
Ғұн садағына қарағанда сақтардыкі шағын әрі қысқа, жұмсақ болғандықтан, ат үстінен атуға қолайлы. Яғни сақтар ғұн садағын кішірейтіп жасау арқылы ат үстінен атуға ыңғайлы түрін дүниеге әкелген.
Сақ және ғұн садағының айырмасы көп. Сақ садағының ұзындығы 0,6–0,8 метр болса, ғұн садағы 1,2–1,6 метр. Басты айырмашылығы – сақ садағының сұғы қысқа, ғұн садағының сұғы ұзын болады. Ғұн садағы – сақ садағына қарағанда үлкен әрі қуатты.
Кейбір батыстық дереккөздер бұл садақты «скиф садағы» деп көрсетеді. Құрылымы туралы қазақ қарутанушысы, этнограф Қалиолла Ахметжан садақ бірнеше бөлек материалдан құрастырылып, олар тарамыспен бекітілген дейді. Яғни мұндай садақ әдеттегі жағдайда кері иіліп тұрады. Ал қолданған кезде серіппесі аса қуатты болған. Садақтың ұзындығы шамамен 60–80 см, оғының ұзындығы 60–70 см болғаны туралы жазады.
V–VІ ғасырларда дара ұлыс құрып, жұртты аузына қаратқан түркілер жасаған садақ та осы садақтың жалғасы. Түркілер садақтың серпіні қатты болу үшін ғұндардыкін сәл кішірейтіп, ат үстінен атуға ыңғайлап, уақыт өте келе садақтың сұғы мен иінінің де іші-сыртына және бауыр-жонына мүйіз жапсырма қаптап, жетілдіреді.
Оның сыртында көне түркілер темір қортумен айналысқанын білеміз. Соған қарағанда садақ жебелері темірден құйылып, жете жасалып түрленгені анық. Зерттеушілер түркі садағының ұзындығы 120-140 см, ең бастысы, құрама – күрделі садақ пайдаланғаны жайлы дерек келтіреді.