21 Қазан, 2015

Өркені өскен өңір

795 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
20-10-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысына сапары кеше ертеңгісін қайта жалғасты. Мемлекет басшысы «Көксу» қосалқы шаруашылығында болды. 20-10-02 Аралдың ақ толқыны көбік атып, Сырдария екі ернеуін керіп аққан заман өткен. Сол кезеңдерде мына дарияның айналасы ну орман болған деседі. Қалың өскен қамысынан түйелі адамның өзі көрінбейді екен. Жидесі мен жидегі, жыңғылы мен тораңғысы тұтасып өсіп, тоғайына торғай тұмсық тыға алмайтындай болса керек. Өткен ғасырдың бас жағына дейін сол нудың арасында жолбарыс жүрген көрінеді. Сырдағы соңғы жолбарысты атып алған адамдар туралы аңызға бергісіз әңгіме бар. Кейін ғой, Арал тартылып, табанынан су кеткен соң жұрттың Қызылорданы «депрессивті аймақ» деп жүргені. Теңіздің ұлтаны аптап шілдеде сусырап аузы кепкен пенденің кеберсіген ерніндей болып қалғаны анық. Тұзы ұшып, соры шығып жатты. Бірақ Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында кіші Аралға су жетіп, жоғалған теңіз қайта қалпына келе бастады. Содан бері Қызылорданы дағдарыс аймағына жатқызуға болмайды деген ойдамыз. Осындай пікірді Қызылорда облысына сапары кезінде Мемлекет басшысының өзі де айтты. «Сырдың күріші шетелдерге экспортталып жатыр. Депрессивті аймақтың өнімін өзге ел сатып ала ма?» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Расында да солай емес пе? Соңғы үш жылда Қызылорда облысы күріштің рекордтық өнімін жинады. Айталық, 2013 жылы Сыр диқандары гектарынан 49 центнерден өнім алып, ел қамбасына құйған. Былтыр бұл көрсеткіш 51 центнерге жетті. Биыл Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары 50,5 центнерден өнім жинады. «Күріш Қызылорданың ең негізгі өнімі саналады. Аймақ кейінгі үш жылдың бедерінде күріштен мол өнім жинап келеді. Рекорд орнатты. Мұндай жетістік Кеңес өкіметінің тұсында да болмаған»,– деп бағасын берді Елбасы сапар барысында. «Қызылордаға ағаш өспейді, соры бетіне шығып, тұзы ұшып, құмы көзіңді жауып, топырағы тісіңнің арасында жүреді», дейтіндерге бір дәлелді сөз айтайық. «Өтірікшінің куәсі қасында» деген емес бұл. Қаланың дәл іргесінде «Көксу» деген қосалқы шаруашылық бар. Аумағы 18,7 гектар жерді құрайды. Қосалқы шаруашылықты 2000 жылы қызылордалық кәсіпкер Рая Үдербаева құрған. Өзі әуежайға барар жолдың жиегінде жатыр. Бұрын әрі-бері өткенде: «Бұл не болды екен?» дейтінбіз. Сөйтсек, шаруашылық иелері кәдімгі ботаникалық бақ жасап жатыпты. Сөзімізге сенбесеңіз, көзіңізбен барып көруге болады. «Көксу» қосалқы шаруашылығының бақшасында қарағай мен арша, шырша мен емен сияқты аймақтың табиғатына икемделмеген ағаш түрлері өсіп тұр. Негізінен Қызылорда облысының табиғатына терек, сексеуіл, қарағаш, ақ тал, жыңғыл, үйеңкі және тағы басқа оңтүстік өңірде өсетін ағаштар бейім келеді деген түсінік болған. Ал «Көксу» шаруашылығы Сыр өңірінде өспейді, жерсінбейді деген ағаштар мен жеміс түрлерін жерсіндіріп жатыр. Шаруашылық облыстағы шөлейт жерлерді көгалдандыру мен аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізбек. Қылқанды ағаш түрлері өсетін жерлердің ауасында да емдік қасиеті болады емес пе? Шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі – егістікте зиянды өндірістерден жеңіл жұмысқа ауыстырылған, еңбек демалысына жіберілген адамдар мен зейнеткерлер жұмыс істейді. Онда 150 мыңға жуық қылқанды, мәуелі, жапырақты және декоративті ағаш түрлері мен бұта өседі. Аталған ұйым қаланы көгалдандырумен қатар, жергілікті климат жағдайына бейімделген жаңа ағаш түрлерін өсіру мақсатында селекциялық жұмыстарды да атқарады. Шаруашылықтың өз жылыжайы да бар. Жылыжайда не өсіп тұр деңіз? Мандарин! Таң қаласың. Қызылордалық шаруа­лар экзотикалық өнім саналатын мандаринді өсіріп, өнімін алып отыр. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына сапарының екінші күнінде осы шаруашылықта болды. Бақты аралап, жылыжайдағы жұмыстармен танысты. «Бір ғана адамның ойы мен ерік-жігерінің арқасында тұзы мен соры шығып жатқан жерге мынадай орман өсіру деген қандай керемет! Мақтаса, осындай адамдарды мақтау керек. Астананың да айналасына ағаш өспейді дегендер болды. Ал соны қазір қараңыздар. 70 мың гектар орман өсіп тұр. Болашақта Бурабайдың орманымен қосылып, тұтасып кетеді. Егер барлық жастарымыз «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша ағаш отырғызып, сол ағашты күтіп-бағатын болса, соның өзін өмірде үлкен із қалдырды деп санауға болады. Ал мына баққа қарасаң, көзің тояды. Барлық жеміс-жидек пен әртүрлі ағаш өсіп тұр. Мұның барлығы еңбектің арқасында іске асқан», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Кейінгі жылдарда өңірде айтарлықтай алға ілгерілеу бар. Бір ғана деректі айтайықшы. Қызылорда облысы үш ауысымда оқитын мектептерді түгелімен жойды. Енді алдағы жылдарда апатты мектептердің барлығынан арылып, орнына жаңа ғимараттар салынады. Қазақстанның өзге аймақтары секілді Сырдың бойы да күннен-күнге жасарып, жаңарып келеді. Облыста атқарылған шаруа­лармен танысқан Елбасы аймақ басшылығының жұмысына оң бағасын берді. «Қызылорда облысына келіп, жалпы жағдаймен таныстық. Қазақстанның басқа өңірлері сияқты өркендеп-өсіп жатқан жағдайы бар. Кейінгі кездері қаланың іші әсемденіп, көшелері жөнделіп, саябақтар көбейіп, халықтың жағдайы жақсарды. Сырдың сол жағалауына жаңа қала салып, оны игеру мәселелері қолға алынып жатыр. Қызылорда облысының аймағынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі, теміржол, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбыры өтіп жатыр. Аймақ тұрғындарының барлығы Сырдың бойында орналасқан. Бұл халықтың кәсіппен айналысып, жағдайын түзеп, әрі-бері қатынасқа үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан өңірдегі жалпы жағдайды дұрыс деп айтуға болады. Ал индустриялық бағдарлама бойынша үлкен-үлкен кәсіпорындар іске қосылмақ. Соның ең бастысы – Шыны зауытының құрылысы. Ол бүкіл Қазақстанды өз өнімімен қамтамасыз ететін болады»,– деді Елбасы. Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде Қазақстанның барлық өңірлері сияқты Қызыл­орда облысының да өсіп-өркен­деп жатқанына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің да­муы үшін қажетті жағдайдың бәрі бар екеніне назар аударды. Қазақ­стан Президенті, сондай-ақ, биыл рекордтық көлемде кү­ріш жинаған жергілікті диқан­дарды құттықтады. «Күріш Қызыл­орда облысының негізгі ауыл шаруа­шылығы дақылы болып саналады. Биыл әр гектардан 50 центнерден астам өнім алынды. Бұрын мұндай көрсеткіш болмаған», – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс халқына бақ-береке және игілік тіледі. Мемлекет басшысының сапары осылай аяқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап Қазақстанды алға сүйреп келе жатқан тау тұлғаның Сыр өңірі­не арнайы келіп, жағдаймен таныс­қаны халықты да бір қуантып тастады. Елбасымен кездесіп, сұхбаттасқан әрбір адам Нұрсұлтан Әбішұлына риясыз ризашылығын, ақ адал алғысын айтып қалуға тырысып жатты. Ел мен Елбасының тұтастығын, тілектестігін көргенде көңілің марқайып қалады екен. Қарапайым жұртшылықтан бөлек, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар да Мемлекет басшысына жүрек түкпіріндегі сөзін арнады. Біздің электронды поштамызға Ауған соғысының ардагері, белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың «Сырға келдің, Нұр аға!» атты өлеңі түсті. Сөзіміздің соңын ақынның ақжарма жырымен аяқтағанды жөн деп таптық. Бұл сөздер – Сыр елінің де ақ тілегі. Уа, құрметті Нұр аға! Мынау өзіңіз айтқан Сыр-Ана, Дана да туған ғұлама. Үшқоңыр менен Байқоңыр, Бабадан қалған мұраға. Қазақтың егіз Қоңырын, Бір Ата туған, бір Ана. Аңызды сол бір ел білер, Басқасын бізден сұрама.   Болжаған бәрін ақылмен, Түсініп бәрін жатыр ел. Бір халық, бір ел, бір тағдыр, Бір тілмен болар тату ел. Жеке дара бір Сізді, Қолбасшы деп таниды. Осынау тұрған батыр ел. Артыңда тұрған бұл халық, Көкірегі жыр халық. Елім деген Ерімбет, Нұртуғандай дүр халық. Орбұлақта Жалаңтөс. Жауға шапса сұрланып, Сартайдың батыр ұрпағы. Күтіп тұр, Сізді нұрланып.   Жат жерде жатқан бабамның, Әйтеке асыл данамның. Басын өзің қарайттың, Әруағын сыйлап Анамның.   Сағынып күткен перзенттей, Көкаралды толтырдың. Бастаған істі оң қылдың, Балыққа, халық қауышып. Несібесін мол қылдың, Қапшағай мен Балқашқа. Үдере көшкен жұртымды, Аралға қайта қондырдың.   Қобыздың тыңдап сарынын, Оғыздың шыңдап қалыбын. Қорқыттың тіктеп қабірін, Қара шаңыраққа қадаған, Түркінің алтын қазығын. Тәуелсіздігімнің таңы бұл, Алты Алашымның ары бұл. Қадірлер елі әрқашан, Нұрсұлтандай нар ұлын.   Үлектің ізін нар басқан, Қырандай көзін қан басқан. Жанқожадан қалған алдаспан, Төбеде бұлтын ойнатып, Ақтандай жауға жармасқан. Ғанидай жалын жастарым, Ертеңін елдің қамдасқан.   Алдында ант бергенбіз, Антқа адал елденбіз. Антын сатпас ерлерміз. Сізге ғана берілген, Мәңгі жауынгерлерміз. Жағынуды білмейтін, Шындық туған жерденбіз.   Сіз өзіңіз жасаған, Мәңгілік Елмен біргеміз. Сіздің де болар мәңгілік, Осынау елмен іргеңіз. Тарихта қалар бүгінгі, Жолбарыстай Сырға кеп. Ұлы Дала төсінде, Өзіңіз басып жүрген із.   Жұмыр жердің жүрегі, Дүрсілдеген жарыла. Күткен халқың сағына, Дақ түсірмес арыңа. Тағдыр өзі жаратқан, Адамзаттың бағына. Қош келдіңіз, Нұр аға, Сыр-Анаға, қазына! Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.