09 Мамыр, 2015

Ардагер

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысынан елге оралған ардагерлердің басым бөлігі ұрыс кезінде алған түрлі жарақаттарының кесірінен өмірден озғаны белгілі. Олар тән жарасын елеместен, майданнан келген бетте ел еңсесін тіктеуді мұрат тұтып, білек сыбана еңбек етті. Сол жүз мыңдаған аталарымыздың арасында өзінің бар күш-жігерін әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге жұмсаған Мейрамбек КАМАЛОВ та бар еді. egemen (11) Ақмола облысындағы Кеңес ауылында 1922 жылы дүниеге келген Мейрамбек Камаловтың балалық шағы аумалы-төкпелі заманмен тұспа-тұс келген-ді. Замана ызғарын жас­тайынан жүрегімен сезініп өскен жас Мейрамбек ерте есейді. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі оны әркез жігерлендіріп, алға жетеледі. Қағылез, зерек, сезімтал болып өскен ол елдің ісіне араласа бастағанда кенеттен алапат соғыс басталып кетіп, майданға аттанып кете барды. 1942 жылдың 15 қаңтарында әскери комиссариаттан шақырту алған жас жігіт көппен бірге сонау Украина жерін жаудан қорғап, небір қанқұйлы шайқастарға қатысты. Намысты қолдан бермеді. Отан алдындағы борышын адал өтеуден басқа ештеңе ойламаған Мейрамбек жауынгер достарының сенімді серігі, командирлерінің жаужүрек сарбазы бола білді. Майдан даласында бірнеше рет жарақат алған ол госпитальдан шыға салысымен өз бөліміне қайта оралып отырды. Алайда, соңғы рет снаряд жарықшағынан алған жарақаты жауынгерге өте ауыр тиді. Ол Днепропетровск, Ферғана қалаларындағы эвакогоспитальдарда ем қабылдады. Содан, 1944 жылдың маусымында запастағы жауынгер ретінде еліне қайтарылды. Соғыстан оралған М.Камалов еліне келген бетте жұмысқа араласты. Ол Ақмола облысындағы бірқатар ауылдарда есепшілік қызмет атқара жүріп, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Соғыс басталмай тұрып үйленген жан жары Қалиман Нұрмағанбетқызы екеуі 52 жыл бірге жасады. Олар Құдайдың берген ұл-қыздарын жетілдіріп, өсіріп бақытты отбасы құра білді. 15 немере сүйді. Бүгінде Камаловтар әулетінен тараған ұрпақ ата-аналарының өнегелі жолын жалғастырып келеді. Мейрамбек Камаловтың соғыстағы ерлігі, бейбіт өмірдегі төккен тері өтеусіз қалған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да көптеген медальдармен марапатталды. 1994 жылы 72 жасында өмірден озған майдангердің есімі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардақты ардагерлердің қатарында құрметпен аталып жүретініне сенеміз. Өйткені, ол жеңімпаз ардагерлеріміздің өкілі. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.