегізінші жа­ңа­лық: Қызылорда об­­лы­сында күйеуі ұрып өлтірген әйел­ді жер­легенде, ұялы теле­фонын қоса көм­­ген екен. Арада бір күн өтпей жатып, мар­құм әйел көңіл­­де­сі­не: «жаны-ым, еди­­­ница салып жі­­бер­ші!..» деп өтін­ген­де, анау бай­ғұс тал түс­те талып қал­ды. Тоғызыншы жа­ңалық: Биылғы ұлт­тық бірыңғай тестте мынадай сұмырай сұрақтар бар екен дейді: – Білім министрі быламық ішеді ме? – Депутаттар жылай ма? – Абылай хан­­­ның «мерседес» ав­то көлігі болған ба? – Әл-Фарабидің әйелі қандай көйлек киген? – Шыңғыс хан арақ ішіп, темекі тартқан ба? Оныншы жаңалық: Кеші­рі­ңіздер, осы жаңалықтарды жалық­пай айтып отырғанымның өзі жа­ңалық. Кеше жылдың соңғы күні ғой деп түнімен түнгі клубта болып едім, ұйқым келіп тұр. Келесі жаңалықтарда кездескенше, ой, көріскенше, жоқ, жүздескенше сау болыңыздар! Бай-қуатты, миллионер, миллиардер, шіріген бай болайық! Мұхтар ШЕРІМ. ШЫМКЕНТ. Сол үшін Қалталы аса мықтының мерейтойы тойланып жатыр. Сонда бір үзеңгілес досы оған былай деп тілек айтқан екен: – Мен мына қолымдағы үрем­­­­кені бүгінгі мерейтой иесінің мил­лиардер болғаны үшін емес, анығын айтсам – бізде кедей пенде емеспіз! Және де оның үлкен теңізде қалқып жүрген кемесі үшін емес, біле білсек біз де ол теңізде санаулының бірі болып жүзіп жүрміз. Айтпақшы бұл тос­ты оның ең ірі компанияның бас­шысы ретінде де көтеріп тұрға­ным жоқ!.. Айтарым, бұл тосты оның мемлекеттік тиісті орында жұ­мыссыз болып тіркеліп, ай сайын әлеуметтік көмек алып отыр­ғаны үшін алып қойсақ деймін!.. *   *   * Бұл тостты мына ғұмырдың барлық кезеңінде үнемі тайып жығылып, омақаса құлап, жылап өтулеріңіз үшін көтеріп тұрмын... Айтпағым – тайып жығылғанда аяқ астыңыздағы көлгөсір ақшаға тайғанақтап жығылып, құшағыңыздағы аруыңызбен омақаса құлап, бақыттан бас айнала көз жасыңызға ие бола алмай қалыңыздар! *   *   * Еркек іссапардан шұғыл үйіне оралады. Сол кезде үйде бол­­­ған әйелінің «танысы» киініп үл­гер­мей, үстелге шығып қолын көте­ре төбеге қарап қатып тұра қалады. – Бұл кім ей!? – деген бұған әйелі: – Бұл Атлант... Есіңде ме, гректердің өнер залынан көріп едік қой... – дейді қипақтап. Сонда еркек бұған үндемей, ас­үйге барып нан мен шұжық алып, оны­сын жаңағы «Атлантқа» ұсына: – Мә, жеп ал! – дейді. Сонда қонағы қалтырай: – Бұның не, мен ескерткішпін ғой! – дегенде, үй иесі: – Беріп тұрғанда алғаның дұ­рыс! Кеше мен бір үйде сенің кебің­ді киіп жарты күн Аполлон болып тұр­­ғанымда ондағы антұрған бір жұтым су да ұсынбады, – деген екен. Бұл тостты еркектердің ерекше жағдайдағы бір-бірін түсіне білгендігі үшін алып жіберейік! Ақысы төленген емтихан Борис ИВАНОВ. Ақылы колледжде оқимын. Яғни мен ақысын төлеймін, олар білім беріп емтихан алады. Жылдың алғашқы күні емтихан тапсыру үшін профессордың алдында отырмын. Билетімнің сұрағы: «Талтүс» картинасының авторы кім?» делініпті. Бірден: «Суретші» деп едім, мұғалім жақ­тырмай: «Илья Муромец, Добрынин Никитич пен Алеша Поповичтерді кім деп атаған?» деп келесі сұрағын қойды: – Өзіңіз атағандай атаған. – Оларды үш батыр деп атаған. – Мен олардың астындағы аттарының атын білемін. – Қалай? – Мурзик, Тузик және Полкан. – Оны қайдан естіп жүрсің? – Атам айтқан. – Атаң қайдан шығарып жүр? – Ол жағын білмедім, тек атам ішіп алғанда солай дейтін. – Жарайды... Келесі сұрақ: «Бо­­­родино шайқасы қай жылы болған?» – Бородинді қамауға алғаннан бір жыл бұрын. – «Наполеон» сөзі бірнәрсе айта ма? – Әлбетте! Ол коньяктың аты. – Поэзиядан бір сұрақ: «Менің атам анық адал адам» атты атышулы өлеңді кім жазған?» – Немересі. – Кімнің немересі? – Кімдікі болушы еді, атасының немересі. – Ақындардан жалғастырайын: «Пушкин алаңында тұрған кім?» – Кім болушы еді, баяғы милиционер. – Онда тұрған Пушкин. – Фамилиясын сұрамаппын. – Радищев жазған «Петер­бург­тен Мәскеуге саяхатты» оқып па едің? – Оқып қайтемін, өзім де екі ортада талай саяхаттағанмын. – Радищев Екатеринаның кезінде жүріп өткен. – Мен Люсьямен қыдыр­ғанмын. – Екатерина екіншінің кезінде болған оқиға. – Менің Люсьям үшіншім болатын. – Жарайды... Ал Менделеев таблицасын құрастырған кім? – ??? – Өзі емес пе... Ол оны түсінде көрген! – Кеше менің түсіме Эйфель мұнарасы кіріпті... Яғни оны құрас­тырған мен боламын ба сонда!.. – Түсіңе Эйфель мұнарасы кірген екен, ол қай қалада тұр? – Сонда болған досыма хабарлассам? – Болмайды. – Онда аудиторияда отыр­ғандарды көмекке шақырсам? – Сіз: «Кімнің миллионер болғысы келеді» атты бағдарламада отырған жоқсыз. – Миллионер болғысы келе­тіндер білімге бас ұрмайды, олар тек ұрлық-қарлықпен айналысады... Қысқасы, сіз ананы-мынаны сұрадыңыз, мен білгенімше жауап бердім. Сондықтан сіз бағамды қойып жөніме жіберіңіз. Әйтпесе жылдың басынан мен білімсіз, сіздер жалақысыз қаласыздар!.. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. Шырша жанындағы жымиыс Екі орманшының әйелі әңгімелесіп тұр. – Менің күйеуім маған арнаған сыйлығын дәстүр бойынша шыршаның астына тығып қойыпты. – Ол қандай сыйлық еді? – Алдымен қалың орманның ішінен сол шыршаны тауып алу керек. * * * Ер жігіттің есею сатылары: 1. Ол Аяз атаның бар екеніне сенеді. 2. Ол Аяз атаға сенбейді. 3. Ол – Аяз ата. * * * Екі актер әрбір жаңа жыл сайын Аяз ата кейпіне еніп, табыс табады екен. Әлгі әртістің бірі екіншісіне: – Достым, менің отбасыма кіріп, мерекемен құттық­тап шығасың ба? – Неге өзің кіре салмайсың? – Мен өз еңбегім үшін тым көп ақша сұраймын. * * * Жаңа жылды біздің үйде қарсы алсам деймісің? Келе қал, тек біздің үйдің есік қоңырауы істемейді, есікті аяғыңмен жайлап қана теуіп белгі бер. – Неғып аяқпен? – Енді қарсы алуға анау-мынау алып қолың бос болмайтыны айтпаса да белгілі емес пе?

нг2Суретті салған Г.МАЙОРЕНКО.

Өлдің Мамай... Жылдан өтіп, жылға жетіп – Тек жүрсем де тек аман, Түсінбейді көп адам. Соншалықты несіне Қиналамын  мен оған? Кейде сиқыр сезімге Шырматылған кезімде, Өзге түгіл, өзімді Түсінбеймін өзім де. Жомарттықты асырып, Ашылып та шашылып, Емін-еркін жүруім Болар еді асылық. «Әліңді біл, Аяз би, Жолыңды біл, құмырсқа». Осы менің күнделік Ұстанымым тұрмыста. Жүзіп ішкен тұнықтан Жан сырымды кім ұққан?! Көпшілік жан бір күндік Байлық үшін құныққан. О, жалған-ай, жалған-ай, Дүние-мүлік арман-ай. Өлген күні бағасы Бақыр болып қалғаны-ай. О, дүние, дүние, Еске аламын күйіне. Дүниеңе жинаған Өлгеннен соң кім ие? Сенетінің бала ма? Бала адам бола ма? Еш болмаса дұға үшін, Барар ма екен молаңа? Қыбын тапқан «оң», «солдың», Тірлігіңде «зор» болғын. Бірақ, бәрі бекерлік, «Өлдің Мамай – қор болдың». Иә, солай, тап солай, Түсінбеймін басқалай. Пенделікке ермесең, Алла жолы – ақ  сарай. Болмаса ар-иманың, Не болады жиғаның?! Қысқа ғана ғұмырды Ит тірлікпен қиғаның. Жаңа жылда тілерім – Алла сені қолдасын, Ақ  ісіңді оңдасын. Пәниде де, бақи да Иман болсын жолдасың. Әбдірахман АСЫЛБЕКОВ.  АЛМАТЫ. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР