
Төрткүл дүниеде медицинамен мүлде байланысы болмаса да, осы саладан пайда табатындардың қара нарығы жұмыс істейтіні – бесенеден белгілі жайт. Әлеуметтік желілерден сұлулық жолындағы сәтсіз, қайғылы оқиға туралы жиі айтылады. Өкінішке қарай, елімізде де қара нарықтың құрбандары жетерлік. Айталық, өткен жылдың ақпан айында Жамбыл облысының бірнеше тұрғыны косметологиялық операция жасағаны үшін сотталды. Облыстық сот айыпталушылар 2021–2022 жылдары Тараз қаласындағы сұлулық салонында заңсыз медициналық қызметпен айналысқанын нақты айғақтармен дәлелдеген.
Ресми мәлімдемеде: «Сотталушылар сертификатсыз, лицензиясыз, медициналық білімсіз пластикалық операция жасаған. Олардың қылмыстық әрекетінен ауыр және орта дәрежеде тоғыз адамның денсаулығына зиян келген. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, куәгерлермен, бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен расталды», деп айыпталушыларды белгілі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ 2021 жылғы Шымкент қаласындағы «ботокс трагедиясын» алайық. 20 жастағы қыз үйінде инъекция жасатып, артынша анафилактикалық шоктан қайтыс болды. Тергеу барысы «косметологтің» орта білімді, медицинаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын анықтап берді.
2023 жылы Алматыда 8 адамға бір шприцпен қызмет көрсеткен «маман» ұсталып, екі клиентке C гепатитін жұқтырғаны анықталды. Бұл оқиғаға қатысты да Қылмыстық кодекстің 317-бабы («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өскемен қаласында 2023 жылы блефаропластика процедурасы кезінде әйел адам анафилактикалық шоктан көз жұмған. Оны жасаған Қытай азаматының арнаулы лицензиясы мен сертификаты болмағаны анықталды.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, жерлестеріміздің сұлулық индустриясына шығындайтын қаражаты 2017 жылы – 8,4 миллиард, 2022 жылы – 28,4 миллиард, 2023 жылы 25,3 миллиард теңгеден асып түскен. Өзге дерек көздері шаш қию, бояу, тырнақ егеу-бояу, бет тазалау, липосакция сияқты толып жатқан косметологиялық қызметке адамдар шамамен жылына 90 миллиард теңгеге дейін қаржы шығаратынын алға тартады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, елімізде тек заңды тіркелген сұлулық салондарының жылдық табысы 484 миллиард теңгеге жеткен. Сұлулық салондарынан шықпайтындарды айтпағанның өзінде, сылана беруге мүлде уақыты жоқ адамның өзі айына орта есеппен 8–15 мың теңге жұмсайтын көрінеді. Тіпті болмағанда шашын қидырады, боятады.
Косметологияның қара нарығынан жоғарыдағыдай келеңсіз оқиғаны сан мыңдап табуға болады. Қасына татуаж жасатамын деп ұсқынсыз болып қалған, көзінің айналасынан жан кетіп, беті қисайған, ұйықтағанда көзі жұмылмай қалған клиенттер бар. Қысқасы, жасырын жертөле, жекеменшік үйлерде жасалынып жатқан пластикалық операциялардың бәрі бірдей сәтті ме, осындай жағдайда сұлулық индустриясының клиенттерінің қауіпсіздігіне кімдер кепіл, салдары қандай болады деген сынды сауалдарға құзырлы мекемелердің жауабы бар ма? Косметологияның қара нарығындағы «жасартатын», «ағартатын», «арықтататын» препараттар мен бетмайлардың түр-түрінің сапасын, химиялық құрамын кім тексеріп жатыр?
Дәл осы мәселеге келгенде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұған кедергі келтіретін, шұғыл реттеуді талап ететін түйткіл бар екенін мойындайды. Алайда министрлік осы мәселеде өздерінде пәрмен мен құзырет, тегеурінді тетіктер жоқтығымен ақталады. Сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігінде бұған дейін де қадағалау қызметі болмағандығын алға тартады.
Сапасыз медициналық қызмет пен косметологияның қара нарығын бақылау тетіктері тиімсіз болып тұрғаны Үкімет отырысында да көтерілді. Жалпы, құзырлы мекеме тексерушілерінің сән салондарына еш ескертусіз, тосыннан сау ете қалуына заңмен тыйым салынған. Бұл да болса, Үкіметтің шағын және орта бизнесті қорғау мен қолдау бағытында жасап отырған бір амалы. Сол себепті жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін мүдделі тарап алдымен тексеру нысанына алдын ала ескерту жолдауға міндетті. Онда қай күні тексеріспен келетінін көрсетеді. Дәл сол күні қызметі күдікті салон жұмыс істемей қалады, не болмаса асай-мүсейін арқалап, көшіп үлгереді.
«Бизнес субъектілерінің медициналық қызметтерді жарнамалағанына қолданылатын әкімшілік жауапкершілік жүктелмеген. Дамыған елдерде егер медициналық қызмет көрсететін ұйым жарнамада лицензиясын көрсетпесе, кәсіпкер ретінде тіркелмесе, қызмет көрсететін маманның медициналық білімі болмаса, соның әрқайсысы үшін бөлек-бөлек жазаланады. Жаза тағайындау кезінде бизнес нысандары кінәсінің түрі мен қоғамдық қауіптілік сипаты ескеріледі. Біздің елде бұл жоқ», деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілдері.
Осы арада аттап өтуге болмайтын тағы бір мәселе, бүгінде бір кәсіп бастағысы келген, қандай жолмен болса да ақша табуды көздеген адамдарға әлеуметтік желілерден артық жәрдемші жоқ. Онлайн-платформалар да өтірік-шыны аралас жарнамалар үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды.
Көп жағдайда тұтынушы қара нарыққа саналы түрде емес, арзан баға мен жарнаманың жетегінде жем болады. «Үйде жасаймын», «Ботокс бар болғаны – 10 000 теңге», «филлерге – 50% жеңілдік» деген жазбалар сұлулана түсуді армандағандарды арбамай қоймайды. Бірақ фотошоппен өңделген «дейін-кейінгі» суреттер клиенттердің сындарлы болуға септеспесе бермейтіні өкінішті. Есесіне жеке парақшалардағы «маманның» білімі, тәжірибесі туралы нақты ақпарат жоқ екендігі ешкімнің қаперіне кірмейді. Қызмет көрсететін мекенжай – жай бір пәтер, жалдамалы кеңсе, яки «үйде қабылдау». Процедуралар медициналық лицензиясыз, құралдар залалсыздандырылмаған. Бір реттік құралдар қолданылмайды немесе қайта қолданылады. Анестезиялық, косметологиялық препараттар – контрабандалық немесе қолдан жасалған. Мұның салдарына үңілудің өзі қорқынышты. Жауапкершілік арқаламаған кәсіби маман жүрмеген жерден стафилококк, АИТВ, гепатит B/C сынды әлі шипасы табылмаған ауыр дертті жұқтырып алу қаупі жоғары екендігі сан рет дәлелденген. Инфекциялық кеселдерді айтпағанның өзінде дұрыс жасалмаған косметологиялық процедуралардан кейін беттің ісініп, қабынуы, терінің зақымдануы, тыртық қалуы заңдылық. Дұрыс салынбаған ботокс көздің тартылуына, ұйықтасаң жұмылмай, сөйлеу, яки шайнау қызметі бұзылуына алып келуі әбден мүмкін. Сол сияқты мұрынға немесе маңдайға дұрыс салынбаған филлер қан тамырларын бітеп, көзге қан баруын тоқтататындықтан, соқыр қылуы ғажап емес. Жүйкеге түсетін салмақ одан да ауыр.
Көп жағдайда қара косметологияның құрбандары жұрттың көзіне көрінуден қалады, шағымдана да алмайды. Себебі мұндай операциялар келісімшартсыз, түбіртексіз жүргізіледі. Осының салдарынан косметология саласындағы заңсыз қызметке қатысты шағымдар саны айтарлықтай өскен. 2022 жылы 37 шағым тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 68-ге жетіп, 1,8 есеге артқан. Шағымдардың басым бөлігі мезотерапия, диспорт, ботокс, контурлық пластика, смас-лифтинг, маммопластика, липосакция, блефаропластика, ринопластика, отопластика сияқты процедураларға қатысты болып келеді.
Адамдар осындай оқиғалардан хабардар бола тұра, неге қатерлі қадамдарға барады деген сұрақ туады. Біріншіден, косметологияның заңсыз қара нарығы арзандығымен арбайды, қаражат үнемдеп, жас көрінгісі келетіндердің басым бөлігі қолжетімді қызметті іздейді. Екіншіден, осы мәселедегі дұрыс бағыт беретін ақпараттың аздығынан – жұрт заңды немесе заңсыз косметологияны ажырата алмайды. Үшіншіден, бақылаудың әлсіздігі – яғни, тиісті органдар тарапынан тексеріс жеткіліксіз.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазір елімізде «пластикалық хирургия» мамандығы бойынша тек 260 денсаулық сақтау субъектісінің ғана лицензиясы бар, пластикалық хирургиялық сертификатқа 422 маман ғана ие. Ең қызығы, осыған қарамастан елімізде 9 мың сұлулық салоны тіркелген, тіркелмегені одан да көп болуы ғажап емес. Әрине, осы салондардың бәрінде күрделі косметологиялық, пластикалық операциялар жасалып жатпаса да, сұлулық салондарының бәрі дерлік адам денсаулығына тікелей әсер ететін процедуралармен айналысады. Тек тырнақ егеудің өзін дұрыс жасамасаң, зарарсыздандырылмаған құралмен жұқпалы ауруларға душар болу ықтималдылығы жоғары.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде лицензиясыз, сертификатсыз медициналық қызмет үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қана қарастырылған. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 5-тен 15 АЕК-ке (2025 жылы 58 980 теңгеге) дейін, заңды тұлғалар үшін – 20-дан 70 АЕК-ке (275 240 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Ал заңсыз медициналық қызмет салдарынан азаматтың денсаулығына ауырлығы орташа, ауыр не аса ауыр зиян келтірілсе, Қылмыстық кодекстің 322-бабында 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, дегенмен дәл осы әрекеті үшін жазаланғандар саны саусақпен санарлық қана.
Жауапкершіліктің аздығы, бақылаудың әлсіздігі, жазаның жеңілдігі тез байығысы келетіндерге қол болып тұр. Бір курсқа барып тырнақ егеуді, үш күндік курсқа барып, татуаж бен дене уқалауды шала меңгергендер адам денсаулығымен тікелей байланысты тірлікті оңай көретіні соншалықты, бірден сұлулық салонын ашып, ақшаны күреп табуға болатын косметологиялық процедура жасауға қаймықпай баратыны белгілі. Әлбетте, сұлу болған жақсы, дегенмен «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сиқырлы сөз денсаулықтан жоғары тұрмауға тиіс.
АЛМАТЫ