
Сурет: ortcom.kz
Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Мәліс Әбсаметовтің жетекшілігімен дайындалған авторлар ұжымының «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласы» атты ауқымды еңбегі – еліміздің жерасты суларын зерттеуге арналған бірегей ғылыми жұмыс. Биыл осы кешенді зерттеу Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Бұл – тек ғылыми жаңалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық дамуға тікелей үлес қосатын жоба.
Зерттеу нәтижесінде ғалымдар даламыздың жерасты гидросферасын тұтас қамтитын тұңғыш гидрогеологиялық карталар атласын жасап шығарды. Бұл – 28 мамандандырылған карта, 12 схема, 47 гидрогеологиялық қима мен 33 жиынтық бағана секілді маңызды ақпаратты бір жүйеге біріктірген, бұрын-соңды болмаған ғылыми жетістік. Басқаша айтқанда, еліміздің жер қойнауындағы су қорының толық картасы алғаш рет кешенді түрде ұсынылып отыр.
Карталар атласы қазіргі заманғы цифрлық технологиялар арқылы жасалып, еліміздің әр өңіріндегі жерасты суларының нақты жай-күйін көрсетеді. Бұл деректер елдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, өндіріс орындарын сумен қамтуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты сақтауға үлкен септігін тигізеді. Қазірдің өзінде атлас су тапшылығына байланысты туындайтын қауіп-қатерлерді азайтуға арналған нақты шешімдердің негізіне айналып отыр.
Жұмыс барысында авторлар қазіргі гидрогеология ғылымының ең заманауи әдістерін қолданып, жерасты суларының сарқылуы мен ластануына қарсы қорғаныс шараларын да ұсынды. Мәселен, жерасты сулары мен техногендік факторлардың байланысын зерттеу, өңірлерді геоэкологиялық және гидрогеологиялық тұрғыда аудандастыру сынды нақты міндеттер кешенді түрде шешімін тапқан.
Ғылыми жаңалық қана емес, қолданбалы тәжірибе тұрғысынан да құнды бұл еңбек еліміздің су ресурстарын басқару ісінде жаңа парақ ашты. Оның авторлары – М.Әбсаметов, Р.Аязбаев, Е.Көлдеев, Е.Муртазин, В.Смоляр сынды ғалымдар отандық ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін Мемлекеттік сыйлық алуға әбден лайықты.
Бақытжан Жұмағұлов,
Ұлттық инженерлік академияның президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик