Басылым • Кеше

Сіз күткен сатиралық роман

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сатира сайыпқырандары десе, алдымен Жүсіпбек Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Сақтапберген Әлжіков, Темірбек Қожакеев, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш, Таңдай Кенеев, Көпен Әмірбек, Табыл Құлияс және тағы басқаларының аты-жөндері аузымызға түсетіні сөзсіз. Жас кезімізде осы күлкі корифейлерінің шығармаларын жата-жастана оқып өстік. Студенттік шақта олармен кездесу кештеріне қатысып, көбінің көзін көрдік, уәждерін тыңдадық. Ал бүгінгі әңгіме қазіргі таңда Ғаббас Қабышев бастаған сарбаздар сапынан ойып орын алар, шоқтығы биік Мұхтар Шерім хақында болмақ.

Сіз күткен сатиралық роман

Мұхтар мектеп қабырғасында жүріп тырнақалды дүниелерімен өзін сатира жанрына бейім екенін байқатты. Аудандық, облыстық газеттерде, бертін келе республикалық басылымдарда жарық көрген сықақ әңгімелері оны оқырмандарына тез танымал етті. Талапты жас ҚазМУ-дің журналистика факультетінде декан, профессор Темірбек Қожакеевтен дәріс алып, сүйікті шәкірті бола білді. «Мықшегенің» тәлім-тәрбиесін алды. Еңбек жолын аудандық газетте бастаған ол кейін «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде қызмет атқара жүріп, шеберлігін шыңдады. Басылымның «Қақпан» айдарын жүйелі түрде жүргізіп, заңды белінен басқан шенді мен шекпенділерді, жемқор басшыларды сын садағымен түйреді. Талай өткір мақалалар жазып, аймақтағы тілі тікенек фельетонист атанды. Республикалық «Ара» журналының оңтүстік өңірлердегі меншікті тілшісі болды. Тәуелсіз «Жұдырық», «Барыс» газеттерін ашты. Республикалық басылымдармен де тығыз шығар­машылық байланыс орнатты.

Уақыт өте келе қаламы жүр­дек жазушы төрт томдық жи­на­ғы мен «Құдағи құшақтай бе­реді», «Бюрократпен қоштасу», «Біз ұял­маймыз» кітаптарын шығарып, кесек көркем шы­ғармаларын ұсынды.

Жасыратыны жоқ, Мұхтар­ Шерім­­нің қайсы бір сықақ туын­дысын оқы­саңыз, ізденімпаз­ды­ғына, еңбек­қор­лығына, ше­берлігіне тәнті боласыз. Сатирик кейіпкерін қиялдан із­демейді. Өмірдің өзінен алады. Қо­ғамдағы келеңсіздіктер қаламына ерік­сіз іліне кетеді. Ал оны қандай форматта беру тәсілін жазушы шебер меңгерген. Оқырманын бірден еліктіріп әкетеді. Оқиғалар желісімен жетелей жөнеледі. Диалогтері де нанымды. Тіпті шағын әзілінің салмағы атанға жүк боларлықтай. Астарынан үлкен ойды аңғарасыз. Күл­кі­нің аясында зіл жатқанын ба­ғамдайсыз. Сыздауықтай сарказмды, иірімі мол ирония­ны ұшырата аласыз. Мұхтар Ше­рім биыл оқырмандарын елең ет­кізетіндей жағымды жаңалық әкелді.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның биылғы басты жиналы­сын­­да Мұхтар Шерімнің «Супер бетсіздер» сатиралық романы­ның жарық көруі жылдың басты жаңалығы ретінде баса айтылды. Кеңестік кезеңдегі Садықбек Адамбековтің, Есенжол Дом­баевтың сатиралық романда­рын айтпағанда, Мұхтар Ше­рім Қазақстанда тәуелсіздік ор­нағаннан кейін осы жанрда қа­лам тартқан тұңғыш қарымды қа­ламгер. Аталар дәстүрін қайта жаңғыртқан жазушы. Талай әдеби байқауларда топ жарып, олжа салған, бәйге алған саңлақ сатирик. Халықаралық «Алаш» әдеби, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сый­лықтары­ның иегері, Шона Смаханұлы атын­дағы сы­қақшылар байқауының бас жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты, «Қазақстан­ның Құрметті жазушысы».

Талантты жазбагердің бұған үлкен дайындықпен кел­ге­ні көрініп тұр. Романның ал­ғашқы бетін ашқаннан-ақ Мұхтар Шерімнің өзіне тән стилі оқырманды баурап ала қоя­ды. Сөз саптауы шымыр, диалогтері адам мінезін ашады. Кейіп­керлердің қақтығысы да нанымды. Әркімнің өзіндік бет-бейнесін, болмысын тани аласыз. Романдағы басты кейіпкер Майра бүгінгі қоғамның жинақ­талған образы деп айтуға болады. Мұн­дай «майра­лар» ортамызда толып жүр. Ол – уа­қыт­тың өзі тудырған бейне. Өте пысық. Пысықтығы сонша, диірменге сал­саң, бітеу түсетін, тірі шыққанымен қоймай қам­бадан қос қолтығына екі қап­ ұнды қысып ала шығатын жүлік. Билік баспалдағында отыр­ған бас­шыларды алдап-арбап, өз ық­тиярымен жеке мақсатына жұм­сай алатын епті. Аудан әкімі­мен тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласуы — со­ның айқын айғағы. Әлгіндей әре­кетімен ауыл әкімі, ­аудан әкімі қызметіне қол жеткізе­ді. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін­ ­қа­зар» деген. Оның аудан әкі­мі болып тағайындалғанына таң­ғал­мадық. Жылпостың жолы даңғыл. Облыс­тық мәслихаттың депутаты болып сайлануы да оңайға түс­ті. Қызметі сатылап көтеріліп, денсау­лық сақ­тау министрі орынтағына бір-ақ жайғасқанда да жағамызды ұста­мадық. Өйткені қазына қар­жысын жымқыруды әбден мең­гер­ген Майра барлық билікке ке­дер­гісіз қол жеткізе алады. Ол өмір сүріп отырған қоғам сон­дай. Сатиралық романда на­ша­қор­лық, жемқорлық, па­ра­қор­­лық, сат­қын­дық, екіжүз­ді­лік, жағым­паз­дық сияқты ке­леңсіз құбылыс­тар­дың беті ашылып, сын тезіне ілінеді. Әжуа етіледі. Бүгінгі қоғамның бет пердесі осылайша шешіледі.

Сатиралық романдағы учаске­лік инспектор, маскүнем Нартай, Қалқабай, Крутой, Кислота, Шаман сияқты кейіп­кер­лер есі­мізде қал­ды. Ауыл әкімдері Нартай мен Қалқабайдың тарты­сы, Мақсат пен Гүлдинаның шы­найы махаб­баты жақсы ашыл­ған. «Барыс» газе­тінің тіл­шісі Мақсаттың шындыққа ұм­ты­лып, сот, прокуратура, ішкі іс­тер органдарындағы әділетсіз­дікті, пара­қорлықты әшкере етуде көрген қор­лықтары оқыр­ман­дарды күмәнсіз сен­ді­реді. Ал шолақ белсенділердің әрекеті күлкі шақырады.

Жалпы, еліміздің спорт, сот, проку­ратура органдарында орын алған келеңсіз кемшіліктерді қа­ламгер уытты тілмен қалай әжуа­лайды десеңізші?! Қу дүние десе, қой­нындағы әйелін, қарт ата-анасын сатып кетуден тайынбайтын екі­жүзді адамдардың бейнесін әре­ке­тімен және диалогімен сәтті ашқан.

Мұхтар Шерім ащы кекесінді, кей­бір штрихтарды, ұтымды детальдарды шебер пайдалана біледі. Олардың іс­тері мен тірліктерінен кейде түңіліп кетесің. Қоғамның азғындап бара жат­қанына налисың! Лағнет айтасың. Ойға батасың. Жазушының құдіреті осында!

Жалпы, «Супер бетсіздер» романы — қазақ әдебиетінің сатира жанрына қосылған татымды туын­ды. Тілі жеңіл. Оқырмандарды жалықтырмайды.

Көрінбей кеткен бұл жанрда жазар көбейсін дейміз.

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі