
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Бірінші, Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған қасиетті жер – Сырт Қасқабұлақ. Абай 1845 жылы ескіше ай санағы бойынша 10 тамызда Қасқабұлақ жотасының батыс бауырындағы бұлақ басына тігілген киіз үйде дүниеге келді.
Жалпы, Қасқабұлақтың адыр-жотасы – Үлкен Қасқабұлақ, Кіші Қасқабұлақ және Сырт Қасқабұлақ деп бөлінеді. Себебі өрден ағып жатқан екі бұлақ екі жаққа қарай қасқайып ағып жатқандықтан, халық осы жотаны «Қасқабұлақ» деп атап кеткен. Ақын дүниеге келген Сырт Қасқабұлақ қазіргі таңда Абайдың Қасқабұлағы деп те аталады. Ел ішінде Қасқабұлақ төңірегіндегі мекендерге қатысты Шәкәрім, Тәкежан, Ысқақ, Ызғұтты Қасқабұлағы деген жер атаулары да кездесіп жатады.
Құнанбай ауылы Қасқабұлақ басында жылдың екі мезгілінде, қыстан аман-есен шыққаннан кейін жазғытұрым уақытында және күз айларында жайлаудан келгеннен кейін отырған. Жаз бойы Шыңғыс асып, ен жайлауда отырған қалың ел, күн суыта осы бауырға қарай көшкен. Қасқабұлақтың басы суы мол, малға жайлы болғандықтан, Құнанбай, Абай ауылдары осы бұлақ басын көбірек мекендеген.
Әрхам естелігінде Абайдың дүниеге келген уақыты туралы былай дейді: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Ел қайта көшерде Құнанбайдың шешесі Зере келінімнің күні таяу, салт атқа мінсе баласына зақым келер деп Ұлжанды өзінің пәуескесіне отырғызып келген еді».
Жаңа туған сәбиге әкесі азан шақырып, Ибраһим деп ат қояды. Қамқор әжесі Зере тынымсыз нәрестенің бір нәрсеге ұрынып қалуынан қорқып, оған әр қадам сайын: «Абайла! Абайла...», – деп отырады екен.
Екінші, Абайдың Ақшоқысы. Ақшоқы дегенде бірден Абай емес, Құнанбай және оның әулеті жерленген үлкен қорым еске түсетіні анық.
Ал Абайдың өміріне қанық адамдар мен М. Әуезовтің «Абай жолын» мұқият оқығандар болмаса, Ақшоқының ақын өмірінің ғана емес, шығармашылығының да үлкен бір кезеңі өткен тарихи жер екенін білмейді де, оны қабірстан ретінде ғана танып, Құнанбай мекені деп бағалап келеді.
Ақшоқы «Абай жолында» жан-жақты суреттелген. Бұл жердің өзі үшке бөлінеді. Үлкен Ақшоқы – Абай отау құрып қоныстанған тарихи мекен болса, Орта Ақшоқы – Абайдың інісі Ысқақтың қонысы, ал Шеткі Ақшоқы – Еңлік пен Кебек жазаға ұшыраған орын.
1860 жылы Құнанбай Ұлжаннан туған үш ұлын – Тәңірберді, Абай және Ысқақты бір мезгілде үйлендіріп, оларға енші беріп бөлек шығарады.
Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде Құнанбайдың балаларына айтқан сөзін былай келтіреді: «Адам өседі, жер өспейді. Малды, жанды салып жүріп алған екі жерде қыстауым бар. Шыңғыстағы Хан өзеніне Құдайберді ие болсын, мына даладағы Жидебай, Борсықбай, Мұсақұл, Бараққа Оспан мен Ысмағұл ие болсын, сендер Ащысу өзенінің жағасындағы Ақшоқы, Тесіпшыққанға көшіңдер. Арты қара-бөктер, адыр алды ойылған көкпек қалың ши, жалпақ шабындық жердің шұрайы. Осы күні оған иеленген ел жоқ. Менің бір қызығып жүрген жерім еді. Ертеңнен қалмай көшіңдер, сендерге берген қыстауым сол», дейді. Бірақ Тәкежан: «Төрт-бес қыстаулық қара Шыңғысты Күңкенің баласына беріп, Ұлжаннан туған балаларды жапан дала, қалың қарға айдап тастаймын деуі дұрыс емес. Біздің шешеміз күң емес, біз құл емеспіз. Ол қорлыққа мен көнбеймін. Екеуің Ақшоқы мен Тесіпшыққанға барам десеңдер өздерің біл, мен осы түнде көшіп Хан өзенінің бойындағы Қаражұртқа барып қонып, там-қора түзетемін», – деп әке айтқанымен келіспей, Хан тауының бауырына барып қоныстанады. Абай мен Ысқақ әке шешіміне қарсы келмей Ақшоқыға барады. Бір жылдан кейін тұңғыш ұлы Ақылбай осы Үлкен Ақшоқыда дүниеге келеді. Абайдың інісі Ысқақ әулеті 1925 жылға дейін Ақшоқыны мекендеген. Абайдың көп балалары осы Ақшоқыда өмірге келген.
Абай Ақшоқыға орныққан соң, Ділдә мен Әйгерімге үлкен қыстақ салып беріп, тұрақтап қалады. Бұл жайында шежіреші Бекен Исабаев былай деп жазған еді:
«Ендігі сөз Үлкен Ақшоқы жайында. Бұл қоныс туралы бізге жеткен мағлұмат ұшан-теңіз. Тегінде Тобықты әулетінің бұл маңға қора-жай салған іргесін алғаш көмген жері осы Үлкен Ақшоқы болып табылады.
Абай Ділдәға 15 жасында үйленген. Сонда: Ақшоқы тауы Абайға 1860 жылдан бастап мекенжай болған болады. Бізше, осы атырапқа салынған қыстау қораның алғашқысы сол Абай, Ысқақ қорасы болса керек. Қазірде Ақшоқының Құнанбай мен Кәкітай зиратынан жоғары сай түкпірінде сол кезде салынған Абай қорасының іргетасы жатыр. Сол орында Абай мен Ділдәнің тұңғышы Ақылбай туған. Үлкен Ақшоқыны Ысқақ мекен етеді де, Абай көп ұзамай кіші Ақшоқыға ауысып кетеді. Кіші Ақшоқы үлкен Ақшоқыдан бір шақырымдай ғана таудың батыс шеті. Кіші Ақшоқыдағы қораның ішкі-сыртқы құрылысын Мұхаң «Абай жолы» эпопеясының «Еңісте», «Оқапта» атты тарауларында суреттеген-ді».
Шындығында да Ақшоқыдағы ақынның сегіз бөлмелі үйі «Абай жолында» да кеңірек суреттелген.
Ақшоқы – хакімнің ғылым, білімді терең меңгерген, «іші – алтын, сырты – күміс» сөз жақсысы өлең жүйесіне дендеп енген, ақындық қуаты шыңдалған, поэзия әлеміне еркін самғаған қасиетті, рухани мекен. Күреске толы өмірдің сан түрлі бұрылыстары мен қиындықтарын көрсе де жеңе білген, алдына қойған мақсат-мүддесіне қол жеткізе алған аяулы қонысы.
Қасиетті мекеннің Абай өмірі мен шығармашылығындағы орны ерекше. «...Қыстың қалың ортасы болған шақта, Абай Ақшоқыдағы жаңа қыстауында, үнемi кiтап соңында болатын. Аңнан Абай қайтып келгеннен берi Баймағамбет қалаға үш рет барып қоржын толтыра кiтап апарып, толтыра ала қайтып, Абайдың ендiгi ой азығын жиi-жиi ауыстырумен жүр. Абай Әйгерiм үйiнде отырып, оңашарақ орында кiтапқа алаңсыз үңiледi», – деп жазады Мұхтар Әуезов өзінің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясында.
«Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшiрiлiп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желiндей жай жылжып, бiрақ кең жайылып тарады. Бұл атырап, бұл сахара бұрын естiмеген сарын естi», – деп жазылғандай, Ақшоқыда Пушкиннен аудармалары, «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Айттым сәлем, қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып», тағы да басқа шығармалары дүниеге келіп, жан-жаққа тарап жатады.
Ақшоқы – Абайдың тұлға ретінде жан-жақты қалыптасуына, ғылым-білімді терең меңгеріп, ақындық жолға түсіп, қазақтың Абайынан әлем ойшылдарының біріне айналған, олардың қатарына даналық ойларымен теңесе алатын дәрежеге жеткізген қасиетті мекен. Өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаның түрлі қым-қиғаш өміріне қатысып, жаңа үйленген жас Абайдан дана хакімге ауысқан шақтары да осында өтеді. Төңірегіне өзінің дарынды ұрпақтарын ғана емес, өнерлі жастарды тартып, оларға жол көрсетіп, қазақтың ұлттық ойындарын дамытатын да осы кезең. «Аздап қолы босағандай болған соң, Абайдың алданышы қазақтың ұлт ойыны тоғызқұмалақ, дойбы ойнау. Бұрыннан ойыншы деп атақ алып жүрген Көтібақтан Көрпебай, Мамайдан Смағұл дегендерді шақырып алып ойын әдісін үйретеді. Өзі ғана үйреніп қоймай інісі Ысқақты, ағайыны Ырысалды, Махметжанды, көршісі Текжан, тағы бірнеше жастарды қатыстырып күні-түні бас алмай ойнайды», – деп жазады Әрхам Кәкітайұлы өзінің естелігінде.
Турағұл Абайұлы: «Көбінесе өлеңді қысты күні жазушы еді», дейді әкесі туралы.
Ақшоқыда отыз жылдан артық уақытта өмір сүрген кезеңінде Абай жүзден артық өлең мен аудармалар жазды. Классикалық өлеңдері мен поэмалары дүние келді. Ақшоқы нағыз поэзия бесігіне айналды.
Жақсы көретін інісі Оспан қайтыс болған соң, Абай әмеңгерлік жолмен оның әйелі Еркежанды алады да, Жидебайға қоныс аударады.
Үшінші тарихи мекен, қазақ поэзиясының меккесі атанған Жидебай – еліміз үшін қастер тұтар ең киелі мекеннің бірі. Жидебай – Абай өмірінің соңғы он жылы өткен, ұлы ақынның қаншама шығармалары дүние келген жер болуымен қатар, хакімнің мәңгілік тыныс тапқан мекені де. Абайдың асыл әжесі Зере мен аяулы анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді, данышпан Шәкәрімнің де осы жерде жерленуі тегін емес. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі тарихи оқиғалар да осы жерде өткен. Көркем шығармада Жидебайдың қорығы мен шұрайлы мекені жан-жақты суреттелген. Естеліктер мен көне көз қариялардың Жидебай туралы әңгімелері де жетерлік.
Жидебайды Құнанбайдың ата қонысы деп айтсақ артық емес. Құнанбай әулетінің де мекендеген қыстауы. Жидебай дегенде тебіренбес адам болмас. Қасиетті қарт Шыңғыстаудың топырағында жаралып, ауасымен демалып, табиғатынан нәр алған, дарын да, шабыт та, өнер де, Алла жаратқан тағы да басқа қасиеттер қонған Абайдың қазіргі «қарашаңырағы» да Жидебайда емес пе. Хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде ескерткіштермен бірге қорғауға алынған 6 400 гектар қорық алқабы да өзінің тарихи сипатымен ерекшелене түседі.
Табиғи қорық аумағында және Жидебайдың төңірегінде Абайға, оның әулетіне, ақын өмір кешкен дәуірге қатысты республикалық және жергілікті дәрежедегі тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан. Олар: Абайдың музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені, мешіт, «Құдайберді-Зере-Ұлжан» кешені, Еркежан зираты, Би ата – Кеңгірбай би мазары, Құнанбай құдығы, «Ғабитхан-Шәукімбай» зираты, Махмұт қорасы, Орыс қонысы, Ырыздықбай қорасы, Зұлғарыш қыстауы, Мұсақұл төбесі, Оспан құдығы, Оспан көлі, Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы, Өртең тауы. Бұл тарихи орындардың әр қайсысының ақын өмірінен алар, шежіреден сыр шертер, тарихтан толғау айтар өз орны бар асыл мұра.
Төртінші, Аралтөбе – Абай мекен қылған қасиетті қоныстардың бірі. Ұлы ақын өмірінің елеулі уақытының біразы осы жерде өткен. Аралтөбені «Әйгерім қыстауы» деп те атайды. Себебі Абай осы мекенде Әйгеріммен тұрып, екінші қыстауын салған. Аралтөбеде негізінен қыс мезгілінде тұрған. Аралтөбе туралы М.Әуезов «Абай жолында» былай деп суреттейді:
«Қыстауға қонғалы қазіргі қалың қыстың ортасына дейін Абай Аралтөбеде, Әйгерімнің оңаша қыстауында кітап соңында уақыт кешіретін. Ақшоқыда Мағаш, Нұрғаным, Ділдә мекендеген. Абай кейінгі жылдары осы Аралтөбеге Әйгерім мен өзіне арнап оңаша қыстау салған. Бұл қыстау Семей қаласына көп кіреберіс. Ақшоқыдан күндік жерде. Семейге де салт атпен жүрген қатты жүріс болса, бір күнде жетіп қонарлық жерде. Аралтөбенің жан-жақ маңайында үш шақырым, бес-алты шақырым, жеті-сегіз шақырым жерлерде көп ел бар. Жақында Ақылбай қыстауы, оның ар жағында әр рулардан шашырап қонған, топталған «көп жатақ» дейтін жатақтардың қыстаулары болатын».
Ақшоқыда Ділдәға арнап үй тұрғызса, сол үлгідегі қыстауды Аралтөбеде Әйгерімге салады.
«Аралтөбеде Абайдың ақындық еңбегінің ең өнімді шағы, шабытқа толы шығармашылық жылдары өткен. Онда Абай кітап оқуға сарыла ұзақ беріліп, Шығыс пен Батыс ойшылдарының, өнер мен ғылым адамдарының еңбектерінен молынан сусындайды. Оның үстіне осындағы Әйгерім қыстауы Шыңғыстағы қалың ел дау-дамайынан қағаберіс қалдырып, көбірек кітап оқуға мүмкіндік беретін.
Аралтөбедегі қыстауда Абай М.Ю.Лермонтов пен И.А.Крыловтың көп шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Көзімнің қарасы» өлеңдерінің әнін шығарған», – деп жазылған «Абай» энциклопедиясында.
Абайдың ең сүйікті дарынды шәкірті Көкбай Жанатайұлының естелігінде де ұстазының Аралтөбеде отырған кездері айтылады.
Бесінші, Абай мекен еткен Шыңғыстау жайлауындағы тарихи жерлер туралы айтуға болады. Шыңғыстаудағы айрықша жерлердің бірі, ақын шығармашылығындағы айрықша орны бар мекен – Бақанас өзенінің бойындағы Көпбейіт.
Көкбай ақын естелігінде былай дейді: «1880 жылдан бастап 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақытта сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уалаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді менің атымнан айтып еді. Осы хал 1886 жылға дейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай аулының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді».
«Абай жолы» роман-эпопеясында суреттелетін жайлаудағы тарихи жерлердің ішінде Бала Шақпақтың орны жоғары. Шыңғыстауда Шақпақ тау екеу. Бірі – осы Бала Шақпақ, бауыры-бастау бұлақ, екіншісі – Үлкен Шақпақ осы жерден бес-бес жарым шақырымда. Эпопеяда Шақпақта, әсіресе Бала Шақпақта қаншама оқиғалар баяндалып, Абай өмірі кезеңдерінің көптеген сәттері өткендігі жазылған.
«Өрде» тарауында: «Қызылқайнар тұсында, Жыландыда, Балашақпақта да Байсал ауылымен осы ауылдар ылғи сыбайлас боп, тіресіп келген екен. Күндіз-түні Көтібақ жігіттері Байсал ауылының айналасында болады дейді».
Ұлы ақынның өмірден озған жері де осы – Бала Шақпақ.
Әрхам Кәкітайұлының естелігінде Абайдың Бала Шақпақта қайтыс болғандығы айтылған:
«Сол жылы жонға, жайлауға Абайға, Ысқаққа қараған жиырма шақты ауыл түгел көшіп шықты. Жаздай батаоқыр болып, Абай ауылы жиыннан босамады. Бала Шақпақ өзеніне барып қонып Мағауияның қырқын өткізуге дайындық жасады. Тобықтымен көрші Керей, семіз Найман елдеріне де хабар берілді. Мағауияның жабдығын Кәкітай мен Турағұл басқарады. Абай мені қойыңдар деп кіріспеді. Көп адам жиналып қырқын, қатымын беріп тарқаған күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, жатып ұйықтамады. Өзі сөйлемеді, біреу жағдайын сұраса басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді.
Абайдың осындай ауруға ұшырағанын естіп өзінің бір туған ағасы Тәңірберді келді. Ол есіктен кіре аңырап жылап келді. «Бір анадан төртеу туып едік, екі ініден айырылып едім, енді мен сенің де артыңда қалатын болдым ба», – деп еңіреді. Абай ағасының бетіне қарап отырып: «Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі», деді.
Басқа сөз айтқан жоқ. Тілі сөйлеуге келмейді деп қойған ел Абайдың әдейі сөйлемейтінін сонда ғана білді. Абай үш күн сол қалыппен басын көтеріп жатпай отырып ескіше жиырма үшінші июнь күні елу тоғыз жасында дүниеден қайтты. Намазына жеті болыс ел шақырылды. Көп адам жиналды».
Қорытындылай айтатын болсақ, ұлылар туған жерінің киелі тарихын, жан-жақты мәдениетін білгенде ғана еліміздің ертеңін дамытатын жас ұрпақ қалыптасады. Техногенді заманда туған жер тарихын білу өте маңызды. Еліміздің рухани қасиетті жерлері, киелі географиясы ұғымы негізінде Абай, Шәкәрім, М.Әуезов дүниеге келген өлкедегі ұлыларға қатысты тарихи, киелі топонимикалық жер-су атаулары туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу, оларды нақты анықтап, белгі қою – бүгінгі күннің басты талабы.
Жандос ӘУБӘКІР,
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры