Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді?

30 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект – жаһандық бәсекенің жаңа алаңы. Бұл салада алпауыт мемлекеттер ілгері қадам жасап, технологиялық үстемдікке ұмтылып жатқаны белгілі. Елімізде де ЖИ-ге қатысты нақты әрі жүйелі бастамалар көтеріліп жатыр. Мемлекеттік деңгейде институционалдық негіз қаланып, ұзақмерзімді стратегия әзірленді. Алайда жасанды интеллект бәрін жасайды деген шындық па, қиял ма? Оны қай салада қалай пайдалану керек?

Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді?

Суперкомпьютердің көмегі орасан

Цифрлық да­му, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, еліміз жасанды интеллект саласын стратегиялық бағыт ретінде айқын­дап отыр.

1

– Қазіргі таңда жасанды интеллект саласын жүйелі дамыту үшін кешенді жұмыс жүргізудеміз. Ең әуелі институционалдық негіз құрылды. Атап айтқанда, жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі комитет жұмысын бастады. Сонымен қатар 2029 жылға дейінгі тұжырымдаманы бекіттік. Ендігі кезекте ұлттық стратегия дайындалып жатыр. Бұл құжат жасанды интеллектінің елдегі барлық салаға енуін қамтамасыз етеді. Халықаралық тәжірибе де ескерусіз қалмайды. Осы мақсатта Президент тапсырмасымен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес құрамына әлемдік деңгейдегі сарапшылар тартылып, еліміздегі жобаларға бағыт-бағдар береді, – дейді министр.

«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы да әзірленіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – этикалық нормаларды белгілеу, ЖИ өнімдерін айқындайтын арнайы таңбалар енгізу, саланың терминология­сын нақтылап, әрі қарай дамуына негіз болу. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл заң технологияның дамуына кедергі келтірмеуі керек.

– Мемлекет жасанды интеллект өнімдерін жасауды емес, әзірлеушілерге қажетті инфрақұрылым мен жағдай жасап беруді өз міндетіне алады. Яғни университеттерге, стартаптарға, зерттеу орталықтарына, мемлекеттік органдарға – бәріне тең мүмкіндік берілуге тиіс. Ол үшін алпауыт елдермен келіссөз жүргізіліп, шетелдік дата-орталықтарда отандық «GPU»-кластерлер орналасты­рылды. Назарбаев университетімен бірлесіп қазақ тілінде алғашқы ірі тілдік модель «KazLLM» жасалды. 70 миллиард параметрден және 40 миллиард токен­нен тұратын модель желтоқсан айында та­ныстырылады.

Жасанды интеллектіні дамытуда адам капиталы – басты ресурс. Сол себепті алдағы бес жылда кемінде 1 миллион адамды осы саладағы негізгі біліммен, дағдымен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 500 мың оқушы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың корпоративтік сектор өкілі және 30 мың түрлі сала маманы бар. Бұл «Ai sana» деп аталатын ұлттық бағдарлама аясында жүзеге асады. Ал Астанадағы ЭКСПО аумағы толықтай ЖИ экожүйе­сіне бейімделіп жатыр. Мұнда халық­ара­лық жасанды интеллект орталығы
құрылады.

 

Банк нарығындағы белес

Жасанды интеллект қазір қаржы саласында маңызды құралға айналды. Ол бизнес барысын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. ЖИ-ді алғаш болып жүйелі түрде қолға алғандардың бірі – «Halyk Bank».

2

– Біздің банк­те жасанды интеллект күнделікті жұ­мыстың бір бө­лі­­гіне айналды. Оны жай технология ре­тінде емес, тұтынушыға ыңғайлы, пайдалы қызмет ұсынатын құрал ретінде қарастырамыз. Осы мақсатта 50-ге жуық ірі компанияның топ-менеджерлеріне арнайы семинарлар өткізіп, шетелдік сарапшылардың қатысуымен ЖИ-ді дұрыс қолдану жолдарын көрсеттік. Қазір банктің үшжылдық цифрлық стратегиясы толықтай жасанды интеллектіге негізделген. Біз әр клиенттің қалауы мен әдетіне сай қызмет ұсынамыз. Біреу телефонмен сөйлескенді қалайды, біреу «Telegram» қолданады. Біздің жүйе осыны ескеріп, дәл сол уақытта, дәл сол арна арқылы ұсыныс жасайды. Бұл – гипер­персонализация әдісі.

Сондай-ақ банк ішінде де үдеріс ЖИ арқылы оңтайландырылып жатыр. Мысалы, код жазу, тексеру, техникалық құжаттар дайындау – бәрі енді бірнеше сағатта орындалады. Бұрын бұл жұмыс апталап созылатын. Қызметкерлерге де ЖИ көмектеседі. Тұтынушылардың өміріндегі жағдайына бейімделген қызметтер де бар. Мысалы, шетелге шыққанда роу­минг ескертуі, бала дүниеге келгенде сақтандыру ұсынысы, карта мерзімі біткенде қайта шығару туралы ескерту келіп отырады, –дейді банк өкілі Нариман Мұқышев.

 

ЖИ-агенттің жөні бөлек

Елімізде жасанды интеллект мем­лекеттік басқару жүйесінде де кеңінен қолданылып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеп жатқан Ұлттық жасанды интеллект платформасы мемлекеттік қызметті автоматтандырудың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Вице-министр Дмитрий Мунның айтуынша, алдағы екі-үш жылда әрбір отандасымызға жасанды интеллект агенті қолжетімді болады.

3

– Қазіргі таңда ұлттық жасанды интеллект платформасы тәжірибелік режімде іске қосылды. Платформада мемлекеттік органдар мен әзірлеушілер өз ЖИ-агенттерін қауіпсіз ортада жасап, сынақтан өткізіп, әрі қарай оларды нақты қызметтерге енгізе алады. Біздің мақсат – 2025 жылдың соңына дейін кемінде 50 ЖИ-агентті іске қосу. Бұл 7 миллионнан астам азаматтың уақытын үнемдеуге көмектеседі. Біз ең күрделі және жиі кездесетін мемлекеттік қыз­метті сараптап, оларды жасанды интеллект арқылы автоматтандыру жолда­рын қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде 12 агент ­дайын. Мысалы, «eGov» көмекшісі 75% дәл жұмыс істейді. Оны миллионнан астам азамат пайдаланып көрді. Медицина саласында дәрігердің қабылдауын автоматты түрде жазып отыратын жүйе іске қосылды. Сонымен қатар салық, кеден, инвес­тиция саласына арналған көмекшілер де әзірленіп жатыр. Олар қарапайым тілде кеңес береді. «e-Otinish»-ке келіп түсе­тін өтініштерді қарап, заңнамалық бап­тар­ды автоматты түрде сәйкестендіретін жүйені де енгіздік. Жылына 3 миллион өті­ніш түсетінін ескерсек, бұл үлкен жүкте­мені жеңілдетуге көмектеседі, – дейді ­Дмитрий Мун.

 

ЖИ мұғалімді ауыс­тыра алмайды

Жасанды интеллект ең күрделі салалардың бірі білімге де еніп отыр. Алайда білім беру жай ғана технология енгізіп қоя салатын сала емес. Мұнда баланың отбасылық жағдайы, өскен ортасы, психологиялық ерекшеліктері секілді факторлар әсер етеді. Сондықтан білім саласының сарапшысы Нұрлан Қиясовтың айтуынша, «ЖИ білім саласына төңкеріс әкеледі» деген жарнамалық ұрандар мен стартаптардың ұсынған шешімдеріне сақтықпен қараған жөн.

4

«Білім саласында «ЖИ бәрін шешеді» деген ұран көп. Бірақ ашық айтайын, бұл шындыққа жанаспайды. Себебі білім саласы ең күрделі жүйелердің бірі. Мұнда әр оқушы – бірегей тұлға. Сан түрлі фактор әсер еткен ортада бір ғана алгоритммен нәтижеге жету мүмкін емес. Кейінгі он жылда онлайн оқу, цифрлық платформалар енгізілді. Бірақ олар негізгі мәселені – білім сапасын жақсартуды шеше алмады. Зерттеулерге сенсек, цифрлық технологиялар енгізілген мектептердің 95%-ында оқушылардың білім деңгейі жақсармаған, керісінше төмендеген. Сонда біз не үшін интернет қосып, құрылғы сатып алып ­жатырмыз?

Мен үш басты мәселені айтқым келеді:

Бірінші, мектептер арасындағы теңсіздік. Қалалық, ауылдық, қазақ, орыс, ұлттық мектептер арасындағы алшақтық өте үлкен. Атырау облысындағы бір ауыл мектебінің 8-сынып оқушысы мен ең үздік қалалық мектептің 5-сынып оқушысы бір деңгейде. Яғни ауыл баласы үш жыл артта келеді. Бірақ біздегі білім саясаты бұған жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

Екінші, функционалды сауатсыздық. Түлектердің 60%-ы ақпаратты өмірде қолдана алмайды. Олар мәтінді оқыған­­мен, логикалық қорытынды жасауға икемсіз. Қарапайым тапсырманы шешуге қиналады. Бұл – болашақта жұмыссыздар мен қажетсіз мамандықтар саны артады деген сөз. Өйткені білім тек жаттауға негізделген. Ал дамыған елдерде оқыту жобалық және зерттеуге негізделеді. Бізге де осы бағытқа көшу қажет.

Үшінші, қаржыны тиімсіз пайдалану. Мектептерге, университеттерге миллиардтап қаржы бөлінеді. Бірақ нәтиже қайда? Оқыту сапасы, қылмыс деңгейі, әлеуметтік өмірге әсері – ешбірі өзгермейді. Себебі бұл қаражат жай ғана игеріліп жатыр. Жасанды интеллект осы үш мәселені шешуге көмектесе алады. Бірақ ол үшін жүйелі, дәлелденген әдіс-тәсіл керек. Бүгінгі мектеп болашақтың жұмыс нарығына бейімделген түлектерді тәрбиелеуі керек. ЖИ-мен жұмыс істеу – артықшылық емес, қажеттілікке айналады. Бірақ жасанды интеллект мұғалімнің орнын баспауы қажет. Мұғалім ЖИ-ді түсінуі, қолдануы, модельдеуді үйренуі қажет», дейді сарапшы.

2029 жылдан бастап «PISA» оқу­шылардың ЖИ сауаттылығын да бағалай бастайды. Бұл – еліміз үшін үлкен сын. Әлем елдері қазірдің өзінде әрекет етіп жатыр. Мысалы, АҚШ ЖИ пәнін мектеп бағдарламасына енгізді. Эстония мұға­лімдерді қайта даярлау бойынша ауқымды бағдарлама қабылдады. Қытай 200 мектепте ЖИ пәнін міндетті етіп енгізді. Ресей бағдарламалау пәнінің орнына ЖИ мен роботтехниканы оқыта бас­тады.

– Елімізде «EdTech» стартаптар мектепке кіре алмай отыр. Себебі біз мұғалім еңбегін толық түсінбейміз, мұғалімге құрал ұсынбас бұрын оның жұмыс жүктемесі мен сабақты қалай өткізетінін түсінуіміз керек. Мұғалім әр оқушыға бейімдеп оқытады. Ал ЖИ оқушының көзіне қарап, түсінген-түсінбегенін сезе алмайды. Бірақ ЖИ мұғалімнің жүктемесін азайта алады. Сабақ жоспарын құрастырады, тест дайындайды, бағалау жүргізеді, құжат толтырады.

Ең басты кедергі дерек сапасы. ЖИ сапалы әрі құрылымдалған дерекпен ғана жұ­мыс істей алады. Әкімшілік деректер мен оқу деректер жиынтығын өңдеп, талдай алсақ, шынайы ЖИ-көмекші жасауға болады.

Елімізге жасанды интеллектіні мектеп жүйесіне енгізу үшін бес бағытта жұмыс істеу керек:

  1. Басқару және нормативтік база – жүйені дұрыс реттеу.
  2. Мұғалімді дамыту – қайта даярлау, оқыту.
  3. Қосымша білім беру – «EdTech» компанияларын тарту.
  4. Бағалау жүйесін өзгерту – бес балдық бағалау емес, дағды мен нәтиже өлшемі.
  5. Инфрақұрылым – интернет, құрылғы, сапалы платформа.

ЖИ мұғалімді ешқашан алмастырмайды. Ол – көмекші. Бірақ тек дұрыс қолданылғанда ғана пайда береді. Әйтпесе, білім жүйесі тағы да сол бір шексіз реформалардың құрбаны болып қала беруі мүмкін, – дейді.

Медицинаны цифрландыру жайы мәз емес

Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласына да қарқынды енгізіліп жатыр. Бірақ елімізде бұл үдерістің өз ерекшелігі бар. Цифрлық жүйелер енгізілгенімен, тиімділігі мен сапасы жиі сынға ұшырап жатады. Цифрландырудың шынайы пайдасы туралы, сондай-ақ медицинадағы жасанды интеллектінің әлеуеті мен қазіргі қиындығы жөнінде «Galamat Group» холдингінің негізін қалаушы, дәрігер әрі кәсіпкер Сейтжан Сыпабеков пікір білдірді.

5

– Алдын алу шараларында жасанды интеллектінің маңызы ерекше. Қазір бұл еш талқыланбайтын, мойындалған факт. ЖИ негізінде көптеген шешім қабылданып жатыр. Айталық, әлемдік деңгейдегі алғашқы отандық ЖИ жобасы – «Cern». Бұл – еліміз­де жасалған, халықаралық медициналық қауымдастық мо­йын­даған алғашқы ЖИ өнімі. Дегенмен елдегі цифр­лан­ды­рудың қазіргі ахуалы күрделі. Қол­да­ныстағы МӘМС жүйесінің мәселесі шешілмей тұр. Мысалы, сіз дәрігерге қаралмасаңыз да,­ емханаға барып, дә­рігер қабыл­да­уынан өтіп жүр деп тіркелген жағдай жиі кездеседі. Бұл – жүйенің ашық еместігінің көрінісі.

Ауыл-аймақтарда ахуал тіпті ауыр. Ай­мақтардағы жағ­дайды ескерсек, цифр­­ландыру нем­құрайды түрде ғана жүріп жатыр. Жасанды интел­лек­тіге қатысты стартаптардың 95 пайызы болашақта пай­дасыз болады. Неге? Өйткені бұл жоба­лар архитектуралық және қолданбалы жағынан әлсіз. Акселерациядан өткен кей жобалар шын мәнінде мәселені шешпейді, тек көрінгенді көшіреді. Бұны акселерациялық бағдарламаларға қатысқан кезде байқадым.

Елімізде цифрландыру бойынша­ шешілмеген үш негізгі мәселе бар. Бірінші, дәрі­герлік «ID» мен бірыңғай электрондық база жоқ. Мен хирург-дәрігер бола тұра, шетелде жолаушыға көмек көрсетпек бол­ған­да, электрондық түрде «мен дәрі­гер­мін» дегенді растайтын құжат жоқ бол­ған­дықтан, көмегім қабылданбады. Яғни цифрлық дәрігерлік құжаттар жүйесі жоқ.

Екіншіден, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – елдегі барлық денсаулық сақтау жүйесінің негізіне айналған. Мысалы, бір қалада жылына 5000 катаракта операциясы жүргізіледі. Бірақ бұл 5000 операцияны кім, қандай критериймен қай клиникаға береді? Бұл шешімді небәрі 2-3 адам қабылдайды. Ашықтық жоқ. Ал инвестор өз қаржысына озық клиника салып, шетелдік мамандарды оқытып, заманауи жабдық алса да, оған 75-ақ операциялық квота бөлінеді. Мұндай әділетсіздік жүйені әлсіретіп тұр.

Үшіншіден, жабдық сатып алуда ашықтық жоқ. Мысалы, компьютерлік томография немесе МРТ жабдығын сатып алу бойынша шешімді маман емес, адам қабылдайды. Нәтижесінде, артық ақша шығындалып, бюджет тиімсіз жұмсалады. Егер ЖИ негізіндегі ұлттық регистр жасап, әр өңірдің статистикасын нақты есептесек, қандай жабдық қай аймаққа тиімді екенін автоматты түрде анықтап отыруға болар еді. Бұл миллиардтаған теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

Біздің мақсат – ЖИ арқылы жүйелік шешімдер қабылдай алатын, сервистік медицинаны дамыту. Бірақ бұл тек технологиямен шешілмейді. Оған дерек, ашықтық және адами факторды азайту қажет, – дейді