16 Қазан, 2015

ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: Ықпалды ынтымақтастық

508 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
флагиЕАЭО – еркіндік кепілі Бүгінде кез келген елдің жақ­сы өмір сүруі, табысты болуы оның басқа мемлекеттер­мен, әсіресе, көрші елдермен қа­рым-қа­ты­насына, өзара ынтымақ­тас­­тық дәрежесіне байланыс­ты. Сон­дықтан да, әлемдегі инте­гра­циялық үрдіс үнемі қарқынды дамудың ең пәрменді жолы ретінде қарас­тырылып келеді. Мұндайда: «Қоң­сысы дұрыстың – қосы дұрыс» демекші, аймақтық интеграцияның алатын орны ерекше. СмановҚазіргі таңда әлемде көптеген интеграциялық ұйымдар бар. Олардың басым көпшілігі эконо­микалық бағытқа негізделген. Атап айтар болсақ, Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), Дүниежүзілік сауда ұйы­мы (ДСҰ), Еуропалық одақ (ЕО), Мұнай өнімдерін экспорттау­шы ұйым (ОПЕК), Үлкен Араб айма­ғының еркін саудасы (PAN-ARAB), Оңтүстік-Шығыс Азия мемле­кет­терінің ассоциациясы (ASEAN), Азия-Тынық мұхиты экономи­калық ынтымақтастығы (APEK) және т.б. Аты аталған инте­гра­циялық ұйымдардың біразымен біздің еліміз тығыз байланыс орнатуда. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақ­стан Республикасы өзінің ХХI ға­сырдағы табысқа жетуінің кілті тө­мендегі мәселелермен тіке­лей байланысты екенін айқында­ған мемлекет. Олар – жаңғыру, халықтың әл-ауқатын жақ­сар­ту, инновация мен ғылыми жаңа­лық­тар, сондай-ақ, интеграция мен әлемге ашық әрі еркін қарым-қаты­настар жасау. 1994 жылғы наурыз айында, терең аса тарихы бар М. В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік университетіндегі беделді мінберден аса білікті ғалымдар алдында тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Еуразиялық стратегиялық идеясын жария етті. Ол бүгінде табаны күректей жиыр­ма жылдық эволюциялық жол­дан өтіп, бірқатар тәжірибе жинақ­талды. Бұл жоба уақыт сынынан өтіп, жаңа үлгіде жүзеге асуда. «Еура­зиялық жобаның» ең басты жетістігі интеграциялық тұшымды іс-қи­мылдар болып табылатын­дығы дәлелденді. Еуразиялық эко­номикалық одақ құру идеясы Президент Н.Ә.Назарбаевтың алыс­ты болжай білетін көреген саясат­керлігі мен заман тынысын дөп ба­сатын кемеңгерлік қасиетін айдай әлемге айқын танытты. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл бүгінгі күн мен бола­шақтың күрделі сұранысымен өлшенетін мегажоба. Оның қа­лып­тасуы жаңа әлемдік архи­тек­тураның бөлінбес бөлігі ретінде адамзат тарихындағы ғаламдық ең күшті экономикалық-қаржы дағдарысына қарсы күрес үрдісінен бастау алады. Бұл – ой мен тәжірибенің бір­лігі, жүйелі түрде, сатылай және талмай тұрақты түрде алға ұмты­лудың нәтижесі. Әрі бұл жоба пост­кеңестік кеңістікте «Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жобасы» деп ата­лып, Қазақстан оның отаны ре­тінде танылды. Өйткені, Қазақ­стан Көшбасшысының барлық инте­гра­циялық үрдістердің баста­ма­шысы және көптеген жаңа­шыл жобалардың, тың идеялар­дың авторы екенін бүкіл әлем біледі. Атап айтсақ, ТМД, АӨСШҚ, ШЫҰ және тағы басқа қоғам­дық-саяси, әлеуметтік-экономи­калық ынтымақтастық біздің Елбасы­мыздың ықпалымен өмірге келген құрылымдар. Олар ықпалдасудың тұрақты да тиянақты дамудағы маңыз­ды құралы ретінде тек аймақ­тық қана емес, әлемдік дең­гей­де де ерекше орны бар ұйым­дар екенін уақыт өзі мойындап отыр. Алғашында мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев өзі­нің идеясының уақыт талабы­мен үндес екенін, интегра­ция­ның қажеттілігін алдымен көр­шілес елдердің көш­­бас­шы­лары­на дәлелдеді. «Бү­гінде, Достас­тықтың барлық елде­рі әлемд­ік дағдарысқа қарсы тұру­­дың жолдарын іздестіріп жатқан­да, экономикалық проб­ле­ма­ларды жеке-дара жүріп еңсеруге бол­май­тынына көз жеткен кезде, тағ­дыр еуразиялық интеграция тұжырымдамасының көкей­кес­тілігін тағы бір рет тиянақтап отыр», – деп жазған еді Елбасы «Еуразиялық эконо­ми­калық одақ: теория әлде нақты­лық» атты мақаласында.   Прези­дент сол кезде: «Сіздің идеяңызды қолдамайды деп қорық­пайсыз ба?» – деген сұраққа: «Қорық­паймын. Бүгін болмаса да ертең қолдайды. Біздер бұдан ешқайда кетпейміз...», – деп жауап берген болатын. Міне, сол бүгін ақиқатқа айналып отыр. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Біз ХХІ ғасыр­дағы жаһандық сын-қатерлерге еура­зиялық интеграцияны терең­де­тумен жауап берудеміз. Біз Ресей­мен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңіс­тік қалып­тастырдық, Еура­зия­лық эко­но­микалық одақ құруға келе жатырмыз. Бұл – жалпы өңірлік тұрақтылықтың, біздің экономи­ка­лардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Біз ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосы­луға ұмтылысын қолдауға дайынбыз», – деп атап көрсетті. 2014 жылғы 29 мамырдағы Қа­зақстан, Беларусь, Ресей мемле­кеттерінің басшылары салтанатты жағ­дай­да Астана қаласында қол қойған Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы шарттың өзекті мәселелері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде төмендегідей пайымдаулар жасауға болады. Бұл тарихи құжат ХХI ғасыр­дың ерекше мегажобасы ретінде болашақта тиісті бағасын алаты­нына еш күмән жоқ. Құжат 4 бөлім, 28 тарау, 118 баптан және 28 қо­сым­шадан, жалпы 700 беттен тұрады. Онда халықаралық ұйым­дарға тән, тәуелсіз елдердің қа­тысу ұстанымдары, террито­рия­лық тұтастығы, әсіресе, Одаққа мүше мем­лекеттердің сая­си ерекше­лік­теріне құрметпен қарау секілді мә­селе­лердің базалық негіздері арқау етілген. Қазіргі кезеңдегі Еуразиялық экономикалық одаққа деген қоғамдық көзқарастың әртүрлі болуы заңды да. Бұл жерде еліміздің кейбір белсенділерінің айтып жүр­ге­ніндей, Экономикалық одақ – КСРО-ға қайта оралу, билік Ре­сей­дің ықпалына түсіп, яғни тәуел­сіз­діктен айырмайды. Өйткені, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер одақтың экономикалық шекарасын нақты белгіледі. Ал Еуразиялық экономикалық одақ – бұл шын мәніндегі экономикалық құрылым, ал оның негізінде қандай да бір саяси ұстаным немесе саяси блок құрылуы еш мүмкін емес. Бұл қадамның тәуелсіздікті ны­ғайтуға бағытталған нақты іс-ша­ра екенін түсініп, Елбасының бастамасына барша қауым, тұтас қоғам болып қол­дау көрсетіп отыр. Және осы Одақ аясында саяси құры­лымдар – «ортақ пар­ламент», «ор­тақ азамат­тық» секілді мәсе­­лелер болмай­ты­нын ескерген орынды. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назар­баев­тың Ұлытау баурайында берген сұх­батында тәуелсіздігімізге қауіп төн­діретін кез келген одақ­тан шы­ғып кете алатынымыз­ды айт­қанын көңілге медеу тұт­қа­нымыз дұрыс. Бұл жоба Елбасының туған хал­қының төрткүл дүние көші­нен қалып қоймасын деген ізгі ниет­пен күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп жасаған сан жыл­ғы қажырлы еңбегінің бір пара­сы екенін түсін­геніміз жөн. Бұл жөнінде Ресей Пре­зиденті В.В. Путин: «Еура­зи­я­лық идея­ның, Еуразиялық мемле­кеттер одағының ғана емес, Еу­разиялық экономикалық қауым­дас­­тық пен Еу­разиялық экономи­ка­лық одақ идеясының авторы – Н.Ә.Назарбаев», – деп жиі айтып жүр. Бұл жоба шын мәнінде қа­лып­тасқан мемлекеттің бастама­сымен қабылданған ХХI ға­сыр­дың алғашқы ширегіндегі ай­рықша тарихи мәні бар шешім. Онда оған қатысушы елдердің әрқай­сысының ұлттық мүдделері ес­керілген. Интеграциялық жаңа ұйым бұл Одаққа мүше мемле­кеттердің егемендігін сақтай отырып, Қазақстан, Беларусь және Ресейді, өзге үміткерлерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады деген сенім бар. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер халық­тарының талап-тілектері жан-жақты талқылаудан өтіп, олар ескеріліп отыр. Бұл орайда, ең бастысы – саяси тәуелсіздік, еге­­мендік, мемлекеттің тұрақ­ты­­лығы. Одақтың құрамына әрбір ел ортақ іске тәуелсіз және еге­мен мемлекеттер ретінде қатысады. Одаққа мүше мемлекеттердің тілдері мәсе­лесіне тоқталар бол­сақ, Еуразиялық эконо­мика­лық одақ шеңберіндегі барлық халықаралық келісімдер, Комис­сияның міндетті сипаттағы күші бар шешімдерінің барлығы бірден тараптардың әрқай­сысының мемлекеттік тілде­ріне аударылатын болады. Сон­дықтан тілдік қағидаттар жөнінде  ешқандай кемсітушіліктерге жол берілмейді. Ал өзіміздің ана тілі­міздің дамуы біздің өз қолымызда. Ол үшін біз тіліміздің мемлекеттік мәртебесін нығайту жолында аянбай әрекет етуіміз керек. Сон­дықтан, ұлттық келбетімізді сақтап қалуда қазақ тілінің қолданылу аясына ерекше көңіл аудару әрбір қазақстандықтың патриоттық міндеті деп түсінгеніміз абзал. Әрине, бұл интеграциялық ұйымды құрудың жолы оңай болмағаны айтпаса да белгілі. Еура­зия­лық экономикалық одақты ұйымдастыру барысында осы­дан екі жылдай бұрын Ресей­де ұлт­үстілік парла­мент құру жө­нінде әңгіме қоз­ғалған болатын. Бірақ, бұл идеяны Қазақ­стан мен Беларусь парла­мент­шілері қол­дай қоймады. Кейіннен ол бас­қаша түрде шешімін тапты. Шарт­қа қол қою барысында Еура­зия­­лық экономикалық одақ­тың ұлт­үстілік рет­теуші органы ретін­де Еуразиялық эконо­микалық ко­мис­­сияның жұмыс жүргізу тәртібі бекітілді. Ол Комис­сия Мәскеу­де ор­наласып, онда Еура­зия­лық эко­но­­микалық одақтың эконо­мика­лық орталығы (штаб-пәтері) болатын болды. Минскіде Еура­зиялық сот орналасады. Яғни, Одақ­тың құқықтық құрылымдары сонда шо­ғырланады. Ал Алматыда 2025 жылдан бастап Одақтың қар­жы нарығын реттеу жөніндегі ұлт­үсті­лік органы орын теппек. Бұл да өр­кениетті консенсустың айқын көрінісі іспетті. Одақтың атқарушы орган­дар­ындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидаты негізінде ескеріліп, жұмысқа білікті мамандар тарту конкурстық негізде жүргізілетін болады. Комиссия қыз­меткерлері халықаралық мәрте­бені иеленеді. Лауазымды тұлға­лар бойынша әрбір тарап тең дәре­жеде болу нормалары бекі­тіл­ген. Комиссия аппаратында жұмыс істеуге тілек білдірген үміткер­лерге арнайы ақпараттық сайт ашыл­ған, сол жұмыс жасайды. Бұ­ған қазірден бастап-ақ Қазақ­стан, Беларусь, Ресей азаматтары іріктеуге қатысуға құқықтары бар. Біз – «Көрші ақысы – құдай ақысы», «Жақсы көрші жаман туыстан артық» деп өскен, құдайы көршілермен достық, татулық, ынтымақтастық қарым-қатынасқа ерекше мән берген өрелі халықтың өкіліміз. Сондықтан бұл инте­грациялық ынтымақтастықтың бізге берері мол болуы керек. Бірін­шіден, бұл, жоғарыда аталға­нындай, тек экономикалық одақ болып табылады. Оған қаты­сушы елдердің әл-ауқаты мен тұр­мыс-жағдайын, экономикасын өр­кендетеді. Сол арқылы кәсіпкерлік дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қазақстан үшін 9 есе үлкен байтақ нарық базары, яғни 170 миллион адамды құрайтын алып кеңістікке жол ашылады. Екіншіден, әрбір елдің эконо­ми­калық мүмкіндіктері, интегра­циялық байланыстары, ба­рыс-келісі көбейіп, алыс-берісі қарқынды дамиды. Бұл Одақ­тың геостратегиялық жағынан да айрықша маңызы зор. Қазақ­станның Еуропа елдерінің тұтыну нарықтарына шығуға және Қытай мен Еуразиялық одақтың қуатты экономикалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін буын болуына кең мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұлттық экономикамызды көтермелеу үшін ірі, ұсақ деген мәселе болмауы керек, сондықтан да, онда барлық мәселелер жан-жақты таразыға салынып ескеріледі. Осы тұрғыда мұндай мүмкіндіктерді біз жаңа экономикалық одақтың бағыт-бағдарынан байқап-көріп отырмыз. Төртіншіден, ХХІ ғасырдың алғашқы жартысында Одақтың алдындағы басты миссиясы – оның ашық экономикалық қоғамдастық ретінде әлемнің аса ма­ңыз­ды экономикалық макро­ай­мағына айналу. Ол, сайып келгенде, Еу­ропа мен Азияның «эко­номикалық алтын көпірі» болатын сапаға қол жеткізу арқылы одаққа мүше мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігін арт­тыру. Бесіншіден, Еуразиялық эко­но­микалық одақ өзіне мүше елдер арасында әлеуметтік, мәдени-гума­нитарлық, әсіресе, оқу-білім және ғылым саласындағы ынты­мақ­тастықты дамыта түсуге де игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Бүгіннің өзінде Қазақстан, Беларусь, Ресей ара­сында жоғары, орта және кәсіп­тік білім туралы дипломдарды ешқандай нострификациясыз өзара тану туралы келісім бекітіліп отыр. Сондай-ақ, үш елдің азаматтарына Одаққа мүше кез келген елдің жоғары оқу орындарында білім алуға теңдей құқық берілген. Әлемдік тәжірибеде инте­гра­цияланудың көптеген формалары бар. Ал жоғарыда атал­ған жайттар Еуразиялық эконо­мика­лық одақтың олардан нақты­лы айырмашылықтары болаты­нын айғақтайды. Осы ретте әлем­дік интеграцияланудың үздік тә­жі­рибелерін өзімізге сәйкестендіріп қолдана білудің маңызы зор екенін мойындаған абзал. Өйткені, соның нәтижесінде осынау Еуразиялық одақтың өз ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсете біле­міз. Әсіресе, мұнда Еуропалық одақ­тың жіберген кемшіліктерін қайта­ламау маңызды. Әлемдік эконо­мика­ның тұрақ­ты дамуы осын­дай жаңа мүмкіндіктер ашудан көрінеді. Еура­зиялық эконо­ми­калық одақ өзіне мүше елдер­дің қа­ра­пайым тұрғындарына ауырт­палық емес, игілік әкелуге қызмет ететін болады. Еуразиялық экономикалық одақ өзге елдер үшін ашық құры­лым болып табылады. Қазірдің өзін­де Еуразиялық экономикалық одақ­­қа Армения мен Қырғыз­стан қосылды. Бұл одақтың өмір­шең­дігін көрсетіп отыр. Тағы бір ескере кетерлік жайт, мұндай маңызды шешім мен экономикалық одақтың құры­луының өзі осы идеяның ота­ны болып отырған Қазақстан же­рін­де, оның жаңа елор­дасы Астана қала­сын­­да жүзеге асуы да әділет­ті­лік­тің бір көрінісі іспетті. Астана – Еуразия құрлығының ортасында орналасқан, бүгінгі заманның ең жас елордасы. Онда тарихи мәні зор көптеген саяси шешімдер мен халықаралық құжаттар қабыл­данған. Атап айтқанда, Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, ЕҚЫҰ, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы жә­не өзге де халықаралық ұйым­дар­дың саммиттері, дәстүрлі Еура­зия­лық медиафорумдар өтті. Астана болашақта ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің мерейлі мекеніне айналады. Жер шарының  ең ірі тұтыну­шы­лық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттау­шысы болып саналатын инте­гра­циялық бірлестіктің қазіргі жағ­дайына үңілер болсақ, жаңа одақ құрып отырған алғашқы үштіктің ортасында жақсы үнқатысу, сали­қалы түсіністік, мәмілелі келі­сім қалыптасқан. Сондай-ақ, мұн­дай үрдістер мемлекеттер арасын­дағы екіжақты қатынастар арқылы да жалғасын табуда. Осы жағ­дайлардың барлығы Одақ мүше­леріне технологиялық тұрғыдан кооперациялануымызға жаңа жол сілтеп отырғандай. Әрине, бұл кооперациялану тек шикізаттық бағытта ғана емес, күрделі технологиялар мен инновациялық инфрақұрылымдар жасау бағы­тында да алға басатындығы анық. Болашақта әлемнің алға қарай қарыштап ілгерілеуі инте­гра­цияның даму үрдісімен анық­талары анық. Кімде-кім ықпал­дасудан тыс болса, өркениет дамуы­­нан шет қалары сөзсіз. Бүкіл­әлемдік қауымдастық бүгін­де Қазақ­станды беделді әрі ға­ламдық үдеріс­терге ықпал ете алатын мемле­кет ретінде таниды. Біздің еліміз – бәсеке­лес­тікке қабілетті, әлем­дік қауым­дас­тықтағы мерейі үс­тем мемлекет. Елбасымыздың идеясымен өмі­р­ге жолдама алған осынау Еура­зиялық экономикалық одақ – шын мәніндегі ХХI ғасырдың әлемдік деңгейдегі мегажобасы ретінде өзінің тарихи қызметін толыққанды орындайтыны дау­сыз. Бақтияр СМАНОВ, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор.