30 Шілде, 2010

Екінші сыныптың ес тандырар есептері

6073 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ мек­теп­терінің ашылып жатқандығы үлкен жетістігіміз екендігі ақиқат. Болашақта ана тілінде еркін сөйлейтіндер қазіргі қазақ мектептерінің түлектері. Сондықтан оларға дәріс беретін мұғалімдер ана тілін жетік меңгеруі тиіс. Мектепке арналған оқулықтарды қолданысқа жіберместен бұрын жан-жақты тексеріп, оқушылардың жан дүниесіне, санасына сызат түсірмеуін қадағалау ғалымдар мен әдіскерлердің үздік мұға­лімдердің, Білім және ғылым министрлігі мықтап қолға алатын мәселесі болып тұр. Мектепте оқылатын пәндердің ішіндегі нақты да дәл ғылым пәні – математика. Бұл пәнге арналған оқулықтар, әсіресе, бастауыш сынып оқулықтары сапа жағынан сын көтермейді. Олардың бәрі дерлік орыс тілінен сөзбе-сөз әрі сауатсыз аударылып, күлкі туғызып жатады. Сөйлемдер дұрыс құрылмайды, сөздер бір-бірімен байла­ныспайды. Есептердің шарттары түсініксіз, тілі жұтаң. Айтып отырғанымыз жалаң сөз болмас үшін фактілерге жүгінейік. 2009-2010  оқу жылында пайдаланылған жалпы білім беретін 11 жылдық мектептің екінші сыныбына арналған математика оқулығын қарастырып көрелік. Бұл оқулықты Білім және ғылым министрлігі ұсынып отыр. 2009 жылы басылып шыққан оқулық авторлары: Ә.Б. Ақпаева, Л.А. Лебедева, В.В. Буровова. Оқулықта мыңнан астам есеп бар. Осы есептердің жиырма есебін ғана қарас­тырайық. 16-шы беттегі 2-ші есеп төмендегіше болып келеді. Мысалдар төрттігін құрастыр: 10 + 3 =               10 + 5=                10 + 2=  + 10 =               + =                 + =    – 10 =             –  =                  – =   – 3 =                –  =                 –  = Екінші сынып оқушысының орнында өзіңізді қойсаңыз осы есепті қалай шығарар едіңіз, математикада “төрттік” деген ұғым бар ма? 28-ші беттегі 5-ші есепті шығарып көрелік. “Анасы 12 тоқаш сатып алды. Оның 4-іне жүзім, ал қалғандарына өрік қосылған. Анасы неше өрік қосылған тоқаш сатып алды?”, Екінші сөйлемдегі “4-іне” деген қысқартылған сөзді оқушы қалай оқуы тиіс: “төртеуіне” деп пе, әлде “төртіншісіне” деп пе? “Дефис”, “сызықша” деген ұғымдарды екінші сынып оқушылары әлі өткен жоқ. Сондықтан, оны қысқартпай-ақ, “төртеуіне” деп жазу керек болар. Үшінші сөйлемдегі “неше” сөзі өз орнында тұрған жоқ. Есептің жауабында неше тоқаш сатып алды деп айтуымыз керек. Сондықтан, сұрақ: “Анасы өрік қосылған неше тоқаш сатып алды?” - болуы керек. Есептің шартында артық сөз де, артық сан да болмауы тиіс екендігін ескерсек, “Анасы” деген сөзді алып тастауға болады. Есепте ол ешқандай рөл атқарып тұрған жоқ. Сонымен, есеп шартының дұрыс нұсқасын жазайық: “12 тоқаш сатып алынды. Оның төртеуіне жүзім, қалғандарына өрік қосылған. Өрік қосылған неше тоқаш сатып алынды?” десек, түсінікті болар еді. 33-ші беттегі 5-ші есеп: “Шатырда 5 көгершін қонақтап отыр. Тағы бірнеше көгершін келіп қонақтағанда, олардың саны 13 болды. Барлығы неше көгершін қонақтап отыр?”. “Олардың саны 13 болды”, – дегенде нені айтып отырғаны түсініксіз: жаңадан келіп қонақтағандар ма, әлде барлық көгершіндер саны ма? 49-шы беттегі 3-ші есепті оқылық: “Жарысқа бірінші сыныптан 5 оқушы, екінші сыныптан 7 оқушы қатысты. Ал үшінші сыныптан екінші мен бірінші сынып оқушылары бірге қанша болса, сонша оқушы қатысты. Жарысқа үшінші сыныптан неше оқушы қатысты. Осы сөйлемдерді екінші сынып оқушысы тұрмақ, ата-ана түсінер ме екен? 54-ші беттегі 5-ші есеп: “Массасы 8 кг қарбыз бен массасы 3 кг қауын сатып алынды. Қарбыз бен қауынның массасы қанша?”. “Масса” ұғымы жетінші сыныпта физика пәнінде түсіндіріле бастайды. Оқушыларға таныс “салмақ” ұғымын неге пайдаланбасқа? Тіпті “Массаны” да, “салмақты” да пайдаланбай-ақ: “8 кг қарбыз, 3кг қауын сатып алынды. Барлығы неше кг жеміс сатып алынды?” - десе болмай ма? 76-шы беттегі 6-шы есеп: “Көрсетілген баға шығу үшін қандай темір теңгелерді алу керек?”. Оқулық авторлары, ең болмаса, күнделікті өмірде жиі қолданылатын “күміс теңге” ұғымын да пайдаланбаған. Теңге темірден жасалатын ба еді? 95-бетте қосудың терімділік заңын былайша анықтаған: “Егер көрші қосылғыштарды олардың қосындысымен ауыстыратын болса, үш және одан да көп қосылғыштардың қосындысы өзгермейді”. “Қосудың терімділік заңы” деген атынан-ақ белгілі болып тұр, яғни қосылғыштарды теріп қосамыз да, олардың орнына қосындысын жазамыз. Мысалы: 3 + 5 + 10= (3+5) + 10 = (3+10) + 5=18 100-ші беттегі 7-ші есеп: “Балабақша алаңындағы 3 күнқағар сырланды. Сырлауға қызыл, жасыл және сары бояулар қолданылды. Барлық жазу тура емес болу үшін оларды қандай түспен сырлауға болады?”. Есептің шартындағы “барлық жазу тура емес болу үшін” деген сөз тіркесін авторлар қайдан ойлап тапқан? Оқыған оқушы бұдан не түсінеді? 119-шы беттегі 5-ші есеп: “Қосу мен азайтуға мысалдар төрттігін құрастыр және жаз:
23            54            23            12                           68
45            68                           56
31
Екінші сынып оқушысы осындай шарты бар есептен не түсінеді деп ойлайсыздар? Оқырман сіз не дейсіз? “Төрттік” деген сөз нені білдіреді? 129-шы беттегі 5-ші есеп: “Есептер бойынша өрнектер жаз: а) Хайуанаттар бағына в бірінші сынып, олардан с артық екінші сынып оқушылары келді. Хайуанаттар бағына неше екінші сынып оқушылары келді? Есепті шығару үшін, оқушы, “в” және “с” әріптерінің орнына қабылдануы мүмкін сан қойып, ой елегінен өткізері анық. Мысалы: в = 20, с =3 деп алып, есепті оқып көріңіз. Сонда: “хайуанаттар бағына жиырма бірінші сынып, олардан үш артық екінші сынып оқушылары келді”, - болып шығады. Оның үстіне есептің сұрағындағы “неше” сөзі өз орнын тауып тұрған жоқ. “Хайуанаттар бағына” дегенді де алып тастап, есепті оқушыларға түсінікті тілде мынандай нұсқада берсе болмай ма: “Бірінші сыныпта в оқушы бар. Екінші сыныптың оқушыларының бірінші сыныпқа қарағанда с оқушысы артық. Екінші сыныпта неше оқушы бар?”. 140-шы беттегі 7-ші есеп: “Сәрсенде қызыл, сары және көк түсті 3 ойыншық мәшине болды. Сәрсенде тағы 3 ойыншық: аю, пирамида, зырылдауық болды. Қызыл мәшинемен ол зырылдауықты да, пирамиданы да, тасымайды. Сары мәшинемен зырылдауықты да, аюды да тасымайды. Сәрсен әр ойыншықты қай мәшинемен тасиды?”. Есеп шартының төменгі жағында алты ойыншықтың суреттері көрсетілген. Олардың арасында “пирамида” көрінбейді. “Конус” тәріздес ойыншық бар. Екінші сынып оқушыларына “пирамида”, “конус” ұғымдары қажет пе? Бұл фигуралар 10-11- сыныптарда қарастырылады. Сонда балалардың толып жатқан ойыншықтарының аттары естеріне түспеген бе? Осы арада айта кетер бір нәрсе оқулықта ұлттық ұғым кемшін, тіл нашар сөйлем алашұбар. Осыны көріп тұрғанда екінші сынып оқушысына обал болды-ау демеске шараң жоқ. 153-ші беттегі есепті оқылық: “Бөлменің төрт қабырғасының әрқайсысында бір орындықтан тұратындай 3 орындықты бөлмеге қалай орналастыруға болады?”. Орындық қабырғада “тұр ма? Орысша ойлап, “қазақша” жазу деген осы шығар. 182-ші беттегі 8-ші есеп: “Үш балық әр түрлі аквариумда жүзіп жүр. Қызыл балық дөңгелек те, тіктөртбұрыш пішінді аквариумда да жүзген жоқ. Алтын балық шаршы да, дөңгелек пішінді аквариумда да емес. Жасыл балық қандай аквариумда жүзіп жүр?”. Қойыртпақ сөйлем деген осы емес пе? Дөңгелек, тіктөртбұрыш, шаршы – жазықтық фигуралары екендігі белгілі. Аквариумдар кеңістікте орналасқандықтан дөңгелек, тіктөртбұрыш, шаршы пішіндес бола алмайды. Есеп шартының төменгі жағындағы көрсетілген аквариумдардың суреттеріне қарап, олардың шар, куб және параллелепипед тәріздес екенін көреміз. Ал шар, куб, пареллелепипед 11-сыныпта оқылады. Есептің шарты шұбалаң, оқуға да, түсінуге де қиын, тілге орамды емес. 187-ші беттегі 3 есеп: “Балықшылар 60 кг балық ұстады. Оның 24 кг-ы – мөңке, 18 кг-ы – сазан, ал қалғаны – алабұға. Балықшылар неше кг алабұға ұстады?”. Балықты ұстамайды, ауламайтын ба еді? Қысқартылған “кг-ы” сөзін екінші сынып оқушылары қалай оқуы керек? Олар “дефис”, “сызықша” ұғымдарын әзірге өткен жоқ қой. Қысқартпай-ақ, неге толық “килограмм” деп жазбасқа? “Цирк ойыншысының қорабында 10 көк және 7 жасыл шарик бар. Ол қарамай қораптан 8 шарик алды. Ең болмаса бір көк шарик оның қолына түсе ме? Бір ақ шарик ше?” – бұл 203 беттегі 8-ші есеп. Есептегі “шарик” сөзі қазақша емес. “-ик” - орыс тіліндегі жұрнақ. Кішкентай шарды “шарик” десек, онда кішкентай допты “допик”, кішкентай адамды “адамик” дейміз бе? Есептің екінші сұрағында ақ шарды неге сұрайтыны түсініксіз, ақ шарлар қорапта атымен жоқ емес пе? 2 сынып оқушысына арналған есеп түрі осы. Жаңа талап бұдан не ұғып, не түсінеді? “6 см-ден артық, ортаңғыдан 2 см қысқа, төменгіден 4 см ұзын болатындай үш кесінді сыз” дейді 221 беттегі 6-шы есепте. Ал түсініп көріңіз. 2 сынып оқушысына осы есепті ұсынып отыр. Ешқандай кесінді көрсетілмеген. Бары жоғарыдағы бір сөйлем ғана. Сонда “ортаңғы”, “төменгі” деп нені меңзейді? Екінші сыныптың математика оқулы­ғындағы ес тандырар есептер осылайша жалғаса береді. Мұндай мысалдарды кез келген бетінен табуға болады десем, артық айтқандық емес. Білім негізі бастауыш сыныптарда қаланатыны анық. Қазақ тілінде оқулықтың түрі мынау. Бірден айталық, тиісті орындағы “мырзалар” көрмеген бе, білмеген бе? Сараптан өткізгендер ше? Әлде қазақ мектебіне бәрі “жарасады” деді ме екен. Сондықтан, сапасыз, шұбар тілде жазылған оқулықтар қолданысқа үзілді-кесілді жіберілмеуі тиіс. Білім және ғылым министрінің сөзіне құлақ түрсек, оқулықтар арнайы құрылған бірнеше комиссияның тексерісінен өтіп, сарапталатын көрінеді. Көзге шыққан сүйелдей бадырайып, көрініп тұрған қателерді анықтай алмайтын комиссиялардың құны қандай болмақ? Оқулықтардың сапасыздығынан оқушылар мен олардың ата-аналарының көріп жатқан зардабы ұшан-теңіз. Бастауыш сыныпта оқитын балаларына репетитор жалдауды бұрын-соңды кім көрген? Бірақ оқулық түрі мынандай болған соң ақшасы барлар амалсыз соған барады. Қалтасы тесіктер құдай салды, біз көндік дейді. Тілге орамсыз қиын сөйлемдер, түсініксіз сөздер оқушылардың басын қатырып, ынтасын түсіріп, тапсырманы өз бетінше орындауға ықыласын жоятынын да айта кетсек деймін. Міндетіне жүрдім-бардым қарап, шұбар тілде жазылған ес тандыратын шырғалаң есептерді бастауыш сынып оқушыларына ұсынған­дардың тірлігіне жаның күйгенде бұл қастандық қой деуге болатын секілді. Ғылым деп аталатын зәулім үйдің табалдырығынан жаңа ғана аттап, алғашқы адым жасап жатқан жеткіншектердің қамын ойлап, тер төгетін шын мамандар ұйқысынан қашан оянар екен?! Балқаш НАҚАНҰЛЫ, математик.