21 Наурыз, 2015

Соғысқа «Социалистік Қазақстаннан» аттанған

595 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
исламкуловКезінде Жер шарының 64 елін қамтып, жарты әлемді шарпыған қанды қасаптың аяқталғанына 70 жыл толатын мерзім күн санап жақындап келеді. Бастапқыда басқыншылар етектен түріп өте шығатындай ұрымтал ұрыс санаған екінші дүниежүзілік соғыс оған Кеңес Одағының тартылуы арқасында жаһандық жанжал деңгейдегі ғаламат қырғынға айналды. Бұл сұрапыл сойқанда қазақ жұртынан да әлденеше жүздеген мың ұландар Отан үшін от кешті. Сол тұста «Социалистік Қазақстан» атанған бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті редакциясынан да бір шоғыр қаламгер майдан шебіне аттанды. Осы саптағы 6 редакция қызметкері елге оралмай, жорық жондарында мәңгілікке қалып қойды. Солардың бірі кіші лейтенант әскери шеніндегі ержүрек есіл ер Мұхаметқұл Исламқұлов еді. «...Мен осы бір тоқтаусыз лекілдей берген күлкіме өзім да таң қалып, жүріп келе жаттым. Бір жағы бұл соғыстың жүйкені шабақтаған қыспағынан босаңсудың айласы да болды. – Бауыржан! Неге күліп келесің? Кім бұл? Мені мұнда көптен бері ешкім өз атыммен атап көрмеген. Қарасам, лейтенант Мұхаметқұл Исламқұлов маған қарай күлімсіреп келеді екен. Мен де оған тұра ұмтылдым. Ол қолын сол сәт шекесіне апара қойып: – Жолдас аға лейтенант! Жағдайдың осылай қалыптасуына орай мен өз взводыммен сіздің қарауыңызға келдім. Взводтың шығыны: бір жауынгер қаза тапты, төрт адам жаралы. Взвод командирі Исламқұлов», – деп мәлімдеді. Мен екі қолыммен бірдей оның қолынан алып, өзін үнсіз құшақтадым. Біз бір-бірімізді баяғыдан, Алматыдан білуші едік. Онда Мұхаметқұл Исламқұлов журналист, «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері болатын. Ал қазір мен соғысқа дейін бойымда болмаған сүйіспеншілігіммен, нәзік сезіммен оның сұлу жүзіне, ақшыл қоңыр түріне көз жүгірттім, оның биік, сымбатты, жайдары қалпына сүйсіне қарадым...». Орыстың әйгілі жазушысы Александр Бектің соғыстың қайнап жатқан шағын­да, 1943-1944 жылдары жарық көрген «Арпалыс» деп аталатын ең танымал пове­сіндегі басты кейіпкердің атынан баяндалатын тарауда батальон коман­дирі Бауыржан Момышұлы мен Мұха­метқұл Исламқұловтың әскери адамдар ретіндегі ең алғашқы кездескен кездері осылай суреттеледі. Осыдан бас­тап, Мұхаметқұлдың ұрыс даласында өзін құрбан ету арқылы Бауыржанды денесімен қалқалап, өлімнен алып қалғанға дейінгі уақыттары қоян-қолтық бірге өрбиді. Алайда, бұл олардың әскер қатарында бір-бірімен бірінші рет жолығысып тұрғандары емес еді. «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында ауыл шаруашылығы бөлімінің әдеби қызметкері болып жүрген Мұхаметқұл 1941 жылдың маусым айында фашистік Германия соғыс ашқан бойда әскери комиссариатқа барып, майданға сұранады. Ал шілде айында ол Алматыда генерал Иван Панфилов жасақтап жатқан 316-шы атқыштар дивизиясының құрамына алынады. Осы жерде батальон командирі болып бекітіліп, келгендерді қабылдап жүрген Бауыржанға біраздан бері білетін Мұхаметқұл қарсы кездесе қалады. Мұны көрген бойда қуанып кеткен ол: «Бауке, ел басына күн туғанда, қарамағыңызға келіп қалдым», – дейді емен-жарқын көңілмен. Бірақ командир оған сәл қатқылдау қарайды да: «Сізді менің қарамағыма бере ме, жоқ па, оны үлкендер біледі», – деп бұрылып кетеді. Шынында да Мұхаметқұл осыдан кейін басқа командирдің қарауына түседі. Ол жасы қырыққа келіп қалған Николай Поляков  деген майор басқаратын үшінші батальонның сапына жазылады. Ол біздің кейіпкерімізді штаб бастығы етіп тағайындайды. 8 гвардия 8 гвардия-2 Дивизия осыдан кейін көп ұзамай, батысқа қарай жол тартып, тамыздың 18-і күні Новгород түбінде құрылып жатқан резервтегі 52-ші армияның құрамын толықтырады. Ал 8 қыркүйекке қарай дивизия Усть-Вольма өзенін көктей өтіп, Крестцы түбіне келіп, армияның екінші эшалонын түзеді. Мұнда жауынгерлер бір айға жуық уақыт қорғаныс белдеуін тұрғызумен болады. Осында жаудың алғашқы шабуылы 15 қазанда басталып, дивизия бірден қиян-кескі айқасқа бел шеше кірісіп кетеді. Осы күндері панфиловшылар Волоколамск тас жолы бағытындағы Львово елді мекенінен Болычево совхозына дейінгі 41 шақырымдық белдеуді ұстап тұрады. Бірақ 18 қазанда неміс әскерлері сол қанатты айналып өтіп, Осташев деревнясын басып алады. Қазанның 23-інде басқыншылар сұрапыл шабуылға көшеді. Олар әуеден де, жерден де тоқтаусыз оқ жау­дырып, біздің жауынгерлерді қатты састырады. Сол тұста бірінші болып дұшпанның қатты соққысы астында қалған Поляковтың батальоны еді. Біраздан кейін фашистер быт-шыты шыққан батальонды қоршауға алып үлгереді. Бұған төзбеген штаб бастығы Исламқұлов бір ротаны соңынан ертіп, қарсы шабуылға бастамақшы болады. Бірақ тапаншасын қолына ұстап: «Отан үшін, алға!» деп ақыра ілгері ұмтылған оның соңынан ешкім көтеріле қоймайды. Немістер де өздеріне қарай жалғыз шапқан ержүрек жауынгерге қатты таңданса керек, бұған оқ атпай, қарап отырып қалады. Содан кейін ғана бір өзінің жүгіріп келе жатқанын аңғарған Мұхаметқұл траншеяға қайтып келеді. Маналы бері бәрін көріп тұрған майор Поляков сол сәт оны құшақтап: «Ой, ерім-ай, ерім-ай!» деп жылап жіберіпті. Өкінішке қарай, осының артынша қаңғыған бір оқ батальон командирінің қақ маңдайынан тиіпті. Осыдан кейін жауынгерлерді соңынан екінші рет көтеруге әрекет жасаған қазақ солдаты ақыры батальонның қоршауды жарып шығуына жол ашып береді. Бұдан кейін ол взвод басқаруға кіріседі. Көп ұзамай Мұхаметқұл бастаған взвод Бауыржан батальонына келіп қосылады. Мұндағы ең бір сұрапыл ұрыс қимылдарының бірі қарашаның 16-сы күні басталады. Неміс әскерлері осы күні дивизияның ортаңғы шебінен соққы беріп,  316-шы дивизия мен генерал Доватордың тобына бүйідей тиіседі. Тап сол күні Дубосеково разъезінде кейін аты аңызға айналатын 28 панфиловшы-батырлар ұрысқа кіріседі. Мұндағы ұрыс қимылдары келесі күні өзінің нағыз шарықтау шегіне жетеді. Фашистердің Мәскеуге шабуыл жасауының екінші кезеңі болып табылатын бұл аралықта жалғыз Василий Клочков бастаған ұландар ғана емес, дивизияның қалған бөліктердегі солдаттары мен офицерлері де жаппай ерліктің үлгісін көрсетеді. Сол, 17 қараша күні 1077-шы атқыштар полкінің 11 сапері Строково деревнясы түбінде жаудың 20 танкісіне қарсы соғысып, барлығы да ерлікпен қаза табады. Ал екінші батальонның тылында соғысқан кіші лейтенант Исламқұлов пен лейтенант Огуреевтің 20 атқышы Ядрово селосы ауданында неміс батальонының кездейсоқ кездесіп қалған автоматшыларына барынша батыл тойтарыс береді. Бұл шынында да полк сарбаздарының жаппай ерлік көрсеткен күні болды. Осының нәтижесінде бұрынғы 316-шы дивизия «гвардиялық» деген атақ алып, оған 8-ші нөмір беріледі. Сондықтан Бауыржан Момышұлы өз батальоны құрамында соғысқан бір топ жауынгерді әртүрлі наградаларға ұсынуға әрекет жасап бақты. Бірақ дәрежелері жоғары командирлер тарапынан тиісті қолдау ала алмады. Бұған тап осы күні дивизия командирі, генерал Иван Панфиловтың күтпеген жерден оққа ұшып кетуінің де аз әсері болмаса керек. Арада 8 күн өткенде, 26 қарашада аға лейтенант Бауыржан Момышұлы дивизия штабына шұғыл шақыртылып, армия қолбасшысы Константин Рокоссовскийдің алдына барады. Сол жерде ол полк командирі болып тағайындалады. Жолда қайтып келе жатқанда Баукең от пен судан бірге шығып келе жатқан, 27 рет ұрысқа салып, 5 мәрте қоршауды бұзып шыққан батальонын кімге тапсыруы керек екенін ойланумен болады.  Ол көп ойлану мен толғанудың соңында таңдауды аға лейтенант Рахимов пен кіші лейтенант Исламқұловтың арасынан шығармақ болады. «Батальонға басшы майор не подполковник шеніндегі адам болуы керек. Ал менің қарамағымда бір майор мен жалғыз ғана капитан бар», – деп жазды Баукең кейін көп жылдар өткесін. Бірақ ақырында бәрібір батальонға басшылық жасауды 6-шы ротаның взвод командирі, партияда жоқ Мұхаметқұл Исламқұловқа тапсырады. Полкке келгеннен кейін Бауыржан Момышұлы өзінің шешімін жариялайды. Бұған батальонның жаңа командирі: «Сенімді ақтаймын. Тек қана жеңу үшін соғысамыз», – деп қысқа ғана жауап қайтарады. Бірақ командирдің бұл ұйғарымына келіскісі келмегендер тез табыла кетті. Солардың бірі – полк комиссары Логвиненко командир таңдаған  кандидатураға бірден қарсы шықты. Ол бұдан: «Өзіңіздің орныңызға бірінші батальонның командирі етіп кімді тағайындайсыз?», – деп сұрайды. «Мен лейтенант Исламқұловты тағайындап та қойдым» – «Бұл қалай?» – «Ол жақсы командир. Енді батальон командирі қызметін алып кетеді деп ойлаймын» – «Бірақ ол партияда жоқ қой. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы да оншалықты дұрыс емес. Оның әкесі жиырма бес жыл болыс болған» – «Мен де партияда емеспін... Сосын болыс болған Исламқұлов емес, оның әкесі» – «Мен бәрібір Исламқұловтың кандидатурасына қарсымын» – «Сіз маған да қарсы болғансыз» – «Мен комиссармын» – «Ал мен командирмін». Осындай сөз қағысулардан кейін де Бауыржан Момышұлы айтқанынан қайтпай, өзінің дегенінде қалады. Бір сүйсінерлігі, Мұхаметқұл өзіне көрсетіліп отырған зор сенімді екі күннен кейін-ақ ақтай білді. Сол кезде барлаушылар дұшпанның Лопотово ауданына көптеген қару-жарақ жеткізіп, түсіріп жатқанын айтып келеді. Осыған орай немістерге қару-жарақтан босқа атып, шығындату керектігі жайлы ой келеді. Бұлар сол мақсатта жаудың мотоциклін қолға түсіріп, оның ішінде ракетница мен 70 ракета бар екенін анықтайды. Жау болса, екі күн бойы шабуылға шықпай, тым-тырыс жатып алады. Ал 28 қараша күні Момышұлы өзінің Исламқұлов, Краев, Рахимов, Бозжанов және Жуков сынды командирлерін шақырып алып, олардың әрбірінің қолына бір-бірден қол пулеметі мен 82 миллиметрлік калибрлі миномет ұстатады. Мұндағы мақсат: бес топтың жауынгерлері өздеріне берілген позицияларға барып орналасып, дұшпанға белгі бойынша бір мезгілде жан-жақтан оқ жаудырулары керек. Олар әр минут сайын бір минадан атады. Атып болғаннан кейін жарты сағат демалып, бәрін қайтадан бас­тайды. Сөйтіп, түнгі сағат 12-де олар немістерді жан-жағынан қызылды-жасылды ракеталармен үсті-үстіне атқылай бастайды. Сол-ақ екен, қаннен-қаперсіз жатқан гитлершілер аяқ астынан қатты дүрлігіп, әбігерге түсе қалады. Шамасы, осы уақытқа дейін өздеріне қарай ракета ұшырып көрмеген кеңес жауынгерлерінің мына тосын әрекеті оларды естерінен тандырып жіберсе керек. Сол күні біздің солдаттар жаудың шебін осылайша таң атқанша атқылаумен болады. Бұлардың есептері бойынша, қарсы жақ осының салдарынан кем дегенде, үш мыңға жуық снарядтарынан айырылып қалады. Қазақстандықтар осыдан кейін де тағы үш күн немістерді тұрған жерлерінде тыпыр еткізбей ұстап тұрады. Ал 30 қараша күні Мұхаметқұл бастаған жауынгерлер жау тұрған Соколово деревнясындағы мақта қоймасына барып жасырынады. Сол күні таңғы 10-нан бастап немістердің әуеден шүйліккен 30 бомбардировщигі жер-көктің астаң-кестеңін шығарып, артынан деревняға қарай екі танк батальоны мен бір жаяу әскер полкін жібереді. Олармен бірнеше күн текетіресе шайқасқаннан кейін ғана біздің жауынгерлер деревняны тастап шығады. Осы ұрыста кіші лейтенант Исламқұлов тағы да жанқиярлық ерлігімен көзге түседі. Бұдан кейінгі тарихта ерекше қалатын дәл осындай қиян-кескі шайқас 1 желтоқсан күні Крюково деревнясының батыс жақ шетінде жүрді. Әуелі жау жағы таң атқаннан аспаннан зікір салды. Олар біздің әскерлерімізді үздіксіз бомбаның астына алды. Бұл арқылы дұшпан Крюково стансасын басып алып, орағытып өту маневрін қолданып, Алабушево арқылы Ржавки-Матушкиноға, яғни Ленинград тас жолына шығуды мақсат етті. Ұрыстың бірінші күні кеңес солдаттары немістердің жолын бөгеп, ілгері жүргізбей тастайды. Келесі күні деревня көшелері бойында алты сағатқа созылған ауыр шайқастар жүреді. Ал үшінші күні елді мекеннің орталығында он екі сағатқа ұласқан жан алып, жан беріскен айқастар аспан астын аптыққан аламан-тасырға айналдырды. Ал төртінші күнгі деревняның шығыс жақ шетіне көшкен ұстасудың ұстыны бұдан да асып түсіп, он сегіз сағат уақытты шарпыды. Осылайша бірнеше күн қатарынан тоқтаусыз ұрыс жүргізу біздің сарбаздарды әбден титықтатты. Бұған қоса, олар шын мәнінде дәрігерлік көмексіз қалды. Солдаттар арасындағы жараланып қалғандарын емдеушілер қатарында әскери фельдшер Киреев деген шал мен санитар қыз Вера ғана бар еді. Олар сағаттап жүріп, жаралыларға жәрдем жасады. Қырсыққанда, ұрыстың бесінші күні полк командирі Бауыржан Момышұлы тура белінен жарақат алып, орнынан тұра алмай қалады. Ол омыртқасына барып, қадалып қалған оқты дәрігерлер суырып алып шыққаннан кейін, бұйрықты төсекте жатып беруге мәжбүр болады. Өзін эвакуацияға алып кетуге көнбеген Баукең енді барлық басшылықты көмекшілері арқылы жүргізе бастайды. Бұдан әрі шегінудің қажет емес екенін білдірген ол қолындағы картаның Крюково деревнясынан шығысқа қарай кететін бөлігін күрт кесіп алып, отқа жағып жібереді. «Бізге мұның арғы жағының жер жағдайын білудің қажеті жоқ», деп түсіндіреді сосын жанып жатқан картаға қарап жатып. Осы тұста өзі сенген Мұхаметқұл тағы да ерекше көзге түседі. Ол өзінің бірінші батальонымен бір позицияны ұстап тұрса, екінші батальонды капитан Вехов, үшінші батальонды капитан Жуков ұрысқа салып жатады. Ал штабты майор Демиденко басқарып тұрады. Бір кезде Жуков қоңырау шалып, жаудың тықсырып келе жатқанын, енді не істеуге болатынын сұрайды. Оның артынан Исламқұлов та осындай сауалмен шығады. «Жағдайдың ауыр екенін өзім де білемін. Бірақ бір адым да шегінбеуге бұйырамын. Позиция бұрынғы күйінше қалады», – деп жауап береді оған полк командирі. Біраздан кейін манағы капитан қайта дүрлігеді. «Жолдас полк командирі, батальоннан жалғыз өзім қалдым. Не істеуге бұйырасыз?» – «Бірінші батальонның командирі Исламқұловтың қарауына қатардағы солдат болып барыңыз. Мұны өз батальоныңызды сақтап қала алмауыңыздан көріңіз». Бес минут өтер-өтпесте Вехов телефон арқылы хабарласады. Оның да айтатыны осындай. «Жолдас полк командирі, жеті-ақ адамым қалды. Не істемекпін?». Бұған да берілетін жауап әлгіндей болды: «Бірінші батальонның командирі Исламқұловтың қарамағына барыңыз». Ұрыс даласынан қоңырау безілдеуі мұнымен де тынған жоқ. Енді Мұхаметқұлдың өзіне кезек келеді. Баукең оған Жуковты қарауына алып, қатардағы жауынгер ретінде соғыстыруды, ал Веховты жеті адамымен бірге алып, бөлімше командирі етіп қоюды тапсырады. Әлден уақыттан кейін ана екеуі азғырса керек, Исламқұлов тағы шығып, жағдайдың ауыр екенін баяндай бастайды. Сол кезде полк командирі сөзін кілт үзіп: «Ей, Мұхаметқұл! «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген. «Арым – жанымның садағасы» деген тағы бар. Менің бұйрығым осы!», – деп трубканы қоя салады. Ал жарты сағаттан кейін Мұхаметқұл қайта хабарласып, «Шабуылға шығып барамыз» дегенді жеткізеді. Сөйтіп, өзінің 45 сарбазымен жауға ақырып қарсы ұмтылған. Екі капитан оны тоқтатпақ болған екен, бұл көнбепті. Сол бойда барып, күтпеген жерден немістердің дәл үстінен түсіп, тас-талқанын шығарған. «Жағдай қалпына келтірілді. Исламқұловтың сәтті жасаған шабуылынан кейін өзімізді айтарлықтай қолайлы сезініп қалдық», деп жазды Бауыржан Момышұлы кейін осы шайқас туралы. Осылайша, Мәскеуден жаудың бетін қайтаруға есепсіз үлес қосқан есіл ер бұдан кейін 1942 жылдың 7 ақпанына дейін осы маңда болған ұрыстарға үздіксіз қатысады. Оның қол астындағы батальон жауынгерлері сол күні Ожедово селосын жаудан азат етуге қатысады. Көп ұзамай елді мекен басқыншылар шеңгелінен алынады. Бірақ батальон командирі Мұхаметқұл Исламқұлов сол шайқаста опат болады. Оның қазасына қатты қайғырған Бауыржан Момышұлы кейін өз жанынан ұзақ толғау шығарады. Шын мәнінде Мұхаметқұл сол жерде өз командирі Момышұлын туралап келген ажал оғынан аман алып қалып еді. Оның арқасын төсей қалуының арқасында халқымыздың даңқты перзенті атанатын атақты Баукең бір өлімнен қалады. Ал бұлардың бір-бірін соншалықты қатты құрметтеп, жақсы көрулерінің құпия сыры бұдан гөрі ертеректе басталған екен. Баукең өзінің болашақ қарулас жолдасын Шымкенттегі №7 орта мектепті бітіріп жатқан кезінде кездестіреді. Бұл кезде Мұхаң губерниялық билікте жауапты қызмет атқарып жүрсе керек. Бірақ САГУ-ді алғаш бітіргендер қатарындағы білімдар Мұхаметқұлдың бұдан әрі бұл жақта қызметтен өсуінің реті келе қоймайды. Себебі, оның алдынан қашанда текті тұқымнан өрбігені шыға береді. Ал Мұхаметқұл шын мәнінде текті әулеттің ұрпағы-тын. Оның арғы атасы бүкіл Оңтүстік өлкесіне ықпалы жүрген атақты Сапақ датқа еді. Сол Сапақтың Жолдасбек деген ұлынан туатын Исламқұл заманында Ресейдің төрі – Санкт-Петербург қаласында білім алған санаулы қазақтың бірі атанады. Елге келгесін 25 жыл болыс болып, жұртқа сөзі жүреді. Оның ұлы – Бадам-Арыс бойында 1906 жылы туған Мұхаметқұл Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін бітіріп шығады. Осыдан кейін еңбек жолын ауылда мұғалім болудан бастаған ол кейінірек аудандық, сосын қазіргі «Оңтүстік Қазақстанның» арғы негізі саналатын облыстық газетте тілші болып қызмет атқарады. Бұдан кейін, 1940 жылғы 20 қарашада республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке тұрады. «Социалистік Қазақстанның» ардагері Қаби Мыңжанов 1941 жылдың 22 маусымын былай еске алады. «Суық хабарды радиодан естігесін редакцияның кітапханасына жиналдық. Үнсіз қалдық. Үнсіздікті редакцияның мал шаруашылығы секторының меңгерушісі Мұхаметқұл Исламқұлов бұзды: – Осы минутта-ақ сіздермен қоштасамын, – деді Мұхаметқұл. Қазір үйге де соқпастан тура әскери бөлімге тартамын. Жеңіспен жолығысайық, жолдастар!». Ол Қызыл Армияның запастағы командирі еді... Қазір қарап тұрсақ, өмірі аққан жұлдыздай арқырап өте шыққан ол соғыстың соқпағында бар-жоғы екі жарым айдай ғана уақыт қар жастанып, мұз төсеніп үлгерген екен. Бірақ сол екі жарым айдың ішінде-ақ кейін қатар шайқасқан талай қаруласы ғұмыр бойы жыр ғып тамсана айта жүретіндей көзсіз ерліктер жасапты. Осы екі жарым айлық мерзімде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. Әйткенмен, кешегі патша заманында болыстық қызмет атқарған белгілі кісінің баласы болғаны қайта-қайта алдынан шығып, ұсынылып тұрған атақты алуына кедергі келтіре береді. Содан бері де, міне, 73 жыл уақыт өтіпті. Қазақ жұрты егемен елге айналғалы бері де ширек ғасыр болды. Ал алда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мейрамы келе жатыр. Ендеше, кезінде батыр Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин, майдан даласындағы көптеген қандыкөйлек қаруластары нағыз қаһарман деп таныған Мұхаметқұл Исламқұловтың шын бағасын беретін кез келген сияқты. Өйткені, ерліктің ертелі-кеші болмайды. Халқының болашағы үшін жанын қиған жауынгердің рухын қастерлеуіміз сол халықтың өзін құрметтей түскенімізбен тең болса керек. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».