Экономика • Бүгін, 18:04

Ел экономикасының дамуы: ІЖӨ өсімі 6,4%-ды құрады

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегінше, 2025 жылдың 10 айында еліміздің Жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел экономикасының дамуы: ІЖӨ өсімі 6,4%-ды құрады

Фото: istockphoto.com

Тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызмет көрсету 5,3%-ға артты.

ЖІӨ-нің өсуіне анағұрлым ең көп үлесті өнеркәсіп (өсім 7,3%) саласы қосты, оның жалпы өсімдегі мөлшері – 30%. Ал сауда және көлік салаларымен қосқанда 70%-дан асады.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8% болды. Бұл жекелеген бағыттар бойынша өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қалыптасып отыр.

Олардың ішінде:

  • машина жасау – 11,5%-ға,

соның ішінде автомобиль құрастыру - 13,3%-ға,

  • химия өнеркәсібі – 10,9%-ға,
  • азық-түлік – 9,1%-ға,
  • мұнай өнімдері – 6,3%-ға,
  • металл бұйымдары – 14,1%-ға,
  • құрылыс материалдары – 5,3%-ға өсті.

Құрылыс саласында өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен байланысты болып отыр, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-бен салыстырғанда 15,1%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу фазасына енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 1,0 п. т.-ға жеделдеп, 5,4%-ға артқан. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға жеткен. Жалпы өнімнің өсуі мемлекеттік қолдау шараларымен, агротехнологияларды сақтаумен және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа-райымен байланысты болып отыр. Бірқатар өңірде дәнді дақылдардың өнімділігі артты, олардың ішінде Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%), Павлодар (+7,4%) облыстары бар. Сүт өндірісі 5,2%-ға, ет өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өсті.

Саудада өсім деңгейі 9%-ды құрады. Өсу қарқыны саладағы үлесі 66,5% болатын көтерме сауда кәсіпорындарында байқалып отыр. Айналым қаражатының ұлғаюы Астанада және Павлодар, Атырау облыстарында тіркелген.

Көлік саласында да өсімнің жоғарғы қарқыны сақталып отыр. Барлық көлік түрі бойынша тасымалдың өсуіне байланысты көлік қызметінің көлемі 20,7%-ға артқан.

Үкімет басым салаларды қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және инвестициялар тартуға баса назар аудара отырып, сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін жұмыс істеп жатыр.