Мереке • 19 Шілде, 2025

Алтын қазған Алтынбек

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шілденің үшінші жексенбісі – металл өндіру және өңдеумен айналысатын мамандардың кәсіби мерекесі. Жоғары технологиялық білім мен жауапкершілікті талап ететін металлургтердің өздері де болаттай берік жандар десек, артық айтқандық емес, деп жазады Egemen.kz.

Алтын қазған Алтынбек

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында тау-кен металлургия кешенінің еңбеккерлеріне, оның ішінде металлургтерге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Мемлекет басшысы алғаш рет металлургтерге арналған екі жаңа мемлекеттік награда тағайындағаны белгілі. Мұның бәрі металлургия саласына деген зор құрмет екені сөзсіз.

Сондай адал еңбегімен, алға басып келе жатқан жұмысшы мамандардың бірі – Аягөз ауданының тұрғыны, металлург Алтынбек Ысқақов. Ол бүгінде елімізге белгілі Ақтоғай кен байыту фабрикасында жұмыс істейді.

«Мен KAZ Minerals компаниясына қарасты Ақтоғай кен байыту фабрикасында 2016 жылдың қазан айынан бері еңбек етіп келемін. 10 жылдай болды. Компания жұмысшы кадрларға ерекше мән береді. Біріншіден, бос жұмыс болса, Абай облысының халқын жұмыспен қамтуға тырысады. Екіншіден, «Тәлімгер» деген бағдарламамен жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар компанияға келіп, екі жыл тағылымдамадан өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Ал кейбір мамандар бір жыл, жарты жыл ішінде шеберлігін көрсетіп, штатқа орналасады», дейді Алтынбек Ысқақов.

Тау-кен металлургия кешені – өнеркәсіпті дамытудың негізі. Тәуелсіздік жылдарында бұл сала тұрақты экономикалық өсімге және әлеуметтік әл-ауқаттың нығаюына ықпал етті. 2024 жылдың қорытындысына сай ел экономикасына қосқан үлесі 6,9% болды. Бүгінде салада 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті жұмысы машина жасау, құрылыс, мұнай-газ және энергетика саласының дамуына серпін береді.

 «Металлургтер мерекесінде жұмыс істейміз. Өз ішімізде шағын мерекелік концерт өтеді. Бұрын кәсіби мерекемізге орай сыйақы тағайындайтын, қазір шындығын айту керек, сыйақы жоқ. Бірақ кәсіпорын бірінші орында еңбек қауіпсіздігіне көңіл бөледі. «Vision Zero» немесе «Нулевой травматизм» деген арнайы бағдарлама бар. Қауіпсіздік жұмысшылардың киімінен басталады. Бір киімді алған соң екі-үш жыл кимейсің, тозығы жеткен соң ауыстыруыңа болады. Жарты жылдан кейін де, не болмаса жыртылып қалса, қайта аласың. «Не істесең де, мынаны істе» деген көзқарас жоқ, алдымен жұмыс қауіпсіз болуға тиіс.  Компаниямыз метталлургия саласында алдыңғы қатардағы кәсіпорын. Осында жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметке дейін көтерілдім. Ешқандай таныс-тамырсыз, аға-көкесіз адал еңбекпен осы жетістікке жеттік», дейді ол.

Абай облысы