Қоғам • Бүгін, 09:30

Студенттер жазғы демалысын қалай өткізеді?

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазғы демалыс – оқушылар мен студенттердің асыға күтетін сәті. Бұл демалып, жаңа оқу жылына күш жинайтын уақыт па, әлде өзіңді дамытуға мүмкіндік пе? Студенттер жазғы демалысын қалай өткізеді?

Студенттер жазғы демалысын қалай өткізеді?

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жазда көбі жұмыс істейді

Студенттер жазғы демалыс­ты босқа өткізуді қаламайды. Көпшілігі бұл уақытты табыс табуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік ретінде көреді. Бірі – репетитор, енді бірі курьер немесе сауда орталықтарында сатушы болып еңбек етеді. Мұндай жұмыс түрлері оларға тек табыс әкеліп қоймай, еңбек­ке бейімделуге, жауапкершілік пен шыдамдылықты үйретеді. Кейбірі тапқан қаражатына оқу ақысы мен жатақхана шығын­дарын жапса, енді бірі ата-анасына салмақ салмай, өз қажеттілігін өтеуге тырысады.

Жазғы жұмыс студентті еңбекқорлық­қа үйретіп, өз бетінше өмір сүруге бе­йімдейді. Ертеңгі кәсіби жолында қажет болатын дағдылар мен мінез ерекшелік­тері дәл осы қарапайым жұмыс арқы­лы қалыптасады. Сондықтан да жаз мезгілі студент үшін тек демалыс емес, алдағы өмірге дайындық кезеңі деуге болады.

«Жазда міндетті түрде жұмыс істей­мін. Өйткені сабақ уақытында жұмысты оқумен қатар алып жүре алмаймын. Қазірден бастап жұмыс тәжірибеңді арттырмасаң, кейін жұмысқа орналасу қиын. Өз мамандығың бойынша жұмыс іздесең де, міндетті түрде тәжірибе сұ­райды. Сонымен қатар қаржылық жағы­нан да өзімді қамтамасыз еткім келеді», дейді 3-курс студенті Аруана Омар.

Перизат Ербол да жазғы демалысында жұмыс істеймін деп шешкен. «Ақылы бөлімде оқимын. Оқу ақысын ата-анам төлейді. Сондықтан оларға тағы салмақ салмай, қажеттіліктеріме ақша тапқым келеді. Жұмыс істеуге жаз мезгілі өте тиімді. Оқуды аяқтаған соң тек өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Сол үшін қазір репетитор болып жүрмін», дейді болашақ мұғалім.

 

Мемлекет берген мүмкіндік

Рас, дипломын енді алған студентке жұмыс табу оңай емес. Еңбек нарығындағы ахуал жас маман емес, дипломы бар тәжірибелі кадрларды көбірек қажет етеді. Дегенмен, мемлекет жастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламаны жүзеге асырады. Студенттер жазғы демалысында халықаралық бағдарламаларға қатыса алады. Мысалы, «Work and Travel» жобасы немесе оқу орнымен бірлескен тағылымдама секілді мүмкіндік бар.

студент

Бағдарламаларға ағылшын тілін база­лық деңгейде білетін, 18–28 жас аралы­ғындағы күндізгі бөлім студенттері қатыса алады. Олардың АҚШ-қа, Оңтүстік Африкаға барып мейрамхана, қонақүй, дүкен сынды орындарда жұмыс істеуіне болады. Бағдарлама 2 айдан 12 айға дейін жалғасады. Қатысу құны 790–1150 доллар аралығында. Ал егер француз тілін жетілдіріп, Еуропа елінде жұмыс істегісі келетін жастар болса, «Work in France» бағдарламасы – таптырмас таңдау. Париж, Лазур жағалауы, Альп таулары аймағындағы қонақүйлер мен демалыс орындарында жұмыс істеуге болады. Жасы 18–30 аралығындағы, француз тілінде еркін сөйлей алатын студенттер қатыса алады. Бағдарламаның ұзақтығы 4 айға дейін, ал құны 630–1090 еуро аралығында. Мұндай мүмкіндік арқылы жастар әлем көріп қана қоймай, кәсіби машығын арттырып, жаңа ортада өмір сүру тәжірибесін де жинақтайды.

Бұған қоса, жаз мезгілінде студент жастар үшін тағы бір тамаша мүмкіндік – «Жасыл ел» бағдарламасы. Бұл басөтама экологиялық бағыттағы ерікті жұ­мыстар­ға негізделген. Жобаға қаты­сушылар көгалдандыру, тұрмыстық қал­дықтарды сұрыптау, эко-ағартушылық шаралар ұйымдастыру сияқты маңызды істерге атсалысады.

«Жасыл ел» – тек табиғатты қорғауға емес, сонымен қатар жастардың эко­ло­гиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда белсенділік танытқан студенттерге арнайы қаржылай төлем де қарастырылған. Жоба аясында жинаған тәжірибе болашақта экология, урбанистика, қоғамдық жұмыс секілді бағыттарда жұмысқа орналасуға сеп болады.

 

Демалу мен дамуға арналған уақыт

Ал кейбір студенттер үшін жазғы демалыс өзін дамытатын, жаңа қабілетті меңгеретін, уақытты пайдалы өткізетін мүмкіндік. Олар қосымша курстарға қатысып, шет тілін үйреніп, спортпен шұғылданып не шығармашылық қабілетін шыңдайды. Яғни болашақ мамандығына қазірден бастап дайындалып, өз қызығушылығына қарай бос уақытты тиімді пайдалануға ұмтылады.

«1-курсты енді аяқтағандықтан, жұмыс істеуге асықпадым. Биылғы жазда демаламын. Әрине, өзімді дамытуға көңіл бөлемін. Қосымша күреспен айналысатындықтан, жаз бойы жаттығуға мән беремін», дейді 1-курс студенті Бекасыл Төлеу.

Ал 3-курс студенті Арай Мұратбек тіл үйренуге ден қойған. «Шетелде оқып, жетістікке жетіп жүрген жастарға қатты қызығамын. Мен де солардың қатарында болғым келеді. Сондықтан осы жазда ағылшын тілін меңгеруді басты мақсат етіп отырмын», дейді ол.

Оның ойынша, қазіргі заманда шет тілін білу – тек артықшылық емес, міндетті қажеттілік. Сол себепті демалысты өз пайдасына жаратып, болашағына инвестиция жасауды жөн көрген.

Ал кейбірі оқу аяқтала сала, ауылына асығады. 2-3 ай бұрын билеттерін да­йындап қояды. 3-курс студенті Темірлан Махат­бектің айтуынша, қаланың қар­ба­ласынан алыстап, ауылға барудан артығы жоқ. «Жыл сайын демалысымда ауылға барамын. Ата-анамның жанында боламын. Басқа кезде де жұмыс істеп үлгеремін деп ойлаймын. Ал осы бір мамыражай маусымды ауылда өткізгім келеді. Бірақ, әрине, құр жатпаймыз. Онда да жұмыс көп», дейді Темірлан.