
Жиын барысында шетелдік және отандық танымал ғалымдар Мәшһүр Жүсіптің мұрасын сан қырынан саралап, терең талдаулар жасады. Онлайн қатысқан мамандардың ішінде – Алматы қаласынан академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Әл-Фараби және музыка» тақырыбында танымдық дәріс оқыды.
Басқосуда сөз сөйлеген Turk-san.com мәдениет және өнер баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Эллада Ғарай Заде Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығын жоғары бағалап, түркі халықтарының рухани тұтастығын арттырудағы маңызын атап өтті.
Ал Украинадан қосылған философия ғылымдарының кандидаты Ирина Зелинская украин ойшылы Григорий Сковородамен Мәшһүр Жүсіп идеяларын салыстыра отырып, олардың философиялық тұжырымдарының адамзат құндылықтарын бағалаудағы ортақ желісін көрсетті.
Іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институты бірнеше кітаптарды тарту етті. Бұл еңбектердің мазмұны туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов таныстырып өтті.
Жиын соңында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Жұматаева қорытынды сөз сөйлеп, кітаптарды Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі Әсет Пазыловқа, «Мәшһүртану» орталығына және «Beisembayev Library» ғылыми кітапханасына табыс етті. Сонымен қатар, орталықтың ғылыми қызметкері Нәйлә Анафина Мәшһүр Жүсіптің философиялық, қоғамдық көзқарастарының бүгінгі күнге сай өзектілігін атап өтті. Бұл жиын – Мәшһүр Жүсіп мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға, жас буынның таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.