22 Тамыз, 2015

Апатты ауыздықтағандарға алғыс

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_73882" align="aligncenter" width="525"]BAL BAL[/caption] Таяуда Астанада Чернобыль атом электр стансасында болған жарылыстың 30 жылдығына орай оның зардаптарын жоюға қатысқандарды марапаттау рәсімі өткізілді. Апат құрбандарына арналған ескерткіш алдында ұйымдастырылған шара Астана қалалық «Чернобыль одағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асты. Жиын басында қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бірлестіктің төрағасы Қуандық Омарбаевтың айтуынша, бұл – алдағы уақытта кең көлемде аталып өтілетін мерейлі дата шеңберіндегі алғашқы іс-шара. – Мұндай басқосудың мақ­саты – апаттың зиянын халыққа жеткізіп, оның алдын алу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, рухын ояту. Се­бе­бі, жарылыстың зардабын жоюға қатысқандардың арасында көзсіз ерліктер жасағандар өте көп. Бүкіл адамзатқа төн­ген қауіптің бетін қайтарған жан­дардың сондай әрекеттерін кейін­гі ұрпаққа насихаттау біздің пары­зымыз, – дейді Қуандық Мұхаметжанұлы. Жалпы, «Чернобыль одағы» республикалық заңды тұлғалар қауымдастығының мұрындық болуымен апаттың 30 жылдығына байланысты шаралар еліміздің барлық аймағында өткізіледі. Бұл жөнінде қауымдастық төрағасының орынбасары Марат Жүніс-Бек: – Қауымдастық БАҚ өкіл­дері арасында арнайы байқаулар өткізіп, насихат жұмыстарының шеңберін кеңейтуді көздеп отыр. Сон­дай-ақ, архивтегі деректермен жұмыс істеп, тың дүниелерді жариялау да жоспарымызда бар. Апат құрбандары мен оның зардаптарын жоюға қатысқандар туралы кең мазмұнды кітап шығарамыз. Қазіргі таңда республикалық қауым­дас­тыққа мүше аймақтардағы 11 қоғамдық бірлестік атал­ған жұмыстарға дайындықты бас­тап кетті, – деді. Шара соңында бір топ черно­быльдік арнайы төс­белгілермен және ордендермен марапатталды. Айта кетейік, 1986 жыл­дың 26 сәуірінде сол кездегі КСРО аумағындағы Чернобыль АЭС-інде жарылыс болғаны белгілі. Ол XX ғасырдағы ең ірі техногендік апат ретінде тіркелді. Қауіптің алдын алуға 30 мыңнан астам қазақстандық қатысып, көп­шілігі радиация салдарынан әртүрлі дертке шалдықты. Бүгінде олардың 6 мыңға жуығы ғана ортамызда жүр. Осы апатқа байланыс­ты БҰҰ ТМД елдері бас­шыларының 26 сәуірді халықаралық радиациялық апат және зілзала құрбандарын еске алу күні деп жариялау туралы шешімін мақұлдады. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТОВ.