13 Наурыз, 2015

Сөзбен салған суретті...

537 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Калихан ЫскакҚаламгердің қашанда жалпақ жұртқа өзінен бұрын сөзі жетеді ғой. Тамсанасың, тәнті боласың. Көріп-білмесең де іштей бір жақыныңа айналады. Іздейсің, елегізисің. Кітап-журналдардан атын оқи қалсаң: «Мынау әлгі пәленше деген шығарманы жазған кісі ғой!» деп көзіңе жылыұшырай кетеді. Мен де Қалағаңмен, Қалихан Ысқақовпен әуелі сөзі арқылы қауышқан едім. Біздің бала кезімізде газет-журнал келмейтін үй некен-саяқ. Әсіресе, аудандық, облыстық газеттерді қойшы-қолаңға совхоз басшылары сұрамай-ақ сыртынан жаздыра салатын. Аудандық «Коммунистік еңбекте» нөмір аралатып, «Қазақстан пионеріне» аракідік болса да өлеңдерім шығып, «бала ақын» атанып «дүрілдеп» тұрған шағым. Қолға түскен газет-журналдардан өлең-әңгімені құр жібермеймін. Жаз ортасы. Жайлау. Әдеттегідей Барлыбайдың баурайында отырғанбыз. Пошташы Әбуғали шал қойшы ауылдың біріне түстеніп, біріне қона-жастанып, ай бойы жиналып қалған газет-журнал, хат-хабарды таратады. Бір күні түске қарай месқарын торы аттың үстінде екі аяғы салаңдап, қара қоржынның екі басы теңкиіп біздің үйге келді. Әкем Серпуховта әскерде жүрген ағамнан хат күтіп алаңдаулы еді. Сәлемнен кейін: «Біздің ұлдан бірдеңе бар ма?» деді. Әбекең: «Не болса да осының ішінде», деп бір бума газетті маған құшақтата салды. Хат жоқ екен. Үйдің көлеңкесіне етпеттей кетіп, газеттерді парақтауға кірістім. Іздейтінім – «Әдебиет беті». Облыстық «Коммунизм туы» газетінде Қалихан Ысқақов деген жазушының «Бұқтырма сарыны» повесі жарияланыпты. Соңғы ішкі бетті түгел алып жатыр. Әдетте өлең, шағын әңгімелерді жақсы көрем. Нәумезденіп келесі нөмірді ақтардым. Онда да сол. Газеттің төрт санына қатарынан шығыпты. Аудандық газеттегі көзтаныс авторлардың бірлі-жарым өлеңдерін, сықақ, фельетондарын қақшып тастадым да, «Бұқтырма сарынына» қайта оралдым. Сорабы бөлек соныға түскендей кібіртіктеп қалдым әуелгіде. Сөз оралымы, бояу, кестесі мүлдем өзгеше. Сөзбен сурет салғандай кейіпкер кескіні, табиғат бедері бар бояуымен төгіліп көз алдыңа тұра қалады. «Құдай-ау, қазақтың қара сөзін де дәл бұлай құбылтып, құлпыртуға болады екен-ау!» деймін таң-тамаша болып ішімнен. «Шамасы, жел тұрса керек, қарағай басы қара арғымақтың жалындай шалқып жатыр...», «Шатқал ішін бу кернеп, Бұқтырма бұрқ-сарқ қайнап жатқан сияқты...», «Орман желегі боз қыраудың ұлпасымен майысып, төгілейін деп тұр екен...», «Шал оған ту сыртын бере теріс айналып еді, қуалап жүріп құлағын тауып алды да, тоңқайып тұрып етектен аспанға қарай айқай салды...». Оқиғасына емес, сөздің дәміне таңдайым уылжып қызығып отырмын. Қайыққа өткел бермес Ертістің қара иіріміндей дөңгелетіп, тұңғиығына тарта берді. Жазушы кейіптеген өңір мына Барлыбай тауының иығынан асып түссең, қол созымдай жерде ғана. Қушоқының биігінен бәрі алақанға салғандай менмұндалайды. Әне, Бұқтырманың ирелеңдеген сауыры қожыр-қожыр жартастары ожырайған құлама беткейдің етегін қиып, балқыған қорғасындай жалтырап жатыр. Одан әрі өркеш-өркеш жоталарға тебендей шаншылып қаптаған қалың қарағай, үйірілген ақша бұлт. Расында да әдемі. Бірақ шығармадағы сурет одан да әсем, әлдеқайда әсерлі. Жазу­шы айнала-әлемге біз көрмегенді көретін әлдебір сиқырлы көзбен қарайтын сияқты. Қалағаңның қолыма түскен алғашқы шығармасымен қауышқанда, міне осындай күйге бөленіп, таң-тамаша халді бастан кешкен едім. Дәмін алып дәндеп алған­нан кейін қуып жүріп оқитын болдым әр жазғанын. Оның шығармаларында сапы­рылысқан уақиға, кең ауқымды тарихи драма, қақтығысты майдандар жоқ, сан бояулы диалогтар, мінездер мен кестелі, кемел суреттер аясында шынайы өмірдің қан тамыры бүлк-бүлк соғып жатады. Ту сонау тайга түкпіріндегі бейғам тірлік, күйкі тұрмыстың бадырайған суреттері көрер көз, сезер жүрекке талай уайымды ишаралап тұрар еді. Уақи­ғаның бел ортасында жүргендей бәріне шүбәсіз иланып, күлеміз, мұңаямыз, түрлі әсерге бөленеміз. Бірақ бір сәт ес жиғандай сер­піліп: «Япыр-ау, өміріміз шынымен осылай ма? Мына түрімізбен қайда барамыз!» де­­ген үрейлі сауалдың көкейде көлбең қағары хақ. Осылай іштей табысып, сырттай танысқан жазушымен күндердің күнінде жүздесудің де сәті түсті. Университетті бітірісімен «Қазақфильм» киностудиясына орналастым. Аударма бөлімінде істеймін. Қалекең сценарий коллегиясында редактор. Қараторы өңінде қайрат тепсінген жігіт ағасы екен. Бітімі шарық тастай шымыр, дембелше. Аясы кең қара көздері жарқ етіп кісіге тіке қарайды. Үлкенмен де, кішімен де құрдасындай қал­жыңдаса беретін жайдары, ашық мінез. Жанаса кеткен кісіні әзілмен іліп, күлкіге қарық қып тастайды. Құрдастары «Кетік» деп атайды екен. Қасқа тісі жалтыраған жез. Шамасы, соның орыны опырайып жүргенде құлағына азан шақырған болса керек. Ол тұстағы «төрт тапалдың» айналасындағы алыпқашты әңгіме көп. Өз басым ондай «Сандыбадтың сапарына» куә болған емеспін.Тонның ішкі бауындай жақындасып, аралас-құралас болған жоқпыз. Сәлеміміз түзу, сырттай сыйласып қана жүрдік. Сондықтан Қалағаңның «қалтарыс қызықтары» жайлы ештеңе айта алмаймын. Менің бар білетінім – Қалекең ғажайып еңбекқор еді. Студия түсіретін фильм сценарийлерінің бәрі дерлік сол кісінің қолынан өтетін. Бәрінен дерлік сол кісінің қара тері аңқып тұратын. Калихан Ыскак-1 Жасыратыны жоқ, «Қазақфильм» ғасырға жуық өз тарихында, орысты былай қойғанда, Балтық жағалауы, Кавказ елдеріндегі сияқты жалпақ жұртты тамсандырып, «пай-пай шіркін» дегізердей ештеңе түсіріп көрген жоқ. Тіпті іргелес түрік, өзбек, қырғыздармен де иық теңестіре алмаймыз. Біраз патриот ағайынның көзі шақшиып, баж ете түсерін білемін. Бірақ шындық осы. Өсеміз, өркендейміз десек, құр даңғазаны малданбай, өтіміз жарылса да ақиқатты мойындап, қыр асып кеткен қоңыраулы ұлы көшке жету үшін өзімізді қамшылағанымыз жөн. Әлбетте, «Қыз Жібек» бастатқан бірқатар фильмдерді ауызға алып тоқмейілсуге болар, бірақ, құдайшылығын айтсақ, олар да «орта бойлы, дембелше» ғана. Халқымыздың мінез-бітімін, шынайы болмысын бейнелеп, әлемдік аренаға шығарған шедевр деп айта аламыз ба? Дау айтам деушілер осы төңіректе сәл де болса ой қаузап көрсе, шындықтың ізін табар еді. Киномыздың жер бауырлап еңбектеген мешел халіне күйініп Олжастың кинематографистердің бір пленумында: «Мен ВГИК-тің оқу процесімен таныстым. Шеберлік сабақтарында одақтас республикалардағы түсірілген үздік фильмдерге талдау жасалынады екен. Қазақ фильмдерін де талдайды. Бірақ оны: «Бұлай фильм түсіруге болмайды», деп үлгі ретінде көрсетеді екен!» деп әжуамен түйрегені есімізде. Дарынсыздық вирусы қайдан жұқты, жылдар бойы одан неге арыла алмадық? Осы саланың шүйгінін шиырлап, талай биік креслоны тоздырған Қалтай ағамыздың: «Қазаққа кино қонбаған», деп қынжылғаны көпке мәтел болып кеткені мәлім. Қалағаң айтса, біліп айтады ғой. О кісі бұл жерде күллі қазаққа топырақ шашудан аулақ, киноның айналасындағы дарынсыз қазақтарды меңзеп отыр. Келеңсіз басшылар, творчестволық түйсіктен жұрдай кездейсоқ режиссерлер қайран өнердің өресін тарылтып, бағын байлады. Фольклордан бастап алпысыншы жылдардағы ұлы шоғырдың туындыларына дейінгі әдебиетіміздің жауһарлары қаттау-қаттауымен жатқан алтын сандықтың үстінде отырса да, қазақ топырағынан сценарийге өзек болар ештеңе таба алмай, «басқа бақтың алмасының тәттісі-ай» деп сыртқа қарап мөңірейтін. Жылт еткен ұшқыны бар біреу көрінсе, сауырлап қуып, қотандарына жолатпайтын. Көбінесе өздері жазып, өздері қойды, не пысықай тамыр-таныстарының көк есегіне мінгесетін. Жығылған үстіне жұдырық болған тағы бір үлкен сор – ол кезде екі тізгін, бір шылбыр Мәскеудің қолында болды. Сценарийді бекіту, фильмді қабылдау... Бәрінің батасын солар берді. Кіріптарды кім басынбайды, олар көбінесе мәскеулік авторларды тықпалайтын. Көлденең өткенді жебей сауып үйреніп қалған жырындылар «қай бір сүтті қызын» берсін, «бұларға осы да жарайды» деп, «Мосфильм», «Ленфильмдердің» босағасынан сығалай алмаған халтураларын, «Сергейді – Серік, Бористі – Берік...» деп, «қазақ­шалаған» боп, қазекеңе «мә, Қоңқай» деп ұстата салады. «Болмайды» деп бас шайқайтын басшы жоқ, «алмаймын» дейтін режиссер жоқ. Бастыққа жос­пар керек, творчестволық әтек режиссер «пәлен фильм түсірдім» деген атаққа мәз... Жә, қиялап бара жатқан әңгімемізді шиырып, Рабле айтқандай, «қотанымызға қайта оралсақ», Қалихан ағамыздың дәл осы тұста «қаны» жерге тамбайтын. Халтураны қалай илесе де қиюын келтіре алмай сасқалақтағанда айналып-үйіріліп табатындары – Қалекең. Ол кісінің иі жұмсақ, бас шайқауды білмейді, үш жұлдызды «Қазақстаннан» қасқалдақтың қанындай ғана анда-санда бір ұрттап қойып, езуінен ширатылған көк түтін төбеге тіреліп, қаламы сықырлап сағаттар бойы отырғаны. Қазақы мінезді қалыптайтын диалогтар жазады, ойынан жаңа эпизодтар қосады... «Өлінің» үшкіріп кеудесіне жан салады, көтеремді құ­лағынан көтеріп, табанынан тұрғызады. Сөйтіп, сценарийдің шыт жаңа қазақша нұсқасы жасалатын. Кейін бұл жұмыстың қамытын біз де мойны­мызға киіп, азабын бір кісідей тартқанбыз. Қалағаңның пұшайман күйін содан білеміз, өнбес іске жанын салып, қаншама есіл уақытын қор қылды десеңізші. Қалағаң студиядан кеткенмен, кинодан қол үзген жоқ. Мен дубляжді жағалап жүрген ұзақ жылдар ішінде аудармаға білек сыбана атсалыс­ты. Әрине, аудармаға деген құштарлықтан емес, қу тірліктің қамы үшін. Бірақ соның бірде-біріне жүрдім-бардым қарамай, битін салып, небір ғажап баламалармен жайнатып жіберетін. Соңғы рет, осыдан төрт-бес жыл бұрын, Қытай түсірген 30 сериялы әйгілі «Шыңғысхан» фильмін құлпыртып аударып, сол кездегі «Хабар» арнасының абыройын бір белге көтеріп тастағанын көрермен әлі ұмыта қоймаған болар. Жазушының қаламынан шыққан соңғы туындысы – «Келмес күндер елесі» деп аталатын ғұмырнамалық романы. Тұтас бір дәуірді қалыптаған кең тынысты туындыны роман-эпопея десек те асыра бағалағандық бола қоймас. Кейінгі кезеңде мемуаристика – қазақ әдебиетінде біршама шүйгіні шиырланған жанр. Ескі көз, аға буынның біразы ғұмырнамалық шежіре-баяндарды жарыса жазу үстінде. Әр жүйрік, әрине, әліне қарай шабады, бірі ілгері, бірі кейін дегендей: солардың көбіндегі ортақ тенденция – өзін дәріптеу, өзіне шаң жуытпау. Кінәнің бәрін басқадан іздеп, әлдекімдердің асты-үстін жездей қақтап, кәкәйларын қылға тізеді. Ал өзі сүттен ақ, судан таза, заманнан қуғын көріп, жапа шеккен, жамандармен жалғыз алысқан жеке­батыр... Қалағаңа мұндай поза мүлдем жат, роман басқа ауанда, айналасынан жақсылық іздеп жарыққа ұмтылған шуақты сезіммен жазылған. Жазушы өзін аяп, өбектемейді, оқиғаның бел ортасында аққа да, қараға да белшесінен батып жүреді. Өкініш, қуанышы аралас пендеге тән бұралаң тағдырын бүкпесіз жайып салады алдыңа. Қордалы көкірегінің қаттау-қаттау сырына үңілген жазушымен ілесіп, бала Қалихан мен дана Қалиханның арасын жалғастырған уақыт кеңістігіне саяхат жасаймыз. Жазушының жанары қиядағыны шалатын қырағы, еш нәрсені қалт жібермейді. Өмір жолындағы сапырылысқан сан алуан уақиғаларды шырғасын шығармай зердесіне тоқи білген, кестенің өрнегіндей төгілдіріп көз алдымызға тосады. Көне құлақ қарилардан жеткен Алтай шежіресі, қилы тағдырлар, қызық мінездер, әрнеге алаң көңілдің толғаныстары арқылы ғасырға жуық тұтас бір дәуірдің бейнесі айшықталған. Автор ақ-қараға таразы болудан аулақ. Ештеңені сынап-мінемейді. Тек жанды сурет, өмір бар. Үлкенді-кішілі замандастарын кейіптесе де, орманы оталған атамекен мен бой­күйез, марғау ағайынның қоңторғай тірлігін тілге тиек етсе де бояуын үстемей қаз-қалпында суреттеп, төрелігін оқушыға қалдырады. Яки, одан арғысы сіз бен біздің ой-түйсік, ақыл-параса­тымызға сын. Жазушының өзіне тән машығы бұл шығармада айрықша ұштала түскен тәрізді. Қоңыр мұң, қоңыр әуен, бояуы төгілген ғажайып суреттер, қара балдай созылған тіл, қатпар-қатпар қордалы ойлар... Төрт құбыласы толысқан хас шебердің даналық қалпын көрсетсе керек. «Келмес күндер елесі» – қазақ көркем ойының бүгінгі биіктерінің бірі. «Жұлдыз» журналына жа­рияланған күннен бастап жұрт жапырлап, іздеп жү­ріп оқитын шын мәніндегі бестселлерге айналып кетті. Қалағаңның қай шығармасы болмасын қазақ сөзінің құнары, сарқылмас қордасы ғой. Асы­лы, туған тіліміздің жұпарын сағынғанда сол тұ­нық бастауға қайта-қайта айналып соғарымыз анық. Қалихан Ысқақов – әдебиетімізге олжа салып, «Қоңыр күз еді» сияқты бірден клас­сикалық дәрежедегі шығарма жазған санаулы саңлақтардың бірі. Әдеби әлемді елең еткізіп, бірден солай мойындалды да. Одан кейін де «Бұқтырма сарыны», «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты» тәрізді түйдек-түйдек талай талантты туындыларды дүниеге әкелді. Бірінен бірі өткен жауһар. Әдетте, біздің ағайындар ауызға ілігер сәл бірдеңе жазса, болдым-толдым деп төбесі көк тіреп талтайып қалады емес пе. Тек мақтау естігісі кеп тұрады. Біреу сын айтса, сонымен өмір бойы жауласып, жаға жыртысып өтуге бейіл. Қалағаңа ондай мінез мүлдем жат еді. Айналасынан құр мақтау емес, есті сын күтетін. Өзіне өзі сұқтанып, мардымсып, тоқмейілсінуді білмейтін. Шеберлікті шексіздік деп ұғып, үнемі өзін жетілдірумен болды. Ұқсата алмай келем деп өзін іштей қайрап үздіксіз алға ұмтылды. Жазушыны өз биігіне алып шыққан осы мінезі мен адалдығы. Ол үлкеннің де, кішінің де пікіріне құлақ түріп, содан иненің жасуындай болса да жылт еткен бірдеңе табуға тырысатын. 1989 жылы «Ақсу – жер жаннаты» романы шыққанда: «Жаман ініме жаман ағасынан» деп латынша қолтаңба жазып берді де: «Дұшпан көзімен оқы!» деді бұйырғандай бетіме қабақ түйе қарап. Келесі жолыққанда әдеттегідей қалжыңмен қарсы алды: – Иә, қырт, сайра. Қалай екен? – «Байеке, сіздің қызда жаман бар ма» дегендей, Қалаға, сіздің жазғаныңызда.... – дей беріп едім: – Сылдырлама, – деп сұқ саусағын безеді. – Мақтауыңның керегі жоқ. Не кінәрат байқадың, соны айт. Шын рахаттанып, сүйсініп оқып шыққан кітапта: «Бұл қалай?» деген бір-екі күмәнім бар еді, ол кемшілік пе, жоқ па, өзім де анық білмей­мін, сасқалақтағанда сол аузыма түсті. – Кей тұста шығынданып, «күлсалғышты» да алтыннан жасап жібереді екенсіз. Сол артық әурешілік емес пе? – Тағы? – Тағы дегенде... Орманшы да, кержак та, сауыншы да... бәрі Қалихан Ысқақовша сөйлейді, шетінен ділмәр, шешен... Осы сәл былай... нетіп... – дедім күмілжіп. Қалекең ұрты қуыстанып темекісін құныға бір сорды да, көк бұйра түтінді ерін ұшынан әуелете үрледі. Сәл үнсіз тұрып: – Осындай пікірді Бекежан да айтып еді, – деді. Басқа ештеңе деген жоқ... Соңғы алты-жеті жылда, ақтық сапарға аттанғанша «Жұлдыз» журналында қызмет атқарды. Азды-көпті аралас-құралас болдық. Сон­дағы бір байқағаным, ол кісі өмірде өте қарапайым еді. Бап тілеп, тұрмыс мұңын күйттеуді білмейтін. Тіпті, тірлік қамына икемсіз боп көрінетін. Бірде үйіне бардым. Ол кезде Сейфуллин көшесіндегі үш бөл­мелі пәтерде тұратын. Ішке енсем, киініп қарсы алдымда Қалағаң тұр екен. Аман-сәлем жоқ, ұзын дәліздің түкпірінен Дәмеш жеңгем айғай салды: – Әй, аяғыңды шешпе, Қалихан екеуің нанға барып келіңдер. Қалағаң бір жымиып бетіме қарады да, алға түсті. Есіктен шыға беріп едік, жеңгем: – Әй! – деп тағы да тоқтатып алды. – Сен Қалиханды күнде нанға жұмсайды екен деп ойлап қалма. Бүгін бірінші рет бара жатыр! Сыртқа шықтық. Ағам бірінші рет келе жатқан адам сияқты емес, көзін байласаң да аяғы адаспай табатындай үйреншікті айдау жолмен тартып келеді. Жеңгеміз аңқылдаған жақсы адам. Ойын­дағысын ірікпей арсы-күрсі сөйлей салатын аңқау, аздап әпенділеу мінезі де бар. Піскен етті қазаннан түсіріп жатыр екен: – Қалихан май жемейді, – деп сиырдың сүбесіндегі уыс толы сары майды сылып алып шелекке лақтыра салды. – Сен де май жеме. Қазақтың неге көп ауыратынын білесің бе? Май деген холестерин. Бар ауру содан... – деп біраз ақыл айтып тастады. Классик жазушы мұншама жұпыны тұрады деп ойлаған емеспін. Ұры түскендей үңірейіп тұрмаса да үй ішінде қажеттіден басқа басы артық ештеңе жоқ. Тіпті сол қажеттінің өзі де толық емес-ау деп қалғандайсың. Сөз арасында Қалағаң: – Үлкен ұлға қатын ал десек, қайда әкелем деп ажыраяды. Осы үйді айырбастап, соған пәтер жасап берейік деп отырмыз, – деді. – Қарық қылғанын көрейік... Кейін сол үйді айырбастап, өздері бір бөлмелі пәтерге көшкен. Онысы жазда күн түспейтін салқын, сыз, қыста жылымайтын жайсыз үй боп шықты. «Қыста – тас қора, аяғы­мызға пима киіп, тіземізді көрпемен орап отырамыз», дейтін. Ақыры сол суықтан дерт жабысты. Тізесін сарсу буып, тобанаяқ боп қалды. Одан жамбасы сынып, төсекке таңылды. Көп азап шекті. Ауру мен тұрмыс қос өкпеден қысты. Қайтарынан алты күн бұрын көңілін сұрай барғам. Бұрынғы «Теміржолшылар» ауруханасының ақылы бөлімінде жатыр екен. Өздігінен басын көтеріп отыра алмайды. Тамақтандыру, тағы басқа жағдайын жасау үшін атпалдай азаматтың күші керек. – Біздің хал осы, бауырым, – деді бөдене құйрық сақалын сықырлата уыстап. – Кемпір бейшара төбесімен жер сипап екі бүктеліп қалды, өз басын алып жүре алмайды. Басқа­лардың өз тірлігі бар. Амалсыз өстіп жатқан. Сендерге рахмет, әсіресе Нұрланға (Оразалин – авт.) ризамын. Өтірік-шынды қызметкер қып ұстап, жаман ағаларыңның өзегін талдырмай келесіңдер. Мынау қаладағы ең арзан бәлнис екен. Одақтың жәрдемі болмаса, осының өзіне тырнақ іліктіре алар ма едім... Төбеге тесіліп жатып, өзімен өзі сөй­лескендей тағы да біраз әңгіме айтты. «Қадіріміз қалқайып жүргенде ғана екен, төсек тартып жатқалы төбе көрсетуге жарамады», деп сау кезінде қасынан шықпайтын үйірсек бір-екі бауырының қара көрсетпей кеткеніне, елдегі ат үстіндегі азаматтардың үнсіз жатқанына кейігендей кейіп танытты. Сөз арасында: – Жазатын бір нәрселер де бар еді, енді қайдам!.. – деп іркілді. Бір сағаттан аса отырдым. Дәрігерлер кеп ем-дом уақыты болды деген соң, еріксіз түрегелдім. Қалағаң қолымды қатты қысып босата салды. Үндеген жоқ, иегін ғана изеді. Шүңет тартып кең ашылған жанарының жиегі шымырлап, тұңғиығында әлдебір мұң тұрды. Ол не мұң? Іштегі шертілмеген көп сыр, жазылмай кетіп бара жатқан шығармалардың уайымы ма? Әлде жалған дүниенің осылай аяқталған опасыздығына өкінгені ме? Бұл менің ұлы суреткердің жарық дүниедегі нұрлы жүзін көрген соңғы сәтім еді... Алатау басын иіп, Алматы күңіреніп Қалағаны Алтайына шығарып салды. Шығыстық азаматтардың жомарттығында, намысшыл-мәрттігінде шәк жоқ: ұшақ жалдап елге әкетті, екі жерге аста-төк ас берді. Құдай қаласа, кереметтей ғып ескерткіш те тұрғызар... Бәрін тағдырдың жазуы десек те, кейде маған күпірлік ой келеді. Шіркін, осы ағыл-тегіл құрмет, қамқорлықтың оннан бірін тірісінде істе­генде ғой, жазушының көрер жарығы бір күнге болса да ұзарар ма еді деймін. Қай­теміз, біз сондай халықпыз: тірісінде бей-жаймыз, өлтіріп ап өкіреміз. Қалағаңның қырқында Дәмеш жеңгеміз: – Сексен жылдығына дайындалып, жоспар құрып едік. Мына Дулат тойды басқарады дегенбіз. Ол күнге жетпей кетті. Қалиханның көзін көрген сендер енді аман болыңдаршы! – деп жылап еді. Бұл оның қарайған жұртпен қоштасқаны екен, көп ұзамай Кеңсайдың бір жотасына барып топырағы томпайды. Қалағаңның өмірімен ғана өмір сүріп, бүкіл тірлігі соның тілеуін тілеумен өткен ғазиз жар тағдырдың соққысына төтеп бере алмады. Сыңарынан айырылған аққудай қайғыдан шөгіп, бір-ақ күнде сөнді. Иә, ұлы жүрек тоқтады. Жұмыр басты пенденің жер бетіндегі соқпағы тұйықталды. Бірақ уақыттың билігі жүрмейтін бір Құдірет бар. Ол – хас суреткердің қаламынан жаралған шығармасы. Пенделік ғұ­мырында Қалағаң шаршысынан толып, шалқып өтті дей алмаймын. Атақ қуып, байлыққа ұмтылып, ит-ырғылжың әурешілікке бас қатырған емес. Күйбең тірліктің кір-қоқысынан бойын таза ұстады. Творчестволық тағдырдың тақуалығымен ғұмыр кешіп, өмірдің мәнін тек қасиетті қаламнан тапты. Сол азаптың ғажабымен таңын атырып, күнін батырды. Тебіреністен туған әр сюжет, әр сурет-сөйлемге қуанды, жарқырап жаны семірді. Сондықтан ол қуанышты сәтті басынан көп кешкен шынайы бақытты қаламгер деп ойлаймын. Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Алматы.