
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының, Германия, Ресей, Түркия, Финляндия Латвия, Өзбекстан, Қырғызстан, мемлекеттері мамандары қатысқан жиында тәуелсіз мейіргерлік қызметті дамыту, орта медициналық қызметкерлердің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін арттыру жайлы кеңінен айтылды.
Конференцияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір медицинасындағы жаңалықтарға тоқталды. Аймақтағы медицина мекемелерінде 12 мыңға жуық мейіргер еңбек етеді. Олардың халық денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі өлшеусіз.
«Өткен жылы аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетіп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда қаласынан жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа Қан орталығы ашылып, ел игілігіне қызмет ете бастады. Ана мен бала өмірін қорғауда көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім пайдалануға берілді. Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салынып жатыр. Медицина саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінді», деді облыс басшысы.
Конференцияда мейіргерлік қызметті дамыту бағытында ұсыныстар айтылып, медициналық колледж cтуденттеріне шетелдік оқу орындарына жолдамалар табысталды. Ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде бүгінде 2 840 студент білім алып жатыр, 142 оқытушы еңбек етеді. Түркияның «Acibadem», «Liv Hospital», «Medicana Atasehir», «Medical Park» клиникалар желісімен меморандумға отырған колледжді «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша бітіретін 30 жас солтүстік облыстарда, «Фармация» мамандығын алған 6 студент Алматы қаласындағы «Ботаникалық бақта» тәжірибеден өткен. Рига медициналық колледжінде 3 студент оқуын жалғастырып келеді.
Жұмыс істеп жүрген орта буын мамандарының білімін жетілдіріп, орталықтандырылған тренинг жүйесін қалыптастыру мақсатында былтыр колледж жанынан «Мейіргер ісін дамыту» орталығы ашылды. Орталық арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде мектеп мейіргерлерінің 1,9%-ы ғана білімін жетілдіру курсынан өткені белгілі болды. Сол себепті «Мектеп медицинасындағы мейіргер ісі» тақырыбында 300 сағаттық сертификаттау курсы ұйымдастырылып, білім ошақтарындағы 417 мейіргердің 97%-ы курстан өткен. Колледжде Латвия тәжірибесі негізінде пациенттің туысын науқас күтіміне оқытуға арналған «Мейіргерлік күтім» арнайы кабинеті ашылды. Онда төсек тартып жатқан жанның жақындарына қажет дағдыларды үйретеді.
Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен медициналық ұйымдардың 30 дәрігері хирургия, эндоскопия, неврология, кардиохирургия, неанаталды хирургия, балалар ортопедиясы бойынша Түркия, Ресей, Беларусь Республикаларының жетекші клиникалық-академиялық базаларында білімдерін жетілдірді. Өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидент облыс әкімінің грантымен білім алып келді. «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлінді.
«Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлеріне алғаш рет көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 жаңа қызметтік пәтер табысталды. Бүгінгі халықаралық маңызды шарада денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне де 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық. Жақын арада құрылысы басталып, жыл соңына дейін табысталады», деді облыс әкімі.
Соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталған. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы толық қамтамасыз етілді.
ҚЫЗЫЛОРДА