21 Қазан, 2015

Белімізді бекем буайық

352 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дағдарыстың алдын алудың іс-қимылы халықтан жинақылықты талап етеді

Елбасымыздың әр сөзі ел жүрегіне жетіп жатады. Соның ішінде Президенттің ресми кездесулерде, жұмыс бабындағы қабылдауларда айтатын пікірлеріне де құлақ түреді қалың ел. Дүйсенбі күні Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовті қабылдау кезінде Елбасымыз бүкіл әлемді қыспағына алып тұрған дағдарыстың мұнан бұрынғы, 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан да күшті болатынын ашық айтты, туған халқын, өз елін қиындыққа қарсы тұруға шақырды. Оның алдын алудың, мүмкін болатын ауырлықтарын жеңілдетудің нақты жолдарын белгіледі. Аза­маттардың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуіне жол берілмейтінін, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағдарламасы дайын болуы тиістігін қадап көрсетті. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» электронды поштасына, басылым сайтына кеше жедел түскен, облыстардағы меншікті тілшілерге хабарланған пікірлер халқымыздың ертеңгі күнге сенімділіктің басты тірегін Елбасымыз – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан тауып отырғанын, елдік пен бірлік арқылы қандай қиындықты да еңсеретінін кәміл көрсетеді. Газет сайтындағы бір коммент «Біз бәрін де жеңеміз. Алға, Қазақстан!» деп аяқтапты. Дәл солай болады! Белімізді бекем буайық! СТР-3 Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Премьер-Министр К.Мәсімовті қабылдап, онда бүгінде әлемде және елімізде қалыптасқан жағдай туралы айта келіп, қазіргі уақытта ел экономикасының күрделі режімде жұмыс істеп жатқанын атап көрсеткен болатын. Мәселен, энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі ел бюджетіне түсетін кірістерді едәуір көлемде қысқартып отыр. Сол сияқты, өзге де бірқатар экспорттық тауарлар бағасы да төмендеу үстінде. Осындай ахуалды ескере келіп Елбасы әлемдік экономикада күн сайын белең алып келе жатқан дағдарысқа қарсы жүргізілетін жұмыстар жоспарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Елбасының қазіргідей күрделі кезеңде атқарылуы тиіс міндеттер туралы берген тапсырмалары көптеген қазақстандықтар тарапынан қолдау табуда. Газет редакциясы төменде еліміздің түкпір-түкпірінен келген сондай пікірлердің бір тобын оқырмандар назарына ұсынып отыр. *** Әлемдегі, соның ішінде Еуропа мен Шығыс Азиядағы экономиканың ахуалын ескере отырып, жағдайдың жуық арада жақсаруын болжау мүмкін емес. Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал. 2007-2009 жылдардағыдан да күшті, нағыз дағдарыс дендеп келеді. Осыған байланысты Үкіметке талдау жасауды, дағдарысқа қарсы жұмыстардың жоспарын әзірлеуді, қажетті шараларды белгілеп, оны халыққа жеткізуді тапсырамын. Н.Ә.Назарбаев. *** «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масы еңбекпен қамту бағдарламасын толық­тыруға, кәсіптік-техни­калық білім арқылы жаңа мамандық алу мүм­кіндігін кеңейтуге жағдай жасайды. Осы­лайша жұрт қажет бол­ған жағдайда өз кәсіп­орнында жаңа маман­дық ала алатын болады. Сонымен қатар, бізде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағдарламасы дайын болуы тиіс. Н.Ә.Назарбаев. *** Кәсіпорындар мемлекет қаражатпен қамтамасыз етеді деп күтпеуі тиіс. Олай болмайды, Ұлттық қордың ақшасын жа­ңа нысандар құрылысына, сон­дай-ақ, нашар жұмыс істейтін кәсіп­орындарды қолдауға, субси­диялауға пайдалануға тыйым саламын. Бұл жағдайда қандай өндіріс тиімді, қайсысы тиімсіз жұмыс істейтіні бірден көрінеді. Сондай-ақ, біз барынша тиімді менедж­мент тарту үшін жекешелендіру жүр­гіземіз. Н.Ә.Назарбаев.

Әркім өз жағдайын өзі ойлағаны жөн

Біз жоғары оқу орнын кеңестік кезеңде аяқтап, сол тұста қызметімізді бастаған ұрпақтың өкіліміз. Бұл кездегі халықтың психологиясы масылдық пиғылға қарай ойысып отырушы еді. Ауылдағы ағайындарымыз «е, үкіметтің өзі асырайды ғой», деп тал шыбықтың басын сындырмай қаннен-қаперсіз отыра беретін. Осындай масылдық көңіл-күй ауаны тәуелсіздікке қол жеткізген кезден кейін де жойыла қойған жоқ. Қол-аяғы балғадай азаматтар әлеуметтік көмек алудан беттері бүлк еткен жоқ. Осындай кезде Елбасының елімізде шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті өрістету үшін арнайы бағ­дарлама белгілеп оны тиісті заңмен бекемдеп беруі келешек тіршілік қамын мейлінше тым әріден ойластырып жасалған перспективалық қадам болғаны анық. Оның бер жағында әркімнің, республиканың әр азаматының өзінің жеке кәсібін ашып, өз несібесін өзі айырып отыруы үшін мемлекет тарапынан туғызылған әкелік қамқорлықты қайда қоямыз. Екіншіден, осы төрт-бес жыл төңірегінде бастаған кәсібі арқылы өз ырыс-несібесін айырып отырған азаматтарға моральдық және материалдық тұрғыдан біраз жеңілдіктер белгіленгені бұл істің адымын аршындата түсті. Бұған тікелей өз басымнан да мысал келтіре аламын. Мен бұған дейін республиканың төтенше жағдайлар құрылымында қатардағы инспекторлық қызметті атқардым. Осы арқылы Орал өңірі аумағында пайдалануға берілген газ құбырлары мен нысандарын мемлекеттік қабылдап алу актілеріне қол қоюға қатыстым. Мұның өзі маған өнеркәсіптегі қауіпсіздік нормалары мен талаптарын жетік білуіме жол ашты. Сондай-ақ, тәуекел түбі – жел қайық дегендей, бұл бағытта өз кәсібімді ашайын деген ойға келдім. Солай болды да. Бұған да он жыл уақыт өтті. Сол кезде негізгі мамандығыма қоса жаңа бастаған ісіме байланысты Астана және Алматы қалалаларында арнайы курста оқып өнеркәсіптегі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі білім-білігімді толықтырдым. Бүгінде біздің ЖШС осы өнеркәсіптегі қауіпсіздік мәселелері жөнінде оқытып арнайы сертификат беретін үлкен оқыту орталығына айналып отыр. Мұндағы үрдіс өндірістік кәсіпорындармен тиісті келісімшарт арқылы жүргізіледі. Жеке кәсіпорнымызда оншақты маман жұмыс істейді. Олар өз қызмет­теріне дән риза. Бәрі де адал еңбек, маңдай термен келген табыстың берекелі болатынын жақсы түсінеді. Әрі қандай күрделі дағдарыс болмасын бұл өздерінің отбасылық бюджеттеріне ешқандай әсер ете алмайтынына да көздері анық жеткен. Өзім де дәл осындай ойдамын. Өз күніңді өзің көріп, өз кәсібіңді алаңсыз өмір сүріп, тіршілік ету көзіне айналдыра білудің өзі де адам үшін бір бақыт емес пе. Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдаған кезде оған нағыз дағдарыстың дендеп келе жатқанына байланысты берген тапсырмасының түп-төркінінде де әркімнің өз несібесін өз кәсібінен табу қажеттігі айқын көрінеді. Менің ойымша, әркім өз күнін өзі көру керектігі – бүгінгі нарық заманының басты талабы әрі жазылмаған заңы. Бұдан ешкім де бас сауғалап кете алмайды. Нұрлан ТҰЯҚОВ, «НұрГазПромстрой» ЖШС бас директоры. ОРАЛ.

Қолдау аса мұқтаждарға ғана көрсетілуі тиіс

«Жаман айтпай, жақ­сы жоқ» дейді халық даналығы. Премьер-Министрді қабылдаған Мемлекет басшысының тапсырмаларынан осыны ұқтық. Иә, дағдарыс жағдай­ын­да әлемде күйі келіс­кен, тоңып болмаса, тойып секірген мемле­кеттер жоқ. Жер шарының бір-бір тіреу бағаналарындай көрінетін АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа мемлекеттері де белдігін қаттырақ тартып отырғанын ел көріп отыр. Сондықтан, дағдарыстың Қазақстанды айналып өтпейтіндігі белгілі еді. Ел де мұны түсініп қалды. Елбасы айтқандай, енді шаш­па-төкпелікті қой­ып, үнемге көшуіміз керек. Артық шығындарды қысқартуға тапсырма берген Елбасы қандай қиыншылық болса да халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау жөнінде нұсқау берді. Расында, алдында азын-аулақ бизнесі бар кәсіпкер, отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе ұстаған шаруа, бақшалығынан табыс тауып отырған диқан сияқты кәсіп иелері Үкіметтен бұрынғыдай субсидия алмаса да шаруасын шайқалтпайды. Табысы аз болар, бірақ қарны тоқ болады. Дағдарыстың жаңа толқыны дені-қарны сау азаматтардай еңбек етуге қабілетсіз мүгедектерге, зейнет жасына жетіп зейнетақысын айдан айға зорға жалғап отырғандарға ауыр тиюі мүмкін. Елбасының Премьер-Ми­нистрге осындай адамдарды қолдау жөнінде бағдарлама дайын­дауға тапсырма беруі «тағ­ды­рымыз енді қалай болады» деп қобалжып жүрген аза­мат­тардың жүрегіне үміт отын жақты. Олар – Қазақстанның азаматтары. Туған Отаны оларды тағдырдың тезіне тастамайды, сын сағатта қасында болады. Әрине, дәл қазір ешкімнің көштен қалатын жағдайы жоқ. Біздегі әлеуметтік көмектер, зейнетақы көлемі көрші мемлекеттердің қызығушылығын бұрыннан тудырып келеді. Оны да ескеріп, шүкіршілік айтуымыз керек. Мемлекет басшысының әлсіз, бәсекеге қабілетсіз кәсіп­орындарды Ұлттық қор қаржы­сынан қолдауға тыйым салуы өте дұрыс шешім болды. Бір ашылып, бір жабылған кәсіпорындардан елге пайда келмесе масыл қылып неге керек. Одан да әлсіз қорғалған азаматтарымыздың жағдайын түзеп алайық. Саттар ҚУАШБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Әр кәсіпорын мүмкіндіктерін қайта қарауы қажет

Елбасының талай жиындарда еске сал­ған әлемдік дағдарыс тол­қыны біздің жағаға да жақын­даған сияқты. Апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдап, кездесу бары­сында республика эко­но­микасының күрделі режімде жұмыс істеп жатқанына қатты назар аударғаны халықтың көңілін орнына түсірді. Шыны керек, қазіргі әлемдік экономикадағы теріс құбылыстар елдің алаңдаушылығын туғызғаны анық. Бұл теріс әсерлер экономиканы әлсіреткенін халық бұрын сезінбесе де, отандық өндірушілер бұл жағдайды әлдеқашан сезінген болатын. Үкімет қолдан келген барлық экономикалық құралдарды барынша қолданғанмен ол дағдарыс қарқынын тоқтата алмады. Сондықтан Үкімет теңге бағамын еркін айналымға жіберуді жөн тапты. Ендігі кезеңде нарық тізгіні тек нарық талаптарына ғана бағынышты болады. Бұл – дұрыс қадам. Нарықтағы баға саясатын сұраныс пен ұсыныс заңы ғана айқындау керек. Қазіргі таңда Қазақстанда импортты алмастыру саясатымен қоса тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару саясаты жүзеге асырылуда. Бұл өз тарапынан ел экономикасына қосымша валюта түсімімен қоса жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін алып келуде. Қазақстан қаражат тарту мақсатында мемлекет шетел инвесторларына инвестициялық ахуал жасауға мәжбүр болды. Көптеген жеңілдіктер қарастырылды. Соның арқасында Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі бойынша біз Орталық Азияда алғашқы орынға шықтық. Инвестициялар арқасында жаңа жұмыс орындары мен кәсіпорындар ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Енді міне, нарыққа да өз кезегінде экономиканы жандандыру қажеттігі   туындады. Қазақстан экономикасының әлемдік экономикалармен тығыз байланыстылығы мен әлемде болып жатқан әртүрлі теріс өзгерістер бізге қатты әсер етуде. Дағдарыс қандай экономика болсын оңай соқпайтыны белгілі. Экономиканың құлдырауынан әлеуметтік мәселелер де көбеюі мүмкін. Бірақ, дағдарыстың жаңа мүмкіндіктер кезеңі екенін ұмытпауымыз керек. Дағдарыс кәсіпорындарға өз мүмкіндіктерін қайта қарауға, жаңа ойлардың туындауына алып келеді. Қызметтеріндегі ең күшті мен ең әлсіз жақтарын бағалайды. Дағдарыс – жаңа дамудың алғашқы сатысы. Сондықтан біз де өз экономикамызға, Елбасына сенуіміз керек. Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы. Жамбыл облысы.