27 Наурыз, 2015

Ерлікпен егіз жан

244 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
УОС-ЦВМедбикенің көз жасы                              ... Енді бір сәт жүзі мейірімге толы әзіз анасы Васелиса Григорьевна елес берді. Тарамыс қолымен солқылдап, зеңіп алып жатқан шаңдулы басын сүйеп тұрып: «Ұлым, енді бекем бол. Жан жараң жазылар. Шыдағайсың. Ақ сүтімді ақтадың, ұлым. Шыдап баққайсың», деп сыбырлап қана тіл қатқандай болды. Айқұш-ұйқыш етіп таңылған дәке арасынан көзін сығырайтып ашып еді, ақ сары медсестра қыз білегін қайта таңып жатыр екен. «Әкем-ау, көз жанары шықтанған ба, қалай? Жылағаннан сау ма өзі? Әлде бұған солай көрініп жатыр ма? Ол жағы беймәлім. фото-1Өзімен өзі тағы да оңаша қалды. Кезгені елес, қиял... Сонау қияндағы Сыр өлкесіндегі бұған дейін серт берісіп, уағдаласқан болашақ жарымен дидарласады. Сұхбат құрады. Ол болса әдеп сақтап, сыбырлап қана «Сағындым ғой өзіңді, Володя», деп қол созады бұған. Аяулым, сәл шыда, сабыр ет. Жеңіспен оралатын да шақ алыс емес. Сұм соғыс қашанғы біздің пешенемізге жазыла бермекші. Біздер де бақытты тұрмыс құрып, шат өмір сүруге тиіспіз ғой», деп кезінде оған жолдаған хат жолдарын ойша тағы да қайталап өтті. Ізінше тағы да талықсып кетті. Тілі таңдайына жабысып, кенезесі кеуіп барады екен. «Су, су беріңіздерші», деуге ғана әл-дәрмені жетті. – Шыдаңыз, батырым! Сізге дәл қазір су ішуге болмайды, – деген таң алдынан бері жанынан үйіріліп шыға алмай жүрген егде тартқан ұзын тұра дәрігердің жауабын естіді. Іле дәліз жақтан шаң-шұң еткен дауыс шықты. Жартылай ашылған есікке жалт бұрылған дәрігер сұқ саусағымен ернін басты да, баса-көктеп ішке енгісі келген әскери адамға: «Тише!», деді. –Дәрігер, кешіріңіз. Жауынгерімнің ең болмағанда дидарын көрсем деймін, – деп ол аяғының ұшымен бір-екі басып алға жылжыды. Жаңылмаса, мына дауыс сүйікті комбатының дауысы ғой. – Сенемісіз. Өте әлсіз жатыр. Мазасыз­данатын болды. Бәлкім, кейін бір соғарсыз. – Өтінемін сізден, доктор. Бір минут болса да жанында тұрайыншы. Жағдайы қалай өзінің? – Қан көп кеткен. Таңым бар. Неткен төзімді жан. Өн бойының оқ тимеген жері болсайшы. Алапат соңғы екі соғыста да қаншама жаралыларды көрдім. Ал дәл мұндай жаны сірі адамды жолықтыруым осы. Қан құйып жатырмыз. Бар өнерімді, әрине, саламын. Тек кеш болмаса нетті деп қорқамын.., – деп сөзінің аяғын жұтып қойды. Володя бойындағы соңғы күшін жинады. Жаңылыспапты. Комбаттың дәл өзі екен. Ұрыс даласынан салып ұрып, тура гос­питальдан шыққаны аңғарылып-ақ тұр. Ол мұның таңулы оң қолын асқан бір еппен алып тұрып: «Жауынгерім, ер екенсің. Сені туып, тәрбиелеген анаңа ризамын. Рахмет, бауырым! Сауығуыңа тілектеспін», – деп қимастық сезіммен келген ізімен кері қарай шығып бара жатты. Арада жарты сағаттай уақыт өткен соң жаралы жатқан бөлмеден ақ сары медбике бетін басып, кемсеңдеп шықты. Екі иығы селкілдеген бойы дәліздің төріндегі ағаш орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Манадан бері өлім мен өмір айқасып жатқан бөлмеден көз алмай тұрған бір топ жаралы солдат пен сержант ошарылып қалды. Медбике қыз болса өксіп-өксіп, сосын солқылдап тұрып жылады-ай дейсің. Оның жылағанын естігендердің бойлары тітіркеніп, тоңазып сала берді. Тұрған-тұрған жерлерінде міз бақпай қалды. Бас киім кигендері бастарынан пилоткаларын қолдарына алып, сығымдап қыса берді. Бұл 1944 жылдың 10 қазаны еді. Шегініс немесе түйін Қаһарына мінген Кеңес Армиясы жаудың табанын сайға тигізбей, қуа отырып, Шығыс Пруссияның шекарасына таянып, аз-кем тыныс алған сәті еді. Ал фашистер болса, Градник селосына кіре беріс ауызда жер бедерінің қолайлылығын пайдаланып, мықты бекініс жасап алды. Жүрер жол жалғыз-ақ. Төңірек болса ми батпақ. Жаралы жау жаланып-ақ тұр. Енді сендердің аяқтарыңа бір тұсау салсақ, осы жерде салармыз. Мықты екендеріңді көрейік. Сендер түгіл осы тұстан ұшқан құс, жорғалаған аң өте алар ма екен?! – деп доң-айбат танытып, сұс көрсеткендей. Алға қарай жылжитын жолдың өзін тікенек сыммен орай-орай, айқұш-ұйқыш қоршалады. Алаңды түгел миналап, өздерінше тас қамал жасаған сыңайы бар. Сол күні таңертеңгісін гвардия сержанты Владимир Счастниковті батальон командирі өзіне шұғыл шақыртып алды. Ол Владимир басқаратын саперлер бөлімшесіне алдағы түндегі тапсырылғалы тұрған жауынгерлік тапсырманың маңыздылығына тоқталды. «Тоқетерін айтсақ, ертеңгі жоспарланып отырған шабуылдың барлық ауыртпалығы сендердің мойындарыңда. Операцияның тағдырын шешетіндер де сендер», – деді. «Жолдас командир! Бұйрық орындалады», – деп қысқа жауап қайтарды ол. – Кетуге рұқсат етіңіз». Сөйтті де Владимир бөлімше жауынгерлерін жинап алып, өздеріне берілген тапсырмамен таныстырып өтті. Ал жауынгерлер болса, «Гвардиялық намысты қолдан бермейміз», –деп бірауыздан жауап қайтарған еді. Бұл 1944 жылдың 9 қазаны болатын. Сарқыт ДӘРКЕМБАЕВА.