07 Наурыз, 2015

Шекара қызметінің экс-директоры 11 жылға сотталды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

07-03-15-jolmanov-1

АСТАНА. 7 наурыз. Қазақстан шекара қызметінің экс-директоры Нұрлан Жоламанов 11 жылға сотталды. Онымен бірге айып тағылған бұрынғы әскери бөлім командирі Қайрат Балмағамбетов қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. «Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», - делінген хабарламада. Сот Жоламановты «ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны» және «аса ірі көлемде пара алғаны» үшін айыпты деп таныды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі қамау колониясында өтейтін болды. Сот Жоламановты өмір бойы мемлекеттік жауапты қызмет ету құқығынан айырды. Сонымен бірге судья Қазақстан президентіне Нұрлан Жоламановты генерал-лейтенант әскери шені мен мемлекеттік наградасы – екінші дәрежелі «Даңқ» орденінен айыруды ұсынды. Бұған дейін прокурор соттан Нұрлан Жоламановты 14 жылға бас бостандығынан айыруды және дүние-мүлкін тәркілеуді сұраған. Айыпталушы өзіне қарсы сотты «қолдан жасалған, саяси іс» деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Жоламановпен бірге сотталушы – Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетовті сот қылмыстық жауапкершіліктен толық босатып, оның дүние-мүлкін қамаудан босатуға шешім шығарды. Сот барысында Балмағамбетов өзіне тағылған «аса ірі көлемде пара алған» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған» деген айыптарды мойындайтынын, бастығы Жоламановтың «ықпалынан шыға алмай» қылмысқа барғанын мәлімдеген. Жоламанов ұсталған күннен бастап тергеу абақтысында қамауда болса, Балмағамбетов үй қамағында ұсталған. Сот бүгін шыққан үкім күшіне енген сәттен бастап Балмағамбетовті үйқамақтан босату туралы қаулы етті. Айыптау деректері бойынша, 2013 жылдың жазынан 2014 жылғы қазанның 27-іне дейін сол кездегі ҰҚК шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ 173 миллион теңгеден аса (932 мың долларға жуық) ақшаны пара ретінде алған. 2014 жылы қазанның 27-сі күні тұтқындалған Нұрлан Жоламанов былтыр желтоқсанда Қазақстан президенті Назарбаевқа жазған үндеуінде тергеуге сенімсіздік білдіріп, «арнайы комиссия құрып, оған ҰҚК шекара қызметіндегі жағдайды мұқият тексеруді тапсыруды және қылмыстық істі тексеруді өзге тергеу органына жүктеуге көмектесуді» сұраған еді. Нұрлан Жоламановтың соты қаңтардың 26-сы күні басталған. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап ұсталған уақытқа дейін ҰҚК шекара қызметін басқарған. Нұрлан Жоламановтың ісі – соңғы жылдары ҰҚК шекара қызметіне қатысты шыққан шулы оқиғалар мен жанжалды істердің кезекті біріне айналды. Мұрат Айтқожа. Дерек, сурет: Tengrinews.kz.