10 Наурыз, 2015

Президенттікке үміткер Уәлихан Қайсаров сынақтан өте алмады

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

09-03-15-kaisarov-

АСТАНА. 9 наурыз. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия сынынан сүрінді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. «Уәлихан Қайсаров сынақ барысында «Тәуелсіз мемлекеттердің достастығы: тарихы мен бүгіні» атты тақырыпта шығарма жазды. Менің таңқалып отырғаным, Уәлихан Әбішұлы тақырыпты түсінбеді. Ол өз шығармасында Ресейге бодандық, Қазақстанның Қытаймен тату қарым-қатынасымыз туралы жазған. Үміткер шығармада 23 қате жіберді. Атап айтсақ, тыныс белгісінен - 11, еміледен - 5, стилистикалық 7 қате кездесті. Еліміздің президенті ең сауатты адам болуы тиіс», - деді лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков. «Сіз екінші кезеңде І.Есенберлиннің «Алмас қылышын» оқыдыңыз. Бірақ мен бір сұрақ қойып едім, сіз өзіңіз оқыған мәтінде не айтылғанын түсінбедіңіз. Мәтін ішінде жазушы қолданған бірқатар қазақтың байырғы әдемі сөздері бар. Жылышырай, тарту-таралғы, қырғи-қабақ, сойылын соғу деген сияқты сөздерді сұрап едім, мағынасын түсіндіріп айта алмадыңыз», - деп жалғады сөзін комиссия төрағасы. Оның атап өтуінше, кандидат үшінші кезеңде өзі айналысып жүрген Кенесары хан төңірегінде сөз қозғауы тиіс болған. Бірақ ол Тәшенов жайында, Желтоқсан оқиғасы туралы және қызмет етіп жүрген кезіндегі қиындықтар жайында әңгіме айтқан. «Бірақ біздің комиссия мүшелерінің таң қалғаны, өзіңіз қолыңызбен Орталық сайлау комиссиясына жазған өтінішіңізде басқа мемлекеттің азаматтығында тұрмын деп жазыпсыз. Бүгін ОСК бұл туралы мәлімдеме жасады. Өзіңіздің қолыңызбен жазылған өмірбаяндық деректе өте дөрекі қателіктер жібергенсіз. Қазақстан Республикасының аумағында «туғаннан тұрамын» деп жауап бересіз. Соңында толтырған күніңізді жазыпсыз. Наурыз сөзін «науырыз» деп қате жазасыз. Комиссияның қорытындысы Қайсаров Уәлихан Әбішұлы заң талап етіп отырғандай қазақ тілін жан-жақты еркін меңгермеген», - деді М.Жолдасбеков. Нәтижесінде лингвистикалық комиссия У.Қайсаровты мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп тапты. Мұрат Айтқожа. Дерек: ҚазАқпарат.