Мәдениет • Кеше

«Алтын домбыра» иесі ағаш домбыра жасауға неге құмартты?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Еңбек – ер дәулеті» дейді дана халқымыз. Ойшылдар мұны болмыс бостандығы мен жан еркіндігінің негізгі кілті деп есептейді. Мәселен, Ахмет Ясауи ағаштан ыдыс-аяқ жасаумен айналысса, Шәкәрім зергер болған, ал Жүсіпбек Аймауытұлы ер шауып, етік тіге білген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де күндіз домбырасын бебеулетіп айтысқа қатысса, кешкісін сол аспапты жасаумен жұмыстанады.

«Алтын домбыра» иесі ағаш домбыра жасауға неге құмартты?

– Еркебұлан аға, ел сізді айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Кейінгі жылдар бедерінде сөз өнерімен қатар ұсталық өнермен айналысып жүргеніңізді жиі байқаймыз. Айтыңызшы, «Алтын домбыра» иесі ағаш домбыра жасауға неге құмартты?

– Адам кейде өзі күтпеген бағытқа бұрылып, тағдыр жолы басқа арнаға бұрып кететіні бар. Бұл шеберлік те менің алдын ала жоспарлаған, аңсаған арманым емес еді. Мүлде ойламаған тұста өзіңе ұнайтын, жаныңа жайлы бір іске кезігеді екенсің. Мен бұл өнерге табыс көзі ретінде қараған жоқпын, шебермін деп күпінген де емеспін. Бұл іс – ішкі жан дүниеме тыныштық сыйлаған тыныс.

Бәрі Нұржаннан басталды. Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында шеберхана ұстап отырған Нұржан Ділманов деген азамат бар. Өнерге жан-ділімен берілген жан. Бірде айтыстан кейін келіп: «Домбыраң шырылдап қалыпты. Алып кел, жөндеп берейін. Керек болса, толық реставрация жасап берем»,  деді. Бірақ әне-міне деп жүргенде бір жыл өте шығыпты. Өзім де аңдамай қалыппын. Алып барайын десем, күнделікті күйбеңмен ұмытылып кетіп жүре бергенмін.Сол жылы тағы бір айтыс болды. Ораза маусымы жүріп жатқан шақ. Бір күні қолым босап қалып, есіме түсіп, домбырамды алып шеберханаға бардым. Барсам, Нұржан жалғыз өзі жұмыс істеп отыр екен. Айналасын түгел аспаптар басып қалған. Жаңқаның иісі үйдің ішін толтырып тұр. Шеберханадағы үнсіздік те бір түрлі терең тыныштық сыйлайды екен.

 Сол күні мен жай ғана қарап отырдым. Кейін ол: «Тек әңгіме айтып отыршы. Жұмыс жақсы өнеді»,  деді. Содан кейін күнде барып отыратын болдым. Бір күні өзімнен-өзім: «Мен де бірдеңе істейінші», дедім. Ол да қарсы болмады. «Онда Жетігеннен басташы»,  деді. Солай басталды менің қолымдағы ағашпен алғаш сөйлесуім. Аңдасам, ағаштың исі – жанға, ал өзі – қолға жағады екен. «Еңбек еткеннің еті ауырғанмен, жаны сауығады» демей ме? Бүгінде мен үшін бұл өнер – жай ғана кәсіп емес, ішкі жан дүниенің емделу жолы. Айтыста қарсыласыңмен күресесің, ал ағашпен жұмыс істегенде өзіңмен күресесің. Бірақ екінші күрес көңіліңе көлдей тыныштық сыйлайды.

– Кейінгі айтыстарға үш ішекті домбырамен шығып жүрсіз. Шәкірттеріңіз ағайдың өз қолынан шыққан аспабы дейді.

– Иә, соңғы уақытта айтыс сахнасына кәдімгі қос ішекті домбыра емес, сирек тартылатын үш ішекті домбыраны алып шығуға ден қойып жүрмін. Бұл – бір жағынан, ізденіс, екінші жағынан, ұлттық аспап жасауға деген құрмет. Біз көбіне домбыраның сыртқы сұлулығына мән береміз, ал ішкі дыбыстық ерекшеліктері мен тарихи тамырына терең үңіле бермейміз. Абай атамыз да үш ішекті домбыраны тартқан. Ол заманда мұндай аспаптар кең қолданылған.

Үш ішекті домбыраның дыбыстық ауқымы кең, әсіресе төменгі регистрде қоңыр үн беріп тұрады. Ол саздың салмағын арттырып, музыкалық мазмұнын тереңдете түседі. Әсіресе, астарлы ой, пәлсапалық иірімдер осындай қоңыр үнмен жақсы үйлеседі. Сол үн арқылы қарсыласыңа да, тыңдарманға да басқа бір кеңістіктен сөйлегің келеді.

Шеберханада жүргенде «неге осы үш ішекті домбыраны жасап көрмеске?» деген ой мазалады. Сондағы жігіттерге ойымды айттым. Олар құптап, «Жасап береміз» десті. Бірақ мен: «Жоқ, бұл аспапты өз қолыммен жасағым келеді. Өйткені мен оны тек тарту үшін емес, жаныммен түйсіну үшін қажет етіп тұрмын»,  дедім.  Ұсталыққа енді-енді қадам басып жүрген мен үшін бұл үлкен сынақ еді. Дегенмен, жанымда жүрген кәнігі шеберлер бағыт-бағдар беріп, қолдап отырды. Солардың арқасында аспапты шеберханада бірлесе отырып жасадық. Бұл жұмыс – тек материал жинау, жону, желімдеу емес, үлкен рухани тәжірибе болды.

– Аспапты жасау барысында не ойландырды?

– Қобыз шауып, домбыраны құрастырып-ақ жүрміз ғой. Бірақ қолымыздағы материал, яғни ағаш қайдан келіп жатыр бізге? Осы сұрақ мазалай бастады. Сөйтсем, шеберлердің көбі ағашты Ресейден, Қытайдан алдырады екен. Қаражаты барлар Африкадан арнаулы тапсырыспен әкеледі. Бірақ ең алаңдатарлық нәрсе – біз өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмай отырғанымыз. Яғни сыртқы тәуелділік тек экономикада немесе саясатта емес, шығармашылықтың дәл осы алаңында да сезіледі. Мен домбыра жасап отырып, осыны терең сезіндім. «Біз ұлттық аспапты өз қолымызбен жасай аламыз ба?» деген сұраққа «иә» деп жауап бергенімізбен, оған қажет ағашты, теріні, ішекті сырттан таситын болсақ, бұл жай ғана ұсталықтың мәселесі емес, бұл – мәдени дербестік мәселесі.

– Айтыста бұл тақырыпты бір кісідей көтердіңіз де. «Еркін елдің ұрпағы еркін өссін, Ешкімге жәутеңдемей қас қабағы» деген шумағыңыз есімізде. Бірақ бұл тақырыпты мәселемен бетпе-бет келгенде жақсырақ түйсінген сияқтысыз.

– Мінберде сынау – жеңіл. Көзбен көріп, қолмен ұстап, мәселенің мән-жайын білгеннен кейін пікіріңді білдіру – азаматтық. Қолына домбыра ұстаған әр айтыскер сөзіне сындарлы көзбен қарау керек деп есептеймін. Байыбына бармай байбалам салмау қажет. Шәкірттеріме үнемі осы дүниенің сіңіріп отырамын. Хош, айтқан шумағың халықтың қошеметіне ие бола берсін. Алайда сахнадан сен түскенмен, сөздің жауапкершілігі мойныңнан түспейді.

- Әңгімеңізге, рахмет!