25 Наурыз, 2015

Францияда қираған ұшақта үш қазақстандық бар болып шықты

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25-03-15-bort-1

АСТАНА. 25 наурыз. Француз Альпі тауларының етегіне соғып, қираған немістің Germanwings компаниясының А320 лайнерінің бортында үш қазақстандық азаматтың қаза тапқаны белгілі болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz хабарлады. «Францияның оңтүстігінде апатқа ұшыраған  A320 нөмірлі Airbus бортында қазақстандық үш азамат болған», - делінген ведомство баспасөз қызметі таратқан парақшада. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 24 наурыз күні француз Альпі тауларының етегіне соғып, апатқа ұшыраған Germanwings авиакомпаниясының бортында Қазақстан Республикасының Иманғалиев Ербол Базаралыұлы (1965 жылы туған), Есенғалиева Айжан Сарымқызы (1966 жылы туған) және Иманғалиев Әділ Ерболұлы (1989 жылы туған) есімді азаматтарының қаза тапқанын мәлімдеп отыр. Аты-жөндеріне қарағанда, үшеуі бір отбасының мүшелері сияқты. «Қаза тапқандардың отбасысы мен туған-туыстарына қатты қайғырып, көңіл айтамыз. Бұдан басқа, Германия билігінің ақпары бойынша, Қазақстан азаматы болуы ықтимал Блес Елена ныспылы әйел де болған. Қазіргі таңда тиісті органдар бұл ақпардың қаншалықты шындыққа жанасымды екенін тексеріп жатыр», - делінген хабарламада. Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ қаза тапқандар туған-туыстарының Қазақстан Республикасының Берлиндегі консулдығының «қызу желідегі» +4915208833631 (негізгі байланыс), Қазақстан Республикасының Испаниядағы (Барселона) консулдығының +34674482333) нөміріне хабарласулары керек екенін түсіндіреді. Бұдан бөлек, консулдармен хабарласу мүмкін болмай қалған жағдайда туған-туыстардың Сыртқы істер министрлігіндегі кезекші дипломаттың +77172720111 деген телефон нөміріне хабарласуларына болатындарын ескертеді. Lufthansa-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын Germanwings авиакомпаниясының A320 нөмірлі Airbus әуе кемесі 24 наурыз күні Барселонадан ұшып шыққанына бір сағаттай уақыт болған кезде кенеттен бара жатқан биіктігінен күрт төмен түсіп, француздың Альпі тауларының етегіне соққан. Соның алдында пилоттар қауіп дабылын қаға салып, байланыстан шығып қалған. Осы екі ортада бар болғаны 8 минут қана уақыт өткен. Алдын ала болжам бойынша, бортта 154 адам отырған, олардың 6-ы экипаж мүшелері болған. Сондай-ақ қираған ұшақта Қазақстанның тумасы, кеңес заманынан бергі опера әншісі Олег Брыжактың болғаны бұдан бұрын хабарланған болатын. Мұрат Айтқожа.