08 Наурыз, 2015

«Барыс» «Авангардпен» айқаста жалпы есепті теңестірді

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Барыс 01АСТАНА. 8 наурыз. Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф бәсекесінде бақ сынайтын Астананың «Барысы» Омбының «Авангардымен» алтыншы ойынды өткізді. Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өткен тартыста «Барыс» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Алғашқы кезең аса тартысты өткенімен, есеп ашылмады. Ал екінші кезеңде айдын иелері тізгінді өз қолдарына алып, жүйелі ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде ойынның 25-минутында Роман Савченко мергендігімен көзге түсіп, командасын алға шығарды. Арада небәрі екі минут өткенде, «Барыс» хоккейшілері есепті еселеді. Бұл жолы нәтижелі соққы жасаған Роман Старченко. Үшінші кезең «Авангардтың» басымдығымен басталды. 45-минутта Кирилл Семенов Ян Лацо қорғаған қақпадан саңылау тауып, есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен, кезеңнің қалған бөлігі астаналықтардың бақылауымен өтті. Қарсыластарының қысымына шыдамаған «Авангардтың» қос бірдей хоккейшісі - Николай Глухов пен Вадим Хомицкий 11 және 12-минуттарда бірінен соң бірі айдыннан қуылды. Ойыншы басымдығын пайдалана алмағанымен, «Барыс» хоккейшілері 16-минутта үшінші шайбаларын соқты. Дастин Бойдтан пас алған Найджел Доус голдың авторы атанды. Ойынның соңғы минутында «Авангардтың» бас жаттықтырушысы Раймо Суманнен қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарып, тәуекелге бел буды. Алайда, бұл әрекеті еш нәтиже бермеді. Есесіне, айдын иелері сапынан Константин Пушкарев бос қақпаны дәл көздеп есепті 4:1-ге жеткізді. Осы жеңісінен кейін «Барыс» пен «Авангард» арасындағы айқастың жалпы есебі теңесіп, 3:3-ке жетті. Соңғы шешуші ойын 10 наурызда Омбыда өтеді. Сол тартыста жеңіске жеткен команда Гагарин кубогы үшін жарысты жалғастырады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz. Барыс 02