Заң • Бүгін, 08:30

Сот төрелігінің тиімділігін арттыру міндеті

100 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1 шілдеден бастап елімізде үш жаңа кассациялық сот жұмыс істей бастады. Бұл маңызды қадам сот жүйесі дамуындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді және мемлекетіміздің сот төрелігін жүзеге асырудағы жоғары стандарттарға ұмтылысын көрсетеді. Реформа Мемлекет басшысының отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысында берген тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып, сот төрелігіне толық қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімдеріне шағымдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Сот төрелігінің тиімділігін арттыру міндеті

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қатар жаңа саяси-құ­қықтық және әлеуметтік инс­титуттар құрылып, дамыды, со­ның нәтижесінде сот жүйесі де біртіндеп жетілдірілді.

Сот реформасының маңыз­ды элементтерінің бірі 2005 жылдың желтоқсанында сот ісін жүргізуді жеңілдетуге, жер­гілікті соттардың рөлін күшей­туге, қадағалау сатыларын қыс­қартуға бағытталған сот­ты­лықты шектеу туралы заң­ның қабылдануы болды. Осы заң­ға сәйкес Жоғарғы сотта бір қада­ғалау сатысы қалдырылып, істер­дің көпшілігі облыстық соттардың кассациялық алқа­ларында түп­кілікті шешімін таба бастады.

2012 жылдың ақпанында істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіруге, сол саты­ларда істерді қайта қарау негіз­­дерін қысқартуға, сот ісін жүр­гізуді же­ңілдетуге бағыт­талған заңдар қабылданды.

Бұл үлгілердің негізгі кем­шілігі «Жоғарғы сот – облыстық сот – аудандық сот» үш сатылы сот жүйесіне арналмаған. Нәтижесінде бір деңгейдегі соттарда уақыт өте «біріккен» және тиімділігін жоғалтқан екі саты пайда болды.

2016 жылға дейін облыстық соттар апелляциялық (заңды кү­шіне енбеген) және кассациялық тәртіпте (заңды күшіне енген) сот шешімдерін қарады. Жоғарғы сотта қадағалау және қайта қа­дағалау болды.

2016 жылы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру шеңберінде бес сатылы сот төрелігі жүйесінен үш сатылы жүйеге көшу жүзеге асырылды. Осыған сәйкес облыстық және оған теңестірілген соттар­дың кассациялық сот алқалары таратылып, Жоғарғы соттың қадағалау сот алқалары касса­циялық саты ретінде әрекет ете бастады. Алайда сот ісін жүргізудің үш сатылы моделіне көшу де бұл негізгі мәселені шеше алмады. Іс жүзінде екі толыққанды (аудандық соттарда бірінші, облыстық соттарда апелляциялық) және екі қысқартылған (Жоғарғы сотта кассациялық және қадағалау) сатылар жұмыс істейтін төрт деңгейлі модель құрылды.

Бұл ретте әрбір сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарау мүмкін емес. Процестік заңнама бойынша сот актілері кассациялық тәртіпте қайта қаралуға жатпайтын істердің тізбесі белгіленген. Сонымен қатар үдеріске қатысушылар тарапынан сын тудырған азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық шағымдарды судьяның алдын ала жалғыз өзі қарау кезеңі болды.

Жоғарғы соттың жұмысына қанағаттанбау себебі өте қара­пайым: істердің 5%-ға жуығы ғана алқалы қарау үшін алдын ала қарау елегінен өткен. Мұны растау үшін бірқатар цифрды алға тартқаным жөн.

Кейінгі үш жылда (2022–2024) қылмыстық істер бойынша қаралған 15 мың өтінішхаттың 535-і немесе 3,5 пайызы ғана алдын ала қаралып, кассациялық алқаға жіберілген. Азаматтық істер бойынша жағдай біршама жақсырақ: 31 мың өтінішхатты алдын ала қарау қорытындысы бойынша кассациялық тәртіпте 1 688 немесе 5,4 пайызы қаралды.

Әкімшілік әділетте ғана сот актілерін қайта қарау әкім­шілік соттың шешімдері мен ұйғарымдарына барлық шағым кассациялық алқада қаралатын «жаппай» кассациялық үлгі бо­йын­ша жүзеге асырылды. Жаңа кассациялық соттарда алдын ала қарау сатысы болмайды, аза­маттардың кассациялық тәр­тіпке тікелей қол жеткізу мүм­кіндігі болады. Барлық шағым тараптарды шақырумен сот отырысында алқалы түрде қаралады. Мұндай жағдайда кассациялық соттардың жүк­темесі арта түсетіні сөзсіз, бірақ біз кассациялық қадағалау­ға қолжетімділікті ке­ңейту мақ­сатында бұл қадамға саналы түрде бардық.

Қазіргі нақты жағдайда Жоғар­ғы соттың рөлі де өзгерді. Дәлірек айтсақ, Жоғарғы соттың қызметі Конституцияның 81-бабында көрсетілген негізгі үш міндетке жұмылдырылады. Жер­гілікті және басқа да соттардың қарауына жататын азаматтық, қылмыстық және өзге де істерді қарайтын жоғары сот органы ретінде Жоғарғы соттың бірінші міндеті – ерекше жағдайларда кассациялық тәртіпте заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауды қам­тамасыз ету.

Жоғарғы сотта іс жүргізу Жо­ғарғы сот судьясының ұсы­нуы немесе Бас прокурор­дың наразылығы бойынша
қозғалады.

Қабылданған сот актілері кассациялық сатыда қаралған соң, ерекше жағдайлар ретінде заң мыналарды қарастырады: мемлекеттiк немесе қоғам­дық мүдделерге, мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiне әсер ете­тiн немесе адамдардың өмiрi, денсаулығы немесе Қазақстан Республикасының экономикасы үшiн қайтымсыз ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүм­кiн; адамдардың белгісіз санының құқы мен заңды мүд­десін немесе өзге де қо­ғамдық мүддені бұзса; егер өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса; соттардың құқықтық нормаларды түсіндіру мен қолданудағы біркелкілігін бұзса. Мұндай қайта қарау жағ­дайлары дара сипатта болатынына сенімдімін.

Екінші міндет. Заңда көз­делген жағдайларда Жоғарғы Сот оның соттылығына жатқызылған сот істерін қарайды. Мысалы, бұл Орталық сайлау комиссиясының, Орталық референдум комис­сиясының шешімдері мен әрекет­теріне (әрекетсіздігіне) дау туғы­затын әкімшілік істер.

Үшінші міндет – сот прак­тикасының мәселелері бойынша түсініктеме беру. Бұл жұмыс кассациялық өтінішхаттарды қарауға байланысты жұмыстың көптігінен көпке дейін екінші жоспарда қалып қойды, енді айтарлықтай жандана түспек.

Түсініктемелерді дайындау үдерісі күрделі әрі көп еңбекті қажет етеді. Бірінші кезеңде сот практикасын зерделеу қажет. Осы мақсатта даулардың белгілі бір санаты немесе құқықтық қатынастар саласы бойынша соттардың құқық қолдану қызметін зерттеуді біл­діретін тиісті қорытулар жос­парлы негізде жүргізіледі.

Қорытулар тақырыптары ерікті түрде емес, өзекті сан­дық, сапалық және басқа өлшем­шарттарды ескере отырып анықталады. Сандық өлшем­шарттарға соттар қарай­тын істердің жалпы құрылы­мында даулардың немесе құқық­бұ­зу­шылықтардың белгілі бір санатының үлкен үлесі немесе апелляциялық және кассациялық сатыдағы істердің жекелеген санаттарының күшін жою, өзгертулердің жоғары үлесі, т.б. Сапалық өлшемшарттардың мысалдарына қорытулар санаттағы істердің азаматтар, бизнес және мемлекет үшін маңыздылығы, үдеріске қатысушылардың, оның ішінде жеке кездесу кезінде түскен шағымдарды талдау нәтижелері жатады.

Қорытулар жүргізген кезде судьялар сот істерін зерделей отырып, соттардың заңнаманы қолдануындағы салыстырмалы тұрақты айырмашылықтарды анықтайды. Осы мақсатта сот жүйесінің арсеналында жасанды интеллект элементтері бар тиімді IT-құралы қазірдің өзінде бар. Содан кейін оларды жүйелеу және талдау шеңберінде мұндай ауытқулардың себептері мен шарт­тары анықталады. Олар әр­түрлі болуы мүмкін: құқықтық ол­қы­лықтар мен қайшы­лық­тар­дың болуы, заңнамалық норма­лар­дың әртүрлі түсіндірілуі, т.б.

Нәтижесінде сот практи­касында анықталған проблемаларды жою үшін оларды ше­шу бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленеді. Егер сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық және заңға тәуел­ді нормативтік құқықтық ак­тілерді түзету қажет болса, заң­намадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою жөніндегі ұсыныстар уәкілетті лауазымды тұлғаларға жіберіледі. Егер құқықтық нормаларды қол­данудың сот практикасын нақ­тылау арқылы мәселелерді шешу мүмкін болса, онда нормативтік қаулы жобасы түріндегі ұсы­ныстар Жоғарғы соттың жалпы отырысының қарауына шыға­рылады.

Бүгінгі таңда заң шығару жүйесіне Жоғарғы соттың мін­детті болып табылатын 112 нор­мативтік қаулысы енгізілген. Кейбір мәселелер нормативтік реттеуді қажет етпейтінін ескере келе, Жоғарғы соттың жалпы отырысы «Қазақстан Респуб­ликасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 22-бабының 1-тармағын бас­шы­лыққа ала отырып, төменгі сатыдағы соттар үшін ұсыным­дарды қамтитын сот практикасына түсініктемелер бере алады.

Мысалы, мұндай түсіндірулер істердің соттылығын анықтау мәселелерін шешуі мүмкін. Осы құрал сот ісін жүргізудің әртүрлі түрлері арасындағы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етудің жедел ме­ханизміне айналады. Бұл Ве­не­ция комиссиясының ұсыныс­тарына және озық халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

Жоғарғы соттың судьялары төменгі сатыдағы соттарға сот практикасына шолулар, талдаулар және қорытулар жіберумен қатар, оқыту іс-шараларын өткізу және практикалық көмек көрсе­ту арқылы жергілікті соттарға жүйелі түрде әдістемелік қолдау көрсетеді.

Жоғарғы сот сапалы және болжамды сот төрелігін қамтамасыз ету үшін барлық шараны қа­былдайды. Бұл соттарға сенім деңгейін анықтайтын негізгі фактор болып саналады.

Асламбек МЕРҒАЛИЕВ,

Жоғарғы сот төрағасы