21 Наурыз, 2015

Қазақстан Республикасының Химия саласындағы 2015-2017 жылдарға арналған салалық келісім  №2 

219 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
2015 жылғы 12 ақпан, Астана ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХИМИЯ САЛАСЫНДАҒЫ  2015-2017 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН САЛАЛЫҚ КЕЛІСІМ I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1.1. Осы Қазақстан Республикасының химия саласындағы 2015-2017 жылдарға арналған салалық келісім (бұдан әрі – Келісім) – бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі арқылы мемлекеттік орган (бұдан әрі – Министрлік), ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілерінің өкілетті өкілдері, «Қазақстанның химия өнеркәсібі одағы» заңды тұлғалар бірлестігі (бұдан әрі – Жұмыс берушілер), қызметкерлердің өкілетті өкілі, Химия, мұнай-химия өнеркәсібі мен оған тектес салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы (бұдан әрі – Салалық кәсіподақ) арасында әлеуметтік-еңбек, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау, әлеуметтік әріптестік шеңберінде химия саласы кәсіпорындары мен ұйымдарының тұрақты әрі тиімді қызметі мақсатында қызметкерлер мен жұмыс берушілер мүдделерінің оңтайлы теңгерімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған құқықтық акт. Осы Келісім саланың кәсіпорындары мен ұйымдарында қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында ұжымдық шарттар жасау кезінде келіссөздер жүргізуге негіз болып табылады. 1.2. Осы Келісім өзара міндеттемелер қабылдау еріктілігі және оларды қамтамасыз ету шынайылығы, Тараптардың өкілеттілігі мен тең құқықтылығы және келісім бойынша қабылданған міндеттемелерді өз кінәсі бойынша орындамағаны үшін Тараптардың, олардың өкілдерінің жауаптылығы, әлеуметтік әріптестікті нығайту мен дамытуға мемлекеттің жәрдемдесуі, қабылданатын шешімдердің жариялылығы, талқыланатын мәселелерді таңдау еркіндігі, Тараптар мүдделерін құрметтеу, Келісімді орындау міндеттілігі принциптерінде жасалды. 1.3. Келісімнің күші Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 278-бабында белгіленген тәртіппен: • Осы Келісімде қабылданған міндеттемелер шегінде Министрлікке; • Қазақстан Республикасының химия саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелеріне, салалық кәсіпорындардың Жұмыс берушілеріне, жұмыс берушілердің бірлестіктеріне (одақтарына, қауымдастықтарына); • Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері шетелдіктер немесе шетелдік заңды тұлғалар, не шетел қатысатын заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға қолданылады. 1.4. Қызметкерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, келісімдердің қызметкерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады. Мүдделерін келісімге қол қойған тараптар білдіретін кәсіпорындар мен ұйымдарда ұжымдық шарттар болмаған жағдайда, бұл кәсіпорындар мен ұйымдарда Келісімнің күші тікелей қолданылады. Кәсіпорындар мен ұйымдардың ішкі құжаттарында, Келісімде көзделген шарттарға қарағанда, қызметкерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттар көзделген жағдайда, кәсіпорындар мен ұйымдардың ішкі құжаттарының қызметкерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады. 1.5. Келісімнің қолданылу мерзімі ішінде Тараптардың келісімі бойынша оған ҚР ЕК-ге сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар келісімге қосымша түрінде ресімделеді, оның ажырамас бөлігі болып табылады және жазбаша түрде қызметкерлер өкілдерінің назарына жеткізіледі. Келісімнің титул парағына олардың қолданылуының басталуы туралы белгі қойылады. 1.6. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - ҚР АК) 404-бабында және Келісімнің 9.1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Келісім Тараптарының ешқайсысы оның қолданылу мерзімі ішінде өздеріне қабылданған міндеттемелердің орындалуын біржақты тәртіппен тоқтатуға құқылы емес. Уағдаласушы Тараптар қайта ұйымдастырылған жағдайда осы Келісім бойынша міндеттемелердің орындалуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық мирасқорларына жүктеледі. 1.7. Келісімнің қолданылу мерзімінде қабылданған және қызметкерлердің жағдайын жақсартатын нормативтік құқықтық актілер Келісімнің тиісті тармақтарының қолданылуын олар күшіне енген сәттен бастап кеңейтеді. 1.8. Егер нормативтік құқықтық актілермен қызметкерлердің жағдайы нашарлайтын болса, осы Келісімнің шарттары қолданылады. 1.9. Тараптар Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асырады. II. ТАРАПТАРДЫҢ ӨЗАРА ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ Тараптар: 2.1. Қазақстан Республикасының химия саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу кезінде тепе-теңдік бастамада ынтымақтасуға, мемлекеттік басқару органдарында еңбек, әлеуметтік және олармен байланысты экономикалық құқықтар мен мүдделерді қорғау мәселелері бойынша уәкілеттік етуге, тиісті акцияларды, бағдарламаларды, ұсынымдарды әзірлеуге қатысуға; ҚР АК 126-бабында, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабында көзделген қызметтік және коммерциялық құпияны (құпия ақпаратты) жария етпеу туралы талаптар, сондай-ақ Жұмыс берушілердің қызметтік және коммерциялық құпияларын сақтауды қамтамасыз етуді регламенттейтін ішкі құжаттардың талаптары сақталған жағдайда, бір-біріне әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер бойынша ақпаратты толық және уақтылы ұсынуға; 2.2. Қызметкерлерге және олардың отбасыларына заңнамада және осы Келісімде белгіленген ең төменгі әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктердің орындалуын қамтамасыз етуге, ұжымдық шарттар жасау кезінде қызметкерлер мен жұмыс берушілердің осы кепілдіктер тізбесін кеңейтудегі құқықтарын шектемеуге; 2.3. Келесілерге: • өзара мүдделерді объективті есепке алу негізінде әлеуметтік тұрақтылықты және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге; • химия саласы кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін, өндіріс тиімділігін, қызметкерлердің өмір сүру деңгейін арттыруға және олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға; • салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және қоршаған ортаны қорғауға; • қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған біріккен шаралар қабылдауға келіседі. 2.4. Тараптар әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен ереуілдерді болдырмау үшін Келісімнің қолданылу кезеңінде ұжымдық еңбек даулары мен жанжалдарының туындауына және оларды шешудің шекті шарасы – ереуілдердің қолданылуына алып келуі мүмкін себептер мен жағдайларды жою бойынша алдын алу шараларын қабылдауға; 2.5. Келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде Тараптардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобын қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібін сақтауға; 2.6. Салалық біліктілік шеңберін әзірлеуге және бекітуге қатысуға міндеттенеді. 2.7. Қазақстан Республикасының химия саласы кәсіпорындары мен ұйымдарының Жұмыс берушілері: 2.7.1. Осы Келісімді іске асыру үшін жағдайлар жасауға, ұсыныстарды қарауға, келіссөздер, консультациялар жүргізуге және ҚР ЕК-де көзделген тәртіппен және шарттарда ұйымдардың қызметкерлерімен олардың өкілдері – салалық Кәсіподақтың тиісті ұйымдары арқылы ұжымдық шарттар жасауға; 2.7.2. ҚР ЕК-де көзделген жағдайларда әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша шешімді қабылдаудан бұрын, ұжымдық шартта көзделген тәртіппен жұмыс беруші актілерінің тиісті жобаларын сайланбалы кәсіподақ органымен алдын ала келісуге және оларды қажетті ақпаратпен және нормативтік құжаттамамен қамтамасыз етуге; 2.7.3. Жұмысқа жаңа қызметкерлерді қабылдау кезінде оларды Келісімнің бар екендігі туралы хабардар етуге, оларды ұжымдық шартпен және оған қосымшалармен, олардың қолданылу тәртібімен, сондай-ақ жұмыс берушінің олардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен функцияларына қатысы бар басқа да актілерімен таныстыруға келіседі. 2.8. Салалық Кәсіподақ, оның құрылымдық бөлімшелері, оқшауланған кәсіподақтар: 2.8.1. Жұмыс берушілерге еңбек өнімділігін, өндіріс тиімділігін арттыру мәселелерінде, еңбек тәртібін нығайтуда, еңбек ету мен тынығу режимдерін сақтауда, еңбекақы төлеудің қолданыстағы жүйелерін түсіндіруде көмек көрсетуге; 2.8.2. Жұмыс берушілер өздеріне қабылданған міндеттемелерді орындаған жағдайда Келісімнің қолданылу кезеңінде ереуілдер жариялаудан тартынуға, ұжымдық еңбек дауларын шешу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген татуластыру рәсімдерін барынша пайдалануға міндеттенеді. Тараптар еңбек дауларын тек Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, оның ішінде татуластыру рәсімдері және сотқа жүгіну жолымен шешуге, және кейіннен сотпен заңсыз деп танылатын әрекеттерге, оның ішінде ереуілдер өткізуге жол бермеуге; 2.8.3. Жұмыс берушілерді салалық Кәсіподақтың алқалық органдарымен қабылданатын құжаттар туралы хабардар етуге және жоспарланып жатқан ұжымдық әрекеттер туралы уақтылы ескертуге; 2.8.4. Ұжымдық келіссөздер жүргізу кезінде белгілі болатын, қызметтік және коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндетті. 2.9. Әріптестік Тараптарының ҚР ЕК нормаларының талаптарынан туындайтын барлық өзге міндеттемелері сала кәсіпорындарында ұжымдық шарттарды жасау кезінде реттеледі және нақтыланады. III. ЕҢБЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУ Тараптар еңбек өнімділігінің өсуі мен өндіріс тиімділігі есебінен сала қызметкерлерінің табыстарын көбейтуге бағытталған саясатты жүргізу қажеттілігін мойындайды. Тараптар келесілер жөнінде келісімге келді: 3.1. Өндіріс ерекшеліктерін және саладағы қызметкерлердің еңбек жағдайларын ескере отырып, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің ең төменгі стандартын есептеу үшін 1,5 мөлшерінде салалық арттырушы коэффициент белгіленеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында, ұжымдық шарттарда, осы Келісімде және жұмыс берушінің актілерінде белгіленген үстеме ақылар қолданылады. 3.2. Еңбекке ақы төлеу түрлерін, жүйелерін және материалдық марапаттау нысандарын белгілеу және қайта қарау туралы ережелер ұжымдық шарттың, еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде айқындалады (ҚР ЕК 126-бабы 3-тармағы). 3.3. Еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, қызметкерлердің орташа айлық жалақысының кемінде 75 проценті болатын негізгі жалақы үлесін (жалақының негізгі бөлігіне қатысты) қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте, жалақының негізгі (салыстырмалы түрде тұрақты) бөлігіне айлықақы, тарифтік ставка және кесімді бағалау бойынша еңбекке ақы төлеу, ұжымдық шарттарда, не жұмыс берушінің актілерінде белгіленген біліктілігі, еңбек күрделілігі мен жағдайы үшін қосымша ақылар мен үстеме ақылар, түнгі уақытта, мереке және демалыс күндері жұмыс істегені үшін қосымша ақылар жатқызылады. Жалақының ауыспалы бөлігіне жұмыс берушінің актілерінде айқындалған көрсеткіштердің орындалуына байланысты төленетін, айдың немесе тоқсанның жұмыс қорытындылары бойынша сыйақылар (ақшалай сыйақылар) жатқызылады. Біржолғы ынталандырушы төлемдерге жылдың жұмыс қорытындылары бойынша сыйақылар (ақшалай сыйақылар), біржолғы ақшалай сыйақылар (мерейтой, мереке күндеріне және т.б.), біржолғы сипаттағы жұмыстарды орындау қорытындылары бойын­ша сыйақы жатқызылады. 3.4.  Жалақыны индекстеуді жұмыс берушi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде тиiстi кезеңге айқындалған инфляция деңгейiн негiзге ала отырып, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушiнiң актiсiнде белгiленген тәртiппен жүргiзеді. 3.5. Химия саласы қызметкерлеріне жалақы ҚР ЕК нормаларында белгіленген және ұжымдық шарттармен нақтыланған мерзімдерде ақшалай нысанда айына кемінде бір рет төленеді. Үстеме жұмыс уақытына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу, түнгі уақыттағы жұмыстарға төлеу, жұмыс берушінің кінәсінен жұмыстың бос тұрып қалу уақытына төлеу еңбек заңнамасының нормаларында көзделген мөлшерде жүргізіледі. Жалақыдан ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жүргізіледі. Жалақы және қызметкермен еңбек шартын бұзуға байланысты өзге де төлемдер еңбек заңнамасында көзделген мерзімдерде төленбеген жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге берешек пен өсімақыны төлейді, өсімақы мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ставкасын негізге ала отырып, әрбір кешіктірілген күн үшін есептеледі. 3.6. Жұмыс беруші еңбек нормаларын әзірлеуді, жаңадан енгізуді, қолданыстағы еңбек нормаларын ауыстыруды және қайта қарауды қызметкерлер өкілдерімен (кәсіпорынның кәсіподақ органдарымен) келісе отырып, еңбектің үлгілік нормалары мен нормативтерін ескеріп жүргізеді. IV. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ МЕН ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ 4.1. Сала кәсіпорындарындағы жұмыс уақыты мен тынығу уақыты Ішкі еңбек тәртіптемесінің ережелерімен, еңбек және ұжымдық шарттармен регламенттеледі. Жұмыс берушілер кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметкерлердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын толық есепке алуды жүзеге асырады. Қызметкерлердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс уақытының ұзақтығы бір жылдан асыруға болмайтын есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының қалыпты санынан аспайтын жағдайда, ол тәулігіне 12 сағаттан артық болмауы тиіс. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған ұзақтығы белгіленеді (ҚР ЕК 202-бабы 1-тармағы). 4.2. Жұмыс беруші жұмыс уақытының, тынығу уақыты мен еңбек демалыстарының ұзақтығын белгілеуді, ҚР ЕК 12-бабында көзделген тәртіппен кәсіпорындар кәсіподағының сайланбалы органдарымен келісе отырып жүзеге асырады. 4.3. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығының шегінен асатын жұмысқа (үстеме жұмысқа), ҚР ЕК 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша келісімімен ҚР ЕК талаптарына сәйкес жол беріледі. Мереке және демалыс күндері жұмысты ұйымдастыру және еңбекке ақы төлеу еңбек заңнамасына сәйкес жүргізіледі. 4.4. Тараптар сала кәсіпорындары мен ұйымдарында жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 24 күннен кем болмайтындығы туралы келісті, бұл ретте еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарымен еңбек демалысының одан да көп ұзақтығы белгіленуі мүмкін. Жұмыс берушілер еңбек демалысына ақы төлеуді ол басталардан күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, ал еңбек демалысы кестеден тыс берілген жағдайда – ол берілген күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді. 4.5. Сала қызметкерлеріне ҚР ЕК-ге сәйкес ақылы қосымша еңбек демалыстары беріледі. Ұжымдық шарттарда жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысының одан да көп ұзақтығы көзделуі мүмкін, сондай-ақ үздіксіз ұзақ жұмысы, маңызды, күрделі, жедел және өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшін көтермелеу сипатында жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары белгіленуі мүмкін. 4.6. Жұмыс беруші: - неке тіркелген; - бала туылған; - жақын туыстары қайтыс болған; - еңбек, ұжымдық шартта көзделген өзге де жағдайлар кезінде қызметкердің жазбаша өтініші негізінде күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті. Ұжымдық шартта жалақы сақталатын жоғарыда көрсетілген демалыстарды беру көзделуі мүмкін. 4.7. Тараптар сала қызметкерлерін жалақы сақталмайтын демалысқа шығуға, не қайта ұйымдастыру кезінде немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты, қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға мәжбүрлеуге жол бермейді. 4.8. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес мамырдың соңғы жексенбісі - «Химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні» кәсіби мерекесі болып саналады. Бұл күні немесе оның қарсаңында жұмыс берушілер кәсіподақтармен бірлесіп, кәсіпорындарда, ұйымдар мен компанияларда өнеркәсіп озаттарына құрмет көрсете отырып, салтанатты жиналыстар өткізеді. Бұл күні жұмысқа екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. 4.9. Жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби даярлықтан, қайта даярлықтан өтуін және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді. V. ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫ МЕН ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ Келісім жасасқан Тараптар өзіне мынадай міндеттемелерді қабылдайды: 5.1. Жұмыс берушілер: 5.1.1. Сала кәсіпорындарында профилактика жүргізу, жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз жабдықтар мен технологиялық процестерге алмастыру жолымен жұмыс орындары мен технологиялық процестерде кез келген қауіп-қатерді болдырмау бойынша шаралар қабылдайды, еңбектің жай-күйіне және еңбек жағдайларына ішкі бақылауды ұйымдастырады. 5.1.2. Жұмысқа жаңадан қабылданатын қызметкерлерді еңбек жағдайлары, еңбек зияндылығы мен қауіптілігінің дәрежесі, денсаулыққа ықтимал қолайсыз салдары, қажетті жеке қорғану заттары, өтемақылар, еңбек ету және тынығу тәртібі туралы ақпараттандырады. Еңбек жағдайларының сипаттамалары, ауыр жұмыстар, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін өтемақылар мен жеңілдіктер қызметкерлермен жасалатын еңбек шарттарында көрсетіледі. 5.1.3. Кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен, кемінде бес жылда бір рет, өндірістік объектілерге қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың параметрлерін өлшеумен, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығын айқындаумен, өндірістік жабдықтың жарақат қауіпсіздігін, жеке қорғану заттарымен қамтамасыздығын бағалаумен еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша кезеңділік аттестаттауды және еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен бекітілген ережелерге сәйкес реконструкциялаудан, жаңғыртудан, жаңа техниканы немесе технологияны орнатудан кейін міндетті аттестаттауды жүргізуді ұйымдастырады. 5.1.4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгеретін басқа қызметке ауыстыру, немесе кәсіптік аурулар белгілері айқындалған кезде міндетті, мерзімдік (өндірістік қызметі барысында) медициналық тексеріп-қарауды және ауысым алдындағы медициналық куәландыруды өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді. Қызметкер медициналық тексеріп-қараудан және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан бас тартқан жағдайда, жұмыс беруші оны жұмыстан уақытша шеттете тұрады. Медициналық қарсы айғақтар болған жағдайда жұмыс беруші қызметкерге еңбек міндеттемелерін орындауға рұқсат бермейді және оны медициналық ұсынымдарға сәйкес жұмысқа орналастыру туралы мәселені шешеді. 5.1.5. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкерлерді сүтпен, емдік-профилактикалық тағаммен, арнаулы киіммен, арнаулы аяқ киіммен және басқа да жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, профилактикалық өңдеу (жуу және дезинфекциялау) құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен жұмыс берушінің қаражаты есебінен қамтамасыз етеді. 5.1.6. Дүлей апатты, аварияларды болдырмау немесе жою немесе зардаптарын дереу жою мақсатында, жазатайым оқиғаларды, бос тұрып қалуды, мүліктің жойылуын немесе бүлінуін болдырмау үшін және басқа да ерекше жағдайларда жұмыстар орындау және оларға ақы төлеу талаптары жұмыс берушінің актісінде айқындалады. 5.1.7. Еңбекті қорғау, қызметкер еңбек міндеттемелерін орындаған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға қажетті қаражат бөледі. 5.1.8. Тиісті оқу өткен жағдайда, Кәсіподақ өкілдерінің, кәсіподақтың еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларының өндірістегі жазатайым оқиғаларды, кәсіптік ауруларды, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар мен оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияларға қатысуын қамтамасыз етеді. 5.1.9. Жылдың суық мезгілінде ашық ауада жұмыс істейтін қызметкерлерге жұмыс уақытына енгізілетін тынығуға арналған арнайы үзілістер береді. Қызметкерлерді тынығуға арналған жабдықталған үй-жайлармен қамтамасыз етеді. Арнайы үзілістер беру ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің ішкі актілерінде белгіленеді. 5.2. Салалық Кәсіподақ, оның құрылымдық бөлімшелері және оқшауланған кәсіподақтар: 5.2.1. Сала өндірісіндегі қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларының сақталуын қоғамдық бақылауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларды сайлайды. 5.2.2. Осы Келісімнің, ұжымдық шарттардың, еңбек жағдайларын және қорғалуын жақсарту, өндірістік объектілерде болатын жазатайым оқиғалардың, кәсіптік аурулардың, қауіпті авариялардың себептерін жою бойынша іс-шаралардың орындалуын тексеруді ұйымдастырады. 5.2.3. Өндірістегі еңбек пен тұрмысты үздік ұйымдастырушыға Республикалық қоғамдық байқау-конкурсын, ұйымдардағы еңбек жағдайларын жақсарту бойынша әртүрлі салалық және өңірлік конкурстарды ұйымдастырады және олардың өткізілуіне қатысады. 5.2.4. Осы Келісімнің шеңберінде атқарушы билік органдарымен, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, жұмыс берушілермен еңбекті, денсаулықты қорғау және өндірістік қауіпсіздік жай-күйінің шарттары бөлігінде тығыз өзара іс-қимылдарды жүзеге асырады. 5.2.5. Өндірістік объектілерде болатын жазатайым оқиғаларды, жарақат алуды, кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруге қатысады, оларды талдайды, олардың деңгейін төмендету бойынша іс-шараларды әзірлеуге қатысады, олардың орындалуын бақылайды. 5.2.6. Тиісті кәсіпорынның, ұйымның еңбекті қорғау жөніндегі кәсіподақ органдарының қоғамдық инспекторлары Жұмыс берушінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау жай-күйіне тексерулер жүргізеді, анықталған бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізеді. 5.2.7. Кәсіподақ мүшелеріне олардың қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына құқықтарын қорғауда, ерекше жағдайларда жұмыс істегені үшін өтемақылар беруде іс жүзінде көмек көрсетеді, мемлекеттік билік органдарында, сотта, басқа да қадағалау, құқық қорғау және бақылау органдарында олардың мүдделерін білдіреді. VI. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР, КЕПІЛДІКТЕР, ӨТЕМАҚЫЛАР ЖӘНЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР Тараптар келесілер жөнінде келісімге келді: 6.1. Қызметкерлер санын немесе штатын қысқарту бойынша іс-шараларды өткізу кезінде біліктіліктері тең болған жағдайда 4 немесе одан көп асырауындағылар бар қызметкерлердің жұмыс орындарын сақтап қалуына басымдық құқықты қамтамасыз етеді. 6.2. Сала қызметкерлеріне әлеуметтік жәрдемақылар және материалдық көмек тағайындау және төлеу шарттары, тәртібі ұжымдық шарттарда және/немесе жұмыс берушінің актілерінде, сала кәсіпорындары мен ұйымдарының еңбекшілерін әлеуметтік қолдау туралы ережелерде белгіленеді. 6.3. Кәсіпорындар мен ұйымдарда қалыптасқан кепілдіктер, жеңілдіктер мен өтемақылар жүйесін сақтау үшін ұжымдық шарттарда әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктердің мынадай түрлері көзделуі мүмкін: • материалдық көмек; • қызметкерлерге медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру; • салауатты өмір салтын насихаттау және қызметкерлердің қатысуымен спорттық іс-шаралар ұйымдастыру; • Мемлекеттік наградалар, Мемлекеттік наградаларға жатқызылмайтын ерекшелік белгілерін, сондай-ақ кәсіпорын ішіндегі марапаттаудың жекелеген түрлерін алған қызметкерлерді біржолғы марапаттау; • қызметкерлерді мерекелік күндерге және кәсіби мерекелерге, мерейтой күндеріне және еңбегі сіңген демалысқа кетуге орайластырылған біржолғы марапаттау; • қызметкерлер үшін тұрғын үйлер сатып алу; • қызметкерлердің сауықтыруына берілетін әлеуметтік жеңілдіктер (не материалдық көмек түрінде, не емделуге және демалуға жолдамалар беру түрінде); • уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақылар төлемінің жоғарғы мөлшері, не емделу шығындарын өтеу тәртібі, не қызметкерлерді медициналық сақтандыру; • әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлері. 6.4. Жұмыс берушілер қаражаты бар болған кезде әлеуметтік объектілерді (демалыс базаларын, балаларды сауықтыру лагерьлерін, клубтық мекемелер мен спорт құрылыстарын) және олардың қызметкерлерін ұстауға қаражат бөле алады. 6.5. Жұмыс берушілер мәдени-көпшілік және сауықтыру жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорынның кәсіподақ органдарына мөлшері Тараптардың өзара келісімімен айқындалатын қаражат бөле алады. 6.6. Кәсіподақтар кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдары арқылы қызметкерлер арасында дене шынықтыру-спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырады, ал салалық кәсіподақтың орталық органы осындай іс-шараларды халықаралық және республикалық деңгейлерде ұйымдастырады. VII. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ 7.1. Жұмыс берушілер: • жұмыс орындарының қысқартуына алып келетін өндірістің таратуымен, қайта ұйымдастыруымен, меншік нысанының өзгертуімен, толық немесе ішінара тоқтатылуымен байланысты мәселелер бойынша кәсіпорынның кәсіподақ органдарын жағдай орын алғанға дейін екі айдан кешіктірмей ескертеді және олармен тиісті консультациялар жүргізеді; • әрбір қызметкерді алдағы жұмыстан босату туралы, өндірісті ұйымдастырудағы, соның ішінде қайта ұйымдастырудағы өзгерістермен және/немесе жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқартуымен байланысты еңбек жағдайларының өзгеруі туралы, Жұмыс беруші таратылған, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда еңбек шартының бұзылуы туралы жазбаша түрде бір айдан кешіктірмей ескертеді; • ескертумен қатар біліктілігін, жұмыс тәжірибесі мен денсаулық жағдайын ескере отырып бар болған кезде басқа жұмыс ұсынады. Қызметкер ұсынылған жұмыстан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты бұзылады; • қызметкер алдағы еңбек шартының бұзылуы туралы ескертілген сәттен бастап еңбек шартын бұзу күніне дейін қызметкерге жаңа жұмыс орнын іздеу үшін үш күнге дейін бос уақыт беріледі; • өндірісте құрылымдық өзгерістер болған жағдайда, жұмыс беруші қысқартылатын жұмыс орындарынан жаңадан құрылатын жұмыс орындарына алмастыру үшін қызметкерлерді қайта оқыту мүмкіндігін қарастырады. 7.2. Жұмыс берушілер Кәсіподақпен келісе отырып, мерзімінен бұрын зейнетке шығу бойынша, әсіресе, ауыр және зиянды өндірістердің қызметкерлері үшін бағдарламаны әзірлеуі және қолдануы мүмкін. VIII. КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ 8.1. Жұмыс берушілер және Министрлік Кәсіподақтардың және оның ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқықтарын мойындайды. 8.2. Жұмыс берушілер: • Кәсіподақ, оның филиалдары мен өкілдіктері, Кәсіподақтардың оқшауланған ұйымдары өкілдерінің белгіленген тәртіпті сақтай отырып, осы Келісімде көзделген міндеттемелерді орындау үшін, Кәсіподақ мүшелері жұмыс істейтін кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарына және олардың жұмыс орындарына баруларына кедергі келтірмейді; • тараптардың келісімі бойынша Кәсіподақтардың өтеусіз пайдалануына материалдық және техникалық құралдарды береді; • тараптардың келісімі бойынша және кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлердің жазбаша өтініштері болған кезде, Жұмыс беруші қызметкерлердің жалақысын ұжымдық шартта белгіленген мерзімдерде төлеумен бір мезгілде жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын ай сайын ұстайды және кәсіподақ есеп-шотына аударады; • өндірістік жұмыстан босатылмаған қызметкерлерге ұжым мүддесіне кәсіподақ жұмысын жүргізу үшін, сондай-ақ сайланбалы кәсіподақ органдарының съездеріне, конференцияларына делегат ретінде қатысу үшін, кәсіподақ оқуларына жалақысын сақтай отырып уақыт береді. Неғұрлым ықтимал жұмыстан босату ұзақтығы ұжымдық шарттарда белгіленеді; • кәсіподақ органдарына сайланбалы лауазымдарға сайлау себебінен кәсіпорындар мен ұйымдардағы жұмыстан босатылған кәсіподақ қызметкерлеріне олардың өкілеттіктерінің мерзімі аяқталғаннан кейін бұрынғы жұмысы (лауазымы), ал ол жоқ болған жағдайда – сол ұйымдағы тең жұмыс (лауазым) ұсынылады; • ұжымдық шарттарда тиісті ережелер болған кезде, ұйым қызметкерлері үшін көзделген әлеуметтік-еңбек құқықтары мен жеңілдіктерді кәсіподақтың бастапқы ұйымдарының органдарына сайланған, босатылған кәсіподақ қызметкерлеріне де береді; • Кәсіподақтарға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне, оқшауланған ұйымдарына олардың алдын ала өтінімдері бойынша ақпараттарын көру үшін жалпыға бірдей қолжетімді орындарда орналастыру мүмкіндігін бере отырып, жиналыстар өткізу үшін бос үй-жайларды өтеусіз негізде ұсынады. IX. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 9.1. Өздеріне қабылданған міндеттемелерді бұзғаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына және Келісімге сәйкес жауапты болады. 9.2. Келісімнің орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік тараптары жүзеге асырады. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссия, өзі бекіткен тәртіпке сәйкес Тараптардың осы Келісімнің ережелерін бұзғаны туралы мәселелерді қарауға құқылы және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды. 9.3. Келісімді іске асыру барысында туындайтын барлық даулы мәселелер Комиссия отырысында, ал келіспеушіліктер туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі. 9.4. Келісім бірдей заңды күші бар мемлекеттік және орыс тілдеріндегі төрт данада жасалып, қол қойылды. Сала кәсіпорындарында Жұмыс берушілер мен Кәсіподақ Келісімді оған қол қойылған күннен бастап 1 ай мерзімі ішінде қызметкерлердің назарына жеткізуді бірлесіп қамтамасыз етеді. Келісім мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 9.5. Салалық деңгейде уәкілетті мемлекеттік орган болып табылатын Министрлік ҚР ЕК 278-б. 5-т. сәйкес Келісімнің ресми жариялануын қамтамасыз етеді. 9.6. Келісім 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады. Келісім оған тараптардың қолы қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде тіркелуге тиіс. ТАРАПТАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚОЛДАРЫ ҚР Инвестициялар және даму министрлігі атынан: Вице-министр А.РАУ. Қызметкерлер атынан: Салалық кәсіподақ Төрағасы К.ПІРІМҚҰЛҰЛЫ. Жұмыс берушілер атынан: ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – БасқармаТөрағасының орынбасары Н.ӘЛТАЕВ. «Қазхимпром» ЗТБ Басқарма төрағасы О.ПАК. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде 2015 жылғы 12 ақпан № 2 тіркелді.