03 Тамыз, 2010

Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы

5968 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарық көргелі бері осы жобаға байланысты ой-пікір білдірген хат-хабарлар саны мейлінше көбейіп отыр. Біз бүгін редакция поштасына тіл жанашырлары жолдаған мақалалардың бірнешеуін жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. ТІЛ – ҚАЗАҚТЫҢ АРЫ ДА, БАРЫ ДА Еліміздегі тіл саясаты он жыл бойы Тіл­дерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масы негізінде жүргізіліп келді. Бұл тәуелсіз еліміздің белгілі бір тілдік ортасын қалып­тастырып, мемлекеттік тілдің тұғырын бе­кітуге жетерлік уақыт. Сондықтан мем­ле­кеттік бағдарламаны бұдан әрі он жылға созу жөнсіз деп есептеймін. Өйткені, ор­ындау мерзімі ұзарған сайын ұзын арқан, кең тұсау болып, нақты мақсатқа жетуден алыс­тай береміз. Жалпы, нумерология заң­ды­лықтары бойынша “1” және “0” цифр­ларымен аяқталатын сандар нәтижесіздікке әкеліп соғады. Сондықтан да болар, Кеңес өкіметі уақытында кез келген перс­пективалық жоспар үш, бес немесе жеті жылға жасалатын. Өткен онжылдық бағдарла­ма­ны саралай отырып, негізгі қол­байлау болған мәселе “мемлекеттік тілді білу – парыз” деген ұғымның нақты міндеттеу арқылы қолдау таппауында екенін түсіндік. Түсініп қана қоймай, халық болып тал­қы­лап, доктринаға міндетті деп жаз­дық. Міндеттейтін заң дайын тұр. Енді оған неге үш жыл уақыт өт­кіземіз. Бұл осы жылдың соңғы 4 айында шешілетін мәселе. 2011-2020 жылдарға арналған мемлекет­тік бағдарламаның жобасында мақсаттар мен міндеттер нақты қойылып, ол мін­дет­терді іске асыру жан-жақты кеңінен қарал­ған. Алайда, осы мақсаттарға жетудің ме­ха­низмін жан-жақты талқылап, әлі де жетіл­діру қажет. Оның негізгісі – мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуде “міндеттеу” деген сөзді ең басты талап және тілді енгізудің негізгі құралы ретінде қолдану. Бұл жерде “міндеттеу” деген ұғымсыз жаңа бағдарлама жобасында қарастырылған төрт мақсаттың және осы мақсаттардың көрсеткіштеріне қол жеткізудің нәтижесі аз болатынын айта кеткім келеді. Мәселені “Бағдарламаны іске асыру ке­зеңдері” деген 7-тараудан бастайық. Онда тіл­дерді одан әрі қолдану мен дамытудың нор­мативтік-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруге үш жыл уақыт берген. Меніңше, оны созудың қажеті жоқ. Осы бағ­дарлама 2011 жылдың басынан дұрыс бас­тау алу үшін 2010 жылдың аяғына дейін қа­жетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдануы тиіс. Өйткені, бұл құжатты он жыл бойы күтіп келеміз. Осы олқылықтың сал­дарынан өткен бағдарлама да толық нә­ти­жесін бере алмады және алдағы уақытта тағы да үш жылымызды босқа өткізіп аламыз. Бұл ретте біріншіден “Мемлекеттік тіл ту­ралы” заң қабылдануы, екіншіден “Қа­зақстан Республикасындағы Тіл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі қажет. “Мемлекеттік тіл туралы” заң қабылдануы қажет дейтін себебім, мемлекеттік тіл ар­найы бір заңмен өз мәртебесін нақты бекітіп алмаса және қоғамның барлық саласында қажеттілікке айналып, оны қолдану міндеттелмесе қандай бағдарлама жасасаң да нәтижесі құмға сіңген судай болып тереңге кете береді. Сондықтан біз халықтың талай талқылауына түсіп барып бекітілген док­три­надағы мемлекеттік тілді білу Қазақстанның әрбір азаматының парызы және міндеті дегенді заңмен бекітіп алғанымыз жөн. Қазіргі қолданыстағы “Қазақстан Рес­публикасындағы Тіл туралы” Заңының 5, 8, 10, 15-баптарындағы “орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады”, “мем­лекеттік және орыс тілінде”, “мем­ле­кеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады” деген тіркестер құжат айналымының мемлекеттік тілде әзірленуін талап етуге кедергі жасайды. Онсыз да осы уақытқа дейін 100 қызметкерге бір-екі аудармашы бекітіп қойып, мемлекеттік тілдегі құжат айналымының пайыздық көрсеткіші пәлен пайыз деп мақтанып жүр­ген министрлер, мекеме басшылары кез келген жағдайда мәселенің ұрымтал тұсын тауып, әр қызметкердің құжатты қазақша жазбауының, мәжілістерді қазақ тілінде өткізбеудің амалдарын табады. Қазақ тілінің жырын жырлап, осы салада 20 жыл бойы қызмет атқарып келген бір әріптесім ми­нистр­лікке ауысқан болатын. Кездескені­мізде: “ойпырмай, бұндай азапты көрсем кө­зім шықсын, облыстағы қиындық мына­ның қасында түк емес екен. Бәрі 100 % орыс тілінде жазады да, “аудар” деп әкеп тастайды. Ол аздай тездет Үкімет күтіп отыр деп зіркілдейтінін қайтерсің” деп мұңын шаққаны бар. Осындай жағдай барлық дерлік мемлекеттік органдарда қалыптасқан. Сондықтан осы бағдарламада құжат айналы­мының түпнұсқасы мемлекеттік тілде дайын­далуына тікелей ықпал ететін меха­низм жасалуы тиіс. Олай болмаса, қазақ тілінің орыс тіліндегі құжаттың аудармасы болып қала беруін түзете алмаймыз. Ал, аталған Заңның 23-бабында “мем­лекеттік тілді белгілі бір көлемде және бі­ліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кә­сіп­тердің, мамандардың және лауазым­дардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді” делінген. Бірақ осы уақытқа дейін бұл бап орындалмай отыр. Сондықтан қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттеу мүмкін болмай келеді. Қазақ тілі тәуелсіз мемлекеттің мемле­кет­тік тілі деп жарияланған. Яғни, ол тек қа­на қазақтардың ана тілі болуымен бірге өзі­­не тағы да үстеме міндет алды. Мемлекеттік тіл болғаннан соң қазақ еліне тағдыр талайы­мен келіп қоныстанып қалған, өсіп-өрбіген барша этнос өкілдерінің тілі. Сол ұлттар Отаным деп танитын елдің мем­ле­кеттік нышаны. Қандай қоғам болса да өза­ра түсінісу үшін ортақ тіл таңдайды. Қазақ тілі – осындай барлық қазақстандықтардың ортақ тілі. Ортақ тілі болған соң олардың осы елде өмір сүру, жұмыс істеу, өзара қа­рым-қатынасқа түсу тілі болуы тиіс. Барлық елдерде солай. Францияда тұрғындардың баршасы француздар емес, бірақ олардың барлығы француз тілін міндет санайды. Қытайда да, Ресейде де, Испанияда да со­лай. Өйткені, “бір мемлекет – бір тіл” ұғымы өркениетті елдердің барлығы үшін аксиома. Онсыз ортақ құндылықтардың қалыптасуы қиын. Бір мемлекет ортақ үй, ортақ ұжым ретінде қалыпты өмір сүруі, дамуы керек. Сол үшін сол мемлекеттің азаматтығын алған адамдардың барлығы ортақ мемлекеттік мүддені жоғары қояды. Мемлекет нығайғанда ғана жеке адамдардың бейбіт өмірі, тыныштығы сақталады және ел азаматтары өзінің қабілетін толық ашып орнықты қызмет істей алады, белгілі бір беделге ие болады, дәулеті асады. Ал өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің ең басты белгілерінің бірі мемлекеттік тілін білмеу, тіпті білгісі келмеу, мойындамау – сол мемлекеттің рухани жағынан ортақ үлкен ұжым болып қалыптаса алмағандығын байқатады. Қазіргі Қазақстан жағдайында азаматтар­дың мемлекеттік тілді үйренуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Бірақ жиырма жыл­ға жуық уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік тілді білуге құлшынысы өте баяу. Яғни, Қазақстандағы этнос өкілдері де, оларға қоса өзінің ана тілін білмейтін қазақтар да мемлекеттік тілді білуге мүдделілік танытпауда. Сөз етіп отырған мемлекеттік бағдарлама жобасында мемлекеттік тілді оқыту әдісте­месін жетілдіру мақсатында стандарт-тех­нологияны, жаңа стандарт бойынша оқу бағдарламаларын және оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, оқытушыларды аттестациядан өткізу, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын аккредитациялау мәселелері қарастырылған. Тілді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалған, тілді үйретуге арналған әр түрлі оқу құралдары бар, мемлекеттік тіл орта мектепте, арнаулы және жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызметте, ұлттық орталықтарда тегін оқы­тылады. Жарайды, бұл жөн екен, оқулықты, оқытушыны, оқыту орталығын дайындадық, оларға қатаң талап қойдық. Ал, үйрену­ші­лерге қандай талап қоямыз? Біздің қазіргі жағ­дайымыз мектепке барғысы келмеген, оқығысы келмеген алты-жеті жастағы сотқарлау баласына “балам, саған барлық жағдайды жасап қойдым, оқуға баршы, егер жақсы оқысаң, күнде “бес” деген баға әкелсең саған ананы алып беремін, мынаны алып беремін” деген ата-ананың кейпіне ұқсайды. Қызметкерлер мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтеді де, сертификатын үйіне апарып қойып, одан әрі жұмысын орыс тілінде жалғастыра береді. Қазақ тілін үйрендің, енді құжатты мемлекеттік тілде жаз деп жатқан не басшы жоқ, не құжат­тарды мемлекеттік тілде жүргізуге міндеттеп жатқан үкімет жоқ. Алған білімді күнделікті жұмыс барысында қолданбаса, жер жыртуға пайдаланылмай жатып қалған соқа сияқты оны да тот баспай ма? Мемлекеттік тіл білмейтін азаматтар мемлекеттің қамқор­лығын сезініп, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тіл үйренуді парыз бен міндетке айналдыруы қажет. Бағдарлама жобасында “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің негізгі факторы” деген мақ­саттың нәтижесі, біріншіден, мемлекеттік тілді меңгерген ересектердің, екіншіден, мемлекеттік тілді меңгерген мектеп бітіру­шілерінің үлесімен өлшенеді. Біз оны қалай анықтаймыз? Әрине, тест арқылы. Бұл жерде тест азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін толық анықтай ала ма деген сұрақ тағы туындайды. Мысалы, уақыт көрсетіп отырғандай, мемлекеттік қызметке үміткер азамат тест тапсырғанда мемлекеттік тілден де тест тапсырады. Онда қызметкер­дің мемлекеттік тілді білу деңгейі құжатқа қатысты 30 шақты сөзбен шектелген. Сөйтіп, бір орынға құжат тапсырған 20-дан астам үміткердің 10-ы тестен өтсе, оның 8-і қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, ал екеуі қазақ тілін мүлдем білмейтін болып шығады. Нәтижесінде, басшылар жұмысқа қазақ тілін білетіндерді емес, білмейтін әлгі екеуінің біреуін алады. Қазақ тілділерге тағы орын жоқ. Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған өткен он жылда бір де бір заң қазақ тілінде дайындалған емес. Сонда не, бізде қазақ тілді заңгерлер жоқ па? Жоқ емес бар, бірақ олар амалдың жоқтығынан бірі кондуктор, бірі таксист, кәсіпкер, тағысын тағы күнкөрістің қамы үшін далада жүр. Басқа басқа, қазақ тілінің майын тамызатын заңгер жеткілікті. Кеңес өкіметі кезінде қара шаңырақ – ҚазМУ-дың заң факультетінде қазақ тобын бітірген заңгер­лер шетел асып кеткен жоқ. Олар осында, бірақ оларға қолқа салып отырған ешкім болмай отыр. Әр министрлік мынадай заң жазу үшін кадрлар керек деп конкурс жарияласа, республика көлемінен табылады. Әсіресе, Білім, Мәдениет туралы заңдарды жазатын кадрлар жеткілікті. Тек құлық жоқ. Негізі қазақша жазылмаған заңды Парламент қабылдамай қойсыншы, Үкімет те, министрлік те қандай кадрлар табар екен. Талап болмаған соң, үйреншікті орыс тіліне жабыса береміз. Ал мектеп бітірушілерге келетін болсақ, олардың да мемлекеттік тілді білу деңгейі тестпен өлшенеді. Дайын сұрақтарды жа­уабымен жаттап алған оқушы тестен жоғары ұпай жинайды. Егер ол бітірушімен тілдесе кетсең, қазақша екі ауыз сөздің басын қо­сып айта алмайды. Сонда біз кімді алдай­мыз? Осы жерде қызметкердің де, мектеп бітірушінің де мемлекеттік тілді білу дең­гей­ін тестпен емес, мазмұндама, эссе, қысқаша өмірбаян және т.б. құжаттар жаздыру арқылы анықтау мәселесін қарастыру қажет. Тағы бір айтатын жәйт, қазір бір сыныптағы отыз баланы ағылшын тілі сабағында үш топқа, орыс тілі сабағында екі топқа бөліп оқытады. Ал қазақ тілі саба­ғында топқа бөлінбей, әлгі 30 оқушы түгел отырады. Сонда қазақ тілі сабағын топқа бөліп оқыту туралы құжатты пән мұғалім­дері әлі үш жыл күтуі керек пе? Бұл 20 жыл бойы айтылып келе жатқан жәйт. Сондық­тан бұл мәселе биылғы 1 қыркүйекке дейін өз шешімін табуы тиіс. Бағдарлама жобасының екінші мақса­тында мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату үшін өте тиімді және қазіргі заман мұқтаж болып отырған көп­теген міндеттер алға қойылған. Бұл жерде мемлекеттік тілді насихаттау мәселесінде орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары барынша қамтылуы тиіс. Мысалы, “Егемен Қазақстан” газеті жылына біздің басқарма өткізген іс-шаралар туралы 20 шақты материал шығарса, “Казахстанская правда” газеті бірде бір материал жарияламады. Сол сияқты “Айқын” газеті де бір жылда 20-дан астам материал жіберді, ал “Литер” газеті ешқашан мемлекеттік тіл туралы әңгіме қозғаған емес. “Казахстанская правда” газетінің де “Литер” газетінің де бюджеттен алатын қаражаты аз емес. Өз қолымен ақша беріп отырған министр қазақ тілін насихаттау керек деп тапсырма беріп жатса, оны орындамайтын басылым болмайды. Ақшасын шығарып, жыл сайын қазақ тіліндегі басылымдарға жазылып жүрген қазақтар мемлекеттік тілді насихаттамасаң да оның қадірін біліп, қасиетін түсінеді. Мемлекеттік тілдің рөлін, оның қажеттілігін насихаттайтын орта – ол орыс тілді орта. Осы тарауда мемлекеттік тілді отбасы құндылығы ретінде көпшілікке тарату бағытында қарастырылған шаралар мені қатты қуантты. Өйткені, кез келген отбасы және оның әр мүшесі мемлекеттік тілді білу әрі парыз, әрі міндет деп түсінуі керек. Қорқатын ештеңе жоқ. Астана қаласында ата-анасы бір ауыз қазақша білмесе де балаларын қазақ мектебіне беріп отырған өзге ұлт өкілдері көп. Атап айтсақ, № 49 мектепте ұлты неміс Зотке Ангелина, № 40 мектепте орыс Засохин Иван, № 56 мектеп-лицейінде корей Огай Лариса, Огай Алек­­­­сандр және т.б. 300-дей өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде білім алуда. Ешкімнен кем емес, қазір сол мектептердің бетке ұстар оқушылары. Бұлар қазақ тілі мен ағылшын тілін мектепте үйренсе, орыс тілін отба­сын­да қолданады. Сөйтіп, болашақта үш тілді еркін меңгеріп шығады. Адамдардың физиологиясы бірдей. Ангелина, Иван, Ларисалар қазақ тілін керемет меңгеріп кетті ғой. Яғни, бұл оның жасындағы барлық бала меңгере алады деген сөз. Осындай отбасы­ла­рын насихаттау үшін біздің басқарма бір жылда 5-6 іс-шара өткізді. Бірақ, бірде-біреуі орыс тілді не телеарнада не газетте насихатталмады. Осыдан бір жыл бұрын № 1 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушыларымен дөң­гелек үстел басында кездестік. Кездесуге 12 оқушы қатысты. Оның біреуі Кошкин (ұлты орыс), Шығыс Қазақстаннан келген әскери қызметкердің баласы, біреуі Марина (ұлты ингуш) таза қазақ тілінде сөйлейді. Қалған 10 қазақтың екеуі ғана қазақша біледі. Ал, есімдері Жәнібек, Абылай, Кенесары, Бауыржан. Пікір алмасу барысында қазақ тілін білмеуінің себебін сұра­ғанымызда біреуі: апай, бізді неге қинайсыз, бұл мәселені біздің ата-анамыз шешеді. Менің анам саған қазақ тілінің керегі жоқ, ма­тематика мен ағылшын тілін жақсы білсең болғаны, әкең сияқ­ты айына 5 мың доллар табасың деген. Сондықтан қазақ тілін білу міндет емес дегенді айтты. Міне, қазіргі отбасындағы талап осындай. Егер заң болып, онда Қазақ­стан­ның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті деген қатаң талап қойыл­са, анасы басқаша айтар еді. Үшінші мақсатта көрсетілген азамат­тар­дың аты-жөні және көрнекі ақпараттың безендірілуі туралы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау бүгінгі күнде ең өзекті мәселелердің бірі. Биыл 31 мамырда қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу мақ­са­тында “Астана” журналымен бірге өткізген дөңгелек үстелде Күлән Далбайқызы деген қазақтың ұлтжанды қызы мынадай оқиғаны айтып берді. Оқу бітіріп, Қостанай облы­сына жас маман ретінде жұмысқа барған Күлән Далбайқызы жұмысқа орналасарда бастығымен кездеседі. Аты-жөнін сұраған­нан кейін басшысы сіздің атыңызды айту оқушылар үшін де, мен үшін де қиын, сон­дықтан мен сізді Екатерина Дмитриевна дей­тін боламын деген. “Онда Ольга Нико­лаев­на, сіз мен үшін Орынбасар Нығ­ме­товна боласыз деп, ол бастығын орнына қойған екен. Сол жас маман кейін облыстық білім басқармасын басқарған. Айналасын­дағылардың барлығы өзге ұлт өкілдері бола тұрса да, басшылары атыңды атамаймын деп тұрғанда оған шындықты шыжғырып айтқан Күлән Далбайқызы сияқты намысты ұл-қыз көп болса ғой. Қазіргі уақытта 85 пайыз қазақ азаматта­ры­ның есімі қате жазылған. Соны жөнге келті­ретін құжатты жасауға 10 жыл аздық етті. Тағы 3 жыл созбақ ойымыз бар. Оны осы бағдарламаға дейін қабылдау қажет. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі күнгі азамат­тардың есімі ертеңгі күні не дүкеннің не шаштараздың немесе қандай да бір фир­маның атауы болады да көшеге жарнама болып ілінеді. Ең өкініштісі, сол қате аты енді немерелерінің тегі болып қате жазылуда. Дербес ел, тәуелсіз мемлекет ретінде мемле­кетіміздің басты белгілерінің бірі – мемлекеттік тілдің толық салтанат құратын шағы әлдеқашан келген. Сондықтан бұл бағдарлама шешуші әрі пәрменді құжат болып, қазақ тілінің барлық орындарда міндеттілігін қалыптастыруы қажет. Ол үшін бағдарлама іс-шаралардың жұмыс жоспары күйінде қалмай, орындалуы міндетті ша­раларды көздегені абзал. Сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгереді, ел азаматтарының баршасы оның болашағына нық сеніп, оны тұрмыстың да, жұмыстың да, өзара қарым-қатынастың да тіліне айналдырады. Бұл мақсаттан шығу үшін бағдарлама жобас­ын­дағы ең маңызды міндеттерді, атап айтқанда заңдық-құқықтық актілерді қабылдауды, тіл үйретудің үздіксіз моделін қалыптастыруды, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу талабын күшейтуді тез арада жолға қою керек. Қандай құбылыс болса да маңызды мәселелер шешілгенде өзге де шаруалар жылдамырақ шешімін табатын болады. Ең бастысы – осы бағдарламаны дайындаушылар да, оны іске асырушылар да бұл құжаттың шешуші құжат екендігін, енді он жылдан кейін мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту жөнінде тағы бір құжат қабылдамайтындай етіп жұмыс істеуіміз қажет һәм міндет екендігін естен шығармауымыз керек. Сол себепті де бағдарламаның кіріспесіне: “Бұл Бағдарлама Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын толық әрі түбегейлі қалыптастырады” деген мазмұндағы сөз жазылуы тиіс. Әйтпесе, ол шегі мен шеті жоқ, ешкімді сендірмейтін бағдарламаға айналып кетуі бек мүмкін. Сонымен бірге тіл жанашырларының ұсыныстары мен ескертпелерінің маңыздылары міндетті түрде қаперге алынуы тиіс. Онсыз бұл бағдарлама орындалуы баяу, нәтижесі шамалы көп құжаттың біріне айналады. Тіл бағдарламасы – біздің рухымызды асқақтататын, мемлекеттілігімізді нығай­татын, елдігімізді айғақтайтын өміршең, өзекті бағдарлама. Сондықтан да оны осы ерекше маңызы мен мәртебесіне сай жасау қажет болады. Бұл миллиондардың күткен әрі сенетін құжаты. Ел сеніміне лайық, ұлт аманатына адал болғанға не жетсін! Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ, Астана қаласы Тілдерді дамыту  басқармасының бастығы. СҰРАНЫСТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ Мемлекеттік тілді дамытудың, оның қолданыс аясын кеңейтудің оңай емесіне көзіміз жеткелі қа­шан. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың “Қазақ қа­зақпен қазақша сөйлессін” деуінің астарында алдымен мемлекеттік қызметте үлкен-кішілі лауазым­дар­ды атқаратын қандастарымыздың мемлекеттік тілді меңгерсін деген талабы жатқанын аңғарамыз. Солай десек те Ата Заңмен мемлекеттік мәртебесі бекітілген қазақ тілінің қолданыс аясын толыққанды ке­ңейтетін сұранысты қалыптастыра алмай келеміз. Рас, ұмтылыс бар. Олай дейтініміз, әр өңірде іс-қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді. Бірақ, кейде бірінші басшының, не мемлекеттік қыз­мет­тегі шенеуніктердің мемле­кеттік тілге шорқақтығының кері әсері тиіп жатады. Әсіресе, ана тіліне жетік емес қандастарымыз айтар сөзін әуелі қазақша бастай­ды-дағы, іле-шала көпшіліктен кешірім сұрап, ресми тілде “жор­ғалай” жөнеледі. Ана тілінде оңды­рып сөйлей алмайтын қазақтарды көргеннен кейін өзге ұлт өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді мең­геруге талпыныс туады деуге көңіл шіркін сене бермейді. Осыған орай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен да­мытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленгені қуантады. Енді осы бағдарламаның орындалуы үшін сұраныс пен нақты істің байламы бір-бірімен жымдасып жатуы қа­жет. Сұраныс демекші, оны қалай қалыптастыру қажет? Меніңше, мемлекеттік қызметтегі бос орын­дарға конкурс жарияланатыны бар­шаға мәлім. Бір сәт сол конкурс талаптарына көз жүгіртіп көріңізші. Конкурсқа қатысуға тілек білдіру­ші­ге Ата Заңнан бастап түрлі заң­на­маларды білу талабы қойылады. Дұрыс, бұл ел заңдылықтарына мойынсұну үшін қажет. Алайда, әр саладағы бос орындар үшін өткі­зілетін конкурс талаптарында мем­лекеттік тілді білуі міндетті екені көзделмейді. Неге? Өйткені, Ата Заңның талабына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бірақ, неге екені белгісіз, мемлекеттік тілді әсіресе, мемле­кеттік қызметкерлердің меңгеруі қажет екенін ешкім міндеттеп отыр­ған жоқ. Міне, бұл – мем­ле­кеттік тілді меңгеруге сұранысты қалыптастыра алмауымыздың басты кемшілігі. Сол себептен, бұдан былай мемлекеттік бос орындарға орналасуға үмітті әр адамға мемлекетті тілді меңгеруі қажеттігін міндеттеген жөн. Бұл – өзге ұлт өкілдерінің, тіпті өз қандастарымыздың мемлекеттік тілді тез үйренуіне жол ашады. Мұны мемлекеттік тілге сұранысты қалыптастырудың басты тетігі деп ұғыну қажет. Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілге сұранысты қалыптастыра ал­сақ, мемлекеттік бағдарлама мақ­саты да, оны іске асыруға байла­ныс­ты ұмтылыс пен нақты істің байламы да бір арнада тоғысып, ана тілімізді төрімізге оздыра алар едік. Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ, “Қазақ тілі” қоғамы Атырау филиалының төрағасы. БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ БОЛҒАЙ Қай мемлекетте болмасын тіл­дің жайы өте кінәмшіл мәселе. Әсіресе, Қазақстандай көп ұлтты мемлекетте. Сондықтан да біздің ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тіл саясатын жүргізуде сарабдалдық танытып келеді. Елбасы мемле­кеттік тіліміз – қазақ тілін төрге оздыруды кезең-кезеңмен жүзеге асыра отырып, мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақтың тілінің мәр­тебесін көтеріп, қолданыс аясының кеңеюін мақсат тұтып отыр. Соған орай тілдерді дамыту туралы заңдар қабылданды, бағдарламалар жасал­ды. Олар өз кезеңінде тілдерді да­мыту, соның ішінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге біршама қызмет еткені де шындық десек, Елбасы “Қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін” деген сөзді де жана­шыр­лықпен ұдайы айтып келеді. Мен бағдарлама жобасын мұ­қият оқып шықтым. Бағдарла­маның алтын өзегі Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін ны­ғайтудың маңызды факторы сана­латын мемлекеттік тілді дамытудың сара бағыттарын айқындағанына көзім жеткендей болды. Қазақ тілін оның балабақша, мектеп, жоо, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-кәсіпкерлік саланың барлығында бірдей батыл қолданысқа енгізіп, қазақстан­дық­тардың өмірлік қажетіне айнала­дыруды мақсат тұтып отырғаны айқын аңғарылады. Бұл орайда аталған нәтижелерге қол жеткізу 4 негізгі мақсат аясында топтасты­рыл­ған. Бірінші мақсатта мемле­кеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайтудың жолдары айқындалған. Бағдарлама жобасында мемлекеттік тілді мең­геру мен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізу көзделген екен. Бұл орайда ұсынылып отыр­ған тіл меңгерудің 6 деңгейлі жүйе­сі де ұтымды болар деп ойлаймын. Тілді үйретуді бала бақшадан бастайық деп жүргеніміз, бірте-бірте оның жас деңгейін көтеріп, тілді жетік меңгеруді талап ету қажет деп жүргеніміз де осы емес пе? Сондай-ақ, қазақ тілінде оқы­та­тын білім беру мекемелері же­лі­сін кеңейту және қазақ тілі оқыту­шылары мен мамандарын даярлау, олардың біліктілігін арттыру жө­ніндегі жұмыстарды ұйымдастыру да басты назарға алынған екен. Бағдарлама жобасында сынақ, біліктілік орталықтары желісін құру да көзделген. Сондықтан бұл орта­лықтар жұмысын жетілдіру керек. Мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды жүзеге асыру да қарастырылған. Демек, күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесіне, жастар­дың ортасында сәнге, сондай-ақ ата-бабаның тіліне қамқорлық көрсету мен қазақ патриотизмінің шынайы көрінісіне айналуы керек. Тілдің үнемі даму үстінде бола­тыны дәлелдеуді қажет етпейтіні шындық. Алайда, термин сөздерді тықпалау арқылы сөздік қоры­мызды толықтыруға бағыт ұстала отырып, олардың тіліміздегі шұ­рай­лы баламасын тауып, бағын ашып жіберуді де ұмытпағанымыз жөн. Бағдарлама жобасында мемле­кеттік тілді дамыту мен қолдану ая­сын кеңейтуге қатысты біраз шаруа­лар жасалатыны көрініп-ақ тұр. Алайда, сайып келгенде адам фак­торы алға шығатыны сөзсіз. Сон­дық­­тан билік басында отырған­дар­дың үлгі-өнегесі де аз ықпал етпей­тінін көріп жүрміз. Елші­леріміз, министрлеріміз қазақша сөйлеуге арланатын болса, бұл істе қайтарым болу-болмауы екіталай. Мемлекеттік қызметте жүрген аза­маттарымыздың арасында төгілтіп қазақша сөйлей­тіні аз. Оларға мем­лекеттік деңгейде қажеттілік бола­тындай талап болуы керек. Ал елге келген үкімет мү­шелері орысша сайраса, жергілікті жердегілер со­ның ыңғайына жығы­латыны дау­сыз. Бұл, әрине, орыс тілінен бас тарту емес. Екі тілде еркін көсілсе құба-құп, әрине. Екінші бір мәселе – сөздіктер туралы. Оларды қайта бір қарап, жүйелеген дұрыс. Әйтпесе бір ма­ғына беретін сөздердің әр сөздікте әрқилы айтылып жүргені де рас. Сондай-ақ, орыс тілді басылым­дардың мемлекеттік тілді дамытуға байланысты шаруалар жасайтын кезі келді. Бұл да бағдарлама жо­басының толыққанды болуына қосылған үлкен үлес болар еді. Көп жерлерде аудармашы ұстау арқылы іс қағаздарын екі тілде жүргіздік деп мәз болып жүрміз. Ол қазақ тілінің қолдану аясын ке­ңей­туге септігін тигізе ме, гәп сонда. Бұл да мықтап ойланатын мәселе. Қуан ТЕКТІҒҰЛОВ,  Ақтөбе облыстық ішкі саясат  басқармасының бөлім бастығы.