13 Наурыз, 2015

Италияның Жоғарғы соты Берлускониді ақтап шықты

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Berlusconi-Ruby1АСТАНА. 13 наурыз. Италияның Жоғарғы соты елдің бұрынғы премьер-министрі Сельвио Берлусконидің аты-шулы «Руби ісі» бойынша ақталғанын растады. Бұл туралы РИА Новости хабарлады. Аталған іс бойынша үкімді Миланның апелляциялық соты өткен жылдың шілдесінде шығарған болатын. Енді міне, елдің Жоғарғы соты да сол үкімді растап отыр. Дегенмен, Италия соттары мұндай шешім шығару үшін ұзақ кеңесті. Тіпті 10 наурыздағы соңғы отырыстары 10 сағатқа созылып, шешім жергілікті уақыт бойынша түнгі 23:40-та белгілі болды. Италияда Жоғарғы соттың шешімі ең соңғы сөз болып саналады. Сондықтан қайта шағымдану бойынша істер қаралмайды. Осылайша, Италия соты әлемнің назарын аударған даулы іске нүкте қойды. Елдің Бас прокуроры ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауды сұрағанымен, еш нәтиже шықпады. Естеріңізге сала кетейік, «Руби ісі» 2011 жылдың сәуірінде басталды. Істің «Руби» деп аталуы марокколық Карима эль-Маруг есімді қыздың лақап атымен байланысты. Берлускониге тағылған айып қыздың 18 жасқа толмағанына қарамай, оның қызметіне жүгінген. Яғни, кәмелеттік жасқа толмағандардың жезөкшелікпен айналысуына қатысы бар және өз қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып бойынша ісі сотқа жіберілген еді. Осыған байланысты, 2013 жылдың маусымында Милан соты бұрынғы премьер-министрді 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда, 2014 жылдың шілде айында Миланның апелляциялық соты айғақтардың жетіспеуіне байланысты Берлускониді ақтап шықты. Еламан Қоңыр. Дерек: РИА Новости. Сурет: qelsi.it.