08 Наурыз, 2015

Борис Немцовтың өлімі техникалық тұрғыда ашылды

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

08-03-15-nemcov-1

АСТАНА. 8 наурыз. Ресейлік белгілі оппозиционер Борис Немцовтің өлтірілуіне күдікті ретінде екі адам ұсталды. Бұл туралы кеше Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников «Бірінші арнаның» эфирінен хабарлады. «Коммерсантъ» газеті осылай деп жазып отыр. Қауіпсіздік қызметінің басшысы ұсталғандардың аты-жөндерін де айтты. Олар – Анзор Губашев пен Заур Дадаев Солтүстік Кавказ өкілдері көрінеді. Фамилияларына қарағанда, Шешенстан мен Кабарды-Малқар тұрғындарына ұқсайды. Тергеу Басман аудандық сотына қолға түскендерді қамауға алу жөнінде кепілдеме берді. Бұл мәселе бүгін қаралып, шешіледі. Сонымен бірге әлі олардың сыбайластарын тауып, анықтауға тура келеді. «Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгін аталмыш қылмысты жасауға қатыстары бар деген екі күдікті – Губашев Анзор және Дадаев Заур дегендер ұсталды, бұл жайлы мемлекет басшысына баяндалды», - деді Бортников мырза «Бірінші арнаның» эфирінен. Оның сөзіне қарағанда, күдіктілер Кавказ аумағының тұрғындары болып табылады. Күдіктілердің ұсталғандары туралы ақпарды сондай-ақ Ресей тергеу комитетіндегілер де растады. Тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркиннің айтуынша, Анзор Губашев пен Заур Дадаев қылмысты ұйымдастыруға да, оны орындауға да қатыстары бар делініп отыр. «Ъ» мәліметі бойынша, ФСБ арнайы жасағы мен ішкі істер министрлігінің арнаулы тобы сенбіге қараған түні оларды қолға түсіріп, бірден Мәскеуге жеткізген. Осында тергеу комитетінің тергеушілері оларды қылмыстық жауапқа тарту жөнінде қаулы шығарған. Бүгін комитет Басман аудандық сотына күдіктілерді қамауға алу жөнінде ұсыныс берді. Кейбір мәліметтер бойынша, аталмыш қылмысты жасауға бірнеше адам қатысқан сияқты. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген кісі өлімі іс жүзінде техниканың көмегімен ашылған. Істі тергеуге қатысушылар белгілі саясаткердің өлтірілуінің нақты себебін білмегендіктен, негізінен қылмысты жасаулары ықтимал кісілерді іздестіруге күш салған. Бұл үшін олар Москворецк көпірі үстіндегі және кісі өлтірушіні алып кеткен көліктің жолындағы барлық видеокамералардың жазбаларын бірнеше күн бойы мұқият қарайды. Содан кейін автомобильге қатысты мәліметтерді «Тасқын» жүйесіне қосып, оның соңғы бірнеше күн ішінде жүрген маршруттарын анықтайды. Осы жазбалар бойынша Немцов мырзаны тікелей өлтірушінің де, оны алып жүрген жүргізушінің де кімдер екендерін анықтаудың орайы келеді. Анықталған нәтижелер өлім болған күні түндегі ұялы телефондарда сөйленген сөздерді тексеріп шығуға мүмкіндік береді. Алынған материалдарды талдаудың арқасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері әуелі киллерлердің көліктерін тауып алады, сосын оның соңғы уақыттары пайдаланған адамдарды анықтайды. Олар Губашев және Дудаев дегендер болып шығады. Кейбір ақпарларға қарағанда, олар қазірдің өзінде өздерінің осы өлімге қатыстары бар екендерін мойындап қойған сияқты. Жақын күндері тергеушілер оларды куәларға көрсетуді жоспарлап отыр. Ондағы басты куә – фотомодель Анна Дурицкая қазіргі күндері Киевте, анасының қасында. Оның адвокаты қыздың Мәскеуге шақырылатын-шақырылмайтынын білмейтінін айтты. Мәселе мынада, Украинаға оралған бойда Анна өзіне әлдекімдердің қоқан-лоққы жасағанын айтып, милицияға шағымданады. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі оны қорғауға алады. Ал Ресейде ол мұндай қорғаудан бас тартқан еді. Алайда, «Ъ» тілшісінің мәліметі бойынша, аталған қылмысты оқиғаның фотомодельден басқа да бірнеше куәгері бар. Олардың арасынан сол уақыттары көпірдің маңайында кездейсоқ жүріп қалған құқық қорғау органдарының қызметкерлері де табылады. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: «Коммерсантъ».