25 Наурыз, 2015

Үндістанда қалыңдық той үстінде жігітін тастай қашты

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
24-03-15-indiaАСТАНА. 25 наурыз. Үндістанның Уттар-Прадеш шататында өтіп жатқан неке қию салтанатында күйеу жігіт өзінің өте қарапайым есепті шығара алмайтынын, дәлірегі сауаты тым нашар екенін сездіріп алып, соның салдарынан қалыңдығы оған үйленуден бас тартты. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті хабарлады. Тарата айтар болсақ, неке қию рәсімі салтанатты жағдайда өтіп жатады. Бір кезде ойламаған жерден қалыңдықтың әпкесі күйеу баладан 15-ке 6-ны қосып беруін сұрайды. Жігіт оған «17» деп жауап береді. Мұны естіген қалыңдық Лавли Сингх білімсіз адамға тұрмысқа шықпайтынын айтып, той үстінен бірден үйіне кетіп қалады. Қыздың әкесі Мохар Сингх перзентінің шешімін құптаған. Ол: «Рама Баран бірінші сыныптың кез келген оқушысы шығаратын есептің жауабын айта алмады. Оның отбасы балаларының білімсіз екенін жасырып, бізді алдады», депті. Осылайша, екі жақ та ыңғайсыз жағдайда қалған. Сондай-ақ, қалыңдықтың туыстары неке қию салтанатына орай күйеу жігіт жағына алдын ала берген сыйлықтарын қайтарып алу үшін полицияға шағымданады. Ал Рама Баранның туыстары олардың талаптарын қарсылықсыз орындайды. Айта кетейік, қазіргі таңда Үндістанда ересектердің төрттен бірі сауатсыз деген дерек бар. Олардың басым бөлігін әйелдер, төменгі кастадағылар, аз тараған кейбір діни ағымдардың өкілдері, кедейлер, сондай-ақ, елдің солтүстік-шығысындағы тұрғындар құрайтын көрінеді. Жолдыбай Базар. Дерек, сурет: «Экспресс-К».