13 Наурыз, 2015

Ар мен намыс

482 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
img039 Әңгімені Әбең, Әбдіжәміл ағамыздың мына сөзінен ­бастайын: «Сейілбек! Иә, бұл жігітпен біз бір ел, бір жердің топырағынан жаралған кісілерміз. Бірақ... сонан келе, шын мәнінде, бір-бірімізбен таныстық-білістігіміз кешегі Совет ­заманында, сексенінші жылдардың бас кезінде, онда да, мүлде ойламаған жағдайда, аяқ астынан әлдеқалай кездестік те, сол күннен бастап, әуелі көңілдес дос, келе-келе тонның ішкі бауындай аға-іні, әрі-берідесін, тіпті,сырлас-мұңдас боп, іші-сыртымыз араласып кетті...» Бұл менің «Ер қанаты» атты кітабыма Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі жазған «Тәңір сыйлаған талант» деген алғысөзінің кіріспесінен алынған сөйлемдер. Ал енді мен осымен інілік ізеттілік сақтап, алдағы айтар ойымның, пікірім­нің, сөзімнің беташарын, тұсаукесерін Әбекеңнің өз сөзімен бастап, ол кісінің ақ батасын, рұқсатын алдым деп есептейін. Асылында Әбекеңмен дос, іні болу, сыйлас-сырлас болу екінің бірі, егіздің сыңары түгілі, мыңның біріне де бұйыра бермейтін сәттілік, бақыт, абырой, жау­ап­кершілік. Досты тани білу, таба білу бір ерлік болса, сақтай білу жүз ерлік қой. Әбекең – қай жағынан алып қарасаң да, қандай өлшеммен келсең де, қандай таразыға салсаң да өте күрделі, терең, тұңғиық, сан сатылы қарама-қайшылықтардан тұратын құпия, жұмбақ, көпшілікке беймәлім тұлға. Әбекең сырт көзбен қарағанда жабық­тау, суықтау, кірпияздау, тәкаппарлау көрінгенмен: қаншалықты өзін-өзі бәйге атындай баптап, сақтап, жаратып, шектеп, шеттеп, тежеп, шідерлеп, шегелеп ұстағанымен; бар өмірін, өзін тек қана әдебиетке арнап, бұл дүниеге тек әдебиет үшін келгендей көрінгенмен – қуанған, шаттанған, көңілденген сәттерде Әбекеңнің де көсілетін, шешілетін, төгілетін, ашылатын кездері де аз емес. Бұндай сәтте Әбекең өзін еркін, тәуелсіз, басқа бір әлемде жүргендей сезінеді, уақытты да, ортаны да, ешкімді де елемейді, ескермейді, тек өзі ғана сөйлейді. Ал кейде қанша жалынсаң да, жалбарынсаң да, қолқа салсаң да Әбекеңнен бір сөз де шығара алмайсың. Әбекеңді сөйлету үшін иә ақылына, иә ашуына тию керек. Міне, адам болмысындағы қат-қабат қарама-қайшылық деген осы. Ұлы жазушы Л.Н. Толстой дүниеден өтерінде кешірім сұраған көп жыл отасқан әйеліне: «Мені бүкіл әлем түсінгенде, мына сен ғана түсінбедің, кешірмеймін», деп көз жұмған екен. Ал Әбекеңді терең түсіну, жан-жақты білу, ол кісінің шын, шынайы бейнесін жасау, әділ де адал бағасын беру үшін кімге де болса дәреже, деңгей, ақыл, па­йым-парасат, білім мен өмірлік тәжірибе, тағылым, талғам Һәм ұзақ уақыт керек. Ол кісінің құпия, жұмбақ қасиеттерін ақылдың, көңілдің, көкіректің, жүректің, сананың, сезімнің көзімен ғана көруге болады. Қай кезде кім туралы жазсаң да шығарманың сәтті шығуының үш шарты бар. Бірінші, ол кейіпкердің өзінің жақсылығы, күннің жарығын бүркемелеу қандай қиын болса, жақсы адамның жақсылығын жоққа шығару да сондай қиын. Екінші, ол адамды жан-жақты жақсы білуің керек.Үшінші әрі шешуші шарты: кейіпкеріңді өзіңдей жақсы көруің керек. Адамның бірін-бірі сыйлауы, құр­меттеуі, дос, туыс, ұстаз, шәкірт, аға, іні болуы, жақсы көруі екі кісіге де тікелей байланысты. ...Мен бірде ауруханада ауыр халде жатқанымда Әбекең телефон шалып, көңілімді сұрап: «Сейілбек, мен­ сені өзімнің жерлестерімнен, қан­дас­тарымнан, бауырластарымнан, тамыр­лас­тарымнан да жақсы көрем ғой, сен өлме, мен өлгенде, сені басымда қал­қиып тұрады деп жүрмін ғой», деді. Мен: «Әбеке, сіз де өлмеңіз, сіз әлі де ха­лыққа, елге керексіз, тағдырлық жұ­мыс қой, мәңгілік кім бар, мен қол қусырып, қалқиып тұрмаймын, белім­ді бекем байлап, білегімді сыбанып кірісемін. Өйткені, сіз, кеңбайтақ Қазақстаннан тек мені ғана ертіп барып, Аралдан 400 шақырым жердегі сүйікті Белараныңыздың төбесінен өзіңіздің мәңгілік жататын орныңызды белгілеп, көк тас қойдыңыз. Қызылордаға қайтып келіп, біздің үйге қонып, таңертең менің де келешек бақилық мәңгілік өмірде жататын жерім жөнінде өзіңіздің ағалық ақыл-кеңесіңізді, пікіріңізді айттыңыз, мен мұны аманат деп қабылдадым», дедім. Иә, Әбекең мені жақсы көреді. Сон­дықтан мен де өзімді Әбекеңді жақсы білетін, терең түсінетін азаматтардың бірімін деп есептеймін. Әбекеңнің біреуді жақсы көруі де, жек көруі де ерекше, ешкімге де ұқсай бермейді. Жақсы көруі өзінің ішкі рухани қазынасы, баға жетпес құндылығы, сыры, құпиясы, оны сыртқа шығару Әбекең үшін қиынның қиыны. ­­Мысалы, Әбекең ұлы Мұхтар Әуе­зов­тің ұлағатты шәкірті. Мұхаң Әбекеңді өте жақсы көрген, жақын тұт­қан, қамқорлығын, қолдауын, көмегін аяма­ған. Ал Әбекең де өз сөзімен айтқанда: «Дүниеде Мұхаңды ең ­жақсы көретін адам». Өмір бойы, қаншама заман, қоғам, адам өзгеріп жатса да, ол Мұхаңның әруағын ардақтаумен, рухын ұлықтаумен, өзін, өмірін, сөзін насихаттаумен келеді. Әбекең өзінің інілік, шәкірттік па­ры­зының, борышының бір парасын орындау мақсатында, тарихтың терең қойнауына кеткен Мұхтар мен Мағ­жанның көзін­дей, өзіндей, ізіндей «Таң Шолпан» жур­на­лын қайта тірі­лтіп,халқымен қауыштырды. Оның мұндай ерекше, қайталанбайтын қасие­тіне менің де көзім жетіп, көкірегіме түйген, сары майдай сақтап жүрген сырым бар. Сонау жылдары Әбекең «Соңғы парызын» Қызылордаға келіп жазды. Әбекең: «Маған ешқандай ерекше күтімнің, немесе қазы, қарта, жал, жаяның қажеті жоқ, тек таза, ты­ныш орын, күріш ботқа, көже, қою сүт қатқан шай болса болғаны,мені ешкім мазаламасын», деді. Менің сонда кітап жазудың қан­шалықты қиын, қиямет, азапты жұмыс екендігіне көзім әбден жетті. Біраз уақыт өткеннен кейін енді бір демалдыратын мезгіл жетті-ау деп, Әбекеңді Тереңөзек ауданына, көл басына, таза ауаға алып бардым. Бізбен бірге облыстық орталық аурухананы салып жатқан «Болгарстройдың» президенті С.Пешов, аудан әкімі А. Божанова болды. Өте бір мәнді, мәмілелі, көңілді отырыс өтті, жақсы демалыс болды. Әбекеңнің өзі де, өмірі де, сөзі де, жүрісі де, тұрысы да, отырысы да, адамдармен қарым-қатынасы да, өмірге деген көзқарасы да, жалпы болмысы өзгелерден өзгешелеу, ешкімге де ұқсамайды, тек өзіне өзі ғана ұқсайды. Өмірде өте қарапайым, ешуақытта жар­қыратып киім киген емес, жалпы киімге мән бермейді, кейде шалбарының жыртығын да байқай бермейді. Ұлы адамдарда ұқсастық бола береді ғой. Альберт Энштейн де, маған не керек деп киімге тіптен мән бермеген, көңіл бөлмеген екен. Әбекең қадірлеп, қастерлеп, кәделеп шақыруыңды да күтпейді, көңлі кеткен адамға сенің үйіңе барам дейді де 40 жылғы құдасындай төріңе жайғасып жатып алады. Ерекше күтімді қажет етпейді, тамақ таңдамайды, көңіліңе, ықыласыңа, барына риза. Өмірден өтер алдында Мұхтар Әуезов Ә.Нұрпейісовті Қазақстан Жа­зушылар одағының төрағалығына ұсынған. Орталық партия комитетінің басшыларымен, сол кездегі төраға Ғ.Мүсіреповтің өзімен де келісіп қаншама талпынғанмен Әбекең ұмтыла қоймаған, баяғысынша тәуелсіз, дербес, ноқтасыз, жүгенсіз еркін өмір сүруді қалаған. Ә.Нұрпейісов – бүкіл өмірінде басы­нан бір сөз асырмаған, ешкім­­нің қабағын, қасын қарау­ылдамаған, табалдырығына табынбаған, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген, басын имеген, ешкімге жаутаңдамаған, ешкімге жалпаңдамаған, ешкімге тәуелді болмаған, ешкімге кеудесін бастырмаған, ешкімді төбесіне шығармаған, ханның алдында да, қараның алдында да қасқайып тұрып ақты ақ, қараны қара, барды бар, жоқты жоқ деп, халықтың, елдің сөзін айта алған, ар мен намыстан жаралған, «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деп жүрген азамат. Ол – заманда да, бұл заманда да билікке тым жақындап кетіп күймеген, тым қашықтап кетіп тоңбаған, өзінің орнын, әр нәрсенің ретін, жөнін, жосығын, салмағын, бағасын білетін кісі. Кешегі күні қазақтың басына бұлт айналып, демократияның жалған шапанын жамылып, қайта құруды қайта қыруға айнал­дыра жаздаған бас хатшы М.С. Горбачев Алматыға келгенде елдің, халықтың, зиялылардың атынан Кремльдің өктемдігімен, әміршілдігімен бүкіл ұлтқа ұлтшыл, жастарына бұ­зақы, басбұзар айдары тағылғанда дә­лелді, дәйекті, деректі қарғыс­пен­ жазаға пара-пар аталы, бәтуәлі, түйінді сөз айтып, тойтарыс берген, бас хатшыға көзімен жер шұқылатып, бетін «Правда» газетімен бүркемелетіп пәленің, жаланың бетін қайырған да осы Ә.Нұрпейісов. «Сіз қазақтардың ұлттық мәдени дәстүрлерін жандандыру жөнінде жарлық қабылдадыңыз. Біздің білуімізше қазақтарда ондай дәстүр жоқ, болған да емес. Егер дәстүр болса, ол қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен, білектің күшімен шекаралас жатқан кіші халықтардың құнарлы, сулы, нулы жерлерін Ресейге бағындырып беру дәстүрі болғаны рас», деген де осы Әбе емес пе? Сондай-ақ, Республикада қазақ мектептері жабылып, қазақ тілі өліп бара жатыр. Тіптен Абайдың анасы Ұлжан дүниеге келген, сөз зергерлері шыққан Қарқаралыда қазақ мектебі жоқ. Тілсіз, ділсіз, әдет-ғұрып, салт-дәстүрсіз халық, ұлт болмайды деп алғашқылардың бірі болып дабыл қаққанда осы Әбекең. Кешегі күні орыстың ұрын­шақ жазушысы Солженицын әдепсіздікпен, әпербақандықпен Қазақстанның бүкіл солтүстігіне ауыз салып, бұрын қазақтың жері, елі, шекарасы, мемлекеті болмаған деген сандырағына қарсы тағы да қалам-семсерін қолға алып, «Известия», «Литературная газета», т.б одақ­тық баспасөз беттерінде көлемді сын мақалаларын жариялап, қазақтың тарихы мен тағдырына жасаған қиянатының күлін көкке ұшырып, «сыбағасын» берген де Ә.Нұрпейісов. Республиканы Г. В. Колбин басқарған аласапыран кезеңде Ә.Нұрпейісов КСРО жазушылар одағы секретариатының кеңейтілген мәжілісінде 20 минут (рег­ламент 10 минут) сөз сөйлеп, Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Г. В. Колбинді ұлт тағдырына байланысты төрт маңызды, өткір, өміршең мәселелер бойынша қатаң, ымырасыз сынға алады. Ең өзекті, ең шешуші кадр саясатындағы Республикада орын алып отырған ретсіздікті, жөнсіздікті нақты деректермен дәлелдейді. «Иә, Колбинге дейін де Оңтүстік облыстарын қазақ кадрлары басқаратын, Колбинде сол дәстүрді сақтап қазақ кадрларын қойды, Республикалық, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жетек­шілігіне де қазақ кадрлары ұсынылды. Бірақ олардың фамилиясы қазақ болғанмен, түр-кескіні қазаққа ұқсағанымен қазақтың тілінен, дінінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен бейхабар, жалпы болмысы, дүниетанымы қазаққа ұйқаспайтын, көп жағдайда әйелдері орыс ұлтынан болып келетін қазақтар «шеберлікпен» табылып қойылуда», дейді.   Әбекең – бүкіл саналы өмі­рін, өзін, шығармашылығын Аралға, Аралдың бұрынғы, қазіргі, болашақ тарихына, тағдырына қалтқысыз арнаған адам. Арал үшін отқа да, суға да түсіп келеді.Альберт Энштейн атом бомбасы ойлап табылды деген жаңалықты естігенде: «человечество приближается к своей катастрофе» деген екен. Ә.Нұрпейісов те «Арал тағдыры-адам тағдыры», «Аралдың қасіреті – бүкіл әлемнің, бүкіл адамзаттың қасіреті», деп жарты ғасыр жалықпай жар салумен келеді. Бүкіл саналы өмірін аралға арнаған Әбекең бақилық өмірін де аралға арнау үшін, аралдың мәңгілік жанашыры, тілеуқоры, шырақшысы болу үшін, рухым еліммен, халқыммен бірге болсын деп, жоғарыда айтылғандай Белеранның төбесінен мәңгілік жататын орнын да­йындап қойды. Бұл кіндік кесіп, қан тамған киелі жерді, қасиетті топырақты, өскен, өнген елді, аралды сыйлаудың, құрметтеудің, аралға деген адалдығының бүкіл әлемде, адамзат тарихында теңдесі жоқ жаңа бір үлгісі, үрдісі, мұны Әбекеңнің тағы да бір азаматтық ерлігі деуге әбден болады. Әбекең тек аралдың ғана емес әр­дайым бүкіл қазақ жерінің, елінің, халқының, тарихының, тағдырының қорғаушысы да, қолдаушысы да, күзетшісі де, шырақшысы да, абыройы да, айбаты да, қайраты да болып келеді. Тіптен «Ұлт көшбасшысы» деген сөз алғаш рет осы Әбекеңнің дуалы аузынан шықпап па еді? Сондай-ақ, Әбекеңнің аралдық жерлестері Тарас Шевченко атындағы орта мектептің атын Ә.Нұрпейісовке беруге ұйғарып, келісім сұрайды ғой. Әбекең: «Тарас Шевченко Украйн халқының Абайы, Абаймен тағ­дыр­лас, қазаққа тілектес ақын, олай жасауға болмайды», деп үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Шалқар ауданына барғанда да орта мектептің атын Ә.Нұрпейісовке беру жөнінде мәртебелі жиналыс болады, халық бұл ұсынысты бір кісідей қолдайды, мақұлдайды, бірақ Әбекең сол жиналыста үш рет сөйлеп, бұл шешімді де қабылдатпайды. Әбекең тек жақында Арал қаласында өзіне арналып салынған музей үйіне ғана ризашылығын білдірді. Жұрт жаппай жөнді, жөнсіз, ретті, ретсіз атақ үшін атан жарыс жасап жүргенде, лайым, Әбекеңнің бұл өнегесі де елімізге, халқымызға үлгі болғай. Ал енді тойқұмарлыққа келетін болсақ: мынау той томалақ, даңғазаға, дарақылыққа, бәсекеге, жарысқа, жалған намысқа, ас та төк ысырапқа, ас ішіп, аяқ босатар мәнсіз, мағынасыз, бейпайда шараға айналған заманда, бүкіл қазақ аптасына алты күн той тойлап, жұмыс істеуге уақыт таба алмай жүрген қоғамда Әбекеңнің азаматтық ерлігі өз өмірінің осынау 90 жылында бірде-бір мерейтой өткізбеді. Қай кезде болмасын тарихта той мемлекеттің іштей іруіне, шіруіне, тоғышарлыққа негіз болатын, әділетсіздікке, даңғазалыққа, жарысқа, бәйгеге жол ашатын қауіпті, зиянды құбылыс есебінде қарастырылған. Кезінде орыстың халық болуына, ел болуына өлшеусіз үлес қосқан Петр 1 де «ойын-той – бәле-жаланың басы» деп, мерейтойын өткізбеу үшін Парижге сапарға кеткен екен. Әбекең де 50, 60, 70, 80, 90 жылдық мерейтойларын өткізбеу үшін шетелге, Аралға, Шалқарға кетіп қалады. Ал Алматыда болса, үйінде тұрмайды, сыртта жүреді. Аралға барғанда ең шалғайда жатқан екі ауылға өз қаржысы есебінен екі автобус алып беріп: «Менің қолымнан келген мерейтойым осы», дегені бар. Кешегі кеңес дәуірінде қара­қал­пақтың бір зиялы азаматы қалпағын ешуақытта шешпеген, қалпағымен жатып, қалпағымен тұрады екен, тіптен моншаға да қалпағымен түседі екен, өмірінде бірінші рет қалпағын Лениннің Мавзолейіне барғанда шешіпті деп, күнкөсем Ленинді дәріптейтін бір әңгіме бар еді. Сондай-ақ, Әбекең де жасы 85-ке келгенде бір тамаша армантой өткізуге өз еркімен, өз ынтасымен, өз ықыласымен мәжбүр болды. Ол Әбекеңнің өзі, көзі, ізі, өмірі, ғұмырының жалғасы, ардағы, арманы, мақсаты, мұраты Кәрімнің үйлену тойы еді. Кәрім Әбекеңнің бары да, нары да, бақыты да, байлығы да, жалғандағы жалғыз жұбанышы. Оған үлкен үмітпен, ізетпен, сеніммен, сағынышпен, құрметпен соғыста қаза тауып, арманда кеткен бір әулеттің бес боздағының бірі – өз әкесі Кәрімнің атын өшірмеу үшін ырымдап қойған. Ендеше бала Кәрім – сол боздақтардың тірі жер басып жүрген өзі де, көзі де. Әбекеңнің бұл армантойы биік дәрежеде өтті. Оған Салық Зиманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Төрегелді Шарманов бастаған зиялылар, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, бірнеше облыстың басшылары, еліміздің арқа тұтар, бетке ұстар қаймақтары, жақсылары мен жайсаңдары түгел қатысты. Республика Президенті Н.На­зарбаев арнайы құттықтау хат жолдады. Әбекең осы армантойды менің ба­там­­мен аштырды. Сол сырлы сезімге тұн­ған жүрекжарды лебіз мынау болатын: – Айналайын Кәрім, Айгерім! Өмір деген қызығы мен қиын­дығы мол ұзақ сапар. Сапарларың сәтті, қадамдарың құтты болсын, алдарың ашық болсын, жан-жақтарың жазық болсын, көлеңкелерің кең, шуақтарың мол болсын, аттарың арымасын, тон­дарың тозбасын. Өмір деген күрес, күресте жеңімпаз бо­лыңдар; өмір­ деген жарыс, намыс, бәй­ге, әрдайым алда болыңдар; өмір де­ген сын-сынақ, сыннан, сынақтан сү­рінбей өтіңдер; тізелерің бүгілмесін, бас­­тарың иілмесін, кеуделеріңді ешкім бас­пасын, төбелеріңе ешкім шықпасын. Айналайын Кәрім, сен тұл­пардың тұяғысың, асылдың сынығысың, аталарың Нұр­пейістің, Кәрімнің, Әбді­жәмілдің ізісің, көзісің, өзісің, өмірісің, өмірінің жалғасысың, бәйтеректей үлкен ұлағатты, абыройлы әулеттің тамырысың, бұтағысың, жапырағысың. Бүгін осы киелі әулеттің қара шаңы­ра­ғы­ның алтын босағасын, 60 жыл күттірген, арман – келін Айгерім аттап отыр. Айналайын Кәрім, бүкіл әлемге белгілі, пенделігінен періштелігі әлде­қайда басым, даналығы мен даралығы пәк, кіршіксіз балалыққа, балалығы даналыққа астасып жатқан, атаң Әбді­жәмілдің денесінің сенен бөлектігі болмаса, жаны сенімен бір. Сенің тойың Әбекеңнің бар қуанышы, қызығы, бақыты, арманы. Бүгін бүкіл әлемде Әбекеңнен бақытты адам жоқ деп ойлаймын. Әбеке, бақытыңыз баянды болсын, балдарыңыз бақытты болсын, өссін, өнсін, көктесін, көгерсін, жақсылығыңыз жалғасын тауып, тойыңыз тойға ұлассын. Осының барлығы Тәуелсіздігіміздің, егемен­дігіміздің, елдігіміздің арқасында. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын, егемен­дігіміздің, елдігіміздің шаңырағы шайқалмасын, уығы қисаймасын, керегесі сөгілмесін, босағасы босамасын, табалдырығы төмен­демесін, төңірегі түгел болсын, іргесі бүтін болсын, сыртында жау болмасын, ішінде дау болмасын. Халқымыз, жеріміз, еліміз, Елбасымыз аман болсын, тыныштық, молшылық, бейбітшілік, мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын!.. Ақ бата, зиялы қауымның ақ тілегі қабыл болып, жақында Әбекең немерелі болды, атын Иман қойды. Құтты болсын айтып үйіне бардық, Әбекеңнің қуанышында шек жоқ. «Айгерім келі­німнің жүзі жылы, маңдайы ашық, әрдайым күліп жүреді, үйге қуаныш, бақыт, береке кірді», дейді абыз аға. «Сырт көзбен қарағанда аңқау­лау, аңғалдау, кеңқолтықтау көрінгенмен жарықтық Сәбит Мұқанов бір сәтті іс істесе, сәтті сөз айтса: «Мен өзім қумын-ай!» деп отыратын еді», Сейілбек, саған бата бергізген мен өзім де қумын, батаң қабыл болды, арманым орындалды. Күнде періштемді көруге үйдің екінші қабатына 17 рет көтерілемін», деп қутың-қутың етеді Әбекең. Осы таяуда ғана Әбекеңе телефон шалып, жағдай сұрасам: «Жаңа ғана баламды құйрығынан қағып ұйықтаттым», деп мәз-мейрам. Армантойда Әбекең әлемдегі ең бақытты адам деп, елдің ал­дында өзіне мақұлдатып алып, тойшыл қауымға жар салып едім, Әбе­кең­нің бақытының базарының тарқама­ғандығына, бақытының баянды болған­дығына тағы да, екінші рет көзім жетіп, шын аталық жүрегіммен мен де қуандым. Қазақта: «Досыңның кім еке­нін көрсет, мен сенің кім екендігіңді айтайын», «Мың дос көптік қылмайды, бір дұшпан аздық қылмайды», «Бір адал досы бар адам бақытты», деген даналық сөздер бар. Құдайға шүкір, Әбекеңнің шын достары баршылық. Мұстай Кәрім, Д.Кугильдинов, Б.Панкин, А.Ким, Ю.Казаков, Г.Бельгер, Н.Анастасьев, Т.Шарманов, С.Қирабаев, К.Ормантаев, Ғ.Қалиев, А.Әшімов, інілері: И.Тасмағамбетов, Қ.Көшербаев, Т.Мансуров, Қ.Сұлтанов, М.Жолдасбеков, Ұ.Айтжанов, Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, С.Елубаев, Т.Әбдіков, Н.Оразалин, Е.Раушанов. Өмірден өткен Ш.Есенов, Ә.Тәжібаев, С.Зиманов, С.Нұрмағамбетов, З.Қабдолов, Х.Ерғалиев, Т.Ахтанов, Қ.Мырзалиев, Ө.Сұлтанғазин, М.Қозы­баев, Қ.Мұхамеджанов, Т.Молдағалиев, тағы да басқа көптеген ардақты азаматтар. Бірде облыс әкімі кезімде, әдет­тегіндей, Әбекеңнің үйіне сәлем беруге бардым. Сәлем-сауқаттан кейін Әбекең: «Ажар ас-су дайындағанша бір жерге барып қайтайық», деді. Келістік, кеттік. Әбекең өзі рөлде, бір үйге келдік, ол Әбекеңнің ескі досы Зейнолла Қабдоловтың шаңырағы екен. Құрылысшылардан басқа ешкім жоқ. Әбекең: «Зейнолла мен Сәулені Сарыағашқа демалуға жіберіп, үйлерін олар келгенше жөндетіп қояйын деп жүрмін, соны күнде келіп бақылаймын», деді. Басқа әңгіме болған жоқ, үйге қайтып келдік. Бұрынды-соңды мұндай жағдайды естімегесін, көрмегесін мен дос жөнінде, жолдас жөнінде қалың ойдың орманын аралап келемін. Е, нағыз достық, шын достық, адал достық деген осы екен ғой, қалай дана қазекең «Жол жөнекей қосылған екі достан, бір дос артық ежелден көңіл қосқан» деп тап басып, тауып айтқан десеңізші! Әбекең, жалпы, үйсіздерге, күй­сіздерге, кедей-кепшіктерге, мұңлы-мұқ­таждарға жақсылық жасаудан жалық­пайтын иманды, қайырымды жан.   Тағы да бірде бәріміздің ортақ досымыз Камал Ормантаев кенеттен қатты науқастанып, Алма­тының ауруханасының жансақтау бөлімшесінде ұзақ жатты. Мен елден Камекеңнің көңілін сұрауға барып, Әбекеңмен хабарластым. Ол мәшинесін өзі айдап, тездеп келіп, екеуміз жансақтау бөлімшесіне бардық. Сонда өзінің қан қысымы 180 екен, оған қарап жүрген Әбекең жоқ. «Бөлімше басшысына кіреміз де шығамыз, көріңіз де тұрыңыз, бізді көргесін науқасыңыздың жағдайы жақ­сарады», деп Камекеңе кірдік. Басында жан жолдасы Төрегелді Шарманов пен жан серігі Роза отыр екен. Бізді көріп Камекеңнің жүзі жайнап, жанарынан өмірге деген үміт ұшқыны қызылқанат балапандай ұша бастады. Біз ананы айтып, мынаны айтып, қауқылдасып, бір жылап, бір күліп біраз отырып қалыппыз. Бас дәрігерге берген уәдеміз есімізге түсіп, рұқсат сұрап, кетуге ыңғайландық. Біз Кәмекеңмен жақсы болыңыз деген ниет­пен күліп қоштастық. Қоштасарда мен Камекеңнің қолын сүйдім, Әбдіжәміл ағасы дос-інісінің аяғын сүйді. Бұл да бір кімді де болса таңғалдыратын, таңдандыратын ешкімде, ешқашанда көрген де, естімеген де ерлікке пара-пар уақиға болды. Кейінірек мен Әбекеңнің достары, әріптестері, туыстары, шәкірттері – барлық зиялы қауым бас қосқан бір мәртебелі жиында баршасына арнап: «Жолдасын шипажайға демалысқа жібе­ріп, үйін ремонттатқан, жансақтау бөлімшесінде жатқан жолдасының аяғын сүйген қайсыңыз барсыз?» – деп сұрақ қойдым. Ешкім мен бармын деп айта алмады, басқалар да айта алмас деп ойлаймын. Осыдан кейін «Періштең болмаса, пендең осындай-ақ болсын», деген ой түйдім. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылып, бірнеше миллиондаған таралыммен жарық көрген, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Отан» орденінің иегері Ә.Нұрпейісов заманымыздың заңғарлары Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсі­реповтің, Ғабиден Мұстафиннің өзі, көзі, ізі, жалғасы. «Мені тұлғалар өсірді. Бәрінен де әкемнен көрмеген жақ­сы­лық көрдім», дейді ол осы «Егемен Қазақстанда» ана бір жылы жарияланғанын ауызекі әңгімесінде ағынан жарылып. Мен мақаламда тек Әбекеңнің өзім білетін адами қасиеттерін баяндауды мақсат еттім. Сейілбек ШАУХАМАНОВ.