18 Қазан, 2015

Майқұдықтан Нью-Йоркке жол салған саңлақ

410 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
18-10-2015-GGG 03Бүгін даңқты боксшымыз Геннадий Головкин өзінің кәсіпқой рингтегі 34-жекпе-жегін өткізіп, барша қазақстандықтардың кезекті жексенбісін жеңіспен бастап берді. Атап айтсақ, саңлақ спортшымыз канадалық Давид Лемьені 8-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, қарсыласына тиесілі болған IBF тұжырымы бойынша да чемпиондық белдікті иемденді. Бұл жекпе-жек туралы толығырақ мына сілтеме арқылы біле аласыздар. Осы ретте, біз боксшының балалық шағы мен жасөспірім кезі туралы баяндауды жөн санадық. 18-10-2015-GGG 04 Геннадий Головкин Қарағандының Майқұдық ауданында туып-өсті. Болашақ чемпионның балалық шағында бұл аудан қылмыстың ошағы саналатын. Сол ауданда бірге өскен құрдастары оның сондай қиын ахуалға қарамастан, өте салқынқанды, қарапайым болғанын айтады. «Тіпті сол кездегі әлеуметтік жағдайға байланысты бір кездері осылай әлем назарын өзіне аударатын даңқты боксшы болуды армандаудың өзі мүмкін еместей көрінетін», – дейді Генамен қатар сыныпта оқып, бір шағын ауданда тұрған құрдасы Асқар Абдрахметов. Ол жөнінде Асқар: «Бала күнімде Генамен жақын дос болдым дей алмаймын. Дегенмен, бір ортада жиі басқосатын едік. Сондай-ақ, екеуміздің бокс үйірмесіне қатар жазылғанымыз есімде. Қай жаста екеніміз нақты есімде қалмапты, әйтеуір спорт секциясына бірге келдік. Жаттығу залымыз Майқұдықтағы бірінші «фазанкада» орналасқан. Тобымызда бірнеше бала болдық. Жаттығудың алғашқы күні-ақ, Гена өзінің талант иесі екенін көрсете білді. Олай дейтінім, үйірмеге келген күні жаттықтырушы бәрімізді кезекпен рингке шығарып, шама-шарқымызды тексеріп көрді. Сол кезде жетекшіміз Головкиннің қабілеті мен шеберлігіне тәнті болып, оның фамилиясын ерекше атағаны есімде», – дейді. 18-10-2015-GGG 05 Геннадий мен Асқардың балалық және жасөспірім кезі Майқұдықтың 14-шағын ауданында өтті. Ол кезде аталған аудандағы жағдайдың қандай болғанын жоғарыда назарға алдық. Содан да болар, Головкин бір сөзінде бала күнінде әділдігін дәлелдеу үшін жиі жұдырық жұмсауға тура келгенін айтқан еді. Өзі бұл жағдайды сол кездегі қалыпты өмір салты деп атады. Одан басқа да қызықты жайттарды Асқар былай еске алады: «Бала күнімізде қазіргідей ойын-сауық орталықтары болған жоқ. Біз үшін сол кездегі ең қызықты сауық түрлерінің бірі төбелесіп ойнау еді. Сол үшін қалың киініп алатынбыз. Ескі күпәйкілер мен тұлыптарды киіп, бір-бірімізге жұдырық сілтеп, үйренген әдіс-тәсілдерімізді қолданамыз. Мұның бәрі ойын болғандықтан, ешкім жарақат алмайды. Әрине, ауданымызда нашақорлар мен ішімдікке салынғандар болды. Алайда, спортқа аңсары ауған біздер үшін оның бәрі еш қызықсыз болды. Кейде сөйтіп ойнап жүріп шындап төбелесіп қаламыз. Бұл енді кез келген балалық шақтың жазылмаған заңдылығы ғой» – деген Асқар, жалпылай алғанда, Майқұдықтың соншалықты адам шошырлықтай еместігін, оның да сол кездегі көп аудандардың бірі болғанын тілге тиек етті. 18-10-2015-GGG 06 Сонымен қатар, ол аты шыққан аудан туралы: «Майқұдық – әдеттегі аудандардың бірі. Керемет мектебіміз болатын. Әйтеуір біз тұрған 14-шағын ауданда барлығы жақсы болды. Рас, кейбір көрші шағын аудандарда жантүршігерлік жайттар тіркеліп жатты. Мысалы, ауылдық жерлерден келгендерді пышақтап кетіпті дегендерді еститінбіз. Мүмкін бізді ондай теріс әрекеттерден спорт құтқарып қалған шығар. Спортты серік еткеніміз үшін жолымыз болды деп санаймын. Себебі, біздің балалық шағымыз көшеде өтті. Шыны керек, ол кезде үйде отырып ойнау дейтін түсінік болмады. Уақытымыздың көбі далада, балалардың ортасында өтетін. Біздің ауданда өзімізден үлкен балалар қатал болды. Егер олар темекі шеккенімізді көрсе, сазайымызды беретін. Сондықтан көшенің жазылмаған тәртібіне бағынатынбыз. Мен үшін сол тәртіптің бірі спорт болғандай. Өйткені, сол ортаға сіңісу үшін үйірмеге жазылғандар аз болған жоқ», – деді. 18-10-2015-GGG 07 Геннадий Головкин Майқұдықтағы ең үлкен білім ордасы – №65 мектепте оқыды. Бүгінде бұл мектепте 1435 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алуда. Боксшының мектеп қабырғасындағы сәттері туралы Асқар Абдрахметов былай дейді: «Мектебіміз өте үлкен болды. Ол жерде тәртіп өте қатал еді. Білім алу үшін барлық жағдай жасалған және кез келген шара жүйелі ұйымдастырылатын. Бірде көрші аудандағы мектеп жабылып, ол жақтағы оқушылардың барлығын бізге ауыстырды. Сол кезде жаңадан келген оқушылармен аз-кем кикілжіңдер болғаны рас. Бірақ ол қақтығыстар тез басылып қалды. Ал Генаға келетін болсақ, ол екеуміз қатар сыныпта оқыдық. Оның сынып жетекшісі – Анна Борисовна Цой дейтін мұғалім. Оны біз АБЦ дейтінбіз. Анна Борисовна өзіндік ерекшелігі бар ұстаз. Ол Генаны әрдайым «боксер» деп шақыратын. Мектебімізге қатысты тағы бір ескере кететін жайт, бесіншіні бітірген соң әр сынып білгілі бір бағытты таңдайды. Мәселен, біздің сынып коммерциялық бағытта білім алатын болса, Геналар биомедициналық саланы таңдады. Соған сәйкес, таңдаған бағыт бойынша, тереңдетілген бағдарлама қолданылады. Әйтсе де, жасыратыны жоқ, ол кезде бұл таңдаудың маңызын толық түсінбедік. Бар болғаны күнделікті сабағымызға барып, әдеттегідей оқып жүрдік. Гена спортты серік еткен көп оқушылар сияқты орташа оқыды. Есесіне ол өзін спортта биіктерден көрсетіп жүрді. Мысалы, Головкин бокстан бөлек, футбол мен баскетболды өте шебер ойнайды. Сөйтіп жүріп мектеп бітірдік. Бәріміз соңғы емтиханнан сүрінбей өттік. Ешқандай бұра тарту немесе бағаны көтермелеу болған емес. Оған сол кездегі жүйе – емтиханды ауызша және жазбаша тапсырудың да әсері болған шығар». 18-10-2015-GGG 08 №65 мектеп Майқұдықтың автостансасында орналасқан. Станса ауыл орталығынан айтарлықтай алыс. Қарағанды автобустарының басым бөлігі үшін бұл станса соңғы аялдама болып саналады. Осыдан-ақ, мектептің тым шалғай орналасқанын біле беріңіз. Ал Геннадийдің үйі мектептен таяқ тастам жерде болды. Оқу ордасында кіреберіс жақта орналасқан спорт залы көзіңе бірден түседі. «Әрине, Геннадий Головкиннің біздің мектепте оқығанын бәрі біледі. Біз онымен мақтанамыз. Оның құрметіне ашылған тақта да бар. Алайда, ол мектеп бітіргелі бірталай уақыт өтті. Қазір Генаға сабақ бірген мұғалімдердің барлығы зейнеткерлікке шығып кеткен. Сынып жетекшісі Анна Борисовна қалада тұрады, ол да құрмет демалысында», – дейді ұстаздарының бірі. Бүгінде мектепте Геннадийге сабақ берген жалғыз мұғалім қалған екен. Ол – информатика пәнінің мұғалімі Галина Петровна. «Мен ол кезде жұмысқа енді ғана орналасып жатқан едім. Геннадий Головкин жоғарғы сыныпта оқып жүрді. Жарыстарға қатысам деп, сабақтан жиі қалады. Әйтеуір жарыстары бітпейтін. Оның ең ерекше қасиеті – ешқашан дөрекілік көрсетпейді және үлкенді сыйлай біледі. Қатарластары да оны сол үшін қатты құрметтеуші еді», – деп еске алды мұғалімі. «Спорт алаңында Головкин өзін судағы балықтай сезінеді. Ол кез келген жарыста барлық әдісті қазіргідей өте шебер орындайтын. Футбол ойнаған кезде шабуыл шебінде жүріп, өте көп гол соқты. Мектепте кешкісін жаттығу болатын. Әрине, Гена спортшы ретінде футболды жақсы ойнады. Ол әрдайым жеңгісі келетін. Кейде біз ойлағандай болмаса, сабырсызданып кетеді. Бәріміздің жоғары деңгейде ойнап, барымызды салғанымызды қалайды. Өйткені өзі сондай. Әлі есімде, бірде мектепте баскетболдан жарыс өтті. Екеуміз бір командада ойнадық. Мен үшін ол бірінші ойын еді. Сондықтан қатты толқыдым. Оның үстіне, бүкіл мектеп бізге қарап отыр. Соның салдарынан болар, доппен екі қадам жасап қойдым. Әрине, төреші бірден ысқырық шалды. Сол сәтте Генаның маған айқайлап бергені бар. Содан кейін ғана өз-өзіме келіп, тәуір ойын көрсете бастадым», – деген Асқар Абдрахметов боксшымен бір командада ойнаған сәттерін күліп еске алды. Бала кезінде Геннадийдің дене бітімі соншалықты шымыр болды деуге келмейтін. Қажыр-қайрат пен толассыз жаттығудың арқасында бүгінгідей «нокаут патшасына» айналды. Бұл жөнінде құрдасы: «Керісінше сыңары Максим балалық шағында бойы ұзын әрі ірілеу болды. Оның дене бітімі мығым, ал Гена арық әрі бойы да қысқалау еді. Бірақ тоғызыншы сыныптан кейін ол тез өсіп кетті. Максим де спорттан алыс емес. Ол футболды жақсы ойнайтын. Айрықша атап өтетін жайт, олар бала болып ешқашан бір-бірімен төбелескен емес. Тіпті рингтегі спаррингтен де бастарын алып қашатын», – деді. «Гена сәнқой жігіт. Бала кезімізде Майқұдықта «Горняк» дейтін базар болды. Спорт киімдерін – шалбар, кроссовкиді сол жерден сатып алатынбыз. Мектепке оқулықтарымызды дорбаға салып апаратынбыз. Бірде Генаның мектепке джинсы комбинезон киіп келгені есімде. Ол кез джинсы енді ғана сәнге айнала бастаған сәт. Әрине, бәріміз оған қызыға да қызғана қарадық. Ол сол кездің өзінде-ақ трендке айналып үлгерді», – деген Асқар соған қарамастан, Геннадийдің қарапайымдылығы ерекше сезіліп тұратынын назарға алды. «Тіпті талай спорттық жетістіктерге қол жетсізсе де ол қазіргі мінезінен танған емес», – дейді. Әңгіме барысында Асқар спортшының тағы бір қырын ашып берді. «Гена гитарада өте жақсы ойнайды. Бұл айтарлықтай таңсық та емес шығар. Себебі, сол уақытта бізде бұл аспапта ойнау жақсы үрдіске айналды. Әр үйдің ауласында топ болып жиналып алып, гитарамен ән салатынбыз. Бәрі біркелкі ойнайды. Бірлі-екілі аккорд екінің бірінің қолынан келетін. Сол кездер біздің сағынышпен еске алатын алтын уақыттарымыз екен ғой. Айтпақшы, Генаның неміс овчаркасы да болды. Оның қарапайымдылығы туралы көп айтуға болады. Соның бірі қанша жерден мықты болса да ол ешқашан бірінші болып кикілжің бастаған емес». Сондай-ақ, Асқар бүгінде көпшіліктің назарын еріксіз аударатын Геннадий Головкиннің отаншылдығы туралы: «Генаның Қазақстанға деген осыншалық патриотизмі мен махаббаты жөнінде жиі айтылады. Оның кіндік қаны Қарағандыда тамды. Ол осы топырақта тәрбиеленді, ата-анасы да осы жерде туып-өсті. Елге деген махаббатының мәңгілік болуының себебі сол. Мен боксты тек Генаның жекпе-жектері үшін көремін. Жерлесіңнің жеңісін көрудің өзі керемет көңіл-күй сыйлайды. Мен оған тек жеңіс тілеймін! Алдағы уақытта оны бұдан да атышулы жекпе-жектер мен жоғары сыйақылар күтіп тұрғанына сенімім мол. Ол бұған бұрыннан лайық!», – деді. Қазір Майқұдық мүлде өзгерген. Бұл ауданның жастарын бұрынғыдай қылмыстық оқиғалардың ортасынан емес, тер сіңген жаттығу залдарынан жиі кездестіресің. Барлығының үлгі тұтатыны – атақты жерлестері. Бәрі де Генаның жолымен жүруді қалайды. Себебі, Геннадий Головкин оларға кеншілер қаласы – Қарағандының шетіндегі шағын ауданнан әлем астанасы – Нью-Йоркке жетудің үлгісін көрсетіп берді. Еламан Қоңыр. Сурет: vk.com, vesti.kz.