19 Тамыз, 2015

Мәңгі жасыл Малайзия

1262 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Здание Абдул Самада Пещера Бату 2 Жарқырайды Куала-Лумпур оттары Мәңгі жасыл Малайзиядағы 10 күндік сапарымыздың соңғы екі күні ел астанасы Куала-Лумпур қаласында өтті. Қазіргі таңдағы Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан ірі мегаполистің  әлемге әйгілі Петронас егіз мұнарасына байланысты өткен мақаламызда қысқаша айтқан болатынбыз. Куала-Лумпурда бұдан басқа да көз жауын алатын көрікті жерлер баршылық-ақ. Бүгінгі әлемге әйгілі мегаполис 1857 жылы қалайы өндірушілердің шағын елді мекені болатын. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Куала-Лумпур қаласы табиғи қалайы кені қыртысының үстінде тұрған көрінеді. Сондықтан, мамандардың айтуынша, бұл қалада жер сілкінісінің қаупі жоқ. Алғаш қалайы кенішін ашқан қытай осы жерде үлкен зауыт салған. Бұл зауыт күні бүгінге дейін жұмыс істейді. Қазір ол зауытқа алғаш қалайы кенін ашушы қытайдың шөбере қызы иелік етеді. 1880 жылы Куала-Лумпур елді мекені Селангор сұлтанатының астанасы болып жарияланды. Ал 1895 жылы ағылшын отаршылдары бұл қаланы Малай штаттары федерациясының астанасы деп жариялады.  1957 жылы Куала-Лумпур ағылшын отаршылдарынан азаттық алған тәуелсіз мемлекет – Малай федерациясының астанасы болып жарияланса, 1963 жылы Малайзия астанасы атанды. Бұл қаланың аты Малай тілінен аударғанда «лас өзек» деген ұғымды білдіреді. Яғни, Келанг және Гомбак өзендерінің тоғысқан лайсаң жеріне орналасқан. Қазір Малайзия астанасында 2 миллионға тарта, ал қала сыртындағы елді мекендерді қосқанда 6 миллионнан астам халық тұрады. Ел астанасында Малайзия халқының негізін құрайтын 3 ірі этнос ерекшеліктерін айқындайтын – малай, қытай және үнді халықтары өкілдері көп орналасқан аудандар бар. Куала-Лумпур – тарихи және бүгінгі заманның архитектуралық үлгілері ерекше үйлесім тапқан қалалардың бірі. Осы ретте, Букит-нанас орман қорығының аумағында бой көтерген Куала-Лумпур мұнарасын ерекше атап айтуға болады. Заңғар көкке тік шаншылған бұл мұнараның ұшар басындағы айналмалы мейрамханада отырып бүкіл қала көрінісін көз алдынан өткізуге болады. Биіктігі 421 метрді құрайтын Куала-Лумпур мұнарасы әлемдегі биіктігі жағынан 7-ші орындағы телевизиялық мұнара болып саналады. Туристерді қызықтыратын тағы бір бүгінгі заман ғажайыбы – Путраджай қаласы. Ол – Куала-Лумпурдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан жаңа әкімшілік орталық. Бұл жаңа әкімшілік орталықтың іргетасы 1995 жылы қаланып, 1999 жылы премьер-министрдің резиденциясы және үкіметтің көшуіне байланысты тың қарқынмен дамыған. Қаланың атауы Малайзияның бірінші премьер-министрі шығу тегі ханзада болып табылатын Абдул Рахманның құрметіне қойылыпты. Қазір бұл жаңа әкімшілік орталық 49 шаршы шақырымға созылып, озық архитектура үлгілерімен салынған нысандарымен көз тартады. Бұл ретте Путра мешіті мен Путра көпірін ерекше атап өтуге болады. Ел астанасына келген адам үнді мәдениетінің орталығы болып табылатын атақты Бату үңгіріне соқпай кетпейді. Ол – қала орталығынан 13 шақырым қашықтықта орналасқан ғажайып табиғи ескерткіш. Бату үңгірі биік таудың басында Табиғат-ананың өзі өрнектеген атшаптырым жабық кеңістік екен. Бұл үңгір осыдан 100 миллион жыл бұрын қалыптасқан дейді. Соңғы бірнеше ғасыр бойы бұл табиғат ғажайыбы үнді халқының қасиетті діни орталығы болып саналады. Бүгінде бұл – үнді халқының қасиетті храмдарының кешені. Ел аузындағы шежіре бо­йынша, Малайзияны отарлау кезінде Ұлыбританияның ­жау­лаушылары Куала-Лумпур елді мекенінің маңайындағы қалайы өндірісіне көптеген үнділік құлдарды әкелген көрінеді. Осы еріксіз келген үнділердің құдайға сиынатын ешбір орны болмапты. Сөйтіп жүргенде жаратқан иелері оларға осы Бату үңгірін сыйлапты. Қазір бұл үңгір үнді харам­дары кешендерінен тұратын үлкен діни орталыққа айналған. Діни орталықтың тарихы бо­йынша үңгірге көтерілетін баспалдақ 1920 жылы алғаш рет ағаштан салынған көрінеді. Бүгінде бүкіл әлемге танылған Муруга құдайының ұлы Шиваның негізгі храмына баратын 272 баспалдақ бетоннан тұрғызылған. Осы баспалдақтар арқылы көтерілген адам жерден жүз мерт биіктіктегі үнді храмдарының кешеніне кіреді. Бату кешеніне кіреберісте биіктігі 43 метрді құрайтын алтындатылған Муруга құдайының мүсіні алыстан көз тартады. Бұл ғажап мүсін 2006 жылы тұрғызылған көрінеді. Оны тұрғызуға 1500 текше метр бетон, 250 тонна темір арматура, 300 литр алтындатылған бояу жұмсалыпты. Бүгінде бұл үнді құдайларының әлемдегі ең үлкен мүсіні болып табылады. Жыл сайын Бату үңгір кешенінде үнді халқының діни Тайпусам атты мерекесі өткізіліп, үңгірге бір миллионға жуық табынушылар келеді екен. Куала-Лумпур қаласындағы тағы бір тамаша тарихи орын Датаран Мердека алаңы болып табылады. Датаран Мердека малай тілінен аударғанда «Тәуелсіздік алаңы» деген ұғымды білдіреді. Осы жерде алғаш рет Малайзияның азаттығы жарияланған екен. Датаран Мердека алаңында сәулет өнерінің қайталанбас үлгісі болып табылатын сұлтан Абдул-Самадтың сарайы орналасқан. 1897 жылы салынған бұл сарай ұзақ уақыт Британ отаршылдарының әкімшілік орталығы болып келді. Бүгінде бұл елдің Тәуелсіздік мерекесін тойлайтын киелі орындардың бірінен саналады. Малайзия мемлекетінің ресми діні сүннит бағытындағы ислам болып табылады. Ресми деректер бойынша, халықтың 60 пайыздан астамы осы дінді ұстанады. Ел астанасында жүріп, тіпті Малайзияның қай қаласына барсаңыз да мұнаралары көкке бой таластырған мешіттерден көз сүрінеді. Қалалардағы мешіттердің барлығы дерлік сәулет өнерінің озық үлгісімен салынып, мұсылмандық рухты паш еткен асқақ діни ғимараттар кейпінде көз тартады. Жалпы, мұсылман дінін таза да әдемі ұстайтын ел Малайзия елі екендігіне көзіміз жеткендей болды. Малайзия мемлекеті өткен ғасырдың 70-ші жылдары елдегі білім саласын дамытуға мол қаржы құйған көрінеді. Бүгінде Малайзиядағы ұлттық білім беру стандарттары өте жоғары. 2020 жылы мұнда жоғары білімді адамдар саны 40 пайыздан асады деп жобалануда. Соңғы жылдары мемлекет жиналған қорларды азаматтар табысының көбеюіне, әлеуметтік кепілдіктердің артуына, білім беру саласының күшеюіне жұмсап келеді. Білім саласына жұмсалған қаржы болашаққа салынған инвес­тиция деп есептеледі. Тағы бір айта кететін ерекшелік, Малайзияда ұстаздар мен оқытушылар өте сыйлы да беделді мамандық иелері болып табылады. Иә, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өркениет биігіне батыл қадам басқан Малайзия қазір әлеуметтік және экономикалық гүлдену кезеңінде. Малайзия экономикасының негізін өнеркәсіп өндірісі (ІЖӨ-нің 46 пайызы), қызмет көрсету саласы (41 пайыз) және ауыл шаруашылығы (ІЖӨ-нің 13 пайызы) құрайды. Бұл елде электр және электр техникалық өнеркәсіп қатты дамыған. Малайзия бүгінде электронды чиптер, тұрмыстық кондиционерлер, пальма майын шығарудан әлемде бірінші орын алады. Елде автомобиль шығару өндірісі де жоғары қарқынмен дамуда. Ұлттық Proton және Perodua маркалы автомобильдері үлкен сұранысқа ие. Бүгінде ел астанасы Куала-Лумпурдың жанында әлемдегі ең ірі мультимедиялық дәліз – силикон аймағының құрылысы салынуда. Ертеңіне еркін бағыт ұстаған мәңгі жасыл Малайзия туристер үшін де барынша тартымды елге айналған. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».