13 Наурыз, 2015

Джеки Чан Бейжіңді қолдап ән шырқайды

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Jackie ChanАСТАНА. 13 наурыз. Қытайдың атақты киноактері Джеки Чан Бейжіңнің 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына үміткерлігін қолдап, ән шырқамақ. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өткен жылдың шілдесінде негізгі үміткер ретінде үш қаланы бекітті. Бейжіңнен бөлек, біздің Алматы мен Норвегия астанасы Осло да ақ Олимпиададан үмітті еді. Алайда, 2014 жылдың қазанында Норвегия өз еркімен бас тартып, негізгі талас Алматы мен Бейжің арасында өтетін болды. Қазір ХОК-тың бағалау комиссиясы екі қаланың мүмкіндіктерін саралауда. 14-18 ақпан күндері Алматыға келген өкілдер біздің мүмкіндігімізді жоғары бағалады. Енді 24-28 наурыз аралығында сол комиссия Қытай астанасына ат басын тірейді. Бүгінде Шығыстағы көршіміз осы сынаққа қызу дайындалуда. Тіпті белгілі киноактер Джеки Чан да Олимпиаданың өз елінде өтуі үшін аянып қалатын емес. Ол ХОК өкілдері алдында Бейжіңнің үміткер қала ретінде ұсынылған «Оян, қыс» атты ресми әнін орындамақ. Аталған Олимпиада ойындарының астанасы осы жылдың 31 шілдесінде ХОК-тың кезекті сессиясында белгілі болады. Бұл жиын Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтеді. Егер Бейжің жеңіске жетер болса, жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізген алғашқы қала ретінде хатқа түспек. Джеки Чанның актерлік қырынан басқа, әншілік қабілеті де өте жоғары. Тіпті бүгінге дейін 11 ән жинағын шығарған ол өз елінде кәсіби әнше ретінде де танымал. Сондай-ақ, оның 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында ән шырқағанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: superchanblog.blogspot.com.