Аймақтар • Кеше

Жалғызбасты ананың жанайқайы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақшамның алагеуімінде әлдебір бөтен нөмірден қоңырау түсті.
– Сізге таудан телефон шалып тұр едім.
– Қайдан дейсіз?
– Таудан, – сәл іркілді де, – ауылда байланыс нашар. Осылай тауға шығып сөйлесеміз, – деген дауыс құмығып естілді.

Жалғызбасты ананың жанайқайы

Бүгінде баспана алу үшін жылдар бойы үй кезе­гінде тұрған адамдар қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де көп. Сондай қол­жетімді баспанаға қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы әрі жалғызілікті ананың бірі – Саянгүл Қалқашова. Жарма ауда­ны, Қаратөбе ауылдық округі Әди (осы ауылда туған майдангер жазушы, филология ғылымдарының докторы Әди Шәріповтің құрметіне қойылған атау) ауылының тұрғыны екен.

Күміс алқа иегері С.Қалқа­шо­ваның айтуынша, үй кезегіне 2000 жылы тұрыпты. Табаны күрек­тей 25 жыл. Кезегін ширек ғасыр табан аудармай күткен ананың алты баласы бар, күйеуі 2022 жылы дүниеден өткен. Бір бала­сы­ның көру қабілеті төмен, бірақ мү­ге­дектігін әлі ала алма­ған. Бү­гінде балалардың үлкен екеуі кә­ме­лет жасынан асқан. Қызы тұр­мыс­қа шығып, үлкен ұлы анасы мен бауырларына көмек­те­се­мін деп оқуын тастап, жұмыс істеп кеткен.

Сонымен 25 жыл өтсе де, үй кезегінде өзгеріс жоқ, керісінше кезегі шегеріле берген. Тіпті 2021 жылы, кейін 2023 жылы жел­тоқсан айында кезекке тұрған. Бірақ тіркегені де есепке алынбай, 2024 жылдың желтоқсанында кезекке қайта тұруға мәжбүрлеген көрінеді.

– 2024 жылы желтоқсанда үй кезегіне тағы тұрдым. Қазір, міне, кезекте тоқсаныншымын. Маған аудан әкімінің өзі сол кезде бір-екі айдың ішінде үй аласыз деген. Алайда екі ай түгілі, алты ай өтті. Алты ай ішінде әкімге тағы да үш рет бардым. «Сізге үй жоқ емес, бар, аласыз» дейді де, шығарып салады. 9-сынып бітірген балам екі жылдан кейін 18 жасқа толады. Содан соң кәмелетке толмаған үш балам ғана қалады. Онда маған талап бойынша үй берілмейді, – дейді С.Қалқашова.

Саянгүл секілді қаншама ананың жылдар бойы сарыла күткен пәтеріне кезегі енді келе бер­генде, не жасы зейнеткерлікке жетіп, не балалары кәмелетке то­лып, баспана көзден бұлбұл ұша­тыны жасырын емес.

– Қазір үйімдегі пешім құлап тұр. Не көмектесетін адам жоқ. Жанымда отырған туыс-туғаным да жоқ. Әкем өмірден озып кетті, шешеміз сексенге келді. Ол кісінің өзіне көмек керек, – деп көпбалалы ана мұңын шақты.

«Ауылдан неге көшкілеріңіз келеді?» деп сұрадым. Жалғызілік ана ауыл­дың болашағына сен­бей­ді. «Өйткені ауылда қазір елудей тү­тін қалған, мектептің өзі әрең тұр. Бір сыныпта бір бала оқиды. 9 сы­нып­қа дейін ғана. Не байланыс жоқ, жан-жақпен сөйлескісі келетін жұрт осылай желі қуалап тауда жүреді», дейді.

 

Абай облысы