03 Тамыз, 2010

Апта айшықтары

414 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Израиль елшісі  Ақтөбеде  болды Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов осында келген Израильдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Исраэль Мей Амиді қабылдады.Ол Қазақстан мен Израиль арасын мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі сенімді әріптестік қарым-қатынас байланыстырып отырғанын атап өтті. Өңір басшысы бұған дәлел  ретінде облыста Израильдің тамшылатып суару технологиясы енгізіліп жатқанын мысалға келтірді. Кездесу барысында экономикалық әріптестіктің болашақтағы мәселелері туралы әңгіме өрбіді. Елеусін Наурызбайұлы түйеқұс өсіретін ферма жайлы ақпаратты  зейін қоя тыңдады. Елші сондай-ақ “Достық” мәдениет үйінде болып, “Шалом” еврей қауымдастының өкілдерімен кездесті, олардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Қаланың көркем жерлерін аралап көрген қонақ мешіт пен шіркеуді, сулы-жасыл гүлзар ішіндегі ротондоны тамашалады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,  Ақтөбе облысы. Елді мекендер атауы өзгертілді Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында белгілі ақындар Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлі мен әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевке “Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілді. Сондай-ақ сессияда Зеленов ауданының Көшім ауылдық округіне қарасты Балаган және Степной елді мекендерінің атауын Жаңатаң және Өркен, ал Переметный ауылдық округінде орын тепкен Чернояровты Қаражар елді мекені деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Ақжайық ауданының Ақсуат ауылдық округіндегі Каменный бастауыш білім беретін мектеп Ақбұлақ мектебі деген атауға ие болса, Мерген ауылдық округіндегі Горячкин негізгі жалпы білім беретін мектеп Мойылды мектебі болып өзгертілді. Чапаев ауылындағы №1 орта мектепке ұшқыш, Кеңес Одағының әрі Ресей Батыры Қайырболат Майдановтың, Бударин ауылдық мектеп-балабақшасына Сатым Сұпалдияровтың, Тайпақ ауылдық округіне қарасты Краснояр ауылындағы орта мектепке Кеңес Одағының Батыры Темір Масиннің есімдері берілді. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Кәсіби мерекелері аталып өтілді Жұма күні Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көлік және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекелері мерейленіп өткізілді. Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Рзақұл Нұртаев осы сала еңбекшілерінің еселі еңбектерімен Сыр аймағында серпінді жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.  Кәсіби мерекеде бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты, Көлік және коммуникация министрлігінің Құрмет грамотасы, Азаматтық авиация комитеті төрағасының марапаттары табыс етіліп, енді бірсыпырасына  құрметтіліктерін паш ететін төсбелгілер тағылды. Кәсіби мерекелік кеш ән-шашу мен мың бұралған биге ұласты. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. Дастарқан мәзірінде –  сары қымыз Жетісу жерінде халқымыздың салт-дәстүрін сақтау мен оны жас ұрпаққа мұра ретінде қалдыру үрдісі берік қалыптасқан. Жаз бойы Талдықорған қаласында ондаған қымызхана мен шұбатхана тұтынушыға мінсіз қызмет көрсетсе, бұл шара аудандарда да етек алған. Талғар ауданында алтын күн қызып, көк көтерілгенде шаруа қожалықтары бие байлап, адам денсаулығын нығайтатын сары қымыз сапырып, дастархан мәзіріне ұсыну дәстүрі басталған-ды. Қымызхананың жаңа үлгісін тұтынушыға ұсынған “Нұрлы” ұлттық сусындар орталығының” қызметін аптап  ыстықта Алматы мен Талғардың арасын жалғайтын күре жолдағы жолаушылар пайдаланып, шөлдерін басып, дамылдайтын орынға айналдырып  келеді. Қымыз бен шұбат ішуге арналған арнайы орын айшықты безендіріліп, келушілердің демалуына жасалған жақсы жағдаймен ерекшеленеді. Қымызбен бірге тұтынушылар ет, қуырдақ, сірне, тағы басқа дәмді тағамдарын, құрт-ірімшік, буы бұрқыраған бауырсақ пен қою шайды ішіп, алғыстарын жаудырып аттанады. “Дастархан байлығы – деннің саулығы”, деген кәсіпкерлердің биік талғамы арқасында олардың табыстары да молая түсуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. Жас геологтардың олимпиадасы Жуырда Зырян ауданының табиғаты тамылжыған “Көгілдір бұғаз” демалыс базасы маңында жас геологтардың тұңғыш олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған Индустрия және жаңа технология министрлігінің Геология және қазба байлықтар  комитетінің төрағасы Болат Өжкенов, Зырян ауданының әкімі Ермак Салимов, геология саласының қызметкерлері қатысып, өз білімдерін көпшілік талқысына салып отырған жастарға табыс тіледі. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің құттықтауы оқылды. Ал Томск облысы губернаторының орынбасары В. Емешев жас геологтарға сәт сапар тіледі. Олимпиадаға біздің елден жеті, Ресейдің Томск облысынан бірнеше команда қатысып, геология саласындағы білімдерін көпшілік талқысына ұсынды. Дүбірлі сайыста жеңімпаз атанғандарға Ресей мен Қазақстандағы білім ордаларына жолдама берілді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы. Халықаралық джамбори Қостанайда өтті Қаратомар су қоймасындағы тамылжыған табиғат аясында скауттардың  халықаралық “Джамбори-2010” слетінің алауы жағылды. Төрт жылда бір өтетін слетке алыс және  жақын шетелдерден жиналған скауттар тобы мен жастар бірлестіктерінің,  Дүниежүзілік скауттар қозғалысы ұйымының, Қазақстандағы Германия, АҚШ, Ресей елшіліктерінің өкілдерін қостанайлықтар қонақжайлылықпен қарсы алды. Скауттар табиғат аясында түрлі кедергілерден өту жарыстарын ұйымдастырды. Скаут қозғалысының проблемаларын ортаға салды, пікір алмасты. – Мұндай кездесулер жастар ұйымдарының халықаралық байланысын нығайта түсумен қатар,  жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге  үлкен ықпал етеді, – деді  Қостанай облысындағы скауттар қозғалысының жетекшісі Хамит Ғабдуллин. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ. Курчатовтық басшы-ғалымдармен жүздесті Еліміз егемендікке қол жеткізгенге дейін кешегі Семей полигонының орталығы  – Курчатовтың былайғы жұртқа есігі жабық болатын. Ал қазір керісінше, ондағы Ұлттық ядролық орталықтың басшы-ғалымдары Семейге арнайы келіп, мұндағы журналистер қауымы және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен жүздесіп тұруды дәстүрге айналдырған. Бұл жолғы кездесуге ондағы ғалымдарды аталған орталықтың бас директоры, академик Қайрат Кәдіржановтың өзі бастап келді. Кездесу барысында орталықтың болашағы, жалпы Курчатов қаласының келешегі туралы сындарлы сөз қозғалып, соған орай қойылған сұрақтарға байыпты жауап қайтарылды. Мазмұнды жүздесуге Семейдегі үкіметтік емес ұйым президенті, “Семей-Невада” қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев ұйытқы болды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ. Жазғы әскери жиын Ел Қарулы Күштері Құрлықт­а­ғы әскерлерінің басқару органдары, құрамалары мен бөлімдерінің жауын­герлік даярлығы жоспарына сәйкес 19 шілде мен 27 тамыз ара­лығында Құрлықтағы әскерлерге қарасты барлау бөлімдері мен жасақтарының далалық жиындары өткізілуде. “Теріс Ащыбұлақ” оқу-жаттығу орталы­ғында өтіп жатқан бұл іс-шараның басты мақсаты – басқару орган­дарының үйлесімдігін пысықтау, жеке құрамдардың кәсіби тұрғыдағы тә­жірибелігін арттыру болып табылады. Аталған жиындарға Құрлықтағы әскерлер Бас қолбасшылығы Бас шта­бының Барлау басқармасы то­лық құрамында қатысып отыр. Сон­дай-ақ, бұған Өңірлік қол­бас­шылықтар мен Аэроұтқыр әскер­лері штабтарының барлау бөлімдері және қызметтері, жеке барлау ба­тальондары, мотоатқыштар, меха­ни­каландырылған, денсантты-ша­буылдаушы бригадалардың барлау жасақтары тартылған. Мыңға тарта барлаушыларды жинап отырған осы оқу-жаттығуда жеке, кәсіби дайын­дықтар тәрізді пәндерге айрықша мән берілуде. Аталмыш іс-шара шеңбе­рінде түрлі жарыстар мен арнайы дайындықтар өткізу де кеңінен жоспарланған. Лагерьлік жиындарға жалпы жетекшілікті ел Қарулы Күштері Құр­лықтағы әскерлер Бас қол­бас­шы­лығы басқармасы Бас штабын­дағы барлау басқармасының бас­тығы подполковник Б.Жұрабаев жүргізуде. Далалық жиындар 23-27 тамыз аралығында “Жауынгерлік әзірлікті жоғары деңгейге келтіру. “Барлау жүйесін жетілдіру”, осы  “Стратегиялық бағыт­та­ғы төмен және орта әскери қақ­ты­ғыстағы барлау жүргізуді ұйым­дастыру” тақырыбында арнайы оперативті жаттығу-ойындарымен жалғасын таппақ, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.