Заң • Бүгін, 09:04

Той-томалаққа жиі ақша аударсақ, салық органдары назарына ілігеміз бе?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заңгер Алмаз ОТАРОВТЫҢ жауабы:

– Бүгінде цифрлық төлемдер – өмірдің ажырамас бөлігі. Әсіресе қазақ қоғамында той-томалақ, шілдехана, бесік той, сүндет той, құдалық, қонаққа бару сияқты дәс­түр­лі жиындарға байланысты ақша беру, аудару үйреншікті іс. Осындай кезде «Kaspi Gold» немесе басқа банк картасы арқылы туысқа, досқа ақша жіберіп жатамыз.

Той-томалаққа жиі ақша аударсақ, салық органдары назарына ілігеміз бе?

Фото: uralskweek.kz

Алайда 2025 жылдан бастап мемлекет көлеңкелі экономикамен күресті күшейтіп жатқандықтан, цифрлық транзакциялар да назарда болады. Бұл дегеніміз, мемлекет әрбір аударымды қарап, салық салайын деп отыр деген сөз емес. Бірақ белгілі бір шектеулерден асқан операциялар, мысалы, бір айда бірнеше адамға 300 мың теңгеден көп ақша жіберу немесе үш ай қатарынан жүзден астам түрлі адамнан тұрақты түрде қаражат түсуі – күмән тудыруы мүмкін.

Мұндай жағдайда банктер дерек­терді автоматты түрде Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) жібереді. Агенттік өз кезегінде азаматқа хабарласып, «ақша не үшін келді, кімнен, қандай мақсатпен кетті?» деген сұрақтар қоюы ықтимал. Яғни тексеріс тек қаражат сомасы мен жиілігіне байланысты жүреді.

Кеңесім, той-томалаққа байланысты ақша болса, азамат оны нақты түсіндіре алуы керек. Мыса­лы, «інімнің үйлену тойына», немесе «анамның мерейтойына туған-туыстар ақша жинады» деген сияқты жазбаша түсініктеме болуы артықтық етпейді. Мұндай түсініктемені қарапайым форматта, қалауыңыз бойынша нотариус­та немесе электрондық түрде де жасауға болады. Яғни сақтық үшін. Бірақ ескерте кетейік, мұның тек құ­қықтық мәні ғана жоғары. Қажет болған жағдайда аударымның мақса­тын көрсететін  дәлел ретінде ғана қарастырылуы мүмкін. Түсініктемесіз аударымдар көп жағдайда даулы жағдай туындағанда адамның өз позициясын қорғауға кедергі келтіреді.

Ең бастысы, сіздің табыс көзіңіз бен ақша қозғалысыңыз арасындағы сәйкестік сақталуы керек. Егер жүйелі түрде біреулерге тауар сатып, қызмет көрсетіп, бірақ оны тойға қатысты көмек деп бүркемелеп жүрсеңіз, ол заңсыз кәсіпкерлік ретінде бағалануы мүмкін.

Сондықтан заңгер ретінде айтарым, ақшаңыз заңды жолмен келіп, ашық түрде жүріп отырса, уайымдауға негіз жоқ. Ал егер жиі әрі ірі көлемде қаражат айналымы болса, оның не үшін екенін растап, салық есебінде көрсету – сіздің мүддеңіз.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»